2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін кезекті дағдарыс жылы болатынына ешқандай күмән қалған жоқ. Қазіргі әңгіме дағдарыстың қаншалықты ауыр болатыны және әдістерін бағамдау, одан қалай шығатынымыз жөнінде.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сүйенсек, 2020 жылы ҚР экономикасы тіпті ең төменгі даму деңгейін де көрсете алмайды (2009, 2016 жылдардағыдай). Биыл Қазақстанда экономика 0,9%-ға құлдыраса, 2021 жылы 2,7% өсім болады деген болжам бар. ХВҚ 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 2,5%-ға төмендеп, 2021 жылы 4,1% өсімді көрсетеді деп болжап отыр. V түріндегі динамикаға қарамастан, бұл 2021 жылғы орташа әлемдік өсім қарқынынан (5,8%) да, дамушы елдердің көрсеткішінен де (6,6%) төмен.

Қазақстан Үкіметі 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарын қабылдаған болатын, ондағы 164 іс-шара, ҚР билігінің ойынша, биылдың өзінде ЖІӨ өсім қарқынын қалпына келтіріп, экономиканы сапалы өзгертуге жағдай туғызуы тиіс. 2020 жылғы дағдарыс Қазақстан билігі үшін расымен де бетбұрыс жасайтын кезең және салмақты құрылымдық реформаларды бастап кетудің сәті бола алады.

Алайда, дағдарысқа қарсы жоспарды мұқият қарайтын болсақ, ешқандай да маңызды өзгеріс туралы әңгіме жоқ екенін аңғарамыз. Үкімет әдеттегідей қаржыны игеру және ескі мемлекеттік бағдарламалардың тәсілін пайдалану бағытында ғана жұмыс істеп отыр.

 

Дағдарыс күшейіп келеді

Экономикалық дағдарыстың ауқымы қандай? 2020 жылдың І тоқсанының нәтижесі өсім қарқынының 3,8%-дан (2019 жылдың І тоқсаны) 2,7%-ға дейін баяулағанын ғана көрсетіп тұр. Биылғы жылдың үш айында сауда балансының профициті 6,9 млрд доллар болып (бұл 2018 жылдың IV тоқсанынан бері ең жоғарғы көрсеткіш), соның нәтижесінде төрт тоқсанда бірінші рет оң сауда балансы байқалып отыр.

Читать также ...
Казахстан в «ловушке» облегченной экономики

Сәуір айында жағдай қиындай түсті. Өнеркәсіпте өсу жалғасуда, дегенмен сәуір айында кей секторда өсу қарқыны бәсеңдеді. Қаңтар-сәуір айларында қаңтар-наурыз айларына шаққанда өнеркәсіптік өндіріс қарқыны 0,1 пайыздық көрсеткішке (п.к.) артты (5,8-ден 5,9%-ға). Ол негізінен тау-кен өндірісі өнеркәсібі есебінен болды, мұнда бір айда өсім 1,0 п.к. болған (4 айдағы өсім 6,0%), энергетика саласында – 1,7 п.к. (өсім 0,6%), ал өңдеуші өнеркәсіп саласында өсім қарқыны 1,8 п.к. дейін түскен (өсім 7,0%). Бұл секторлардағы дағдарысты шартты түрде экспорттық деп атауға болады, ол әлі толық күшінде көріне қойған жоқ.

Қаңтар-наурыз айларында көптеген объектіде карантинге орай жұмыс тоқтап, соның салдарынан құрылыс жұмысының көлемі 11,7%-дан 5,5%-ға дейін төмендеді (-6,2 п.к.). Экономика министрлігінің нақты секторға қатысты 2020 жылға болжамы мынадай: өнеркәсіп саласы 2,9%-ға төмендеп, ауыл шаруашылығында – 3,2%, құрылыста 1,1% өсім болады.

Қызмет көрсету саласының жекелеген секторларында кері динамика айқын көрінді. 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында бөлшек сауда 11,8%-ға төмендеді (2020 жылдың қаңтар-наурыз айына шаққанда -12,6 п.к.), көтерме сауда 6,8%-ға төмендеді (-8,0 п.к.). Барлық көлік түрі бойынша жүк айналымы 2,3%-ға төмендеді (-0,9 п.к.), жолаушы айналымы 25,9%-ға дейін түсіп кетті (-21,8 п.к.). Қызмет көрсету саласындағы күрт төмендеу қатаң карантин режимі салдарынан сұраныстың күрт азаюымен байланысты, ал мұндай режим сәуір бойы созылып, мамырдың алғашқы онкүндігіне дейін жалғасты.

