Бизнестің дамуының белгілі бір кезеңінде ашықтық немесе айқындық табысқа жетудің маңызды факторына айналады, өйткені ол көптеген мүдделі тараптың ұйымға сенімін қалыптастырады. Ал бизнестің болашағы осы сенімге байланысты.

Жылдық есеп – корпоративтік ашықтықты қамтамасыз етудің негізгі құралы.

Құжат компанияларға қызметінің түрлі аспектісін ашып көрсетуге және түрлі аудиторияға (стейкхолдерлерге) қажетті ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді. Компаниялар жылдық есебінде қызметінің операциялық және қаржылық нәтижесін айтып қана қоймай, корпоративтік басқару мен қатерлерді басқару, бизнес үлгі мен стратегия, персоналды басқару мәселелері, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұстанымын да жария етеді.

Соңғы бір-екі жылдықта Қазақстанда 100-150 компания жылдық есебін дайындайды. Он жыл бұрын олардың саны әлдеқайда аз болатын. 2014 жылы Қазақстан қор биржасы (KASE) көптеген листинг компания үшін жылдық есеп дайындауды талап ете бастағаннан бері жағдай айтарлықтай өзгерді.

 

Мемлекеттік, жекеменшік және басқа компаниялар

QRA рейтинг агенттігі (бұрынғы «Эксперт РА Казахстан») жыл сайын елімізде жарияланған жылдық есептерді бағалап, жылдық есептердің рейтингін жариялайды. Онда компаниялар есеп мазмұнына және ақпаратты ашып көрсету сапасына қарай бағаланады.

Соңғы жылдары жылдық есеп рейтингінде айтарлықтай тұрақты иерархия қалыптасты. Көшбасшылар арасында ең алдымен капиталында мемлекеттің қатысы бар компаниялар көзге түседі. Жекеменшік компаниялармен салыстырғанда, квазимемлекеттік сектор өкілдері ашықтықты дамытуда айтарлықтай табысқа қол жеткізіп отыр.

2019 жылғы (2018 жылдың қорытындысы бойынша) 20 үздік жылдық есептің ішінде 12 компания түрлі мемлекеттік холдингке кіреді, алғашқы ондықтағы олардың саны – 8.

Тағы бір көшбасшы топ – ашықтықтың артықшылығын көріп, жылдық есебімен жұмыс істеп жатқан жеке компаниялар. Бұл компаниялар қазақстандық реттеушінікінен де жоғары талапқа жауап бере алады. Кей жағдайда мұны акционерлер мен инвесторлар талап етеді (немесе компаниялар шетелдің капитал нарығына шығады), ал кей жағдайда бұл менеджменттің бастамасы. Үшіншіден, жылдық есеп маркетинг құралы ретінде де пайдаланылады. Өйткені ақпаратты ашып көрсету клиенттерге жол табуға көмектеседі әрі жылдық есеп бренд қалыптастырудың да бір құралы.

Читать также ...
Нәзік бірақ қайсар: Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі

Былтыр жылдық есеп бойынша көшбасшы «Қазатомөнеркәсіп» болды. Бұл «Самрұқ-Қазына» холдингінің өкілі, мұнда корпоративтік есептілікке қойылатын ішкі талаптар жоғары. Оған қоса, компания 2018 жылы Лондон қор биржасында листинг жасаған, шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу де компаниядағы ашықтық деңгейін жаңа сапаға көтеруге ықпал етті. Екінші орында KAZ Minerals PLC жекеменшік компаниясы тұр, оның да LSE-де листингі бар. Үшінші орында – «ҚазТрансОйл», бұл да «Самрұқ-Қазына» құрамына кіреді, бұл компанияның құнды қағаздары Қазақстан қор биржасының нарығында.

Жылдық есеп жасайтын компаниялардың үшінші тобы және осы топтағы ең көп үлеске ие компаниялар – KASE-нің ең төменгі талаптарына жауап беруге тырысатындар. Бұл компаниялардың жылдық есебін озық деп айту қиын, дегенмен олар тек қаржылық есебін ғана жариялайтын немесе көпшілікке ешқандай корпоративтік есеп бермейтін компаниялармен салыстырғанда, мейлінше жоғары ашықтық көрсетеді.

