Конни Хедегордтың Билл Гейтспен сұхбаты 

Осы айда Билл Гейтстің Климаттық апаттан қалай сақтануға болады: қолда бар шешімдер мен бізге қажет жетістіктер деген кітабы шығады. 

Конни Хедегорд: Әңгімені өзімнің жылдар бойы сізді климаттық өзгерістер мәселесі алаңдатпайды деп ойлап келгенімді мойындаудан бастайын. Бірнеше жыл бұрын Давоста өткен жабық сессия есімде. Талқылау тұрақтылыққа қатысты басқа мәселелерге емес, климат тақырыбына көшкенде сіз бөлмеден шығып кеткенсіз.

Қазір климаттың өзгеруіне қарсы жедел шараларды қолға алу керек деп дабыл қағып жүрсіз. Кітабыңызда бұл тақырыпқа қалай келгеніңіз баяндалады. Бұл туралы «Басында ауаға парниктік газдардың бөлінуі тоқтамаса, температура өсе береді дегенді қабылдау қиын болды. Климатолог ғалымдарға барып, бірнеше рет сұрақтарыма жауап алғаннан кейін бұл мәселеге түпкілікті бас қойдым» деп жазасыз. Алғашқы кезде бұл мәселені мойындамауыңызға не себеп болды деп ойлайсыз? Бұл мәселеге басқалардың назарын аудару үшін сіздің тәжірибеңізді қалай пайдалануға болады?

Билл Гейтс: Қазір әлем мен климаттың өзгеруін зерттей бастаған кезбен салыстырғанда, мүлде басқа деңгейге өтті. Қазір біз бұрынғыдан көбірек білеміз және бұл мәселеге байланысты ортақ пікірге келдік. Бірақ көп адам әлі де атмосфераға бөлінетін улы газдар мөлшерін нөлге жеткізбей, қалдық көлемін азайтумен ғана шектелу жеткіліксіз екенін білмейді. «Нөлдік деңгейге» жетіп, әлемдегі ең ірі бизнес – энергетика саласын түбегейлі өзгерту үшін  қаншама инновация керегін түсіндіру де қиын. Кітапқа өзімнің ойымды өзгерткен деректерді қостым. Бұл деректер басқалардың да пікірін өзгертер деп үміттенемін. Климатты қорғаушыларды «нөлдік деңгей» принципін қолдауға және қалдықтарды осы мақсатқа жеткізетін әдіспен азайтуға шақырамын.

CH: Кітапта ванна мен балық туралы салыстырулар мен аллегориялар арқылы абстрактілі концепциялар мен күрделі деректерді түсінікті тілде жеткізуге тырысыпсыз. Бұл әдіс қаншама ғылыми дерекке қарамастан, «бұрынғы өмір салтымызды жалғастыра береміз» деп ойлайтын адамдардың көзқарасын өзгерте алады деп ойлайсыз ба? Мұндай әдістер Microsoft компаниясының технологиялық шекарасын кеңейтуге немесе Gates Foundation қорын дамытуға, ғаламдық денсаулық тұжырымын насихаттауға пайдасын тигізді ме?

BG: Кітап климаттың өзгеруі тақырыбына күмәнмен қарайтын адамдарға арнап жазылмаған. Соған қарамастан, бұл кітап оларды қоршаған ортаға залалы жоқ энергияға инвестиция салу керек дегенге сендіреді деп үміттенемін. Қазір баламалы энергия көздері саласындағы инновацияларды дамытуға басымдық беріп отырған елдер жетекші компаниялардың келесі толқыны үшін таптырмас мекенге айналады. Бұл компанияның экономикалық қызметі мен жаңа жұмыс орындарының игілігін сол елдер көреді дегенді білдіреді. Сондықтан сіз «климаттың өзгеруіне адамдар кінәлі, олар қазіргі өмір салтын өзгертпесе, әлемді орны толмас зардап күтіп тұр» деген пікірмен келіспесеңіз де, мұндай инвестициялардың ақылды шешім екені талас тудырмауы керек.

