«Көзге көрінбейтін мемлекеттік қарыз» деген не?

Соңғы кездерде кең таралған риторика – Қазақстанның сыртқы қарызының мөлшері және әр қазақстандықтың туылған сәтінен бастап қарызы шамамен 10 мың долларды құрайтыны. Үкіметтің бұл орайдағы жауабы – Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарыз әлемдегі ең төменгілерінің бірі екендігі. Бірақ, ресми баяндамаларда мемлекеттік (ұлттық) компаниялардың қарызы көрсетілмейді. Алайда, бұл компаниялар қарыздарын үкімет жауапкершілігімен алды, өз кезегінде үкімет аталмыш қарыздарды ресми түрде мойындамайды.

  Шындығында, сыртқы қарыз жағдайы соншалықты жаман емес.

$165 млрд – бұл Қазақстанның сыртқы қарызының жалпы сомасы, ол ЖІӨ-нің 90%-ын құрайды. Осы қарыздың жартысы – қазақстандық резидент компаниялардың резидент емес компанияларына фирмааралық қарызы. Басқаша айтқанда, бұл қайта инвестицияланған кірісті есептемегендегі жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар.

Фирмааралық қарыз – бір компания ішіндегі жекеменшік қатынастар және мемлекет бұл міндеттемелердің орындалуына ешқандай жауапкершілік алмайды. Мысалы, McDonald’s бас компаниясы өзінің қазақстандық еншілес компаниясына жабдық жеткізеді, ал жабдық үшін ақыны бір жылдан кейін алады – жыл бойы бұл сома «фирмааралық қарыз » болып көрсетіледі. Осындай мысалдар «Біздің $165 млрд қарызымыз бар!» деген пікірдің толықтай дәлелді емес екенін көрсетеді.

Дегенмен, сыртқы қарыз жағдайында барлығы үкімет бізді сендіргісі келетіндей біржақты емес. Мемлекет қарызы бүгінгі таңда $14 млрд құрайды және айтарлықтай төменгі деңгейде қалып отыр — ЖІӨ-нің тек 8 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ол 2013 жылдан бері еврооблигациялар мен Дүниежүзілік банк және өзге де халықаралық қаржы ұйымдардың берген несиелер есебінен —  екі еседен астам көлемде өскен. Дегенмен, ресми сыртқы мемлекеттік қарыз — бұл айсбергтің шыңы ғана.

Бұдан гөрі қызықтырақ болып табылатыны – мен «көзге көрінбейтін мемлекеттік қарыз» деп атайтын бөлігі.

Бұл — мемлекеттік компаниялардың шетелден алған несиелері.Ресми қағаздарда бұл қарыз үкіметтің қарызы болып саналмайды.

Читать также ...
Постпандемиялық кезеңдегі көшбасшылар мен артта қалған мемлекеттер

Бірақ, төменде келтірілген мысалдардан «көзге көрінбейтін мемлекеттік қарыз» қаншалықты Қазақстанның экономикалық дамуына әсер ететін  факторлардың ең маңыздысына айналуы мүмкін екендігін көре аламыз.

$165 млрдсыртқы қарыздың жалпы сомасынан фирмааралық қарыздарды, сондай-ақ, сыртқы қарыздың мемлекет нақты жауап бермейтін бөлігін және мемлекет жауап беруге міндетті бөлігін алып тастайық. Қалғаны шартты түрде банктер және корпоративтік сектордың сыртқы қарызы болып табылады. Бүгінгі таңда ол $60 млрд құрайды. Сыртқы қарыздың дәл осы бөлігінде мемлекеттің рөлі біржақты емес.

Жекеменшік банктер және компаниялардың сыртқы қарызы бүгінгі таңда $37 млрд құрап отыр және соңғы бірнеше жылда төмендеп келеді. Сол уақытта,  барлық мемлекеттік компаниялардан квазимемлекеттік  сектордың қарызы $23 млрд құрайды және 2013 жылдан бері бірқалыпты деңгейде тұр. Іс жүзінде қазақстандық банктер мен компаниялардың сыртқы қарызындағы квазимемлекеттік сектордың үлесі 40% құрайды.

