ПАРИЖ – 1995 жылы Пекинде өткен әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші бүкіләлемдік конференцияда қатысушылар барлық жерде әйелдер мен қыздардың құқығын қорғауға уәде берді. Тарихи Пекин декларациясы мен Іс-әрекеттер платформасында сақталған уәделердің бір бөлігі әлемдегі қыздардың бәріне бірдей білім беруге бағытталған. ЮНЕСКО-ның жақында жарияланған білім беру саласын бақылау жөніндегі бүкіләлемдік есебіндеаталған уәденің қаншалықты орындалғаны тексерілген.

Конференциядан бері ширек ғасыр өткенде, 11 қазан халықаралық қыздар күнінен кейін бастауыш және орта мектепке қабылданған қыздар саны 1995 жылмен салыстырғанда 180 миллионға өскені анықталды. Жоғары білім саласында да жақсы жаңалықтар бар: алдыңғы толқынмен салыстырғанда қазіргі ұрпақ арасында университетте оқитын қыздар саны үш есе көп. Мысалы, Мароккода 1990-жылдардың басында 100 ер адамға шаққанда 30 әйел мектепте оқыса, қазір олардың білім алудағы үлесі тең.

Білімге қолжетімділікпен қатар, нәтиже де маңызды. Бұл салада да айқын прогресс байқалады. Табысы орташа және жоғары елдердің жартысына жуығында қыздар математикадан ер балалармен бірдей жақсы нәтиже көрсетеді. Бұл санаттағы елдердің 25 пайызында қыздардың математикадан үлгерімі ұл балалардан жоғары саналады.

Бірақ кедей қыздар әлі де назардан тыс қалып отыр. 2018 жылы білім беру жүйесінен тыс қалған мектеп жасындағы 59 миллион баланың 12 миллионы немесе 75% қыздар болған. Бұл қыздар ешқашан мектепке бармаған және олардың білім алу туралы арманы жақын уақытта орындалмайтынға ұқсайды. 20-дан астам елде (олардың көбі Сахараның оңтүстігінде орналасқан Африка елдері) ауылда тұратын кедей қыздардың орта мектепті бітіруі екіталай.

Читать также ...
Әлеуметтік кодекс: кімге және неге керек?

Маргинал топтар үшін мектеп әлі де вербалды және жыныстық бопсалау, қорлау мен зорлық көп кездесетін қауіпті орта саналады. Көп жерде жүктілік деңгейінің жоғары болуына байланысты қыздардың көбі мектепке бармайды. Бұл кедейлік тізбегінің жалғасуына әкеліп соғады. 1995-2020 жылдар аралығында 15-19 жастағы қыздардың жүктілігі үштен бірге қысқарғанымен, ерте жүктілік деңгейі жоғары күйде қалып отыр. Бұл әсіресе, Сахараның оңтүстігінде орналасқан, 18 жастағы қыздарының төрттен бір бөлігі ана атанып үлгерген Африка елдерінде кездеседі.

Барлық мектепте жан-жақты жыныстық тәрбие беру өте маңызды. Бұл оқушыларға зорлыққа келісуге немесе қатысуға шақырған қатарластарының қысымына төтеп беруге көмектеседі және ерте жүктілік санын азайтады.Кейінгі бірнеше жылда бұл салада алға ілгерілеу байқалады. Мысалы, наурызда Сьерра-Леонеде аяғы ауыр қыздарға мектепке баруға тыйым салатын ереженің күші жойылды. Бірақ Экваториалды Гвинея мен Танзанияда әлі де аяғы ауы қыздар мен жас аналарға білім алуға мүмкіндік берілмейді.

Қалған кедергілер мұндай маңызды болмаса да, қыздардың жолына бөгет болып, біршама қиындықтар туғызады. Бала кезінен инженер болуды армандаған пәкістандық Рәбиа Нұсратты еске алып көріңізші?! Ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, өз арманынан бас тартпай, отбасындағы және Пәкістандағы тұңғыш инженер әйелге айналды. Бірақ қыздардың бәрі бірдей мұндай табанды бола бермейді. Оның үстіне ғылым, технология, инженерия және математика салаларындағы гендерлік теңсіздікті өзгертуге көмектесетін мұғалімдер мен кәсіби бағдар беретін кеңесшілер жетіспейді. Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдерде ғылым мен математикадан үздік нәтиже көрсеткен қыздардың небәрі 14% ғана ғылым мен инженерия саласында жұмыс істейді. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 26% құрайды.

Читать также ...
Ақылға келу: білім беру саласындағы соңғы зерттеу нәтижелері неліктен маңызды?

Мектептегі оқулықтарда қыздардың дамуына кедергі келтіретін гендерлік нормалар жазылған. Көбіне оқулықтардағы мәтіндер мен суреттерде әйел дәстүрлі тұрмыстық рөлдегі адам немесе әлдеқайда қарапайым мамандық иесі, ал ер адам ықпалды көшбасшы ретінде бейнеленеді. Заманауи оқулықтарда мұндай ескі таптаурындарға орын жоқ, сондықтан оларды кітаптан алып тастау керек.

ЮНЕСКО-ның баяндамасында педагогика саласында басшылық қызметте істейтін әйелдердің үлесін арттыру неге маңызды екені түсіндірілген. Білім беру саласы – еңбек нарығындағы мүмкіндіктерге қатысты гендерлік теңсіздік cақталып қалған, әйелдер көп баратын мамандықтардың бірі. Бірақ бұл жердің өзінде шынайылық деген көрінбейтін кедергі кездеседі. Табысы орташа және жоғары 48 мемлекетте мұғалімдер мен бастауыш мектеп директорларының арасында 20 пайыздық  гендерлік алшақтық бар. Әйелдердің көшбасшы болуы бүкіл әлемдегі қыздар мәселесін автоматты түрде шешпейді. Бірақ әйел көшбасшылар заң мен саясат, қыздарға үлгі болу арқылы әлеуметтік және гендерлік нормаларды өзгерте алады.

Келер жылы әлeм елдері Ұрпақтар теңдігі форумында  жаңа толқын әйелдерінің құқығы туралы жаңа декларацияға қол қояды. Жаңа декларацияның негізгі бөлігі білім тақырыбына арналуы тиіс. Өйткені қыздар қазірдің өзінде оқшаулаудың ең қатаң формаларын бастан кешіп жатыр. COVID-19 пандемиясы бұл теңсіздікті одан әрі күшейтуі мүмкін деген қауіп бар.

Қазірге дейін қол жеткен жетістіктерді атап өту өте маңызды. Бірақ білім беру саласындағы гендерлік теңдікке білімнің көмегімен қол жеткізу үшін әлі көп нәрсе істеу керегін есте ұстаған жөн.

Читать также ...
COVID әйелдердің өміріне қалай әсер етті

 

Манос Антонинис  ЮНЕСКО-ның білім беру саласын бақылау жөніндегі бүкіләлемдік есеп жобасының директоры.

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org