Читать также ...
Митингке сұрану: неге қазақстандықтар наразылық білдіруде белсенді емес?

CH: COVID-19 пандемиясы ғылымға көңіл бөлмеудің құны жоғары болатынын дәлелдеп қана қоймай, адамзатқа тән әдеттер мен дағдыларды жаппай өзгертуге болатынын, мәселені шешу жауапкершілігін мойнына алған көшбасшылар құрметке бөленетінін көрсетті. Бірақ өзіңіз атап өткендей, бүкіл әлемдегі карантин кезінде атмосфераға бөлінетін парниктік газдардың 10 пайызға ғана қысқаруы адамдардың көлікті аз пайдаланып, сирек саяхаттауы жеткіліксіз екенін дәлелдеді. Пандемия кезінде тағы қандай сабақ алдық? Оларды климаттың өзгеруі мәселесін шешуге қалай қолдануға болады?

BG: «Көлік пен ұшақты аз пайдалану жеткіліксіз» деген идеяның екінші жағы да бар: біз адамдардың зиянды қалдықтар шығармай, көлікпен жүріп, еркін саяхаттауын, басқаша айтқанда, заманауи экономикаға кедергісіз қатысуын қамтамасыз ететін өте көп инновациялар ойлап табуымыз керек. COVID-19 вирусына қарсы вакцина өндіріп, тарату қоғамдық денсаулық сақтау тарихындағы ең үлкен науқан болса, бұл – одан да қиын шаруа.

Бұл үшін әртүрлі мемлекеттер мен жеке сектор арасында дәл қазіргідей тығыз қарым-қатынас болуы керек. Қазір бәрі маска киіп, әлеуметтік қашықтық сақтап жүргені сияқты, климаттың өзгеруіне қарсы күресте де адамдар қалдықтарды азайтуға үлес қосуы қажет. Олар нөлдік деңгейге жетуді жеделдететін саясатты қолдап, электромобиль немесе өсімдік негізінде дайындалған бургер сияқты құрамында көміртек мөлшері аз өнімдерге үстеме ақы төлеп, сатып алу арқылы  көмектесе алады. Бұл осы саладағы бәсекені күшейтіп, экологиялық таза өнімдерге өту процесін арзандатады.

CH: Климаттың өзгеруі мәселесінде пандемияға қарсы күрестегідей көп нәрсе ғылым мен инновацияға байланысты екенін айттыңыз. Ал жалпы алғанда, осындай инновациялық құралдар ойлап тауып, оны қолданысқа енгізіп, әлемді климаттық апаттан құтқарып қалу мүмкіндігі барына сенесіз бе? Бұл сенімге қандай тәжірибеңіз әсер етті?

BG: Ғылыми-зерттеу саласына бөлінген қаржы әлемді өзгерте алатынына көзім жетті. АҚШ үкіметі мен америкалық компаниялар қаржыландырған зерттеулер әлемге микропроцессорлар мен интернет сыйлады. Бұл дербес компьютерлер өндірісін дамытты. Дәл осылай АҚШ үкіметінің адам геномының картасын жасауды қолға алған ғалымдарға қолдау көрсетуі қатерлі ісік және өлімге әкеліп соғатын өзге де ауруларды емдеуде жетістіктерге жетуге көмектесті.

Читать также ...
Қазақстандағы «голланд ауруын» қалай жеңуге болады?

Атмосфераға бөлінетін қалдықтарды нөлдік деңгейге жеткізу мақсатына келсек, өз басым керемет жұмысқа куә болып отырмын. Бірнеше серіктесіммен бірге құрған Breakthrough Energy Ventures қоры цемент пен болатты көмірқышқыл газын аз шығарып немесе мүлде шығармай өндіру әдістерімен жұмыс істейтін, таза энергияның көп мөлшерін өндіріп, сақтауға, өсімдіктер мен жануарларды өсіруге, әлемнің түкпір-түкпіріне адамдар мен заттарды тасуға, ғимараттарымызды жылытып салқындатуға қатысты идеялары бар жиырмаға жуық компанияға инвестиция құйды. Бұл идеялардың көбі жүзеге аспайды. Бірақ жақсы нәтиже көрсеткен санаулы жобаның өзі әлемді өзгертеді.

