Қазақстандықтар саяси процестерге белсенді қатысуға қаншалықты дайын және ел дамуының оңтайлы процесі деп нені атау керек? Бұл – соңғы жылдардағы Қазақстан саяси күн тәртібіндегі ең өткір және даулы мәселенің бірі. Ел халқының оларға қалай жауап беретінін әлеуметтік көзқарастарды анықтауға арналған зерттеулерден білуге болады.

Олардың деректері көбінесе декларациялар мен әрекет арасындағы айтарлықтай алшақтықты анықтайды. Сондықтан «слактивистер» (ағылшын тілінен. slacker-жалқау), «диван батырлар» теориясы кеңінен қолданылады. Яғни, олар қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатыспайды, бірақ басқа азаматтарды нақты бір әрекеттерге айтақтап, ынталандыруда маңызды рөл атқарады.

Азаматтардың құндылық, мінез-құлық көзқарастарын анықтауды мақсат еткен зерттеулердің бірі – «Дүниежүзілік құндылықтарға шолу» (World Values Survey; WVS). Осы жылдың шілде айында 2017 жылдан 2020 жылға дейін әлемнің 77 елінде өткен зерттеудің кезекті топтама деректері жарияланды.

Қазақстанда сауалнаманы 2018 жылы «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізді. Іріктеу 1277 респондент (18 жас және одан жоғары) арасында болды; ҚР 14 облысы, Астана, Алматы және Шымкент қалалары қатысты; сұхбат түрінде болды (Face-to-Face); респондент бағыт бойынша іріктелді, «Киша» кестесі қолданылды.

Нақты және әлеуетті ел азаматтарының сауалнамаға қатысуы – бүгінде бірқатар маңызды факторға байланысты ел үшін ерекше маңызды саналады.

Біріншіден, геосаяси жағдай. Көрші және тіпті жақын шет елдердегі саяси жағдайдың даму сценарийлері біздің ел азаматтарының саяси санасына ұялайды. Ал ол бұл үкіметтер мен қарапайым азаматтардың пікірінің өзгеруін саяси күн тәртібін қалыптастыру барысында ескеруге ықпал етеді.

Читать также ...
Қарыздан құтылатын уақыт

Екіншіден, белгісіздік артып, жылдам өзгерістер болып, орталықсыздандыруға көшіп, қайта қарауды талап ету күшейіп, бизнес пен қоғамның мемлекеттік саясатқа араласқысы келіп тұруы артып бара жатқан қазіргі әлемдік жағдай да маңызды. Бұл факторлар белгілі бір дәрежеде соңғы онжылдықтарда өткен инфокоммуникациялық революция салдары. Бұл сонымен қатар билік институттарына деген сенімнің азаюы, наразылық көңіл-күйдің өсуі, әсіресе жастар жаңа әлемде өмір сүретіндікпен, ұрпақ сабақтастығының үзілуіне де  байланысты.

Қазақстанда бұл трендтер саясат сахнасында болып жатқан оқиғалармен, атап айтқанда, билік ауысқан президент сайлауы мен алдағы парламент сайлауы секілді азаматтардың саяси белсенділігіне зор ықпал ететін шаралармен толығады.

Цифрландыруға бет бұру, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен есептілігін қамтамасыз ету де азаматтардың саяси санасына елеулі өзгерістер енгізуде.

 

Азаматтық және саяси пікірлер

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ҚР халқының басым бөлігі қандай да бір қоғамдық ұйымдарға мүше емес. Ел халқының жалпы санының бестен бір бөлігінен азы кәсіподаққа мүше (16,3%), саяси партия қатарында (10,8%), гуманитарлық және қайырымдылық ұйымдарына (8,8%) тіркелген. Бірақ бұл ұйымдарға көбінесе ресми, белсенді түрде қатыспайды (ең көп таралған жауап: «мен мүшемін, бірақ белсенді емеспін»).