 

Тұрақты дамуға мән беру

Соңғы жылдары жылдық есептің мазмұнындағы маңызды тренд тұрақты даму мәселесі бойынша ақпаратты ашық көрсетудің жаңа деңгейге көтерілуі болып отыр. Яғни, компания қызметінің сыртқы ортамен және барлық мүдделі тараппен өзара қарым-қатынасын жария ету, соның ішінде әлеуметтік саясат пен персоналды басқару, қоршаған ортаны қорғау, экономикаға қосылған үлес, тасымалдаушылармен және клиенттермен жұмыс туралы ақпаратты ашық көрсету. Корпоративтік тарихтың бұл маңызды бөлігін қазақстандық компаниялар көп уақыт бойы мүлдем көрсетпейтін немесе (тек қана қаржылық есеп тапсыру талабы болған уақытта) оны сапасыз жасайтын.

Читать также ...
Шағын және орта бизнестің корпоратив табыс салығы реформасы

Дамыған нарықта (әсіресе Еуропада) қаржылық емес ақпарат инвесторлар мен стейкхолдерлер тарапынан айрықша сұранысқа ие, өйткені олар бұған дейін ешкім есепке алмаған кейбір қатерлер осы тұста бұғып жатуы мүмкін деп есептейді.

Тұрақты даму туралы ақпаратты ашық көрсету әзірге жаппай сипат алған жоқ: оны негізінен жылдық есеп дайындау бойынша отандық көшбасшы компаниялар жариялайды.

Бұл ақпаратты ашып көрсетудің халықаралық стандарттарға жауап беруге, соның ішінде, мысалы, GRI (GRI Standards) стандартына жауап беруге көмегі зор. Жылдық есеп рейтингіндегі топ-10 компанияның 7-еуі қаржылық емес ақпараттың сапасын арттыру үшін GRI стандарттарын қолданған екен. Тұрақты даму туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетпейінше, сапалы корпоративтік есеп жасау мүмкін емес.

Дегенмен, қазақстандық көшбасшы компанияларға әлі де дамуға тура келеді, олар шетелдік бенчмаркке жеткен жоқ. Шетелдік тәжірибе корпоративтік ашықтық пен жылдық есептің сапасы әдетте реттеушінің қысымымен дамитынын көрсетіп отыр. Қазақстанда негізгі талап қоюшы – KASE, ол соңғы бірнеше жылда листинг компаниялар үшін ақпаратты ашық көрсетудің сапасын көтеру бағытында жұмыс істеп келеді.

Дегенмен, Қазақстан әлі де біраз жұмыс істеуі керек. ҚР заңнамасы бойынша, жария мүддесі бар барлық компания Қаржылық есеп депозитарийінде (ҚЕД) қаржылық есебін жариялауға міндетті.

Жария мүддесі бар барлық компаниядан жылдық есеп жасауды талап ету ұлттық экономиканың ашықтық деңгейін айтарлықтай көтеріп, бизнес ортаның есептілігі мен ашықтығына жол ашар еді.

 

2018 жылдың қорытындысы бойынша топ-20 жылдық есеп

Читать также ...
Жылдық есеп: компаниялар нені жасырады?

(Рейтингті жасау кезінде ақпаратты ашып көрсету сапасы мен құжаттардың мазмұны бағаланды)

Орны КомпанияЕсеп рейтингіЕсеп класы
1«Қазатомөнеркәсіп»8,7А
2KAZ Minerals PLC8,7А
3«ҚазТрансОйл»8,4А
4«ҚазМұнайГаз»7,8В+
5«Самрұқ-Энерго»7,6В+
6NOSTRUM OIL & GAS PLC7,4В+
7«Тау-Кен Самрұқ»7,2В+
8KEGOC7,2В+
9«Бәйтерек» ҰБХ7,1В+
10«Эйр Астана»7,0В+
11Қазақстан даму банкі6,8В
12«ҚазАгроФинанс»6,7В
13«Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы»6,6В
14Mega Center Management6,4В
15«Қазақстан коммуналдық желілері»6,2В
16«Солтүстікқазэнерго»6,2В
17«Қазақтелеком»6,1В
18«Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ6,1В
19ForteBank6,1В
20«Павлодарэнерго»6,1В

Дереккөз: QRA