Мемлекеттік қарыз тақырыбын БАҚ өкілдері, саяси партиялар мен мемлекеттік органдар жиі-жиі көтереді. Кейде тіпті бұл тақырыпқа қатысты халықтың жаңалықтан барынша хабардар өкілі – такси жүргізушілері де талқылап жатады. Мемлекеттік қарыз дегенге ешкім бей-жай қарай алмайды, әсіресе жағымсыз пікір басым: мемлекеттік қарызды ешкім қош көрмейді, одан қорқады, әсіресе, әңгіме сыртқы қарыз туралы болса, соның ішінде Қытайға берешек туралы болса, түрлі пікірді кездестіруге болады.

Бұл материалда сыртқы қарыз деген не, ол қалай пайда болады және қалай жіктеледі деген сауалдарға жауап бермекпіз.

Мемлекеттік қарыз деген – алған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік займ, сонымен бірге заңнамалық актілерге сәйкес ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі (ҰБ) алған қарыздық міндеттемелер немесе  мәслихаттардың шешімімен өзара талапты есепке алмастан жергілікті атқарушы органға берілетін қарыз.   

Яғни, мемлекеттік қарыз Үкімет, ҰБ және жергілікті атқарушы органдардың қарызынан тұрады. Мемлекеттік қарыз ішкі және сыртқы болуы мүмкін.

Сыртқы мемлекеттік қарыз – мемлекеттің шет мемлекеттер, азаматтар, заңды тұлғалар мен халықаралық ұйымдар алдындағы барлық міндеттемесі. Ішкі мемлекеттік қарыз – мемлекеттің өз елінің азаматтары мен заңды тұлғалары алдындағы барлық міндеттемесі.

 

Үкіметтің қарызы

Мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі Үкіметтің алыс-берісі есебінен болады. Бұған дейін мемлекеттің жоспарланған шығыны жоспарланған кірістен асып кететінін, мемлекеттік бюджеттің дефициті болатынын айтқан болатынбыз. Көбіміз жеке бюджеттің тапшылығын университетте оқып жүргенде сезіндік: азғантай стипендиямыз бен ұсақ-түйек жұмыс істеп тапқан ақшамыз күнделікті шығынымызды әрең жапқанымен, караокеге немесе кинотеатрға баруға жете бермейтін. Мұндай жағдайда «кино» немесе «сыра» деген шығындарды мүлдем сызып тастауға тура келетін.

Бірақ мемлекет шығындарын бұлай сызып тастай алмайды. Бюджеттің шығыс бөлігін қысқарту туралы шешім бюджеттің соңғы нұсқасын қабылдағанға дейін талай рет талқыға түседі, бюджеттің шығысындағы әр баптың қажеттілігі дәлелденгендіктен, оларды сызып тастау туралы сөз болуының өзі мүмкін емес. Бюджет қабылданғаннан кейін Үкімет қалыптасқан дефицитті жабу үшін қосымша қаржыландыру көздерін іздестіруге мәжбүр. Мұндайда ең жедел шешім, өздеріңіз де сезіп отырғандай, займға қаражат алу.

Читать также ...
Мемлекеттік қарыз — көзге көрінбейтін бөлігі

 

Үкіметтің ішкі қарызы

Үкіметтің ішкі қарызы негізінен мемлекеттік құнды қағаздар есебінен болады. Ол шамамен былай жұмыс істейді:

  • Мемлекет мұндай қағаздарды шығарып, онда бұл қағазды иесі осындай мерзім өткеннен кейін мемлекеттен белгілі бір көлемде ақша алады, оған қоса үстемесін алады деп жазылады.
  • Бұл қағаздарды орталық банк екінші деңгейлі банктерге (коммерциялық банктерге), халыққа және бизнеске сатады.

Бұл қағаздарды талап етілетін мерзімге дейін (қағазда көрсетілген уақытқа дейін) сақтауға болады немесе қалаған жандарға қайта сатуға болады.

