Экономикалық соққы – COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған мәселенің көрініп тұрған бөлігі ғана. Мұның сыртында ұлттық білім беру жүйесіне, орта мектептердегі дәстүрлі оқудың тоқтап қалуына орай адам капиталына келген залал бар. Қашықтан оқытуға көшкен елдерде (оның ішінде Қазақстан да бар) білім беру деңгейі төмендеу проблемасы туады. Бұл әсіресе кедей отбасының балаларына, кедейлік деңгейі жоғары өңірлер мен аймақтарға ауыр соққы болады. Ұзақмерзімді болашақ тұрғысынан қарасақ, білім берудегі теңсіздік болашақта табыстың да теңсіздігіне алып келеді.

Әзірге жалғыз балама – қашықтан оқыту. Алайда бұл жүйеге оқыстан көшудің өзіне тән проблемасы жеткілікті. Оны шешу дамыған елдердің өзіне оңай соғып жатқан жоқ.  

 

Біз жоғалтқан білім

Оқушылар COVID-19 пандемиясы салдарынан қалыпты оқу жылымен салыстырғанда, алдыңғы алған білімінің орта есеппен 30-50%-ын жоғалтуы мүмкін. Жазғы каникул кезіндегі жоғалтатын білімді де есепке алу керек, орта есеппен жазда білім алмай қалу 0,25 оқу жылына тең. Қашықтан оқуға деген мәжбүрліктің оқушылардың білім деңгейіне жиынтық әсері болады. Жаз кезінде білім деңгейі төмендеуінің объективті себебі болса, қашықтан оқу кезінде жағдай күрделеніп, екі жылға дейін артта қалу байқалады.

Компьютер де, интернет те жоқ, көп жағдайда ата-ана тарапынан қолдауды да көп көрмейтін тұрмысы төмен отбасылардың ұл-қызы немесе шалғайдағы ауыл балаларының білім деңгейі тіптен нашарлай түседі.

Сала сарапшылары болашақ абитуриенттерге қиынға соғатынын айтады, дегенмен бәрінен бұрын  бастауыш сынып балаларына қиын болғалы тұр. Мамандар бастауыш мектеп оқушыларының ұтылуы  тұтас оқу жылын жоғалтқанмен пара-пар болады деп болжауда.

Пандемияға дейін жүргізілген халықаралық зерттеулерге сүйенсек, мектептің 20 күнге жабылуы тест тапсыра алмайтын оқушылардың санын 10%-ға арттырады, ал 10 күн сабаққа бармау бір жыл ішінде білім нәтижесінің  5-10%-ға дейін төмендеуіне әкеледі екен.

COVID-19 пандемиясының білім беру жүйесіне және адам капиталына келтірген залалының салдарын шартты түрде қысқамерзімді (мұны біз биылғы жылдың соңына дейін көреміз) және ұзақмерзімді деп бөлуге болады.

Читать также ...
Минус 44 млрд: Орталық Азия локдаун кезіндегі білім беруде неден ұтылады?

Қысқамерзімді сипаттағы салдарға оқу процесінің баяулауын, оқушылардың оқуға ынтасының төмендеуін жатқызуға болады. Бұған дәлел ретінде Ресейде жүргізілген зерттеу нәтижесін келтіруге болады, мұнда оқушылардың жартысы қашықтан оқуды каникул деп қабылдаған. Мектептердің жабылуына орай оқушылардың тамақтануы нашарлайды (мектепте тегін тамақ ішіп жүрген балаларға қатысты), психикалық жағдайы нашарлайды, оқушылар зорлыққа және басқа да қауіпті істерге баруы мүмкін, сонымен бірге балалар мен жасөспірімдер арасында қауіпті мінез туындауы мүмкін.

Оқушылардың мектептен шығып кетуі байқалуы мүмкін. Бұл, әсіресе, тұрмысы төмен және жағдайы нашар отбасының балаларына қатысты, мұнымен бірге балалардың еңбекке араласуы, кәмелет жасына толмағандар арасындағы некелесу, коммерциялық секс артып, ата-аналардың балалардың біліміне инвестиция салуы қысқаруы мүмкін. Ковидке дейінгі мысал: әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан Румынияда 2009-2018 жылдары мектепке бармайтын балалардың саны,  демографиялық көрсеткіш төмендегеннің өзінде, 192 мыңнан 378 мыңға дейін артыпты.

