Қазақстан халқының саны 18,7 млн адамға жетті. Бұл – ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Тек соңғы он жылда ғана халықтың өсімі 2 млн болды, 1990-жылдардағы демографиялық дағдарыс тұрғысынан қарастырсақ, бұл өте жақсы көрсеткіш.

Аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында бола тұра, халқының саны жағынан Қазақстан 63-орында. Бұл көрсеткіш бойынша аса ірі емес мегаполистердің өзіне есе жібереміз.

Осыған орай қоғамда заңды сауал туады: халқының саны бізден он есе көп елдердің өзі материалдық көмекті екі есеге арттыру арқылы әйелдерді тууға ынталандырып отырған жағдайда Қазақстан неге асықпайды? Оның үстіне, тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы уақытта мемлекет демографиялық дамудың нақты көрсеткіштерін белгілеген жоқ, ұғынықты әлеуметтік-демографиялық модель де ұсына алмады.

Бір жағынан, этникалық қазақтардың елге көшіп келуіне назар аударып, туу деңгейін арттыру қажеттігі айтылып жатқанымен, екінші жағғынан, өсіп келе жатқан ұрпақты лайықты өмір сүру деңгейімен қамтамасыз ету мәселесінде айтарлықтай проблемалар кездеседі.  

 

Жалпы демографиялық жағдай

2019 жылы жарияланған БҰҰ-ның 2100 жылға дейінгі халық саны жөніндегі болжамы бойынша, әлемнің болашақтағы демографиялық картасы өте күрделі. Атап айтқанда, көршілес Ресейде 2100 жылға қарай қазіргі туу деңгейі мен көші-қон көрсеткіші сақталғанның өзінде, халық саны 146 миллионнан 126 миллионға дейін азаяды (-20 млн). Бұл солтүстік көршіміз үшін демографиялық апатқа тең десек, артық айтқанымыз емес. Сол себепті де РФ президенті Владимир Путиннің жуырдағы халыққа арнаған жолдауында айтылған мұндай жағымсыз жағдайдың алдын алу шаралары Ресейдің әлеуметтік-демографиялық саясатындағы негізгі басымдық болып отыр.

Читать также ...
Жария риторика: денсаулық сақтау саласына құралдар қажет

Қазақстанға қатысты көрсеткіштер мұнан әлдеқайда жақсы. БҰҰ 2100 жылға қарай Қазақстанда 28 миллионға жуық адам өмір сүреді деп болжап отыр (+10 млн).

Демографтардың айтуынша, ел халқының саны ұдайы өсіп-өнуі үшін туу коэффициентінің жиынтық көрсеткіші кемінде шамамен әр әйелге өмірінде 2,2 баладан келуі керек. Ресейде бұл көрсеткіш межеден төмен, онда әр әйелге 1,6 баладан келеді. Ал Қазақстанда бүгінгі күні туу коэффициентінің жиынтық көрсеткіші 2,84-ке тең.

БҰҰ болжамына сүйенетін болсақ, Қазақстанда оң тенденция байқалады және елімізге халық санын өсіруді ынталандыру үшін жедел шараларды қолға алудың қажеті жоқ сияқты. Дегенмен, бұл демография мәселесін ысырып қою керек дегенді білдірмейді және оның салмақты себептері бар.

 

Анық тенденциялар

Ғалымдар әлемнің дамыған елдеріне тән деп отырған демографиялық тенденциялар көп жағдайда Қазақстанға да келеді. Солардың негізгілеріне тоқталсақ…

Бірінші маңызды тенденция – қарқынды урбанизация процесі, бұл әрдайым отбасы көлемінің қысқаруымен қатар жүреді. ЭӘДҰ елдерінде қала халқының орташа үлесі 77% болса, Қазақстанда соңғы 10 жылда ғана бұл көрсеткіш 4,4%-ға артып, 58,4%-ды көрсетіп отыр және қарқынды өсу байқалады.

Екінші тренд – жалпы әлемде туу көрсеткішінің қысқаруы және өмір сүру ұзақтығының артуы. Бүгінгі таңда ешқандай дамыған мемлекетте туудың жалпы коэффициенті бір әйелге 2,2 баладан келетін халықтың өсіп-өну деңгейінен артық емес.

Үшінші тренд – тұңғыш баланы дүниеге әкелуді кейінге шегеру. Соңғы онжылдықта әйелдер де, ерлер де отбасын құрудан бұрын еңбек нарығында орнығып алуға көбірек ұмтылады. Оның үстіне, әйелдердің білім алу деңгейі артып келе жатыр, ғалымдардың пайымынша, бұл бала тууды кейінгі қалдыруға ықпал ететін маңызды себептердің бірі. Тұңғышын кейіндеу туып жатқаннан кейін, әлбетте, көпбалалы болу ықтималдығы да азаяды. Ал алдыңғы буында бұл үрдіс басқаша болатын.

Читать также ...
Жұмыссыздыққа қарсы іс - жастар кәсіпкерлігінің тұманды болашағы

Бүгінде ЭӘДҰ елдерінде тұңғыш баланы дүниеге әкелетін орташа жас – 30 жас және соңғы 10 жылда ол 2 жылға артқан. Қазақстанда соңғы 10 жылда бала туу жасы 3,7 жылға артып, 25-тен 28,7-ге дейін көтерілген.

