Дарон Аджемоглу

КЕМБРИДЖ – Мамырда АҚШ-тағы жылдық инфляция деңгейі 5% жеткеннен кейін, экономистер мен инвесторлар шығын тапшылығы, мемлекеттік қарыз бен қазір кейінгі қырық жылдағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болып отырған бағалардың тұрақты өсу қаупіне алаңдай бастады. Бірақ бұл қауіптерге экономиканың қарқынын төмендету арқылы жауап беру қателік болар еді.

Кей прогрессистер айтып жүргендей, үкімет ешқандай шығынға батпай, қалағанынша қарыз алып, ойына келген ақшаны жұмсай алмайды. Инфляцияға алаңдаушылар АҚШ кезігіп отырған терең мәселені (халықтың үкіметке сеніміне кері әсер етіп отырған саяси поляризация) назардан тыс қалдырмайды. Экономиканың мемлекеттік саясаттың ықпалымен жылдам қалпына келуі – жұмыспен қамтудың артуына және жалақының өсуіне жол ашып, АҚШ үшін халықтың үкіметке, демократияға сенімін қайтаруға жақсы мүмкіндік. Инфляцияның шынайы қаупі оның біздің назарымызды осы негізгі мәселеден басқа арнаға бұрып жібергенінде болып отыр.

Саяси жүйенің өз қызметін дұрыс атқармауына қарсы жүз пайыз тиімді амал жоқ.  Кей пікір білдірушілер АҚШ-та артқа қайтар жол қалмағанын айта бастады. Республикашылдардың көбі 2020 жылғы сайлауда Дональд Трамп жеңіске жетті деген пікірге сенеді. Кей бағалау нәтижесіне сәйкес, АҚШ халқының 15% Трамп ұсынған QAnon деп аталатын астыртын сөз байласу теориясын қолдайды. Бұл көрсеткіш бізді алда қиын жол күтіп тұрғанын көрсетеді. Бірақ біз адамдар тұрақтылық пен қоғамның гүлденуін қамтамасыз ету және кедейлікке қарсы тиімді шаралар қолдану туралы уәдесін бұзбаған демократияға көбірек сенетінін ұмытпауымыз керек.

Читать также ...
Қазақстан-2020: ЖІӨ құлауда, мемлекеттік шығын көбеюде, кедейлік артуда

Мысалы, экономикалық өсімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласы жақсы жұмыс істейтін тұрақты демократияда өскен адамдардың автократтар мен жауапсыз технократтарға қарсылық көрсету ықтималдылығы әлдеқайда жоғары болады. Сәйкесінше, экономикалық тұралау мен теңсіздіктің қарқын алуы поляризация мен қоғамдық сенімнің жоғалуына әкеліп соғады. Кейінгі онжылдықта АҚШ пен әлемнің көп мемлекетінде дәл осындай жағдай байқалды.

Бір кездері АҚШ экономикасында кез келген деңгейдегі жұмысшыларға арналған жалақысы жоғары, қауіпсіздік шарттары мен карьералық мүмкіндіктері жақсы жұмыс орындары құрылды. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі 35 жылда табыстың бөлінуі бойынша төменгі және жоғарғы санатқа жататын жұмысшылар жұмыспен қамту деңгейі және жалақы көлемінің өсуінен көп пайда көрді. Бірақ 1980-жылдардың соңында бұл дәуір аяқталып, орташа жалақы мөлшері бір деңгейге тұрақтап, теңсіздік арта бастады. Жоғары білімі жоқ азаматтардың жалақысы артудың орнына жұмысқа тұру және нағыз (инфляция ескерілген) жалақы алу мүмкіндігі азайды.

Америкалық саясаттың экстремистік көзқарасын қолдайтындар қатарында жалақысы мен мүмкіндігі азайған азаматтар көп. Экономика жұмыс істемейді, оның маған пайдасы жоқ деп ойласаңыз, демек «әділетсіз» жүйенің көзін жоюды қолдайтын оппортунистік саясаткерлер мен ақпарат құралдарын көбірек ұнатасыз деген сөз.