Білім беруге жұмсалатын мемлекеттік шығын азайып, оқыту деңгейі төмендеп, жеке меншік мектептер жабылып жатқанын да атап айту керек.

Пандемияның ұзақмерзімді салдары тіптен ауыр. Мектептердің жабылуы мен балалардың белгілі бір бөлігінің білім деңгейінің төмендеуі білім беру саласындағы теңсіздіктің артуына алып келеді.  Дүниежүзілік банктің Ресейдегі тұрақты өкілі және директоры Рено Селигманн білім беру саласындағы жоғалту деңгейіне қатысты мынадай болжам жасайды: егер биыл Ресей мектептері жалпы алғанда бес айға жабық болатын болса, орта есептегі оқушының оқу сауаттылығы бойынша білім нәтижесінің төмендеуі PISA шкаласы бойынша 16 балға тең болады. Бұл оқу-білім саласындағы артта қалуға қаражат салып отырған Экономикалық әріптестік және даму ұйымы мен Еуроодақ елдеріндегі білім беру саласындағы жоғалтуға қатысты болжамнан жоғары.

Оқу барысында қиналатын оқушылардың үлгерімі төмендеуі мүмкін деген болжам бар; көптеген оқушының мектепке орала алмауы «білім кедейлігінің» ауқымын арттырып, соның салдарынан болашақта тұтас бір буынның өнімділігі төмендеуі мүмкін.

Табыс деңгейі жоғары елдердегі (ТДЖЕ) 104 млн оқушы меен табыс деңгейі орташа елдердегі (ТДОЕ) 59 млн оқушының оқу нәтижесіндегі алшақтық арты түседі. Ал қазір Адам капиталы индексіндегі табысы жоғары елдер мен орташа елдердегі орташа айырма 13%.

Читать также ...
Ұлы қарыздан арылу процесі

Мектептегі оқуды тоқтату мен білім беру сапасының төмендеуі одан кейін өмір бойғы өнімділік пен табыстың төмендеуіне алып келеді. Бұл макро деңгейге әсер етпей қоймайды. Егер бір жылда қосымша оқу кірісті шамамен 8-10%-ға арттыратын болса, оқушылар орта есеппен жылына оқу сағаттарының ширегін жоғалтатын. Ал оқу орындарын жабу кірістің тұрақты түрде  2–2,5%-ға кемуіне алып келеді.

Осы аталған факторлар әлеуметтік теңсіздік проблемасының шиеленісу  қаупін төндіреді.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бақуат тұратын отбасының балалары онлайн оқу кезінде таршылық көрмей, тиімді білім ала алады. Яғни, олардың білім алу деңгейі бір маусымда төмендей қоймайды. Ал кедейлеу үйлердің балаларында жағдай керісінше.

Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасының балалары неврологиялық дамуда кешеуілдеп, бала кезінен жанына түсетін жарақаттар санын көбейтіп алуы мүмкін. Олардың арасында еңбекке ерте араласатын балалар да, жасына жетпей жүкті болатындары да бар. Өмір бойына тапқан айлығы шайлығына жетпей жатады. Осындай күйзеліс күшейген кездері отбасында орнықты жағдайы жоқ балалар өзін қолдайтын, қамқорлық жасап қорғайтын күйдің жоқтығын ұғынып қиналады. Бұл күй олардың қалған өміріндегі бақуат өміріне деген сенім қалыптастыруына қатты әсер етеді.

 

Қашықтан оқимыз

Коронавирус пандемиясы білім саласындағы форматтарды қысқа уақыт ішінде қайта қарастыруға мәжбүр етті. Елдер цифрлық әдіспен қашықтан оқуға мүлдем дайын емес еді. Үздіксіз білім алуды жолға қойған көптеген мемлекет үлкен қиындықпен бетпе-бет келді. Пандемия салдарынан  191 елде мектептер жабылып, әлемдегі оқушылардың  90%-ына әсерін тигізді.  Олардың тең жартысының үйінде компьютер жоқ, 43%-ы интернетсіз отыр еді.

Мұндай теңсіздік көбінесе кірісі аз елдерде қатты байқалды. Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде  оқушылардың 89%-ының компьютері болмады, 82%-ының интернет қосатын жағдайы болмады. Бұл өңірде тіпті көптеген елді мекен ұялы байланыспен қамтылмаған болып шықты.

