Мұнай мен металл бағасының түсуімен байланысты кез келген экономикалық дағдарыс секілді соңғы жағдайлар да Қазақстанның өнеркәсіптік секторының жай-күйіне айтарлықтай ықпал етеді. Әңгіме мұнай мен газ алу, электр энергиясын өндіру және өңдеуші өнеркәсіп саласындағы қала түзуші кәсіпорындар жөнінде. Моноқалалар деп аталатын жекелеген елді мекендерде жұмысқа қабілетті халықтың негізгі бөлігі тікелей немесе жанама осындай кәсіпорындарға қызмет көрсетумен айналысады.

Қазақстанда «моноқала» дәрежесіндегі 27 елді мекен бар, оларда шамамен 1,5 млн халық тұрады, бұл – еліміздегі жалпы қала халқының 16%-ы. Моноқалалардың ең негізгі проблемалары – негізгі салалардағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғалуы, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы сапасының төмендігі, жалақының төмендігі және жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы.

Аталған мәселелерді шешу үшін Қазақстанда арнайы мемлекеттік бағдарламалар да қабылданған. Олардың кейбірі аяқталып та қойғанымен, бұл елді мекендердің мәселесі шешілмеген күйі қалып отыр.

 

Моноқалалардың бүгінгі жағдайы

Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін (2011 жылдың желтоқсан айы), 2012 жылдың мамыр айында Моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама олардың негізгі әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуі тиіс еді. Бағдарлама Қазақстандағы моноқалаларды әлеуетіне қарай жоғары, орташа, төмен деп үш топқа бөліп қарастырған. Әлеуеті төмен қалаларға Арқалық пен Жаңатас қана кірген.

Бағдарламаға сәйкес, моноқалалардағы кәсіпкерлерге шағын бизнесті дамыту үшін гранттар және кредиттер берілді.

2015 жылы экономикалық жағдайдың нашарлауы бағдарлама бюджетінің қысқаруына алып келді, ал бастапқыда бұл мақсатқа 1,1 трлн теңге бөлінген болатын. Бұдан кейін тиімділігі төмен болуына байланысты моноқалаларды дамыту бағдарламасы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына қосылып кетті.

Читать также ...
«Самұрық-Қазына жылы»: 2019 жылы Қор табыс тауып, шығындарын да мойындады

Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру туралы есепке сүйенсек, оның ендігі орындалуы екі бағыт бойынша жүруі тиіс еді, олар:

  • моноқалалардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту. Әртараптандыру «зәкірлі» инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша іске асып, моноқалаларда басқа өндіріс түрлерінің ашылуына ықпал етуі тиіс еді.
  • Инфрақұрылымды дамыту.

 

2017 жылы іске қосылған 36 «зәкірлі» жобаның 24-і жобалық қуатының 50%-ынан аса мөлшерде жұмыс істеп тұрды.  

Қаражат жетпегендіктен 12 «зәкірлі» жоба тоқтап тұрды. Мәселен, Хромтау қаласында жоспарланған үш жоба да тоқтап қалды, атап айтқанда: макарон фабрикасының құрылысы және оны кеңейту, брикеттелген көмір зауытының құрылысы және кәсіпорындарға арналған санфаянс өнімдерін шығару зауытының құрылысы. Тек бір жоба бойынша ғана қызу жұмыс жүрді – керамика тақта шығаратын зауыттың жалпы құны 13,5 млрд теңге болатын. 2020 жылға қарай, зауыт толық күшімен жұмыс істеуге көшкенде онда 520-ға жуық адам жұмыс істейді деп жоспарланған болатын. Қалған екі жобаның проблемасы көп болып, аяғында хабарсыз кетті.

Моноқалалардағы «зәкірлі» инвестициялық жобалар тізіміне көбінесе бұрыннан бар жобалар да кіріп жатады, мәселен, қаланың өндіріс саласын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауды негізгі критерий етіп көрсететін жобалар. Бірақ бұл моноқаланың экономикасын әртараптандыруға әкелмейді. Мысалы, Жезқазған қаласының тұрғындары 2012 жылға дейін мемлекеттік мекемелер, базар мен «Қазақмыстан» басқа жерде жұмыс орны болмағанын, өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданғаннан кейін де пайда болмағанын айтады.

Читать также ...
1999-2019 жылдардағы Қазақстандағы отбасылар: некеге тұру азайып, ажырасу артқан

 

Есеп туралы

2018 жылы 7 моноқалада (27 қаланың ішінде) 15 «зәкірлі» жоба жүзеге асып, 2,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жоспарлаған 37 жобаның жартысы ғана. Бір жыл бұрынғы есеп бойынша 64 жоба жүзеге асып, 26 мың жұмыс орны ашылған болатын.

Қазақстанның моноқалаларында тұратын халық саны 1,5 млн адам екенін ескерсек, бұл қалалардың экономикасын әртараптандыру үшін жүздеген мың жұмыс орны ашылуы тиіс.