АҚШ саясатының мүшкіл халде болуына экономикалық мәселелер ғана кінәлі емес. Бұл жүйенің өз қызметін дұрыс атқармауына республикалық партия да үлкен үлес қосқан. 1960-жылдары ақ нәсілді адамдардың демократтар ұсынған азаматтық құқықтар саласындағы бағдарламасынан бас тартқанын пайдаланғысы келген Ричард Никсонның “Оңтүстік стратегиясынан” бастап, республикалық партия саяси тұрғыдан поляризация қажет екенін түсінді. Партия білімі жоқ ақ нәсілді сайлаушылардың (халықтың аз бөлігі) мүддесін қорғаған сайын, өз позициясын сақтап қалу үшін дауыс берушілерді басып-жаншу сияқты және өзге де антидемократиялық амалдарды пайдалана бастады. Бұл тенденция Трамптың кезінде күшейіп, шырқау шегіне жетті.

Читать также ...
Әлеуметтану бізге не үшін қажет?

Демократиялық партия да мінсіз емес. 2008 жылғы дағдарысқа себепкер болған Уолл-стрит банкирлерін Джордж Буш ғана емес, Барак Обама да құтқарды. Обаманың әкімшілігі не болса да банктер мен банкирлерге көмектесуді қолға алып, кейінірек кінәлі тараптардың ешқайсысын жауапқа тартпаймыз деп шешті. Осылай сайлаушылардың үкімет пен қаржы секторы арасындағы жылы қарым-қатынас туралы күдігі расталды. Бұл институттарға деген сенімнің жоғалуын жеделдетіп, үкіметті шешім емес, мәселе деп көретіндердің қолына қару ұстатты.

Бұл диагноз рас болса, Америкадағы саяси дисфункцияны қайта қалпына келтіру жолындағы бірінші қадам экономика мен үкіметтің бәріне қызмет ете алатынын көрсету болуы керек. Бұл жерде жасы мен кәсібіне қарамастан, барлық америкалық азамат үшін жұмыс орындарын ашып, жалақысын көтеруге басымдық берілгені жөн. Мұның орнына жалпы экономикалық бәліш көлемін ұлғайтып, оны қайта бөлуді таңдауға да болар еді. Бірақ мұндай стратегия сайлаушыларға өзін жүйенің бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан адамдарға экономика мен қоғамға үлес қосуға мүмкіндік беру оларды осы процеске тартудың әлдеқайда тиімді жолы саналады.

Инфрақұрылым шығыны, экспансионистік фискалды және ақша-несиелік саясат, әлеуметтік қорғаныс жүйесін күшейту, жұмыс орнын ашуға көмектесетін инвестициялар, басқа да ресми шаралар тұрақты қалпына келудің бір бөлігі ретінде қаралады. Бұл үкімет жұмыс істеп жатыр деген идеяны одан әрі қолдайды. Мемлекеттік институттарға деген сенімді олардың жақсы тұстарын санамалап шығумен ғана қалпына келтіруге болмайды. Азаматтар институттардың тиімді жұмысының артықшылығын көріп, сезінуі керек.

Читать также ...
Қазақстан: өтпелі кезең сынағы

Америкалық демократияны экономиканы қалпына келтірудің жақсы ойластырылған жоспарымен құтқарып қалуға бола ма? Бұған кепілдік жоқ. АҚШ экономикасы ұзақ уақыт бойы жоғары білімі жоқ азаматтарды (жоғары білімі бар азаматтарды да) назарға ілмей, ірі корпорациялардың қажеттіліктерін өтеп келді. Сондықтан қазір басқа бағытты таңдауға тым кеш. Корпоративті Америка инвестициясын жұмыс орындарын автоматтандыруға, жұмысшыларды бақылап, жалақысын төмендетуге жұмсайтындықтан, орта деңгейлі америкалық жұмысшының онсыз да қиын жағдайы одан әрі ауырлауы мүмкін.

Америка қоғамына жік салған поляризацияны тоқтатуға тым кеш сияқты. Трамптың адал жақтастарының көбі қандай жағдай болса да, пікірін өзгертпейтінін көрсетті.
Америкалық демократияны құтқарудың ең жақсы жолы – АҚШ экономикасын қайта іске қосу. Инфляцияның аздап өсу қаупі бұл мүмкіндікті жіберіп алуға себеп бола алмайды.

Дарон Аджемоглу – Массачусетс технологиялық университетінің экономика профессоры, Джеймс А.Робинсонмен бірге «Неге бір ел – бай, екіншісі – кедей: биліктің, байлық пен кедейліктің шығу тарихы», «Тар дәліз: мемлекет, қоғам және еркіндік тағдыры» кітаптарын жазған.