Бюджет шығынының тиімсізденуі Қазақстандағы мемлекеттік жоспарлау мен басқарудың негізгі проблемаларының бірі болып саналады. Жыл сайын ҚР Есеп комитеті миллиардтаған игерілмеген қаржы туралы есеп жариялайды, ал бұл кезде көптеген салаға қаржы жетпей жатады. Осы проблеманы шешудің бір жолы – мемлекеттік бюджетті ортақ қылмай, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына өкілеттіктер беру.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнестен (ШОБ) корпоратив табыс салығы (КТС) бойынша түсімдер жергілікті бюджеттерге жіберіледі. Ал республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінің КТС-і ғана түседі. Бұл реформа жергілікті бюджетке кірісті ұлғайтып, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында жергілікті атқарушы органдарды салық түсімін арттыруға ынталандырады деп болжанып отыр. Демек, өңірлер ШОБ-тан КТС түсімдерін алып, оларды өздерінің негізгі шығындарына жұмсай алады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің есебі бойынша, өңірлік бюджеттер 2020 жылы 386,4 млрд теңгеге, 2021 жылы 428,8 млрд теңгеге және 2022 жылы 471,4 млрд теңгеге толығады деп болжанған. Бұл есептер мынадай қисынға сүйенген: өңірде ШОБ неғұрлым көп болса, КТС жергілікті бюджетке соғұрлым түсетін болады.
Бірде өсім, бірде шығын
Реформа енгізілгенге дейін жергілікті бюджеттердің экономикалық маңыздылығы ел экономикасының 1/10 деңгейінде болды. 1-кесте жергілікті бюджеттердің ЖІӨ-ге қатысты кірістері мен шығыстары көлемінің деңгейін көрсетеді: көрсеткіштер 2018 жылы болмашы құлдырауды (7,6%) қоспағанда, ЖІӨ-ге қатысты 9-10% (2010 жылы 11%) шегінде болды. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында реформаны жүзеге асыруға байланысты ЖІӨ-ге кірістер көрсеткішінің 9-дан 13%-ға дейін өскені байқалады. Абсолюттік мәнде 2020 жылғы қаңтар — маусымдағы деректер 2019 жылдың сол кезеңіне қатысты кірістердің 38,5%-ға – 2,6-дан 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғаюын көрсетеді.
Алайда, жергілікті бюджет кірістерінің жартысынан астамы бұрынғысынша трансферттерге тиесілі. 2020 жылдың алғашқы 7 айындағы түсімдердегі трансферттердің үлесі 56,6%, бұл жергілікті бюджеттерге жиналатын салық түсімдерінен асып түседі. Бұл 2020 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша өңірлердің бюджеттік өзін-өзі қамтамасыз етуі төмен деңгейде қалып отырғанын көрсетеді.
COVID-19 пандемиясы мен мұнай бағасының төмендеуіне қатысты соңғы оқиғалар салық түсімдеріне де әсер етуде. ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың алғашқы 7 айында жергілікті бюджеттерге салық түсімдері осы реформаға байланысты 30,9%-ға өсті, ал республикалық бюджетке түсім 25,9%-ға төмендеді.
2020 жылдың алғашқы 7 айында ШОБ-тан жергілікті бюджеттерге түсетін КТС көлемі 291,3 млрд теңге болды. Бұл түсімдер салықтың басқа түрлерімен салыстырғанда әлі де болмашы болып отыр. ШОБ-тан КТС бойынша түсімдер әлеуметтік салық бойынша түсімдерден 1,4 есе (418,2 млрд теңге) және ЖТС бойынша түсімдерден 2 есе (548,3 млрд теңге) аз. Мұны қалыптасқан экономикалық жағдаймен түсіндіруге болады. ШОБ субъектілерінің бір бөлігінен бюджетке түсетін түсімдер коронадағдарысқа байланысты кейінге қалдырылды немесе алынбайтын болды.
ШОБ-тан КТС бойынша түсімдер өңірлерге біркелкі бөлінбеген.
Алғашқы үштік – Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау облысы. Биыл 7 ай ішінде ШОБ-тан түскен КТС түсімдерінің жартысынан астамы алынды. Ал бұл кезде Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары шағын және орта бизнестен ең аз түсім алды.
КТС-тен негізгі шығындар үшін түсетін елеулі түсімдер барлық өңір үшін дамуға түрткі емес. Егер жергілікті бюджеттердің шығысындағы КТС үлесін қарайтын болсақ, ең көп үлес (30,4%) Алматы қаласына, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысына тиесілі екенін көрсетеді. Көптеген өңірде КТС үлесі 3-5% шегінде сақталғанымен, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш 2%-дан да аспайды.