CH: Өзіңіз айтқандай, инновация дегеніміз жаңа құрылғылар ойлап табу ғана емес. Бұл сондай-ақ өнертабыс үлгілерін тезірек қолданысқа енгізуге қажетті жаңа саясат қалыптастыру керегін де білдіреді. Еуропа Одағы (және Қытай) осындай саяси инновацияларға қатыса бастады.

Сіз атаған “Green Premiums” көрсеткішін назарға ілмейтін қате стимулдар құрылымын өзгерту үшін Еуропа одағындағы көп мемлекет атмосфераға көмірқышқыл газын бөлу, ресурстарды шығындау және қоршаған ортаны ластауға байланысты салық механизмдерін енгізді. Мұндай саясат стимулдар құрылымына оң өзгеріс енгізе ала ма? Көмірқышқыл газының шекарасын реттеу прогреске үлес қоса ма?

BG: Көміртек бағасын бекіту – таза энергияға сұраныс пен ұсынысты арттыруға едәуір әсері бар маңызды саясаттың бірі. Кітапта бірнеше басқа идеялар да қамтылған. Мысалы, инновациялар санын арттыру үшін мемлекеттер таза энергия саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін көбейте алады (мен қаржыны бес есе арттыруды ұсынамын). Сұраныс тұрғысынан алғанда, бұл көміртек бағасынан бөлек, электр энергиясының немесе отынның қанша бөлігі көмірқышқыл шығармайтын технология көмегімен өндірілуі керек деген стандартқа ұқсайды.

Технологиядағы сияқты, саясатқа да инновациялар керек. Біз үлкен мәселелерді шешу үшін саясат пен технологияны қалай біріктіруге болатынын көрдік. Кітапта жазғанымдай, бұған ауаның ластануы жақсы мысал бола алады: АҚШ-тағы таза ауа туралы заң атмосфераны улы газдардан тазартуға үлкен үлес қосты. АҚШ-тағы өзге де тиімді саяси шешімдердің қатарына ауылды өңірлерге электр энергиясын жүргізу, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және 2008 жылғы үлкен рецессиядан кейін экономиканы тезірек қалпына келтіруге тырысу сияқты шаралар жатады. Енді әлемдік саясат пен технологияларды ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту мәселесіне қарай бұру керек. Breakthrough Energy қорындағы таза энергияға өту процесін жылдамдату мақсатында құрылған командам климат саласындағы мақсаттарға жету үшін батыл саяси шешімдер дайындауға жұмыс істеп жатыр.

Читать также ...
Пандемия климат саясатын түбіріміен өзгерте ала ма

CH: Өзіңіз айтқандай, ел үкіметтері қалдықтарды азайту үшін басқа мәселелерді шешуге пайдаланылған ережелерді қолдануға тырысқан. Сіз бұған “1960 жылғы мейнфреймнің көмегімен жасанды интеллект жасауға талпынумен тең” деген баға бердіңіз.

Бірақ жаңа заң қабылдау қиын, өндіруші компаниялар жоғары стандарттар мен көп шығынды қажет ететін өзгерістерге қарсы шығады. Аталған реттеуші механизмде екінші тарапта болып көрген адам ретінде саясаттың артта қалуы мәселесін қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

BG: Бұл мәселені шешу үшін үкіметтің әрекеті керек. Біз бүкіләлемдік энергетика жүйесін аз уақыт ішінде жаңа жүйеге көшіру туралы айтып отырмыз. Инновацияларды ынталандыратын, таза технологиясы бар компаниялардың бәсекесін туғызатын орта қалыптаспай, жеке секторға құйылған инвестициялар нәтиже бермейді. Ал мұндай ортаны үкімет қалыптастырады. Сондықтан бізге үкіметтен табанды, сенімді әрі анық қадамдар керек.