Шын мәнінде ешқандай да қағаз жоқ, қазір мұндай операцияның бәрі электрондық форматта жүзеге асады, бірақ бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін осылай деп елестетіп көрейік.

Мемлекеттің қарыз қағаздарының пайызы әлбетте жоғары емес, өйткені мемлекет – адал қарыз алушы және осы қарыз қағаздары бойынша мемлекеттен ақшаны алмай қалу ықтималдығы өте төмен. Егер ақшаны үйде жамбасқа басып жатудан шаршаған болсаңыз және ақшаңыздың инфляцияға жем болғанын қаламасаңыз, ал банктерге сенбейтін болсаңыз, мемлекеттік құнды қағаздар сатып алуға болады.

Кестеде мемлекеттік құнды қағаздардың 3 негізгі түрі көрсетілген:

— 5 жылдан аса уақытқа шығарылатын ұзақмерзімді мемлекеттік құнды қағаздар;

— 1 жылдан 5 жылға дейінгі уақытқа шығарылатын ортамерзімді мемлекеттік құнды қағаздар;

— 1 жылға дейінгі мерзімге шығарылатын мемлекеттік құнды қағаздар.

Құнды қағаздардан бөлек, қарыздың азғантай бөлігі үкіметтің басқа да міндеттемелерінен тұрады. Бұл сома жылдан-жылға өзгермейді – 4,97 млн доллар. Кестеден көріп отырғанымыздай, Қазақстан Үкіметінің айналымдағы құнды қағаздарының негізгі бөлігі – ұзақмерзімді.

Читать также ...
Мемлекеттік қарыз жайлы толығырақ

 

Үкіметтің сыртқы қарызы

Ішкі қаржыландыру көздерінен бөлек, Үкімет сыртқы көздерден де табысты түрде қаржы тартады. Үкіметтің сыртқы қарызы еурооблигация түріндегі құнды қағаздар есебінен де болады. Еурооблигация шетелдік валюта түрінде 1 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімге шығарылады және халықаралық қаржы нарығына шығарылады.

Үкіметтің ішкі қарызы негізінен мемлекеттік құнды қағаздар есебінен болатын болса, сыртқы қарызда да кредиторлармен келісім бар. Басқаша айтқанда, Үкімет нақты бір шет мемлекетпен, халықаралық ұйымдармен, институттармен тікелей қарыз келісімін жасай алады.

Кестеде 2019 жыл бойынша үкіметтің сыртқы қарызының үлесі кредиторларға бөлініп көрсетілген.

 

ҚР Ұлттық банкінің қарызы

Мемлекеттік қарыз құрамына Ұлттық банк те кіреді. Алайда, Үкіметпен салыстырғанда, ҰБ-ның займға алған қаражатты жинақтауының мақсаты үкіметтік қарыздан мүлдем бөлек.

Үкімет қарызды бюджеттің дефицитін жабу үшін алатын болса, Ұлттық банк қарызды негізінен коммерциялық банктердің банкротқа ұшырау ықтималдығын азайту үшін алады.

Коммерциялық банктердің қаржылық тұрақтылығы көрсеткішінің бірі – өтімділігі жоғары активтерінің болуы (қысқа мерзім ішінде ақшаға айналдыруға болатын активтер). Ұлттық банктің банкротқа ұшырау ықтималдығы салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, ҰБ құнды қағаздары тәуекелі төмен активке жатады, олар үнемі қысқамерзімді айналымда болады, бұл оларды өнімділігі жоғары активке жатқызады. Сондықтан да қаржылық тұрақтылық көрсеткішін ұстап тұру үшін коммерциялық банктер Ұлттық банктің құнды қағаздарын сатып алады. Бұл мұндай банктер үшін қор немесе қауіпсіздік жастығы деуге де болады.

Коммерциялық банктің қаржылық жағдайы қиындаған жағдайда ол салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде Ұлттық банктің құнды қағаздарын ақшаға айналдырып, міндеттемелерінің бір бөлігін жаба алады. Бұл коммерциялық банктің қаржылық тұрақтылық көрсеткішінің түсуіне алып келгенімен, банкті банкротқа ұшыраудан қорғап қалады.

