ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең шулы және талқыға көп түскен мәлімдемесінің бірі – ұлттық компаниялардың 2019 жылғы таза пайдасынан дивидендтер талап ету туралы шешім болды. Дағдарысқа толы 2020 жылғы ең үлкен тапшылық – ЖІӨ-ге 3,5% болған бюджетке ақша түсуі тиіс.

Ұлттық компаниялар пайдасының бір бөлігін алып отыруды қоғамда шартты либерал саналатын, сондай-ақ мемлекетшіл топтардың сарапшылары да жиі ұсынады. Сонымен бірге, Үкімет пен ұлттық компаниялардың қарым-қатынасы соншалықты шатасып кеткендіктен, мемлекеттік сектордың осы бөлігін «майшелпек» немесе «сауын сиыр» деп нақты кесіп айту қиын.

Ekonomist.kz президенттің бұл бастамасы қаншалықты жүзеге асқанын және экономикадағы мемлекеттік активтерді басқару моделінің бұрынырақ басталған трансформациясы нені білдіретінін анықтамақ болды.

 

Айналаға алақан жаю

Ұлттық компаниялар пайдасының бір бөлігін бюджетке тарту идеясы ел басшылығына 2020 жылғы дағдарысты наурыз айында келді. Сол кезде-ақ таяу бір-екі жыл ішінде мұнай бағасы төмендеп, шағын және орта бизнестен түсетін салық азаятыны түсінікті болды.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия алдында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев ұлттық компаниялар туралы айта келіп: «Ұлттық компаниялар өткен жыл үшін мемлекетке таза кірістің 100 пайызына дейінгі мөлшерде дивиденд төлеуі тиіс деп санаймын», – деп мәлімдеді.

Қазақстанда әдетте «ұлттық компаниялар» деп мемлекеттің үлесі бар, нарық жағдайында жұмыс істейтін (public corporations) барлық компания атала бермейді. Еске Үкімет қадағалайтын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қараcты еншілес компаниялар тобы бірден түседі.

Читать также ...
"Самұрық-Қазынаның" жылдық есебі несімен жақсы ?

Дегенмен, ҚР Үкіметі бұл нұсқауды мемлекеттік сектор үшін тапсырма деп ұқса керек. 30 наурызда-ақ үкіметтің баспасөз қызметі қаулының қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты. Онда: «АҚ (ЖШС) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен АҚ (ЖШС) таза табысының бір бөлігін жылдық қаржылық есептілікте көрсетілген 2019 жылдың қорытындысы бойынша таза кіріс сомасының 100%-ына дейінгі мөлшерде дивиденд ретінде (кірісті) төлеу және оларды уақтылы аудару үшін шаралар қабылдасын», – деп көрсетілген.

Ол хабарламада 2020 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер ретінде бөлінген үлес «шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікте, ал еншілес ұйым (ұйымдар) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікте көрсетілген таза кіріс сомасының кем дегенде 70% мөлшерінде болып, оларды уақтылы аударуы керек екені» көрсетілді.

10 шілдеде сөйлеген сөзінде президент ұлттық компаниялардан дивиденд жинаудың жеке акция емес, тұрақты шаруа болатынын растап: «Мемлекеттік акциялар пакетіндегі дивидендтер бюджетті толтыру көздерінің бірі болуы керек. Дағдарысқа қарсы шара ретінде емес, тұрақты негізде. Бұл мәселені мұқият зерделегеннен кейін оны заң түрінде бекіту керек. Бұл компаниялар мемлекеттікі. Сондықтан олардың тапқан табысы да мемлекеттікі және мемлекеттік бюджетке түсуі керек», – деді.

 

Кім көп берді?

Президенттің тапсырмасын орындау нәтижесі бойынша талдауға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ірі қоржын компаниялары ғана ілікті. Талдау ашық дереккөз бойынша жүргізілді. Автор берілген ақпараттың толықтырылуы мүмкін екенін, ал «Самұрық-Қазынаның» жекелеген еншілестері дивидендтерінің жиынтық көлемі өте көп емес  және ұлғаюы мүмкін екенін мойындайды.

Читать также ...
«Самұрық-Қазына жылы»: 2019 жылы Қор табыс тауып, шығындарын да мойындады

15 компанияның 11-і таза пайда көрді. 7 компания дивиденд төлеуге шешім қабылдады. Бір қызығы, осы жетеудің төртеуінің акциялары қор биржаларында сатылады. Тізімде жалпы алғанда 15 компания, оның ішінде 6 «листинг» компания бар.