Ресейде үй шаруашылықтарының 69%-ында компьютер бар. Оқушылардың үштен бір бөлігі жеке компьютермен қамтылмаған. Ресей мектептерінде компьютер болғанмен, жеткілікті емес. Кейбір өңірлерде интернет мүлдем  қосылмаған.

Читать также ...
Неге қыздардың бәрі бірдей мектепке бармайды?

Қазақстанда эпидемия бастала салысымен уақытша пайдалануға деп 250 мыңнан астам компьютер таратылғанмен, қашықтан оқуға көшу барысында 3 млн оқушының шамамен 700 мыңы (23%) компьютермен қамтылмаған болды. Техника алуды көбінесе әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың жағдайы көтермейді. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен бастауыш сынып оқушылары тапшылық көрді.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысы  Артур ван Дизеннің айтуынша, Қазақстан цифрлық білім беруге дайын. Ол халықтың 78%-ында интернет бар, ұялы байланыс тарифтері «өте арзан», көптеген мектеп интернетпен қамтылған, елде цифрлы білім беру платформалары дамыған дегенді алға тартады.

Дегенмен интернет өңірлер бойынша ала-құла тартылған, сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай емес, қашықтан білім беру сапасы да сын көтермейді. Аяқ астынан қашықтан оқып кетуге мұғалімдер де, балалар да дайын болмай шықты. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, қашықтан оқуға көшу ең мықты деген мұғалімдердің өзіне ауыр салмақ салды. Олар күйзеліске түсіп, бар шаруаларын шатастырып алды.

 

ЖК, дағды және жүйке

Қашықтан оқуға көшкен елдердің бар проблемаларының басын біріктіріп көрейік.

Компьютер жоқтығы. Көптеген ел үшін ең басты проблеманың бірі – мектеп оқушыларын компьютермен қамтамасыз ету болды. Португалияда оқушылардың 20%-ында компьютер жоқ, ұялы байланыс қосылмаған болып шықты. Пошташылар балаларға қағазға басылған тапсырмаларды тасып, үй тапсырмасын мұғалімдерге жеткізіп берумен айналысты. Ұлыбританияда  ата-аналар планшет пен компьютермен балаларымызды қамтамасыз етпеді деп үкіметтің үстінен сотқа арыз түсірді.

Канаданың Калгариіндегі мектептер оқушыларды техникамен қамтамасыз етті. Нидерландыда да қажет еткен балалардың барлығына компьютер беріп, интернет қосып берді. Британ үкіметі әл-ауқаты төмен отбасылардың балалары оқуын қашықтан жалғастыруы үшін техника берді. АҚШ-тың Калифорния штатында 70 мыңнан астам ноутбук таратылады деп жоспарланған.

Ресей зерттеушілерінің айтуынша, мұқтаж жандарға компьютер тарату қауіпті іс, әрі популистік сипатқа ие десе де, білім беру жүйесі дамыған елдер үшін бұл қалыпты жағдай.

Читать также ...
Екінші Нобель фестиваліне тіркелу ашылды

Мұғалімдердің дайын еместігі. РАНХиГС үздіксіз білім беру экономика орталығының директоры Татьяна Клячконың айтуынша, кез келген мұғалім қашықтан жұмыс істей алмайды. Ары кеткенде олар студенттерге электрон пошта арқылы тапсырмалар жіберіп, осындай параграфты, оқулықтарды оқып шығу немесе осындай мәселелерді шешу керек деп жазады.

Оқытуды жеңілдететін шаралардың бірі ретінде АКТ-ны қолдану қашықтан оқытуда шешуші рөл атқаратынына қарамастан, Еуропа мұғалімдерінің 16%-ы қашықтан оқытуда АКТ-ны пайдалану бойынша кәсіби білім алу қажет екенін атап айтты.

Америкалық 1247 мұғалім арасында жүргізілген сауалнама бойынша, олардың жартысынан көбі қашықтан оқытуды енгізуге дайын емес, 69%-ы оқушыларына құжаттар немесе параққа жазылған тапсырмаларды орындау үшін жіберетінін көрсетті.

Оқушылар мен мұғалімдер үшін стресс. Ұлыбританияда ата-аналар бүкіл бос уақытын сарп ететінін айтып шағым түсірген соң үй тапсырмасын беруді тоқтатты. Көптеген мұғалім күнделікті үй тапсырмасын орындау бала үшін стресс екенін айтады. Себебі балаладан үлкендерден талап етілетін көнбістік күту мүмкін емес.