2019 жыл бойынша бағдарламаның жүзеге асу есебі ашық дереккөзде жоқ. Өткен жылдың соңында Үкімет отырысында моноқалалармен байланысты бүкіл бағдарлама нәтижесіне қатысты бір рет айтылды: өңірлерді дамыту бағдарламасының арқасында сумен жабдықтау желілерінің тозуы 10%-ға төмендесе, электр желілерінің тозуы 12%-ға азайыпты. Бағдарламаның ашық дереккөзде бар соңғы есебінен (2018) бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың 99,6% (243,5 млрд теңге) игерілгенін; 2019 жылға моно- және шағын қалаларда жобаларды жүзеге асыруға 10 млрд теңге бөлінгенін көруге болады. Сонымен бірге сумен жабдықтау жүйесі бойынша 331 құрылыс/қайта құру жобасы жүзеге асқаны және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылай қолдауымен 1,9 мың жоба жасалғаны көрсетілген.

Бұл бағдарламаның тиімділігі қандай және моноқалалар неліктен әлі күнге дейін өз бетінше күн көріп кете алмай отыр, неге әлі күнге көмекке мұқтаж?

2012 жылы моноқалалар бағдарламасының алға қойған мақсатының бірі 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 5%-ға төмендету болатын. Қазір ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің сайтында моноқалалар туралы соңғы ресми деректер толық емес, дәлірек айтсақ, 27 қаланың барлығы туралы дерек жоқ. Дерек бар деген Арқалық, Рудный, Лисаков және Кентау қалаларында жұмыссыздық деңгейі 5%-дан жоғары.

Читать также ...
COVID пен синергия: Сорос қорының жобасы жеке жеткізуші мен мемлекеттік аурухананың жұмысын үйлестіруге жол ашты

Дегенмен, Қазақстанда жұмыссыздықты өзін-өзі жұмыспен қамтумен бүркемелейтіні бар. Дүниежүзілік банктің Kazakhstan. A Long Road to Recovery (2016)  зерттеуінің авторлары Қазақстанның еңбек нарығындағы проблеманы жұмыссыздық деңгейінен гөрі өзін-өзі қамтығандар көрсеткіші мейлінше анық көрсететінін айтады. Шынымен де, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қарайтын болсақ, Кентау, Текелі, Жітіқара, Степногор, Рудный, Лисаков, Арқалық қалаларында бұл көрсеткіш Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары (2019 жылы 16%). Бұл моноқалалардағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетеді.

Моноқалалардың көпшілігінде орташа айлық табыс ұлттық деңгейге сай келмейді.

 

Соңғы бағдарлама емес

Жақында ҚР Үкіметі Өңірлерлі дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдады, 2025 жылға дейін жүзеге асатын бағдарламаға 1,3 млрд теңге бөлініп отыр. 2020 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде жүзеге асқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сонымен бірге бірқатар сәулет және қала жобасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен біріктіріледі.  2019 жылдың соңындағы Үкімет отырысында жаңадан өсу орталықтары анықталғаны айтылды, әңгіме 18 шалғай және шекаралық моно- және шағын қала туралы.

Біздің елімізде есептіліктің нашарлығы, бюджетпен байланысты мәселе және мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау олардың жүзеге асу тиімділігіне әсер етеді, бұл моноқалаларды дамыту бағдарламасына да қатысты. 2020 жылға дейінгі бағдарламадағы сияқты жаңа өңірлерді дамыту бағдарламасында да моно- және шағын қалаларды қандай да бір экономикалық әлеует деңгейі бойынша жіктеудің методологиясы жоқ. Жіктеме критерийінде тұрғындардың жалақы мөлшері көрсетілгенімен, жұмыспен қамту жағдайы бойынша көрсеткіш (мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейі) тізімнен көрінбейді. 2025 жылға дейінгі бағдарламада да алдыңғыдағыдай әлеуеті төмен екі моноқала бар.

Читать также ...
OEF-2019-да институттардың сапасы туралы айтылды

2012-2020 жылдарға арналған Өңірлерді дамыту бағдарламасы құрдымға кетті. Жергілікті жердегі мәселені тиімді шешу үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша жұмыс істеу аса маңызды, әсіресе бюджетаралық қарым-қатынас пен дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда бұл өте маңызды. Жергілікті халықпен қарым-қатынас орнату да маңызды, өйткені елді мекендердің қордаланған мәселесін жергілікті биліктен гөрі халық нақтырақ көрсетіп бере алады.

Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға да жаңаша көзқарас керек. Мәселен, Аустралия мен АҚШ-тың моноқалаларында орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, шағын кәсіпорындарға субсидия ұсыну мәселесіне мейлінше назар аударған. Ресурстың шектеулілігі жағдайында (2020 жылы Қазақстан экономикасы кезекті дағдарысқа кірді) инфрақұрылымға қомақты инвестиция салғаннан гөрі осындай шаралар әлдеқайда тиімді болар еді.