Президент таңдаған және үкімет таратқан нұсқау мәтіні солқылдақ еді.  «Таза кірістің 100%-на дейін» деген сөз  компанияларға акционерлермен бөлісуге дайын таза пайданың үлесін таңдауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, дивидендке таза пайданың 100%-ын тек «Қазпошта» жіберді. Бірақ бұл мол пайда емес – 54 млн теңге (сату рентабельділігінің көрсеткіші – 0,5%) ғана еді. «Қазпошта» – әлеуметтік жүктемесі зор ұлттық компания, оның міндеті – орталық пен елдің ең шалғай жерлері арасындағы пошта байланысын қамтамасыз ету.  Бұл – компанияны жекелеген бағыттарда өзін-өзі ақтамайтын жұмысқа жегілуге мәжбүр етеді.

Таза пайданың 80%-ға жуығын дивидендке «Тау-Кен Самұрық» салды. Бұл – соңғы жылдары қатты пайдалы қазбалардың күрделі кен орындарын қазатын және ондағы операциялық шығындары «Қазмырыштағы» мемлекет үлесі есебінен өтелетін компания.

Таза пайданың шамамен 74%-ын KEGOC, 46%-ын «Қазатомөнеркәсіп», 43%-ын «Самұрық-Энерго» дивиденд үшін салды. Таза пайданың ең аз үлесін «Қазақтелеком» мен «ҚазМұнайГаз» қосты: кіріс көлемі бойынша Самұрық ҰӘҚ  үшінші және бірінші еншілестері таза пайданың тиісінше 15 және 7%-ын дивиденд ретінде салды.

 

Жаңасы ма, әлде ескісі ме?

Самұрық пен үкіметтің қызық арақатынасын Ekonomist.kz бақылап келе жатқанына біраз болды. Қор мен оның қоржын компаниялары жаңа компаниялардың негізгі капиталына инвестиция құйып, өндірушілерді төмен тарифтер есебінен қолдап, осы жобалардың рентабельділігі теріс болған жағдайларда инфрақұрылым құрылысын қамтамасыз ете отырып, экономиканың тиісті салаларында мемлекет саясаты жүгін арқалап жүр. Ұлттық компания «міндеттерінің» бірі – өңірлерде және үкімет үшін басымдық берілген өңірлерде әлеуметтік нысандар салу.

Читать также ...
ҚазМұнайГаз бен ESG: мұнай компаниясына не үшін ESG тәуекелді бағамдап отыру маңызды?

Оның есесіне ұлттық компаниялар бюджеттен жеңіл қаражат алып, кей салаларда бірнеше жыл бойы, тіпті кейде шектеусіз мерзімге монополист ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Дей тұрғанмен, ҰӘҚ ұзақ уақыт бойы операциялық холдинг форматынан Сингапурдың Temasek үлгісі бойынша инвестициялық компанияға көшуді декларациялап келеді. Бұл туралы соңғы рет «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов 2020 жылғы 28 қазанда Президент Тоқаевпен кездесуі барысында мәлімдеді. «Қазақстан Президентіне қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы таныстырылды. «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасының айтуынша, бұл – активтердің географиясы мен салалары бойынша қоржынды әртараптандыруға, инвестициялардың кірістілігін арттыруға және дивидендтердің өсуі есебінен бюджетке түсетін түсімдерді молайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлаған еді Ақорда баспасөз қызметі.

Алайда, сингапур холдингы жұмысының басты ерекшелігі оған мемлекеттік саясаттың міндеттері жүктелмейтінінде. Үкімет проблемалар туындаған жағдайда оны қаржылай қолдамайтыны нақты бекітілген. Үкіметтің мүддесі – холдингтің  табыс табуы.

Дағдарыс кезінде «Самұрық-Қазынаның» рөлін аздап түзету туралы шешім қабылданды. Қор дивидендтерді көбірек төлеуге мәжбүр болды, осылайша ол идеал бейнеге сәйкес келе бастады. Бірақ бизнес пен экономика салаларын дамытудың мемлекеттік саясатына байланысты жүктеме мойнынан түспеді. Дағдарыс кезінде офтейк-келісімшарттар арқылы отандық шағын және орта бизнесті қолдау міндеті басым тұрды.

Алдағы жылдары бұл модельден бас тарту жоспарда жоқ. 2020 жылғы қарашада Үкімет ҰӘҚ-ға «Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі бірдей ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника құрылысын қаржыландыруды» тапсырғаны белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің қаулысы 4 қарашада жарияланды.

Читать также ...
«Самұрық-Қазына жылы»: 2019 жылы Қор табыс тауып, шығындарын да мойындады

Осыған қарағанда, алдағы жылдары біз екі модельдің миксіне куә болып отырамыз. Бір жағынан ұлттық компанияларға саласына сай емес міндеттер жүктеледі, екінші жағынан – мемлекеттік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шаралардың орындалуын талап ете отырып, бұған бюджет ақшасын бөледі. Үшінші жағынан – бюджет мүддесін көздей отырып, дивиденд төлеуге көндіреді. Сонымен қатар,  осы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан ұлттық компаниялар менеджментіне қысым артатын болады.