Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) орындау жөніндегі есепке сенсек,  Қазақстан 16 мақсаттың алғашқысына жетті және кедейлікті жеңді. 2019 жылы елдегі кедейлік деңгейі ресми түрде 4,3% болды. Яғни бұл – шамамен 800 мың қазақстандық.

Кедейлік деңгейі қалай өлшенеді?  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кедей деп тану үшін бір адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аз немесе 22 мың теңгеге жетпейтін болуы керек деп санайды. 

4 адамы бар отбасы делік. Ондағы жұмыс істейтін бір ересек адам және кәмелетке толмаған үш балаға айына ортақ 91 мың теңге табыс болған жағдайда кедей деп есептеледі. Ал табысы 120 мың теңге болса, кедейлік санатынан шығады. Бірақ әл-ауқат жайлы мұндай байлам жөнсіз. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2020 жылдың II тоқсанында отбасындағы тұтыну шығындарының 54,7%-ы азық-түлікке жұмсалған. Бұл БҰҰ жіктеуіші бойынша «өмір сүру деңгейі төмен» деп танылады.

Статистика тұрғысынан қарағанда кедейлікті жеңген ел болып көріну қиын емес, бірақ бұл шынымен де солай ма? ЮНИСЕФ деректері бойынша Қазақстандағы балалардың 15,6%-ы табыс деңгейі ең төмен отбасынан. Бұл – шамамен 1 млн бала немесе Қазақстандағы әрбір алтыншы бала кедейлікте өмір сүреді дегенді білдіреді.

Экономикалық көрсеткіштерді оң қылып көрсету балалардың жағдайын жақсартпайды.

Балалар кедейлігінің бар екенін мойындау керек және үйде әсіресе балалары бар отбасыларда кедейлікті айқындау тәсілдерін қайта қарау қажет.

Мораль ма, әмиян ба?

Балалардың кедейлігін айқындаудың екі тәсілі бар: моральдық-этикалық және экономикалық. Қазір балалар кедейлігі – алынбаған салықтар мен экономикалық өсімнің төмендігі және кейінге қалдырылған болашақ әлеуметтік шығындар салмағы. 

АҚШ-та балалар кедейлігінен экономикаға келетін шығын ЖІӨ-нің 5,4%-ына немесе жыл сайын 1 трлн долларға тең деп есептеді. Балалар кедейлігімен күресуге жұмсалған әр доллар болашақ шығындардың 7 долларын үнемдейді.

Балалардың кедейлігі туралы айтар болсақ, ол ересектер кедейлігіне қарағанда көп өлшемді және көп факторлы проблема саналады. Егер ересектердің кедейлігі үшін өзі жауапты дей алсақ, балалар өздері туып-өскен отбасын таңдай алмайды және отбасындағы экономикалық немесе әлеуметтік әл-ауқатқа әсерін тигізе алмайды. Тек жанама түрде – мемлекет оларға бөлетін балалар жәрдемақысының мөлшері арқылы ғана әсері болуы мүмкін.

Балалардың кедейлігі төмен кіріс пен сатып алу қабілетінің аздығы деген шеңберден шығып кетеді және одан да күрделі нәрселерді көрсетеді. Ол: таңдау жасай алмау, өзін дамыту мүмкіндігінің жоқтығы. Балалық шақ болашақта табысқа жетудің негізін қалайтын тамаша мүмкіндіктер уағы немесе керісінше, кейін бармақ тістейтін сәттердің себебі болып саналады. Бүгінгі кедей балалар – ертең біз жоғалтатын көрнекті ғалымдар мен талантты спортшылар.

Бүгінгі күні Қазақстан Үкіметі балалардың кедейлігін еңсеру бойынша әлемдегі барлық құралдарды қолданады. Ол – бала туғанда берілетін жәрдемақы, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы, шартсыз және шартты көмектер. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасындағы бір балаға 11 мың теңге мөлшерінде жеке жәрдемақы белгіленді.

Көпбалалы отбасындағы балаға төленетін 11 мың теңге жәрдемақы сол үйдің проблемаларын шеше ме немесе баланы дамытуға жұмсала ма? Мемлекет жәрдемақы сомасының әр теңгесі баланың дамуына жұмсалуын қадағалауы керек пе, әлде үйдегілер жәрдемақыны азық-түлікке, киімге және басқа да бірінші кезектегі мұқтаждықтарға жұмсауға құқылы ма?

Үкімет көпбалалы отбасындағы балаға 11 мың бөліп, бұл мәселені жүйелі түрде шешуден бас тартқаны анық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың ең қолайлы және бюджет үшін ауыртпалықсыз әдісін жылдам тапқаны айқын.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні кедей отбасылардың 90%-ы неге көпбалалы отбасылар екені туралы мәліметтер мен терең талдау жоқ.

Бала бағу қанша шығынды қажет етеді және балаларға қосымша инвестиция салуды бюджетке артып қою дұрыс па? Мемлекеттік шығындардың артуы бюджет тапшылығына әкелуі мүмкін, сонымен бірге экономикалық өсімге де әсері болуы да ғажап емес. Мәселе тек шығынды қайда жұмсаған дұрыс дегенге саяды.