Осыған байланысты тағы бір зерттеу нәтижесі қызықты. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар қызметі туралы ел азаматтарының тек 15%-ы ғана хабардар, бірақ олардың қызметі не екенін білмейді. Ал қазақстандықтардың басым көпшілігі, яғни 85%-ы ҮЕҰ және олардың қызметі туралы білмейді де.

Читать также ...
Жергілікті биліктің жұмысын бағалау: сұрақ көп, жауап жоқ

Көбінесе азаматтар петицияларға қол қою сияқты аз уақыт пен міндеттемесі жоқ наразылық акцияларына уақыт жұмсайды. Бұл туралы респонденттердің 5,4%-ы айтқан.

Сауалнама көрсеткендей, халықтың болмашы бөлігі ғана саяси және әлеуметтік іс-қимылдардың неғұрлым нақты (радикал) түрлеріне, яғни бейбіт демонстрация (2,5%), бойкот (0,8%), ереуілге (0,5%) қатысатыны анықталды.

 

1-кесте. Сұраққа жауап беру үлгісі: «… қатысып көрдіңіз бе, қатысар ма едіңіз немесе қандай жағдайда қатыспас едіңіз?» 

   Петицияға қол қою

 

Бойкотқа қатысу

 

Бейбіт шеруге қатысу

 

Ереуілге қатысу

 

Қатыстым 5,4 0,8 2,5 0,5
Қатысар едім 16,1 11,1 18,2 10,6
Ешқашан қатыспас едім 70,5 80,1 71,5 80,5
Жауап беруге қиналам 5,0 5,1 4,9 5,5
Жауап бермегендер 3,0 2,9 2,9 2,9

Дереккөз: WVS мәліметтері бойынша автордың есептеулері

 

Сұраққа жауап беру үлгісі бойынша салыстырмалы түрде кең таралған қатысу түрі – бір ұйымның қорына қайырымдылық үшін ақша аудару немесе қоғамдық пайдалы акцияларға қатысу (21,2%), мемлекеттік органдарға өтініштер (18%) екен. Тек бірнеше адам ғана қандай да бір саяси әрекеттерге қатысты басқа адамдардың үгітшілері ретінде (1,2%), сондай-ақ дауыс беру кезінде үгітшілер (4,4%) ретінде әрекет еткен.

Қазақстанда қандай да бір акцияға қатысу әлеуеті артып келеді және белсенді саяси ұстанымы барлар саны көбейіп келеді. Олар бүгінде белгілі бір қоғамдық маңызы бар қызметке тартылғандардың үлесінен бірнеше есе көп.

Бұл әсіресе, басқа адамдарды өз пікірін неғұрлым белсенді білдіруге үгіттеу, саяси наразылық акцияларын ұйымдастыру, сондай-ақ электрон формадағы өтініштерге, петицияларға қол қою сияқты саяси шаруаларға қатысудың белсенді түрлеріне қатысты.

Басқа адамдарды саяси мәселелер бойынша қандай да бір іс-қимыл жасауға үгіттегендердің үлесі 1,2%, ал мұны жасай алар едім деп жауап бергендердің үлесі – 15%.

 

2-кесте. Азаматтардың қандай да бір шараға қатысу формасы жайлы мәліметтер

Жасадым Жасар ем
Қандай да бір ұйымның қорына немесе қоғамдық пайдалы акцияға қайырымдылық үшін ақша аудару 21,2% 34,0%
Мемлекеттік органдарға жүгіну 18,0% 33,0%
Басқа адамдарды саяси мәселелер бойынша қандай да бір іс-қимыл жасауға үгіттеу 1,2% 15,0%
Басқа адамдарды дауыс беруге қатысуға үгіттеу 4,4% 18,7%
Саясат және саяси оқиғалар туралы ақпаратты іздеу 10,8% 25,5%
Электрондық өтініштерге, петицияларға қол қою 3,5% 15,7%
Басқа адамдарды қандай да бір саяси акцияны ұйымдастыруға немесе оған қатысуға үгіттеу 0,5% 12,4%
Саяси акцияларды, іс-шараларды, наразылықтарды ұйымдастыру 0,7% 9,5%