 

Жергілікті атқарушы органдардың қарызы

Жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) да мемлекеттік машинаның бір бөлшегі және олардың жеке бюджеті бар. Сондықтан олардың қарыздарын да мемлекеттік қарызға жатқызбау әділетсіздік болар еді.

Читать также ...
ЖІӨ және оны қалай есептейді?

Тағы да қайталап айтайық, ЖАО-ның өз бюджеті бар, ол дефицитпен де, профицитпен де болуы мүмкін. Үкімет сияқты ЖАО да өз бюджетінің дефицитін қаржыландыру мақсатымен қарызға ақша алады. ЖАО тек ішкі қарыз ғана ала алады: негізгі қарызды Үкіметтен алса, қалғаны басқа институттар мен банктерге тиесілі.

Кестеде ЖАО қарызы бойынша статистика көрсетілген.

 

Мемлекет кепілдендірген қарыз

Кез келген бір компанияны елестетіп көрейікші. Темір жол салғысы келетін компания дейік. Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қомақты инвестиция керек. Алайда, тәуекелге барудан қорқатын инвесторлар ақша салуға асықпайды, ол түсінікті де. Өйткені темір жол – күрделі әрі ұзақмерзімді жоба, ол уақыт ішінде не болып, не қоятынын ешкім білмейді. Алайда, темір жол инфрақұрылым мәселесін шешетіндіктен және жол салынған өңірдің ғана емес, жалпы ел экономикасының әлеуетін арттыруы мүмкін болғандықтан, мемлекет бұл жобаның жүзеге асуына мүдделі. Бірақ мемлекетте басы артық қаражат жоқ.

Осы арада мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігіне кеңістік ашылады. Мемлекет темір жол салатын компанияға кепілгер бола алады. Мұндайда инвесторлар мен банктер үшін темір жол құрылысы жобасы тартымды бола түседі, өйткені бүкіл қауіп-қатерді мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер компания несие берушілер алдындағы міндеттемесін өтей алмаса, мемлекет қазына есебінен компанияның қарызын төлеп береді. Мемлекет кепілдендірген қарыз осылай пайда болады.

Мемлекет кепілдендірген қарыз және мемлекеттің кепілгерлігімен алынған қарыз деген – мемлекет кепіл немесе кепілгер болып табылатын компаниялардың, банктердің және басқа да ұйымдардың міндеттемесі.

Мемлекет кепілдендірген қарыз бен мемлекеттің кепілгерлігімен алынған қарыздың айырмасына келсек, кепіл жағдайында борышкер міндеттемені орындамаса, несие беруші борышкерге шықпай-ақ, бірден кепіл берушіден міндеттемені орындауды талап ете алады. Кепілгер болған жағдайда несие беруші алдымен қарызды қарыз алушыдан өндіріп алудың барлық әрекетін жасайды, тек содан кейін ғана, қарызды тұтас өндіре алмаған жағдайда жетпеген қаражатты кепілгерден өндіру үшін талап ете алады.

Читать также ...
Жұмыссыздық: кімді және қалай есептейді?

 

Квазимемлекеттік сектордың міндеттемесі

Квазимемлекеттік секторға 50 немесе одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі, немесе, басқаша айтқанда мемлекеттің басқаруындағы компаниялар жатады.

Бұл тармақ мемлекеттік қарызды кең ауқымда түсінуге жатады. Қазақстан квазимемлекеттік сектордың қарызын есептей бастағалы көп болған жоқ. Дәлірек айтқанда, Ұлттық банктің сайтында квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы туралы тек 2012 жылдан бері қарайғы ғана ақпарат бар. Ал квазимемлекеттік сектордың ішкі қарызы туралы ақпарат Ұлттық банктің сайтында да, ҚР Қаржы министрлігінің сайтында да жоқ.

