Мариана Маццукато

ЛОНДОН – Вашингтон консенсусы аяқталуға жақын. Осы аптада жарияланған баяндамада G7 елдерінің экономикалық тұрақтылық бойынша сарапшылар тобы  (мен бұл топқа Италияның атынан мүшемін) тұрақты, әділ әрі өміршең экономика құру үшін  жеке сектор мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертуді талап етіп отыр. 30-31 қазанда G20 көшбасшылары пандемия, климаттың өзгеруі, теңсіздіктің артуы және экономикалық тұрақсыздық сияқты бүгінгі күннің ең күрделі мәселелерін талқылауға жиналғанда қазіргі бейберекетсіздікке әкелген ескі болжамдарға сүйенбеуі керек. 

Вашингтон консенсусы жарты ғасыр бойы әлемдік экономиканың ойын ережесін анықтап келді. Бұл термин 1989 жылы батыс типіндегі капитализмнің ғаламдық ықпалы күшейген кезде Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк ұсынған фискалды, салық және сауда саясатын белгілеу үшін енгізілді. Ол неолибералы жаһанданудың сәнді сөзіне айналды. Сондықтан Вашингтон консенсусын теңсіздікті арттырып, ғаламдық оңтүстікті солтүстіктікке біржола бағынышты етіп қойды деп сынаушылар көп болды.

Әуелі 2008 жылы, кейін коронавирус дағдарысы қаржы жүйесін күйрете жаздаған 2020 жылы әлем бұрын-соңды болмаған қауіп, белгісіздік, климаттық соққыларға толы болашаққа тап болды. Әлем көшбасшылары қауқарсыз экономикалық жүйені қолдауды жалғастыру не жаңа халықаралық қоғамдық келісім жасау үшін Вашингтон консенсусынан бас тарту деген қарапайым таңдауға кезікті. 

Қазіргі жүйеге балама ретінде «Корнуолл консенсусын» ұсынуға болады. Вашингтон консенсусы мемлекеттің экономикадағы рөлін барынша азайтып, сауданы мемлекеттік реттеу, жекешелендіру және либерализациялау жөніндегі агрессивті еркін нарық бағдарламасын қолдаса, Корнуолл консенсусы (былтыр маусымда Корнуолда өткен G7 саммитінде аталған міндеттемелерді қамтиды) бұл талаптарды өзгертеді. Мемлекеттің экономикалық рөлін жаңғырту арқылы әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, ғаламдық басқаруды реформадан өткізуге болады. 

Халықаралық валюта қоры құрылымдық қайта құру бағдарламаларына несие берген кезде нарықтың жедел либерализациясын талап етсе, мемлекеттік және көпжақты ұйымдар өздерінен грант немесе инвестиция алған компаниялардан жедел декарбонизацияны күтеді. Бұл мемлекеттер мәселенің салдарымен күресіп, жағдайды қалпына келтіруден қауіптердің алдын-алуға көмектесетін дайындық саясатына көшеді дегенді білдіреді. 

Корнуолл консенсусы нарық ақауларын түзетуден жаңа кезеңге көшіп, жасыл экономика аясында дамытуды қажет ететін нарық құруға көмектеседі. Бұл қайта бөлуді алдын-ала бөлуге алмастыруға мүмкіндік береді. Үкімет мемлекет пен жеке сектордың тұрақты, әділ әрі өміршең экономика құруға бағытталған мақсатты әріптестігін үйлестірумен айналысады. 

Жаңа консенсус не үшін керек? Өйткені ескі модель бұрынғыдай нәтиже бермей отыр (оның бұрын да тиімді болғаны шамалы). Бұл консенсус жаппай экономикалық, экологиялық және эпидемиологиялық соққыларға тиімді реакция білдіруге қауқарсыз болып шықты. 

Ғаламдық басқару механизмдерінің көптігі БҰҰ-ның 2015 жылы қабылданған тұрақты даму мақсаттарына жетуді қиындата түсті. Ал мемлекет пен нарықтың мүмкіндіктерін барынша сарқыған пандемиядан кейін бұл міндет «орындалмас арманға» айнала бастады. Қазіргі дағдарыс жағдайында адамзаттың бұл ғаламшардағы тіршілігін қамтамасыз ету үшін жаңа ғаламдық консенсустың маңызы артып отыр. 