Дереккөз: WVS мәліметтері бойынша автордың есептеулері

 

Сонымен қатар респонденттердің басым бөлігі басқа адамдарды саяси мәселелер бойынша немесе дауыс беруге қатысу үшін (72,2%),  қандай да бір іс-қимыл жасауға үгіттеу (65,9%) сияқты саяси белсенділік түрлерін қабылдамайды. Респонденттердің көпшілігі қандай да бір саяси акцияға қатыспайды (70,1%), сондай-ақ саяси акциялар, іс-шаралар, наразылықтар ұйымдастыруды жоспарламайды (72,5%).

Қазіргі ел азаматтарының барынша көп қолданатын азаматтық және саяси әрекеттері – қандай да бір ұйымның қорына қайырымдылық үшін ақша аудару немесе қоғамдық пайдалы акциялар өткізу, сондай-ақ мемлекеттік органдарға жүгіну.

«Елдің дамуының оңтайлы жолы қандай, эволюциялық әлде революциялық па?» деген сұраққа келетін болсақ, зерттеу ел азаматтарының көпшілігі біртіндеп, эволюциялық реформалардың жақтаушылары (59%) екенін көрсетеді. Қоғамдағы түбегейлі реформалар үшін респонденттердің 13,0%-ы дауыс берген және ел азаматтарының шамамен сол бөлігі біздің қоғамға ешқандай қайта құру қажет емес екеніне сенімді (14,4%).

Азаматтар елдегі тыныштық – басты мақсат деп санайды (54,7%), екінші топ бағаның өсуіне қарсы күрес (20,4%) маңызды деп ойлайды және ел үшін алдағы 10 жылға арналған басым мақсаттар тізіміндегі үшінші орында – үкіметке шешім қабылдар кезде азаматтардың ықпал ету мүмкіндігі мол болуы керек деген пікір тұр. Бұл үшін әрбір алтыншы азамат (17,5%) белгі соққан.

Зерттеу 2020 жылы кең тарай түскен бірнеше айқын трендті көрсетеді.

Біріншіден, бұл – неғұрлым белсенді азаматтық ұстанымға, елдің қоғамдық-саяси процестеріне қатысуға және билік қызметіндегі азаматтардың пікірін ескеруге деген сұраныс. Азаматтар өздерінің мұндай шараға аз қатысатынын айқындай отырып, саяси өмірге белсенді қатысуға дайын екенін де жасырмады.

Коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі дағдарыс қолданыстағы тенденцияларды күшейтіп, оларды одан да айқындай түсті. Мәжбүрлі түрде локдаунда отырғанда тіпті кейде саяси белсенді емес азаматтардың өзі де мәселе талқылауға белсенді кірісіп кетіп жатты. Бұл бірінші кезекте дағдарыстың бір күн ішінде мемлекеттік аппарат қызметінің барлық кемшілігін ашып бергенімен байланысты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда түрлі қауымдастықтың субъектив деңгейі өсіп келеді. Бұл процесте әлеуметтік желілер үлкен рөл атқарды. Саяси сауаттың артуына, жүзеге асырылатын саяси оқиғаларға қатысқысы келетін және ықпал еткісі келетін, қабылданған саяси шешімдердің логикасын түсінгісі келетін белсенді азаматтардың ерекше ортасы қалыптасуына әсер етті.

Тағы бір тренд – қауіпсіздікке сұраныстың жоғарылығы. Осы зерттеу көрсеткендей, азаматтар тіпті оны еркіндіктен де жоғары қояды. Бұл ел үшін мықты көшбасшы керек және елде тыныштық пен тәртіп орнауы керек деген сұраныс та айқын байқалады. Бұны ел азаматтарының жартысынан астамы Қазақстан үшін маңызы жоғары мәселе деп біледі.

 

Читать также ...
Билл Гейтс: Уақыт жоғалтуға болмайды