Осы себептен технологияларға ғана емес, саясат пен нарыққа да инновация керек деп айтып жүрмін. Саясаткерлер таза энергетикалық инновацияларды қолдаудың креативті әдісін тауып, тепе-теңдік сақтап, баламалы энергия көздеріне көшуді қамтамасыз етуі керек.

Breakthrough Energy қорындағы командам атмосфераға бөлінетін қалдықтардың нөлдік деңгейіне қол жеткізуге қажетті саясатты дамыту үшін әртүрлі елдің билік өкілдерімен жұмыс істейді.

CH: Саясаттан бөлек, сіз мемлекеттерді климатқа қатысты зерттеулерге инвестиция құюда батылдық танытуға шақырып отырсыз. Зерттеу мен жаңа саясат қалыптастыруға қажетті білім беруде университеттер қандай рөл атқаруы керек?

BG: Университеттер идеяны дамытуға қолайлы орта қалыптастырып, таза технологиялар жасаумен айналысады. Ғылым, зерттеу мен инженерия нөлдік деңгейге жету жолындағы маңызды факторлар саналады. Әрине, жаңа саясатты ақпараттандырып, нарықты қалыптастыру үшін ғылыми жаңалықтар университет қабырғасында қалып қоймауы керек. Кей академиялық мекемелер өз профессорларына тиімді қарым-қатынастар орнатуға көмектесіп, олардың зерттеуін саясаткерлердің назарына шығарып, технологиялық өнімдерін компаниялар мен нарыққа ұсынуға көмектеседі. Бұл климаттық апаттың алдын-алу үшін өте маңызды.

Читать также ...
Президент Тоқаевқа үндеуі: коронавирусқа қарсы бөлінетінін 6 триллион теңге жайында

CH: Сіз климаттың өзгеруі халықтың кедей топтарына үлкен зиян келтіретінін, сондықтан бұл мәселе экономикалық ғана емес, моральдық тұрғыдан да маңызды екенін айттыңыз. Бірақ АҚШ-тың энергетикалық жүйесін декарбонизациялау үшін төлемге қосылатын кішкене үстеме ақының өзі табысы төмен отбасыларға қиындық туғызуы мүмкін. Ал дамушы елдерде мұндай өзгерісті жүзеге асыру әлдеқайда қиын. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Табысы төмен елдерге басқа технологияларды енгізу кезінде қандай қорытындыға келдіңіз?

BG: Бұл өте маңызды тақырып. Табысы орташа және төмен елдер алдағы онжылдықта кедейліктен құтылған сайын электр энергиясын көбірек пайдаланатын болады. Бәріміз таза энергия қолдануға ұмтылуымыз керек. Бірақ олар бұған жаңа энергияның бағасы қазір қолданылатын пайдалы қазбалар сияқты арзан болған кезде ғана келіседі.

Сондықтан сіз бай мемлекеттің көшбасшысы болсаңыз, өз үкіметіңіз бен компанияларыңыздың табысы орташа және төмен мемлекеттердің таза энергия көздеріне қолжетімділігін арттыру үшін не істеп отырғанын ойлануыңыз керек. Ғылыми-зерттеу саласына құйылған инвестициялар мен басқа да саяси шешімдер осы мақсатқа бағытталғаны жөн. Мен қаржыландыратын компаниялардың көбі табысы төмен елдерге қолжетімді идеялар ұсыну мақсатында жұмыс істеп жатыр.

CH: Сіз – кез келген бастаманы жүзеге асыруда үкіметтің маңызды рөлге ие екенін ашық мойындаған бизнес өкілдерінің бірісіз. Тіпті осындай бастамалардың ішінде де климаттың өзгеруі тақырыбы ерекшеленіп тұрады. Бұл мәселені шешу жалпы алғанда немесе белгілі бір салада мемлекеттік сектордың рөлін арттыруды талап ете ме?

BG: Дербес компьютерлердің революциясы сияқты таза энергияға көшу де үкімет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде жүзеге асуы керек.