Жалпы квазимемлекеттік сектор қарызының $6 млрд-ы – бұл мемлекеттік банктердің, негізінен Қазақстанның даму банкінің қарызы болып табылады. Қалған $17 млрд – бұл негізінен Самұрық-Қазына қорының қарызы.

Мемлекеттік компаниялар көбінесе халықаралық рейтингтік агенттіктері берген жоғары рейтингтерінің арқасында шетелдік несиелерді тартуға мүмкіндік алды. Аталмыш агенттіктердің мемлекеттік компанияларға жоғары рейтингтерін беру бір маңызды шартқа негізделді – ол қажет болған жағдайда мемлекеттің жеткілікті және уақытылы көмек көрсете алу мүмкіндігінің жоғарылығы. Бірақ, мемлекеттік қолдау болмаған жағдайда бұл компаниялардың рейтингтері 3-4 тармақ төмен болатынын осы агенттіктер өздері мойындайды.

Читать также ...
Нобель сыйлығының лауреатымен тікелей эфир

Одан басқа, Қазақстанның Ұлттық қорда жинақталған жеткілікті бюджеттен тыс қорларының болуы макроэкономикалық тұрақтылықтың кепілі және мемлекеттік компаниялардың қарызына кепілдеме болып саналады.

«Көзге көрінбейтін мемлекеттік қарызы» мәселесінің өзектілігі оны үкіметтің ресми түрде мойындамауы және жауапкершілігіне алмауында болып тұр.

Үкіметтің негізгі аргументі – мемлекеттік компаниялар өз бетімен қожалық жүргізуші субъекттер және олар өз міндеттемелеріне өздері жауап береді. Сондықтан, қазіргі ресми экономикалық саясат және мемлекеттік даму бағдарламалары мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыздарын төлей алмауын қауіп ретінде қарастырмайды. Нәтижесінде, үкімет бұл жағдайға дайын емес: төлей алмау жағдайына қатысты бюджетке қаражат құйылмаған және осындай сценарий бойынша әрекеттер жоспары құрылмаған.

Мемлекеттен қолдау

2015-2016 жылдары үкімет мемлекеттік компанияларға қолдау көрсеткен екі жағдай болды.

Біріншісі, 2015 жылы шілдеде «Қазмұнайгаз» компаниясының қарызын қысқарту үшін Ұлттық банк араша түсіп, $4 млрд көлемінде қаражат бөлуге мәжбүр болды. Ұлттық банк «Қазмұнайгазға»Ұлттық қордан қаражат бөліп беріп, мұнай компаниясы акцияларының 10%-ының иегері атанды — бұл өздігінен нонсенс болып табылады, өйткені, бұл орталық банк міндеттеріне кірмейді.  Оған қоса, Ұлттық банк іс жүзінде қарыз деңгейі жоғары тиімсіз мемлекеттік мұнай компаниясынан мұнай бағасы төмен кезеңде акция сатып алды. Бұл Ұлттық қор қаражаты үшін нашар инвестициялық салым болып табылады.

Бұл арада тағы бір нәрсені еске түсірген жөн: Ұлттық қор 2001 жылы Қазақстан экономикасының мұнайға тәуелділігін төмендету миссиясымен құрылып, «келешек ұрпақ қоры» ретінде қызмет етуі тиіс болатын. Fitch агенттігі бұл операцины «мемлекеттік қолдаудың жарқын көрінісі» деп атады.

Читать также ...
Әлеуметтану бізге не үшін қажет?

Екінші рет2015 жылы мамырда «Казакстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясына $350 млн көлеміндегі сыртқы қарызын төлеп беру үшін көмек көрсетілді. Бұл сомадан — 50 млрд теңге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жергілікті валютада несие ретінде берілді. Яғни, бұл жолы зейнетақы қоры мемлекеттік компанияға валюталық қарызын төлеу үшін көмек ретінде берілді. Сол арадағы ҚТЖ-ның таза шығыны 2015 жылы 460 млрд теңгені құрады.

