Қазақстандағы макроэкономикалық болжамдарды бірнеше мемлекеттік және жеке құрылым дайындайды. Ал ашық жарияланатыны бір ғана құжат. Ол – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің әлеуметтік-экономикалық дамудың бесжылдық болжамы (ӘЭДБ).

Көктемнен бері ҚР 2020 жылға арналған ӘЭДБ макроэкономикалық көрсеткіштері өзгерген жоқ. Дегенмен осы уақыт ішінде көптеген халықаралық ұйым қазақстандық экономикаға деген жоспарларын үш рет түзеп үлгерді. 2020 жылдың қазан айының соңында 2020-2024 жылдарға өзгертілген ӘЭДБ шықты. Жаңартылған болжамның негізгі көрсеткіштері елдің бас жоспарлау ведомствосының бұрынғы болжамдарынан айтарлықтай өзгерген. Экономика министрлігі биыл экономикада өздері күткеннен де айтарлықтай құлдырау болатынын мойындады.

 

Дағдарыс жылы

Жаңартылған ӘЭДБ-де министрлік биыл экономиканың кері кететін жылы емес, нақты дағдарыс жылы болатынын мойындайды: қазан айында ЖІӨ динамикасы туралы болжам сәуірмен салыстырғанда 0,9-2,1%-ға дейін нашарлады.

Көлік секторындағы дағдарыс (жыл ішінде -9,5%) және сауда (-6,2%) экономиканы ылдиға қарай сүйремек. Оған қазақстандықтар локдаун режимінде отырған 14 апта әсер етті. ӘЭДБ бойынша сәуір айында көлік саласы – 1,0%-ға, сауда – 0,2%-ға неғұрлым жәй төмендейді деп болжанған еді.

Жалпы проблемалармен қатар, 2020 жылды бірнеше маңызды сала өсіммен аяқтайды. Ақпарат пен байланыс саласы 8,3%-ға өсім көрсетеді. Бұл негізінен интернет пайдалану қарқынының артуына байланысты. Биыл органикалық өсімге «карантин факторы» қосылды: жедел цифрландыру кезеңін сауда және тамақтану салалары бастан өткерді. Локдаун кезінде ZOOM, Skype сияқты платформалар, сондай-ақ Microsoft Teams, Cisco Webex Teams және Slack сияқты ұжымдық жұмыс бағдарламалары арқылы қашықтан коммуникация жасауға сұраныс қалыптасты.

Читать также ...
Бәріне бірдей жеткен жоқ: ҚР үкіметінің COVID-19 кезеңіндегі мемлекеттік көмегі тиімді болды ма?

Ауыл шаруашылығы жылды 4,9%-ға өсіммен аяқтайды. Жақсы өнім (20,8 млн тонна астық) жиналды. Сондай-ақ мал шаруашылығындағы өсімнің тұрақты көрсеткіші жоспарланғаннан (3,2%) неғұрлым серпінді болғанын көрсетті.

Өнеркәсіп сәуір айында күткендей көп құлдырамайды: жыл қорытындысы бойынша, 2,9% орнына 0,5% төмендегенін көрсетті. Мұнай алудың азаюының салдарынан тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі дағдарыс (нақтыланған болжам бойынша -4,1%) саланы кері сүйрейді. Мұнай өндіру ӘЭДБ сәуір айында белгілеген 86 млн емес 85 млн тонна болады, алайда бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 6,1%-ға аз (90,5 млн). Тау-кен секторындағы және тікелей мұнай өндірудегі болжамдарды түзету жыл басындағы биржалық тауарлар бағасының дағдарысына байланысты жасалды. Өткен сәуірде мұнай бағасы тарихи минимумға дейін төмендеп, ОПЕК-ке кіретін елдер кезекті мәмілесін жасады. Оның қорытындысы бойынша елдер (соның ішінде ҚР да бар) өндіруді шектеуі керек болды. Өнеркәсіптік металдар нарығында да құлдырау бар.