Қазақстанда осы аталған демографиялық тенденциялардың бәрінің белгісі байқалады, яғни демографтар екінші демографиялық ауысым деп атайтын құбылыс Қазақстан үшін де өмір шындығына айналып отыр. Демографиялық ауысым жылдамдығы артуда. Дамыған елдерге туу көрсеткішін азайтып, өмір сүру ұзақтығын арттыруға жүздеген жылдар қажет болса, бүгінде Қазақстан сияқты дамушы елдерге бұл үшін онжылдықтар жеткілікті болып отыр. Сондықтан да бұл мәселе ғалымдардың да, саясаткерлердің де назарынан тыс қалмауы керек.

 

Қазақстандықтар көпбалалы болғысы келе ме?

2019 жылы елімізде алғаш рет «Қазақстан отбасылары-2019» ұлттық баяндамасы жарияланды. Қазақстандықтардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 92%-ы бала отбасының міндетті факторы деп есептесе, қалған 8%-ы отбасында бала болуы міндетті емес деген пікірде. Баяндаманы жасаушылар қазақстандықтардың орташа бала санына қатысты көзқарасы да өзгергенін атап өтеді, респонденттер отбасында 2-ден 4 балаға дейін болады деп жоспарлайды. Көпбалалы болу немесе отбасындағы 4+ бала тенденциясы негізінен республиканың оңтүстік және батыс аймақтарына тән.

Ұлттық баяндамада келтірілген деректер Қазақстанға қатысты болжамның оптимистік екенін көрсетеді. Соңғы жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық сала қиындықтарды бастан кешіріп отырғанына қарамастан, қазақстандықтардың балаларға қатысты оптимизм деңгейі жоғары болып қалып отыр. Бұрынғыдай қазір де бала туғысы келеді, тіпті, тууға қатысты қалыптасқан жағдай мемлекеттің экономикалық саясатына байланысты болса да, ел азаматтарының болашағы қандай боларына тікелей тәуелді болса да, туғысы келетіндер бар.

Қазақстанда туу көрсеткішіне қатысты болжам жағымды екеніне қарамастан, жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Бұған жалпы әлемдегі тенденциялар ғана емес, ішкі жағдай да ықпал етеді.

Бірінші кезекте эмиграция қарқынының жоғарылығы ықпал етеді. Ресейдің тууға ынталандыру үшін әлеуметтік қолдауды арттыру және иммигранттардың ағылуы (соның ішінде біздің елден де) арқылы туу көрсеткішінің төмендігі мен эмиграцияның орнын толтыру мүмкіндігі болса, Қазақстанның бұл тұрғыдағы жағдайы қиындау.

Читать также ...
CANF: Орталық Азиядағы алғашқы Нобель симпозиумы

Былтырғы жылдың 9 айында ғана ҚР аумағынан 34 мыңнан астам адам кеткен, кері сальдо -26 мың адамды көрсетіп отыр. Өткен жылдардағыдай, статистика оптимизмге жетелемейді.

Оның үстіне, бізде демографияға қатысты мемлекеттік идеология жұмысы байқалмайды. Бұған қоса демографиялық дамудың қандай да бір нақты, жүйелі үлгісі жоқ. Қазақстан қазіргі күні өзекті болып отырған демографиялық көрсеткіштерді есепке ала отырып, ұғынықты әлеуметтік бағдарлама жасауы тиіс. 2020 жылдың күзінде болатын халық санағының деректеріне сүйене отырып, осындай модель жасап шығару керек.

Қазір Қазақстандағы халықтың әлсіз тобына жататындарды қолдау шарасы кедейлікті төмендетіп, экономикалық қиындық кезеңінде отбасына қолдау көрсетумен байланысты. Алайда ол елдегі туу көрсеткішін арттыруды ынталандыруға жатпайды.

Ал экономистер туу көрсеткішінің төмендеуі халықтың өсіп-өнуінің де төмендеуіне және оның қартаюына алып келеді деп есептейді. Ал бұл еңбек нарығының тарылуына, экономикалық белсенділіктің баяулауына, соған орай зейнетақы жасының артуына алып келеді. Мұның салдарынан айтарлықтай саяси мәселе туындауы мүмкін.

Адам – кез келген мемлекеттің басты құндылығы. Мемлекетке адам ресурсы қажет болғанымен, отбасылар үшін мұндай қажеттілік болмай отыр. Бұл туу көрсеткішін көтеру үшін ынталандыру шарасы қажет екенін көрсетеді, алайда ол тек алдын ала ойластырылған және түсінікті әлеуметтік-демографиялық бағдарлама болғанда ғана тиімді болмақ.

Бұл ретте туу көрсеткішінің артуы өз алдына демографиялық жағдайды жақсартудың басты шарты емес екенін түсіну керек. Сонымен бірге ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендету, ер адамдардың ерте өлімінің алдын алу бойынша жүйелі жұмысты қолға алу керек. Қазір өлімнің бұл түрлері бойынша біраз жұмыс қолға алынғанымен, көрсеткіш әлі де жоғары болып қалып отыр. Сондай-ақ мемлекет азаматтардың еңбекке қабілеттілік кезеңін мейлінше созуға күш салуы керек.

Читать также ...
Жұмыспен қамтылған кедейліктің әйел келбеті

Мемлекет қазіргі кезде болып жатқан демографиялық өзгерістерге дайын болуы тиіс. Бала күтімі, білім беру, тұрғын үймен қамту және басқа да бағыттағы саясатты жоспарлау қажеттігі тікелей осы процестерге байланысты. Сондықтан демографиялық зерттеулерді күшейту және Қазақстанда отбасы институтын нығайту ауадай қажет.

Әлемдік тәжірибе демографияға уақтылы қолдау көрсетумен салыстырғанда, туу көрсеткішінің төмендеу дағдарысын еңсеру мемлекет үшін әлдеқайда қымбатқа түсетінін көрсетіп отыр.