Бұл мемлекеттің рөлі артатынын білдіреді. Бірақ осыған дейін мемлекет бұл салада үлкен рөлге ие болмаған. Жоғарыда аталған, климаттың өзгеруі саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржыны бес есе арттыру туралы идеяны алайық. Бұл таза энергия өндіруге қатысты зерттеулерді АҚШ-тағы денсаулық сақтау саласындағы жұмыстармен бір деңгейге шығарады. Қазір бізде бұл жұмыстарды үйлестірумен айналысатын денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық институт бар. Дәл сол сияқты климаттың өзгеруіне қатысты жұмыстардың қайталанбауын қадағалап, ресурстарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік беретін энергетикалық инновациялар ұлттық институтын құру керек. Көлікті декарбонизациядан өткізу институты көміртек мөлшері аз жанармай өндірісіне жауап береді. Басқа институттардың да баламалы энергия көздеріне қатысты өз міндеті мен құзыреті болады.

Читать также ...
Тұрақтылық тренді: Қазақстанда ESG мәліметтерін кім және қалай жариялап жүр?

Энергетикалық инновациялар ұлттық институты жеке сектормен жұмысты жолға қояды. Ұлттық зертханаларда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде нарыққа көп көлемде революциялық өнімдер шығуы керек. Бізге зерттеудің алғашқы кезеңінен бастап өнімді жаппай қолданысқа енгізуге дейінгі инновациялық процесті жылдамдататын стратегиялар қажет.

CH: Кітапта «Өндірістің ауаға қалдық шығармайтын әдістерін іздеуден бөлек, жай ғана аз материал қолдануға көшсек болады” деген жолдар бар. Кей адамдар капитализм тұтыну деңгейіне тәуелді екенін (тұтыну мәдениеті неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы) айтады. Климаттық дағдарыстың шешімі шынымен жиырма бірінші ғасырдағы капитализм туралы көзқарасқа тәуелді ме? Айталық, «өсім» туралы жаңа, сапалы түсінік осындай жүйе құра ала ма?

BG: Мен бай елдерде тұратын адамдар қалдық шығаруды азайтуы керек және бұл олардың қолынан келеді деп есептеймін (кітапта жазғанымдай, өзім шығаратын қалдықтарды азайту үшін бірнеше амал қолданып жүрмін). 2050 жылға қарай табысы орташа және төмен елдер есебінен әлемдегі энергия өндірісі екі есе артады. Бұл өсімнің бір жақсы тұсы бар: ол адамдардың әлдеқайда өнімді әрі пайдалы өмір салтына көшкенін білдіреді. Бірақ адамдардың өмір сапасын жақсарту климаттық мәселені ушықтырмауы керек. Сондықтан бізге арзан жолмен әлемдегі қалдық көлемін қысқартуға көмектесетін инновациялар керек.

CH: Сіз кітабыңыз “климаттық апаттан қалай құтылуға болатыны және бұл мақсаттың орындалатынына неге сенетінім туралы” деп сипаттайсыз. Шыныңызды айтыңызшы, бұл мәселеге қарсы күресте дер кезінде күш жұмылдырып үлгереміз дегенге сенесіз бе?

BG: Иә. Кітаптың соңғы жағында оптимист адам екенімді жаздым. Өйткені мен адамдардың қолынан не келетінін, технологиялардың қауқары неге жететінін көрдім. 2050 жылға қарай әлемнің көп бөлігі атмосфераға бөлінетін қалдықтар бойынша нөлдік деңгейге жетуі үшін алдағы онжылдықта дұрыс саясат, технологиялар мен нарықтық құрылымдар дайындауға күш салуымыз керек. Бізге уақыт жоғалтуға болмайды.

Билл Гейтс Microsoft компаниясының негізін қалаушы және корпорациясының технологиялық кеңесшісі, Bill & Melinda Gates Foundation қорын басқарушылардың бірі. Конни Хедегорд  климаттық мәселелер бойынша Еуропа комиссары (2010-14), Данияның қоршаған орта министрі (2004-07), климат және энергия министрі (2007-09) болған.

Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org