Жұмыссыздық дегеніміз не?

Жұмыссыздық әрқайсымызға таныс құбылыс деп сенімді түрде айтуға болады. Кейбіріміз дипломымыз қолымызға тие салысымен-ақ жұмыссыздықтың не екенін білсек, енді біразымыз бұл мәселемен кейіндеу кездестік. Бұл құбылыспен ешқашан бетпе-бет келмегендердің өзі де күн сайын осы бір экономикалық кеселдің құрбаны болып жүргендерді кездестіреді. Жұмыссыздық – әлеуметтік салдары ауыр экономикалық құбылыс.

Жұмыссыздық ұғымының тарихы

Бұл – 1930-жылдары АҚШ тұрғындарын есеңгіретіп кеткен құбылыс, кеңес халқы мұны КСРО құлауға жақындағанда білді. Ол – жүздеген отбасының бұзылуына, мыңдаған тағдырдың бүлінуіне әкеліп соқтырған құбылыс. Көп жағдайда ішімдік пен есірткіге салынуға, күйзеліс пен суицидке, қылмыс пен кедейшілікке себеп болатын құбылыс. Сол себепті де бүкіл әлемде кез келген мемлекет жұмыссыздық деңгейін басты назарда ұстайды.

Еңбек нарығында қалыптасқан жағдайды түсіну үшін алдымен терминнің басын ашып алу керек. Қиялға ерік беріп, жылқының қазысынан басқа ештеңе өндірмейтін Қазыстан деген ел бар деп елестетіп көрейікші. Бұл елде 40 адам тұрады делік. Олар:

  • 1 фермер және оның 3 көмекшісі
  • 1 қасапшы және оның 2 көмекшісі
  • 1 шұжық цехының қожайыны және оның қоластында істейтін 10 жұмысшы
  • 1 көлік компаниясының қожайыны мен оның 5 жүргізушісі
  • 1 дүкен иесі мен 1 сатушы
  • 2 тұрақты жұмысы жоқ, бірақ белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген адам
  • 2 еңбекке қабілетті, бірақ жұмыс істемейтін және жұмыс іздемейтін де адам
  • 5 студент

Жоғарыдағылардың барлығы 16 жастан асқан, зейнет жасына жетпеген (Қазыстандағы еңбекке жарамды жас)

  • 3 кішкентай бала
  • 2 зейнеткер.
Читать также ...
Жеңілдетілген экономика «қақпанындағы» Қазақстан

Статистика органдары халықты жұмыс күші құрамына кіретін адамдар және жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар деп бөледі.

 Жұмыс күші немесе экономикалық белсенді халық деген – еңбекке жарамды жастағы, жұмыс істейтін немесе белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген адамдар.

Жұмыссыздықты қалай есептейді?

Ал енді Қазыстандағы жұмыс күшін есептеп көрейік. Қазыстан заңдары бойынша, ең бірінші критерий – 16 жастан 60 жасқа дейінгілер. Бұларды сары түспен белгіледік. Яғни 16 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлер жұмыс күшінің қатарына кірмейді.

Екінші критерий – жұмыспен қамтылу дәрежесі: жұмысшы тобының құрамына кіру үшін не ол адамның жұмысы болуы керек, не белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген болуы керек. Көріп отырғанымыздай, біздің жағдайда еңбекке жарамдылардың ішінде 2 адам жұмыс істемейді және жұмыс іздемейді де, сонымен бірге жұмыс істемейтін және іздемейтін, бар уақытын оқуға жұмсайтын 5 студент бар.

Сонымен, Қазыстандағы жұмыс күшінің құрамы – 28 адам, жұмыс күші құрамына кірмейтіндер – 12 адам.

Экономикалық белсенді емес халық

Экономикалық белсенді емес халық – қандай да бір себептерге орай жұмыс күшінің құрамына кірмеген адамдар.

Жұмыс күші дегеннің не екенін білеміз, енді жұмыссыздықты есептеп көрейік. Қолда бар дерек бойынша, біздің елімізде жұмысы жоқ 14 адам бар: жұмыс күші қатарына кірмейтін 12 адам және белсенді түрде жұмыс іздеп, бірақ таба алмай жүрген 2 адам бар. Бірақ, олардың бәрін бірдей жұмыссыздар қатарына жатқызуға бола ма?

 Жұмыссыздық деген – жұмыс тобының қатарына кіретін, жұмысы жоқ және белсенді түрде жұмыс іздеп, таба алмай жүрген жағдай.