АҚШ-та қашықтан оқу балалардың сабақтан қашып кетуін көбейтті. Көптеген оқушы пандемия кезінде қашықтан білім беру жүйесіне тіркелмей, сабаққа қатыспай, тапсырма орындамай кеткен. Әсіресе арнайы гаджеттермен қамтамасыз етуге жағдайы көтермейтін отбасылардың балаларында мұндай жиі кездесті.

Техникалық проблемалар. Қашықтан оқыту үшін тиісті инфрақұрылым жүргізіліп, білім беру платформалары күрделі болмауы керек. Мұндай талапты кез келген ел қамтамасыз ете алмады. Мысалы, Ресейдегі НАФИ сараптау орталығының мәліметі бойынша, мұғалімдердің 68%-ы білім беру жүйесінің қашықтан оқыу жүйесіне көшуге дайын емес екенін атап көрсеткен.

Министр Асхат Аймағамбетов елдегі білім беру жүйесіндегі кездескен басты проблемалардың бірі ретінде отандық IT платформалардың болмағанын алға тартты. Бір мезетте көп оқушы бас қосып сабақ өткізе алатын стриминг байланыс жоқтығы, цифрлық сауаттың аздығы және интернет арқылы білім алу барысында толыққанды бағдарламалық қамсыздандыру жоқтығы да кедергі болды дейді министр.

Әзірге кедей және алыс ауыл балалары үшін қашықтан оқу қол жетпес болып тұр. Бұл білім алудағы теңсіздікке әкеліп, кейіннен тұрмыстағы теңсіздікке соқтыратыны анық.

Читать также ...
Білім берудегі теңсіздік: Қазақстандағы отбасылардың тек жартысы ғана жоғарғы жылдамдықты интернетке қол жеткізген

 

Не істеу керек?

Зерттеушілер білім берудегі қашықтық форматына көшу қажеттілігі мен жағдайды дамытудың әртүрлі нұсқасын қарастырады. Олардың барлығы білім берудің теріс салдары болуы мүмкін екенін көрсетеді. Барлық елдердегі күн тәртібінде қазір шығындардың ауқымын азайтатып, пандемия жағдайынан шығудың оңтайлы стратегияларын іздеу тұр.

Ұсынылған шаралардың бірі – жаңа  оқу жылындағы оқу күнтізбесін ұзарту. Лондон экономика мектебінің бағалауы бойынша, пандемия кезінде жоғалған әр аптаның орнын толтыру үшін аптасына екі сағаттан астам уақыт қажет.

Бір немесе бірнеше сынып оқушыларын ыңғайлы топтарға біріктіре отырып, қатар алып жүретін қосымша мұғалімдерді тарту қажет болуы мүмкін.

Аймақтар мен әлеуметтік-экономикалық топтар арасындағы теңсіздікті жою үшін білім берудің жаңа платформаларындағы бағдарламаларын барлық студент пен мұғалім сәтті пайдалана алатындай етіп жасау керек.

Теңсіздікті жою жөніндегі шаралардың бірі ретінде жалпы төмен нәтижелері бар, артта қалған мектептерге, сондай-ақ қолайсыз аудандардағы мектептерге нақты гранттар беруді қарастыруға болады.

Қазақстанда алдағы оқу жылында оқушылардың кем дегенде төрттен бір бөлігі қайтадан қашықтан білім алатын болады. Сондықтан қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейту, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивтілікті қамтамасыз ете отырып, білім беруді цифрландыру қажет.

Қолға алуға тиіс шаралар қатарына отбасылар мен мұғалімдердің ақпараттық технологияларды пайдалануы үшін техникалық құралдардың қолжетімділігін арттыру, байланыс сапасын арттыру және цифрлық оқу материалдарын әзірлеу үшін көрсетілетін қолдауды жақсарту жатады.

Шұғыл дайындалған бейне сабақтарды бүкіл оқу жылына арналған бейне сабақтардың тұтас сериясына ауыстыру, қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеу бойынша педагогтардың құзыреттілігін арттыру, мектептегі оқыту мәдениетін өзгерту, тиімді кері байланыс қалыптастыру жоспарлануда.

Компьютерлері жоқ, интернетке қолы жетпей отырған балаларды оқыту, білім беру алшақтығын жою туралы мәселе әлі күн тәртібінде жоқ. Келесі жылғы білім беру амалы қалай болатыны белгісіз. Келесі оқу жылы да қашықтан болуы мүмкін.