Әлі күнге дейін үкімет ресми түрде мемлекеттік компаниялардың қарыздары бойынша соңғы төлемші екенін мойындамай келеді. Мәселен, 2016 жылы қаңтарда премьер-министр депутат сауалына келесідей жауап берді: «Акционерлік қоғамдар» туралы Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес қоғамның («Самрұқ-Қазына» АҚ) өзінің акционерлерінен оқшауландырған мүлкі бар және әрқайсысы өз міндеттемелері бойынша өздері жауап береді».

2013 жылдан бастап Қазақстанның Ұлттық банкі (ҚҰБ) квартал сайын Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әдіснамасына сүйене отырып, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы бойынша ресми статистиканы жариялап отырады.

Бірақ, бұл жерде бір мәселе бар Ұлттық банктің әрекетінің  ХВҚ әдіснамасына сәйкестілігі толық емес.

ХВҚ әдістемесіне сәйкес, егер мемлекет жекеменшік кәсіпорындар мен коммерциялық банктердің қызметіне әсер етуші келесідей тетіктердің біріне ие болса, онда сыртқы қарыз мемлекеттік сектордың сыртқы қарызының бөлігі ретінде танылу керек:

  1. шешім қабылдаудағы дауыс көптігі;
  2. директорлар кеңесінің үстінен қадағалау;
  3. басты кадрларды тағайындау және орнынан алып тастауды қадағалау;
  4. компанияның басты құрылымдық бөлімдерінің үстінен қадағалау;
  5. алтын акция –дауыс көптігі болмаған жағдайда да шешуші дауыстың болуы;
  6. мемлекеттік реттеу арқылы қадағалау;
  7. сатып алушы ретінде қадағалау;
  8. мемлекеттен берілген несие арқылы қадағалау.
Читать также ...
Қазақстандағы лизинг нарығы қалай дамып барады?

Қазақстанда көрсетілген тармақтардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келетін жекеменшік компаниялар мен банктер аз емес. Осылайша, ХВҚ әдіснамасына толық сәйкестік орын алса, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы Ұлттық банктің ресми статистикасында қазір көрсетіп отырғанынан әлдеқайда көбірек болар еді.

Квазимемлекеттік сектор қарызынан ($23 млрд) тыс жекеменшік банктер мен компаниялардың сыртқы қарызы да ($37 млрд) мемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарына жатқызылуы мүмкіндігін жоя алмаймыз. Мысалы, ондай кәсіпорындарға мемлекеттен несие ретінде көмек алушы ірі банктер, сонымен қатар, Қазақстанның даму банкінен (ҚДБ), «Даму» қорынан немесе «КазАгро» холдингінен көлемді қаражат алған қарызгерлерді жатқызуға болады.

Қорыта айтқанда, көзге көрінбейтін мемлекеттік қарыз әлі күнге дейін қоғам назарынан тыс, жасырын қалып отыр және Қазақстан экономикасының тұрақтылығы үшін потенциалды қауіп болып табылды. Үкімет оны өзінің сыртқы міндеттемелерінің бөлігі ретінде ресми түрде мойындаудан бас тартып отыр және бұл қауіпті өзінің экономикалық бағдарламаларын әзірлеу кезінде ескермей отыр. Осы арада іс жүзінде мемлекеттік компанияларға сыртқы қарыздарынан құтылу үшін берілетін көмек бюджеттен тыс қорлардың қаражатынан бөлініп отыр. Бірақ, үкімет орын алған жағдай үшін жауапкершілік алудан бас тартады және мемлекеттік компаниялар қарызының одан әрі көбейіп кетуінің алдын алмай отыр. Егер жақын арада жедел шаралар жүргізілмесе, қазіргі үкімет болашақ ұрпақтарға қор емес, қарыз қалдырудың қаупі бар.

Бұл мақала 2017 жылы автор жүргізген зерттеулер негізінде дайындалған. Зерттеудің толық мәтіні ағылшын тілінде келесі сілтеме бойынша қолжетімді.