Мамыр және маусым айларының деректері дағдарысты айқындай түседі. Инфляция (жылдық жиынтық көрсеткіште) сәуір айында 6,2% жылдамдаса, мамырда 6,3% болды. Азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауда, бір айда 0,2 п.к. болған, пайызға шаққанда 9,6%. Азық-түлік емес тауарлар жылдық көрсеткіште жылына 5,4% қымбаттауда, бірақ өсу қарқыны әзірге жедел емес. Ақылы қызметтер бағасы 2,9% қымбаттағанмен, Үкімет тарапынан қатаң бақылау болғандықтан жылдам көтерілмей отыр. Экономика министрлігі мен ҚР Ұлттық банкінің жылдық инфляцияға қатысты болжамына келсек, тұтыну бағасы 9-11%-ға дейін өсуі мүмкін.

Читать также ...
Медленно, но больно: снижение темпов роста в 2020-2022 совпадает с фискальной консолидацией

 

Үкімет жауап береді

Қазақстан билігі жүзеге асырып отырған дағдарысқа қарсы шаралар жиынтығы 2020 жылдың соңына дейінгі экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарда көрсетілген. Бұл жоспарды Үкімет 20 мамыр күні қабылдады, онда 164 іс-шара көрсетілген және ол шаралар жауапкершілік аймағына қарай әлеуметтік-экономикалық блоктағы министрліктер, ҚР Ұлттық банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор («Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» холдингі және «ҚазАгро»), тіпті ҰҚК бойынша бөлінген.

Жоспардағы барлық іс-шара 10 бөлімге бөлінген: инвестиция тарту, нақты сектор, сервис экономикасы, ШОБ, макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы цифрландыру, әлеуметтік сала, өңірлік даму, стартегиялық жоспарлау. Шаралардың негізгі бөлігі (39 немесе 24%) «нақты секторға» жатады, 32 іс-шара (20%) «әлеуметтік салаға» жататын болса, 24 іс-шара (15%) «макроэкономикалық тұрақтандыруға» қатысты.

Мерзіміне қарай жіктейтін болсақ (орындалу мерзімі 2020 жылдың соңына дейін немесе одан да ұзақ мерзімге бағытталған), қысқамерзімді іс-шара – 41 (25%), ортамерзімді – 70 (43%), ал қалған 53-і (32%) – қандай да бір сұрақтарды және бастамаларды қарастыру мен жасауға берілген тапсырма.

Құжатта қандай да бір іс-шараның түпкі мақсатқа жетуге, яғни биыл экономикалық өсімді қалпына келтіруге қандай үлес қосатыны көрсетілмеген. Кешенді жоспарда ЖІӨ тоқсандық өсіміне де жалпы болжам жасалмаған. Түйсікке салсақ, қазіргі қарқынмен биылғы жылдың ІІ тоқсаны дағдарыстың шегі болатынын, ІІІ тоқсанда өсу қарқыны нөлге таяу болатынын, ал IV тоқсанда оң динамиканы күтуге болады. Дегенмен, кейбір маңызды әрі пайдалы жедел шаралардың ЖІӨ-ге қандай үлес қосатыны түсініксіз. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы өнімін кепілді сатып алу тәжірибесін енгізу» (№14 іс-шара), «Жол картасы-2025»-ке микро- және шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша жаңа бағытты қосу» (№68 іс-шара) немесе «2020 жылғы МИИДБ-да қарастырылған қаржы есебінен экспорт 80%-ға дейін болған жағдайда өнім өндірушілердің көлік шығынын өтеуді арттыру» (№34 іс-шара).