Мемлекеттік қарыздың жоғарыда айтылған түрлерін мемлекеттің ойланып барып жасаған әрекеті десек, төртінші тармақ тәуекелге барғанмен тең, яғни мемлекеттің қандай да бір компанияға иелік ету арқылы баратын тәуекелі.

Мемлекет кепілдендірген қарыз бен мемлекеттік кәсіпорындардың қарызы деген – бір нәрсе емес.

Мемлекет көп жағдайда мемлекеттік компаниялардың міндеттемелеріне орай оларға кепіл болады (сирек жағдайда толық жекеменшік фирмаларға кепіл болады), алайда мемлекеттік компаниялардың мемлекет кепіл БОЛМАҒАН қаржылай міндеттемелері болуы мүмкін.

Мемлекеттік компания несие беруші алдындағы міндеттемесін орындай алмаған жағдайдың өзінде мемлекет ол компанияның банкротқа ұшырауына жол бермеуі мүмкін, тіпті, ол міндеттемелер үшін кепіл болмағанның өзінде де, соның ішінде ол компаниялар аса қажетті қоғамдық игіліктерді ұсыну қызметімен айналысатын болса (қаланы жылумен, электр энергиясымен, темір жол қатынасын қамтамасыз ету), мемлекет қарызды өтеуі мүмкін.

Заңнамада мемлекеттік компаниялардың мемлекет кепіл болмаған қарызы үшін мемлекет қандай да бір қаржылық жауапкершілікке тартылады деген бап жоқ. Мемлекеттік компаниялар өзінің бюджеті бар, өз алдына дербес заңды тұлға болып есептеледі, олар банкротқа ұшырауы да мүмкін. Бірақ, мемлекет өзі иелік етіп отырған қандай да бір компанияның банкротқа ұшырауына жол беріп қойып қарап отыра ма? Көп жағдайда жол бермейді.

Мемлекеттік қарыз деген – мемлекеттік бюджеттің дефицитін жабу үшін алатын мемлекеттің қарызы ғана емес, сонымен бірге мемлекет кепілдік берген жекеменшік және мемлекеттік компаниялардың қарызы + мемлекеттік компаниялардың мемлекет кепіл болмаған қарыздары.

 

Қазақстанның мемлекеттік қарызына қатысты статистика, шынын айтқанда, аса жетілмеген. Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз бойынша мейлінше кеңейтілген ақпарат ұсынады. Ұлттық банктің сайтынан сыртқы мемлекеттік қарыз бойынша толыққанды статистиканы табуға болады. Негізінде екі мекеменің ұсынатын мәліметтері бір-біріне қайшы келмеуі керек және шатастырмауы тиіс, алайда іс жүзінде олай емес:

Читать также ...
Мемлекеттік бюджет: қоғамдық игілік, дефицит пен профицит

1)    Қаржы министрлігі ұсынатын мәліметте Ұлттық банктің сыртқы қарызы туралы ешқандай ақпарат жоқ, ал Ұлттық банктің сайтында мұндай ақпарат бар. Есесіне Ұлттық банк ТЕК ҚАНА мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың барлық сыртқы қарызы туралы ақпарат ұсынады;

2)       Қаржы министрлігінің деректерінде квазимемлекеттік сектордың қарызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ал Ұлттық банк тек квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызын көрсетеді;

3)     Қаржы министрлігінің сайтынан 2005 жылдан бері қарайғы толық мәліметтерді табуға болатын болса, Ұлттық банк тек 2012 жылдан бері қарайғы мәліметтерді ұсынады.

Соның нәтижесінде Ұлттық банктің қарызына қатысты шатасасың, әрі квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Міне, Қазақстанның мемлекеттік қарызы неден тұратынын білдік. Біз ұсынған ақпараттар еліміздің сыртқы қарызы турады тереңірек білуге және талдау жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Келесі материалда бұл тақырыпты тағы да тереңдеп жазамыз.