Өңдеу өнеркәсібі жылды 3,7%-ға өсіммен аяқтайды, дегенмен сәуір айында оның алдағы күні бұлыңғыр (-1,1%) еді. Өңдеу ісінде оң динамика ең алдымен Қытайға мыс жөнелтуді арттыратын металлургтердің жақсы жағдайына байланысты. Азық-түлік өнеркәсібі де қарқынын арттырды. Коронадағдарыс фармацевтика саласына тың серпін берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында автоөнеркәсіп те қарқынды дамуда.

 

Күткендегіден көп емес

Болжамның түйіні: ҚР экономикасы 2020 жылды дағдарыста аяқтайды. Атап айтқанда, өнеркәсіп, сауда және көлік саласында қиындық көп.

Жаз айында-ақ мұндай жағдай экономика министрлігі үшін базалық болжам деп қарастырылмаған еді. Министрлік экономика тез көтеріледі және қуатты фискалдық ынталандыру аясында өсім болады деп үміттенді.

Читать также ...
Қазақстан-2020: ЖІӨ құлауда, мемлекеттік шығын көбеюде, кедейлік артуда

«Қызмет көрсету» секторы қарқынды дамып келеді, өндіріс саласында да жоғары динамика байқалады. Нәтижесінде, жыл соңына қарай шағын оң өсімге қол жеткізе аламыз деп болжауға негіз бар», – деп мәлімдеген еді 2020 жылғы шілдеде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев.

Жаңа болжам қаншалықты орындалуы мүмкін? Журналистер мен талдаушылар ең көп талап ететін көрсеткіш – ЖІӨ динамикасы: ЖІӨ болжамдарын әртүрлі ұйымдар береді, сондықтан оларды бір-бірімен оңай салыстыруға болады, ауытқу байқалатын жерлерін оңай анықтауға болады.

Қазіргі болжам (2020 жылы -2,1%) халықаралық институттар мен ҚР Ұлттық банкі берген болжамдардан әлі де жоғары, бірақ -0,9% бұрынғыға қарағанда шынайы көрінеді.

ҰЭМ болжамы бойынша, 2020 жылдан кейін Қазақстан экономикасының серпіні мынадай болады: келесі жыл серпіліс жылы болады. ЖІӨ 4,3%-ға өседі, яғни Қазақстанға дағдарысқа дейінгі деңгейге келуге бір жыл жетеді. 2022 жылы өсім 4,4%-ға дейін, 2023 жылы – 4,6%-ға дейін, ал 2024 жылы 4,7%-ға дейін жеделдейді. Ол үшін ең алдымен өнеркәсіп – тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіне алғыс айтуымыз керек. 2023 жылға қарай мұнай өндіруді 100 млн тоннаға дейін ұлғайтудың арқасында тағы бір серпін болады.

Бұл жаңартылған болжам 2020 жылдың қазан-қараша айларында дамыған экономикаларды тұншықтырған коронавирустың екінші толқынының қаупі мен осыған байланысты нарықтағы тұтынуға қатысты түзетулерді ескермейді. Егер әлем 2021 жылдың екінші жартысында ғана жаппай егіле бастаса, біз вирустың тіпті үшінші толқынына да куә болуымыз мүмкін. Бұған негізінен дамушы елдер бейім.

Читать также ...
Жылдық есеп: компаниялар нені жасырады?

Жаңартылған болжамда экономиканы жедел көгалдандыру бағдарламалары (Еуропаның Green Deal-ы сияқты) тудыратын қатер ескерілмеген. Ол бағдарлама бойынша жасыл жобаларға мол инвестиция салу, көміртекті бейтараптандырмағаны үшін салынуы мүмкін айыппұлдар немесе қосымша салықтар сияқты тәуекелдер бар.

АҚШ-та президент ауысуы салдарынан Қазақстанның басты экономикалық серіктестерінің бірі – Ресейге салынатын санкциялар қатаңдауы мүмкін деп болжанып отыр. «Санкциялы» және «санкциясыз» сценарийлерге қатысты өзгеріс тек РФ экономикасына ғана емес, Қазақстанға да әсер етпек.

Егер ӘЭДБ-нің келесі басылымында осы айтылған тәуекелдер ескерілсе, болжам одан да шынайы болар еді.