Жергілікті бюджет дефициті/профициті
Реформаның әсерін жергілікті бюджеттер дефициті (профициті) көрсеткіштерінің жалпы динамикасынан да байқауға болады. 2020 жылы соңғы 3 жыл бойынша алғаш рет 112,9 млрд теңге мөлшерінде профицит тіркелді (5-кесте). Алайда, жергілікті бюджеттердің жалпы профициті әрбір жергілікті бюджеттің профицитте екенін білдірмейді.
4-кестеде көрсетілгендей, 2020 жылдың алғашқы 7 айында Алматы мен Атырау облысы жергілікті бюджеттердің профициті бойынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ең жоғары өсімді көрсетіп отыр. Ал Түркістан облысы 38 млрд теңге дефициті бар аутсайдер болып шықты. Бұл – экономикадағы бизнес белсенділігінің әлсіздігін (осы кезеңде салық түсімдері небәрі 39 млрд теңге болды) және білім беруге жұмсалатын үлкен шығындарды (204 млрд теңге) көрсетеді. Жамбыл облысында да осындай жағдай – алғашқы 7 айдағы салықтан тек 36,4 млрд теңге түскен. Оның ішінде КТС-тен тек 3,1 млрд теңге болып тұр. Бұған қоса, білім беруге (104,6 млрд теңге) және ТКШ (41,6 млрд теңге) үлкен шығын шыққан.
Мәселе – өкілетте
Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының салық өкілеттіктері айтарлықтай шектеулі. Салық салу ҚР Салық кодексімен реттеледі. Сөйте тұра, әкімдіктер салық базасын анықтай алмайтынына және салық ставкаларын белгілей алмайтынына қарамай, салық жинауды ұйымдастырады. Салық әлі де орталықтан басқарылады: жергілікті органдар жергілікті жерлердегі мемлекеттік шығыстардың көп бөлігін (60%) қаржыландыратын орталық үкіметке қатты тәуелді.
Шығындар бойынша өкілеттіктер де дәл осындай жағдайда. Жергілікті биліктің шешім қабылдауы мен басымдықтарды анықтауда қолы байлаулы. Бұл олардың жоғарғы деңгейдегі бюджет трансферттеріне тәуелділігі мен салықтардың орталықтан басқарылып, қайта бөлуіне байланысты. Осыдан барып сұрақ туындайды: Егер жергілікті жерде шығындарды бекіту және жүзеге асыру үшін толық өкілеттік болмаса, жергілікті бюджеттер қалай тәуелсіз болады?
2020 жылға дейін Қазақстанның жергілікті органдарында салық базасы есебінен өз ресурстарын ұлғайту үшін нақты түрткі болған жоқ.
Алайда, біз қазір реформаның жергілікті бюджет кірістерінің айтарлықтай өсуіне әкелгенін көріп отырмыз.
Дегенмен, тағы бір күрделі жағдай байқалады. Реформаны енгізу дәл коронавирус пандемиясы және мұнай бағасының төмендеуімен тұспа-тұс келді. Соның әсерінен мемлекет бюджетіне салық аз түсе бастағаны байқалады.
Қазақстандағы реформаның нәтижесі әлі белгісіз болып тұрғанына қарамастан, оны енгізу – ел үшін фискалдық орталықсыздандыру жолындағы оң қадам болып саналады. Бұл маңызды реформаны іске асыру қарқынын сақтаудың маңызы зор, өйткені ол жергілікті атқарушы органдарды өңірлерде іскерлік белсенділікті арттыруға және ШОБ-ты дамытуға ынталандыруды көздейді.
Дегенмен, реформаның қорытындылары туралы алдын ала айту қиын. Өйткені КТС түріндегі ШОБ-тан түсетін кірістердің дәл осы шағын және орта бизнесті дамытуға қалай серпін бергені туралы нақты деректер жоқ. Сондықтан осы реформаны іске асыру барысы туралы халыққа түсінікті жолмен жергілікті органдардың есеп беріп отыруын күшейту керек, сондай-ақ жергілікті органдарға қосымша салық және фискалдық өкілеттіктер беру керек. Бұл – осы реформаны жүзеге асырудағы маңызды қадам.
ШОБ-тан түсетін КТС түсімдерінің өңірлер бойынша әркелкі бөлінуін ескере отырып, жергілікті органдар өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын әзірлеуі қажет. Бұл реформаның нәтижелері осындай бағдарламаларды әзірлеуге негіз бола алады.
Сондай-ақ жергілікті деңгейде ШОБ-қа КТС мөлшерлемелері көлемін енгізу қажет. Мысалы, 10-нан 20%-ға дейін. Мұндай шара қысқа мерзім ішінде КТС түсімдері бойынша өңірлік сәйкессіздікті теңестіруге мүмкіндік береді, ал болашақта – өңірлерде жергілікті деңгейде кіріс базасын ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
Мақала автор жүргізген зерттеу негізінде дайындалған.
Social Media