Соңғы 20 жылдағы мемлекеттік шығындар құрылымында балалар басты назарда болмады. Сонымен қатар, балалар жеке санат ретінде арнайы мемлекеттік саясаттың мәні болған да жоқ. Тек «ана мен бала өлімін азайту», «мектепте білім беру» сияқты дамудың жалпы индикаторларының құрамында ғана көрінетін.

 

Читать также ...
Азық-түлік қорлары тиімсіздігінің 7 себебі

Бюджеттің шамасы жете ме?

Егер логикаға сүйене отырып балаларды мемлекеттік инвестиция объектісі ретінде қарастыратын болсақ, дені сау және білімді балалар –  болашақта денсаулық сақтау, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру бюджетіне ауыртпалық түсірмейтін бәсекеге қабілетті және төлем қабілеті жоғары салық төлеушілер. Бұл тиімді саясат болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсіл мәселені мұқият талдауды және жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Оны шешу кішігірім жәрдемақылармен шектелмейді.

Қазір жергілікті бюджет шығындарында балалар дамуының басымдығын анықтау қиын. Бұл қаражат тапшылығына ғана байланысты емес. Сол жергілікті бюджеттерде кәсіби футбол клубтарын қаржыландыруға арналған жыл сайынғы шығындардың өзі 22 млрд теңге. Бұл – өңірлердегі спортқа арналған бюджеттің қомақты үлесі. Ал балалар спорты мен инфрақұрылымын дамытуға қанша ақша жұмсалатыны туралы ақпарат өте тапшы немесе жоқ.

Қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар әл-ауқатының индексін өлшеуді ұсынды. Шара дер кезінде қолға алынды. Алайда индекс деректерді ғана тіркейтін «Қазақстан балалары» статистика жинағы ретіндегі кезекті құжатқа айналмауы керек. Деректер жаңа саясатты әзірлеу құралы, шешім қабылдаудағы кешенді тәсіл болуы қажет.

Балалардың кедейлігін анықтауда ата-аналардың экономикалық жағдайы, балалы үйлердің сапалы жұмыспен қамтылуы мен мол табыс табудағы ынталандыру жолдары, ата-ананың біреуі ғана жұмыс істейтін отбасыларды қолдау түрлері маңызды рөл атқарады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бір ғана ата-анасы бар балалы үйлер саны – 240 мың.

2010 жылы Ұлыбританияда балалар кедейлігі туралы заң қабылданып, елдегі балалардың әл-ауқатының деңгейі өлшенетін болды. Сондай-ақ, ел үкіметі балалар кедейлігін төмен табыс шеңберінен шығарып, ата-ананың жұмыспен қамтылуы, олардың денсаулық деңгейі, сапалы білім алуы, тұрғын үй жағдайы және отбасындағы тұрақтылық пен қарыз болуы сияқты тағы жеті көрсеткішті қосты. Дамыған елдер арасында балалар кедейлігі деңгейі ең жоғары саналатын Ұлыбритания әлеуметтік жәрдемақылардың тиімсіз жүйе екенін мойындады және жұмыс істейтін ата-аналарды жан-жақты қолдау стратегиясын таңдады.

Мысалы, Ұлыбританияда COVID-19 эпидемиясы кезінде денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін ата-аналардың балалары мектеп, балабақшаға барды. Балаларға арналған жәрдемақы мен материалдық көмек түріндегі ғана шаралар жеткіліксіз. Нақты әлеуметтік инвестициялар мен нақты мақсатты шаралар кешені болуы керек. Ол – табысы төмен отбасы балалары кедергісіз қол жеткізе алатын қосымша білім беру мекемелері, үйірмелер мен секцияларды субсидиялау немесе көпбалалы және әл-ауқаты төмен отбасындағы балалардың әлеуметтік  жағдайына бақылау жүргізу болуы мүмкін.

Сыныптағы бала санының азаюы мен мұғалім жалақысының артуы оқушы үлгерімін арттыру және әкеден балаға жететін кедейлікті жеңу факторлары болып саналады.

Инвестициялардың ең жоғары өтелу коэффициентімен қарастырсақ, балалар кедейлігін жеңудің танылған әдістерінің бірі – мектепке дейінгі және мектептегі білім беруге салынатын инвестиция. Мұны жалпы орта білім беретін мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін (НЗМ) қаржыландыру мысалынан байқауға болады: соңғысын қаржыландыру деңгейі қарапайым мемлекеттік мектептердің бюджетінен төрт есе жоғары. НЗМ оқушылары мен түлектері мектепте керемет үлгерім көрсететінін және үлкен өмірге аяқ басқанда жетістікке жетуде мүмкіндігі мол екенін байқаймыз. 

Мұнда мәселе басқада: ел бюджеті 2020 жылы 1,5 трлн теңге немесе бюджеттің шығыс бөлігінің 8,8%-ына тең мектептегі білім беруге арналған шығындардың кемінде екі есе ұлғаюын көтере ала ма?

Читать также ...
Қош бол, қалқа: артық өтімділік бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады

Бюджет шығындарының ішінде балаларға арналған бөлімін анықтау қажет. Тоқырау кезеңіндегі фискалдық саясат шарасы ретіндегі әлеуметтік саладағы шығындарды азайту немесе аз қаржыландыру әлеуметтік қиындықтарға ұшыратады. Балаларға жағдай жасамаудың салдары қазір білінбегенмен, болашақта ел экономикасына кесірін тигізері айқын.