Біз көптен күткен парадигмаларды өзгерту кезеңінің алдында тұрмыз. Бірақ бұл прогресс қайта кері кетуі мүмкін. Экономикалық институттардың көбі жаһандық жылыну деңгейін индустриалды кезеңге дейінгі 1.5 градусқа (цельсий) түсіруді көздейтін Париж келісімінің мақсаттарын былай қойғанда, пандемияға қарсы жауап шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейтін ескі ережелерді ұстанады.

Читать также ...
Мемлекеттік қарыз — көзге көрінбейтін бөлігі

Жоғарыда аталған есепте әлемдік экономиканың өткір (мысалы, пандемия) немесе созылмалы (байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың артуы) соққылар мен қауіптерге төтеп беру қабілетін арттыру керек деген ой айтылады. Біз экономикалық даму туралы түсінігімізді өзгертіп, өсімді жалпы ішкі өнім, жалпы қосылған құн немесе табыс көлемімен емес, ортақ мақсаттарға жету деңгейімен есептеу керек деп есептейміз. 

Баяндамада аталған үш негізгі ұсыныс COVID-19, экономиканың пандемиядан кейін қалпына келуі, климаттық тұрақсыздық мәселелеріне қатысты. Біріншіден, G7 елдерін ғаламдық деңгейдегі вакцинаға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, пандемияға дайындық пен денсаулық сақтау саласына инвестиция құюға шақырамыз. Ірі мемлекеттік инвестициялардан пайда көретін инновацияларға тең дәрежеде қолжетімділік болуы керек. 

Бұл интеллектуалды мешік құқығын реттеуге жаңаша қарауды талап етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жалпыға ортақ денсаулық экономикасы кеңесі (бұл ұйымды мен басқарамын) білім ұжымдық құндылықтар қалыптастыру процесінің нәтижесі екенін мойындап, интеллектуалды меншікті басқаруды реформалау керек деп есептейді.  

Екіншіден, экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіруге құйылған мемлекеттік инвестиция көлемін арттыру керек. Экономист Николас Стерннің бұл мақсатқа жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын бөліп, 2030 жылға дейін жыл сайын 1 триллион доллар жинау қажет деген кеңесі әбден орынды. Бірақ мәселе көп ақша бөлумен ғaна шешілмейді, бұл қаржының қалай жұмсалатыны да маңызды. Мемлекеттік инвестиция қысқамерзімді жеке табыс емес, ұзақмерзімді қоғамдық құндылық қалыптастыруға ынталандыратын жаңа келісілген институиционалды механизмдер арқылы бөлінуі тиіс. 

Ең үлкен мәселе – климаттық дағдарысқа жауап ретінде климаттық технологиялар зертханасын (ЦЕРН) құруға шақырамыз. Ядролық зерттеулер жөніндегі Еуропа ұйымының ізімен құрылатын, экономиканы декарбонизациядан өткізуге арналған зерттеу орталығы жекеменшік және мемлекеттік инвестицияларды біріктіріп, атмосфераны көмірқышқыл газынан тазарту, кеме, авиация, болат пен цемент өндірісі сияқты декарбонизациясы қиын салалардағы көміртек мөлшерін нөлге жеткізу жобаларына жұмсайды. Жаңа көпжақты институт жаңғыртылатын энергия мен тұйық өндіріс нарықтарын құруға көмектеседі. 

Бұл – біздің алдағы жылдарға дайындаған жеті ұсынысымыздың үшеуі ғана. Бұл ұсыныстар жаңа ғаламдық консенсус негізін қалыптастырады. 

Корнуолл консенсусын ұстанамыз ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ бұл ғаламшарда жай ғана күнелтумен шектелмей, дамуға қол жеткізгіміз келсе, Вашингтон консенсусының орнын алмастыру керек. COVID-19 ұжымдық іс-қимылдағы қиындықтарды ашып көрсетті. Бізді алдағы өзара байланысты дағдарыстарға халықаралық әріптестік пен мемлекет әлеуетін нығайтуға бағытталған іс-қимыл – жаңа консенсуспен бекітілген жаңа қоғамдық келісім ғана дайындай алады.

Читать также ...
Tехнофеодализм қарқын алып келеді

Мариана Маццукато – Лондон университеттік колледжінің инновация экономикасы және қоғамдық құндылықтар профессоры, Лондон университеттік колледжі инновация және қоғамдық мақсаттар институтының негізін салушысы және директоры, «Миссия экономикасы: капитализмді өзгерту жөніндегі нұсқаулық (Аллен Лейн, 2021 жыл) кітабының авторы.