Биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осы саладағы ең негізгі құжат – ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, маңызды жұмыс атқармақ. Жобаны жасаушылар денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа ойыншы – ұлттық операторды енгізіп отыр. Бұл шешімнің назар аударатын тұстары бар.

Реттеуші ұсынып отырған ұлттық оператор акционерлік қоғам түрінде қызмет етеді. Жаңа ұйым ғылыми-практикалық мәселелерді шешіп, зерттеумен, соның ішінде консалтинг қызметімен айналысып қана қоймай, медициналық көмек көрсету және денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобаларды жүргізу міндетін де атқармақ.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі ойыншылардың функционалдық картасының өзгеруі медициналық қызмет нарығына, денсаулық сақтау саласына қатысы бар консалтинг және зерттеу қызметіне әсер етпей қоймайды.

Саясат. Ұлттық оператор денсаулық сақтау саласындағы саясатты қалыптастыруға ықпал етеді, атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды жасауға және жүзеге асыруға қатысады.

Технология. Жаңа құрылым медицина ұйымдары мен медицина саласындағы жоғары оқу орындарында инновациялық медициналық технологияларды сынақтан өткізу, енгізу және орындау арқылы саланың технологиялық дамуына ықпал етеді.

Ойын ережесі. Ұлттық оператор дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеу жүргізеді. Денсаулық сақтау ұйымдарында стандарттарды жасау мен енгізуге қатыстыру арқылы қатысушылардың өзара іс-әрекет ережесін анықтайды. Сонымен бірге, консалтингтік электрондық қызметті атқару мүмкіндігіне ие болады.

Басқару. Ұйым инвестициялық жобаларды және мемлекеттік пен жеке меншік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асырмақ. Дегенмен тек жобаларға техникалық қолдау көрсетумен шектелуі мүмкін.

Читать также ...
Жария риторика: денсаулық сақтау саласына құралдар қажет

Соңғы он жылда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі бірқатар ауқымды реформаны бастан өткерді. Жобаны жасаушылар ұлттық операторға байланысты туындайтын қауіптің алдын алу үшін жүйелі шаралар қарастырған болар. Дегенмен, солардың бірқатарына тоқталсақ.

 

Ұлттық оператордың қызметін реттеу

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құру идеясын жүзеге асырудағы ең негізгі жетістік – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік басқару моделін қайта құру. Қазіргі үлгі кеңестік кезеңдегі денсаулық сақтау саласын басқару үлгісінің жалғасы. Маңызды жүйелі жетістік ретінде қарым-қатынастың функционалдық үлгісін айтуға болады, мұнда медицина қызметін сатып алушы мен ұсынушы бар. Олардың арасында медицина қызметіне белгіленген бірыңғай мемлекеттік тариф бойынша сатып алу жүйесі жұмыс істейді. Бұл нарықтық қатынастың қызмет ету жүйесіне негіз болды.

Міндеттерді осылай бөлу соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында сапаны көтеру (медициналық қызмет көрсетудің жеке түпкі нәтижесін жеткізушілер төлейтін төлемге байланыстыру, қор мен жеткізушілер арасындағы келісімшарт негізіндегі қарым-қатынас) және медицина қызметтерінің қолжетімді болуына қол жеткізу бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн, бұл жеткізушілер арасындағы өзара бәсекенің арқасында болып отыр.

Ұлттық операторға бірнеше өзара әрекеттесуші міндет беру нарықтың басқа қатысушыларымен бәсекеде жасанды артықшылық қалыптастырады.

Ұлттық оператордың қызмет моделіне келсек, ол: (а) саясатты қалыптастыруға белсенді қатысушы, (b) жүйелі клиникалық зерттеуші, (c) нарықтағы барлық қатысушының тәртібін реттеуші, (d) медицина технологиясының қоймасы, (і) қаржы институты.