Читать также ...
Государственный долг - невидимая часть

Дағдарысқа қарсы шаралар тізіміне Үкіметтің «Бизнестің жол картасы» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларын кеңейту бойынша бастамалары енген. Екі бағдарлама да дағдарысқа қарсы әрекет ретінде басталған (БЖК – 2010 жылы, ЖҚЖК – 2009 жылы), коронадағдарыстан бірнеше ай бұрын оларды 2025 жылға дейін созған болатын. Қазіргі дағдарыс Қазақстан билігін ескі бағдарламаларды қаржыландыру көлемін арттырып, қаржыны игеруді жеделдетіп (ол үшін кейбір инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мерзімі ертерек уақытқа жылжытылды), олардың тиімділігін арттыруға итермелеп отыр. Мұнда тиімділік көрсеткіші ретінде орналасу деңгейін қарастыратын болсақ, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде жеткізілетін тауар, қызмет және жұмыста қазақстандық компаниялардың үлесі бар.

Макроэкономикалық тұрақтандыру блогы негізінен ұзақмерзімді сипаттағы іс-шаралардан тұрады (24-тің 13-і), дегенмен тізімдегі кей шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз еткеннің өзінде, онысы жанама ғана; мұндай қисынмен қарайтын болсақ, бұл тұсқа нақты сектор және ШОБ блогындағы кез келген іс-шараны қосуға болар еді.  Экономикада макроэкономиканы тұрақтандырушы саясат дегенде көбіне фискалдық және ақша-несие саясатына қатысты шараларды айтады, ал олар ЖІӨ, жұмыспен қамту және инфляция деңгейі сияқты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеріс амплитудасын қысқартуға бағытталады. Ал коммерциялық банктерді стресс-тесттен өткізуді аяқтау (№102 іс-шара), микроқаржы ұйымдарының қызметін лицензиялауды енгізу (№106 іс-шара) және, әсіресе, навигациялық пломбыларды пайдалану (№86 іс-шара) ЖІӨ-ге, жұмыспен қамту мен инфляцияға қалай ықпал ететінін тап басып айту қиын.

 

Жаңа талап, ескі институт

Қазақстан экономикасының жағдайы керемет деу қиын, бірақ соншалық нашар да емес. 2020 жылдың басында ҚР Ұлттық қорының активі 61 млрд доллар болды. Биыл Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемі 4,8 трлн теңге – шамамен 12 млрд доллар. Мысал үшін айтатын болсақ, 2015-2016 жылғы дағдарыстардан кейінгі шарықтау кезеңі саналатын 2019 жылы (ЖІӨ өсімі 4,5%) Ұлттық қордан бюджетке 7,9 млрд теңге берілген.

Дағдарыс жылында Үкімет макроэкономикалық тұрақтандыруға арналған қордан табысты жылмен салыстырғанда біршама аз қаржы алады.

Бюджеттің жалпы шығынының табыстан гөрі жылдам өсуі бюджет тапшылығына алып келеді. 2016 жылғы дағдарыс кезінде бюджет шығыны ЖІӨ-нің 1,6%-ына тең болса, табысты деген 2019 жылы 2,9% болды, ал 2020-да 3,5% болмақ.

Читать также ...
Қазақстандағы кәсіби футбол: жоспарлаудың болмауы неге әкеліп соғады?

Қалыптасқан жағдайдан шығудың ең дұрыс жолы – фискалдық саясат пен бюджет құрылымын толықтай қайта қарастыру, салық түсімдерін арттыру тәсілдерін іздеу, сонымен бірге мемлекеттік шығынды қысқарту. Қазіргі дағдарыс ревизия жасап, шығынға батып отырған мемлекеттік компанияларды жабу, тиімсіз шығындарды қайта қарастыру, мемлекеттік және бюджеттік бағдарлама жетекшілерінен тиімділік нәтижесін көрсетуді талап ету үшін таптырмайтын сәт.

Алайда, 2020 жылға арналған дағдарысқа қарсы жоспарға қарасақ, Үкімет мұндай қадамға баруға дайын емес. Оның объективті себептері де бар. Бюджеттің өте көп бөлігі қысқартуға келмейтін баптардан тұрады, локдаун шағын және орта бизнестен түсетін салықтың қысқаруына алып келді, ал ірі бизнес экспорт тауарларына баға конъюнктурасының нашарлауына орай төлей алмайды. Экономикадағы мемлекеттік сектордың көлемін қысқартуға болмайды, бұл шағын және орта бизнес саласындағы жеткізушілерге соққы болып тиюмен қатар, жұмыспен қамтылу деңгейіне де әсерін тигізеді.

Құрылымдық реформа жүргізу орнына Қазақстан билігі шығындарды арттырумен әлек, шамасы, басқа жол жоқ та сияқты.