Ендеше, Қазыстанда белсенді түрде жұмыс іздеп жүргенімен, таппай жүрген 2 адам ғана жұмыссыздар қатарына жатады. Бұл аз ба, көп пе? Мұны түсіну үшін жұмыссыздардың жұмыс күшіндегі үлес салмағы қанша екенін қарайық (басқаша айтсақ, жұмыс күшін біртұтас десек, оның белгілі бір бөлігі жұмыссыз деген сөз).

Читать также ...
Оптимист болу қиын: Қазақстандағы іскерлік белсенділік неге баяу қалпына келуде?

Біздің санағанымызды экономистер жұмыссыздық деңгейі деп атайды. Жұмыссыздық деңгейін пайызға шағып есептеуге болады, ол үшін олардың үлесін 100%-ға көбейтеміз.

Жұмыссыздық деңгейі = 0.0714 * 100 % = 7.14%. Яғни, Қазыстандағы жұмыс күшінің 7.14%-ы жұмыссыз.

Осыған орай бірнеше сұрақ туындайды:

  • Зейнеткерлердің көпшілігі жұмыс істейді, сонда олар бәрібір еңбекке жарамды тұрғындардың қатарына жатпай ма? Жауабы – жоқ. Егер адамның жұмысы болса, жұмыспен қамтылу дәрежесі еңбекке жарамдылық жасынан басым болады. Яғни, жұмыс істейтін зейнеткерлер еңбекке жарамды халықтың қатарына жатады.
  • Ал балалар ше? Ауылдық жерлерде екі баланың бірі жасөспірім кезінен егіс алқабында жұмыс істейді, ендеше олар неге жұмыс күшінің құрамына кірмейді? Өйткені 15 жасқа толмаған балаларды жұмысқа орналастыру Қазақстан заңдары бойынша балалардың құқығын бұзу болып есептеледі және ол үшін заң алдында жауапқа тартады.
  • Студенттер ше? Студенттер заң бойынша еңбекке жарамды жаста болып есептеледі, бірақ тек жұмыс іздеп жүрсе және жақын уақытта жұмысқа араласып кете алатын болса ғана жұмыссыздар қатарына жатады. Жұмыс істейтін студенттерді жұмысбасты деп есептейді. Егер студент жұмыс істемесе, жұмыс іздемесе және жұмыс істегісі келмесе, мұндай адамды жұмыссыздар қатарына жатқызбайды және олар жұмыс күшінің құрамына кірмейді.
  • Ойдан шығарған елімізде тұратын азғантай адамның жұмыспен қамтылу көрсеткішін оп-оңай есептеп алдық. Ал миллиондаған халқы бар елдерде қалай есептеу керек?

Соңғы сұрақ әбден орынды, шын мәнінде жұмыспен қамтылу дәрежесін анықтау үшін әр адамды бақылап отыру ақылға сыйымсыз әрекет. Бұранда шығаратын зауытты көз алдымызға елестетейікші. Зауыт күн сайын миллиондаған жана бұранда жасап шығарады, бірақ цех қожайыны жарамсыз өнімнің үлесін білгісі келеді. Бүкіл жер бетіндегі адам жабылып санаса да, әр бұранданың жарамды-жарамсыз екенін тексеріп отыру мүмкін емес. Тіпті мүмкін болғанның өзінде де, одан гөрі маңызды жұмыстар бар. Ал зауыт өндіретін бұранданың қаншасы жарамсыз екенін қалай білуге болады?

Читать также ...
Несие және сыйақы мөлшерлемесі деген не?

Міне, осы кезде ғылымға жүгінеміз, ол ғылым статистика деп аталады. Ненің қалай саналатынын тәптіштеп жатпай-ақ негізгі идеяға тоқталайық. Сөйтсек, бар болғаны 400 бұранданы (шартты түрде) тексеріп-ақ осылардың ішіндегі жарамсыз бұранданың үлесі қанша екенін көруге болады екен. 400 бұранданың ішіндегі жарамсызы 5 дана болса, іріктемедегі жарамсыз өнімнің үлесі: 5/400 = 0.0125 * 100% = 1.25%. Іріктеме репрезентативті болса, осы іріктеменің нәтижесін экстраполяциялауға болады, яғни жарамсыз өнімнің үлесі 1.25% деп сеніммен айта аламыз. Немесе әр 400 бұрандаға 5 жарамсыз бұрандадан келеді деп те айтуға болады.

Жұмыспен қамтылу және жұмыссыздық деңгейін де шамамен осындай әдіспен есептейді. Жыл сайын статистика органдары үй шаруашылығына зерттеу жүргізеді. Еліміздің әр аймағында статистика органдары үй шаруашылығын репрезентативті іріктеп, ауқымды әлеуметтік сауалнама жүргізеді, соған сүйене отырып жұмыссыздық деңгейін, экономикалық белсенді және белсенді емес халықтың үлесін есептеп шығарады.