Ұлттық оператор қызметін жүйелеу мүдде қақтығысына орай жекелеген бағыттардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін болса, мұның кері жағы болуы да мүмкін. Мақсаттың көптігі менеджерлерді бағыттан тайдырып, нәтижесінде бір мақсатқа қол жеткізу үшін екіншісін құрбан етуге тура келуі мүмкін.

Читать также ...
Шағын қоғамдастықтың ықпалы

 

Бәсеке: ұлттық оператордың нарыққа әсері қандай болмақ?

Қазіргі таңда ҚР медициналық қызмет нарығында 2000-нан астам ұйым жұмыс істейді, олар халыққа амбулаториялық емханалық қызмет және Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен (МӘМҚ) келісімшарт шеңберінде ауруханада емдеу қызметін де көрсетеді. 2019 жылы көрсетілген медицина ұйымдарында МӘМҚ бойынша төлем көлемі 1 трлн теңгеден асты, соның ішінде амбулаториялық қызмет көрсетуге 300 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылса, емханалар деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 80 млрд теңге, ал ауруханада қызмет көрсетуге 400 млрд теңге бөлінген.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық қызмет көрсетуге төлем басталуы жалпы ақша сомасын 51%-ға дейін арттырады деп жоспарланған. Бұл халықтың медициналық қызметке қолжетімділік деңгейін арттырады.

Медицина ұйымдары тұрғындарға 416 түрлі жоғары технологиялы және қымбат медициналық қызмет көрсетеді. Ұлттық оператор медициналық қызметтің барлық түрін көрсетеді, сонымен бірге жаңа технологияларды сынақтап өткізіп, енгізумен айналысады.

Бұл үшін медицина ұйымы материалдық-техникалық жағынан тиісті деңгейде жабдықталған болуы тиіс. Қолданыстағы инфрақұрылымдық қуатты қайта қарастыру керек немесе жаңадан енгізуге тура келеді. Бұл айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Қай нұсқаны таңдаса да, инвестиция қажет болады, өйткені ұлттық оператор озық ғылыми база қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Қаржы көзіне қатысты кодексте нақты ештеңе жазылмаған.

Ұлттық оператор медициналық қызмет көрсетуге ниетті, яғни бәсеке нарығындағы жаңа ойыншы болмақ. Жалпы алғанда, бұл тұрғындардың медицина қызметін қолжетімді пайдалануына жол ашады. Қазірдің өзінде ұлттық және республикалық медицина орталықтары мен институттары осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап айтқан жөн. Алайда, ұлттық және республикалық орталықтар мен институттар Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналасқан, аймақтарға олар әлі жете қойған жоқ.

Читать также ...
Ақылға келу: білім беру саласындағы соңғы зерттеу нәтижелері неліктен маңызды?

2020 жылы жоғары технологиялы медицина қызметіне бөлінетін қаржы көлемін 81%-ға (23 миллиардтан 41 миллиардқа дейін), ал стационарлық қызметке бөлінетін қаржыны 31%-ға (72 миллиардтан 95 миллиардқа дейін) арттыру жоспарланып отыр. Қызмет көрсетушілер тұрғындарға барынша медициналық қызмет көрсетуге дайын, алайда оның ақысын МӘМҚ төлейді, ал оның бюджеті шектеулі. Шығынның артуы медицина қызметінің барлық түрінің артуына алып келеді, соның ішінде жоғары технологиялы қызметтерге сұраныс артады. Жетекші орталықтарда маман және технология тұрғысынан потенциал артады.

Ұлттық оператор қомақты қаржы құюмен қатар, медициналық қызмет көрсетуге де қаржы көлемін арттыру бойынша бәсекеге түседі. Медициналық қызметтің қазіргі тариф мөлшері ұлттық операторды қаржыландыруға қажетті жылдық қаржы мөлшерін арттыруға ықпал етеді. Бұл нарықта бар ойыншыларға белгілі бір қысым көрсетуге алып келеді.