“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры» құрамына кіретін кейбір компаниялар холдингтік құрылымның өзі сияқты соңғы жылдары жеке компаниялармен қатар ашық ақпарат беру және компанияның есебін жариялау жағынан көзге түсіп жүр. Жеке компанияларды ашық ақпарат таратуға KASE секілді төбесінен қарайтындар итермелейтінін ескерсек, «Самұрық-Қазынанікі» ашықтыққа қарай бет алған өз бастамасы болып тұр.

 

Маңызы қанша?

Жылдық есеп ауқымы өте кең. Онда қаржылық есепке қарағанда компанияның қызметі толық ашып жазылады. Операциялық және қаржылық көрсеткіштерден бөлек, бұл құжатта стратегия, корпоратив басқару және тәуекелдерді басқару, қызметкерлерді басқару және әлеуметтік саясат, қоршаған ортаны қорғау секілді көптеген бағыт ашып көрсетіледі. Компания жұмысын зерттейтін сарапшы Жылдық есеппен танысқан соң компания жайлы толық ақпаратты ала алады. Әрине, бұл құжат әдетте компания басшылығының көзқарасы бойынша жасалады және көп жағдайда кейбір шетін мәселелерді қамтымауы мүмкін.  Дегенмен, ең нашар жасалған жылдық есептің өзі көп нәрсенің басын ашып алуға мүмкіндік береді. Мысалы, көлеңкелі тұстарды байқап, болуы мүмкін тәуекелдер көзін табуға болады.

Ұлттық компаниялардан біз ашықтықтың жоғары деңгейін күтеміз. 

Олардың қызметінің мультипликатив әсері экономика мен азаматтардың әл-ауқатына қаншалықты әсер ететінін айтып жату қажет емес сияқты. Бұл компанияларда ондаған мың адам жұмыс істейді, олардың тапсырысы жергілікті мыңдаған тауар мен қызмет жеткізушінің жұмысына тікелей әсер етеді. Олардың салығы мемлекет салығының ең маңызды бөлігі, ал инвестициялары –  өңірлердегі инфрақұрылымдық дамудың маңызды факторы. Біз Қазақстандағы ұлттық компаниялар өз міндетін адал және тиімді атқарса дейміз. Себебі ол миллиондаған адам мен көптеген кәсіпорынның өміріне әсерін тигізеді. Дәл осы себеппен олар ашықтықтың ең жоғары деңгейін көрсетіп, ел алдындағы есебін еркін жариялап отырғаны керек.

Читать также ...
ҚазМұнайГаз бен ESG: мұнай компаниясына не үшін ESG тәуекелді бағамдап отыру маңызды?

Көптеген ұлттық компания қазір осы бағытты ұстанады. «QRA» рейтинг агенттігінің жыл сайынғы жылдық есептердің сапасын бағалау қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда жылына 100-130 Жылдық есеп жарияланады екен. Елдегі ірі компаниялардың бірнеше мың екенін ескеріп қойыңыз. Көптеген қазақстандық компания ашықтыққа баратын жолды әлі де қысқартып, адымын жеделдету керек екені айқын.

Дегенмен, соңғы жылдар ішінде біз «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы тек жылдық есепті жариялап қана қоймай (бұл жақсы үрдіс екені айдан анық), тіпті көбіне көш бастап тұрады. Бұл – олардың есебінде ақпарат мол, ал кейбірі Қазақстандағы көптеген компаниялар үшін үлгі етуге тұрарлық дегенді білдіреді.

2019 жылы жарияланған Жылдық есептер рейтингінде үздік жиырма бестікке компанияның 9 (12-нің ішінен) портфельдік компаниясы мен холдинг құрылымының өзі кірген. Рейтингтегі үздік ондыққа холдингтің 7 компаниясы ілікті. Соңғы жылдардағы өсу қарқынына қарасақ, жағдай айтарлықтай тұрақты және «Самұрық-Қазынаның» көптеген компаниясы Жылдық есептер рейтінгіндегі басты орындарда тұр.

 

Бұны қалай жасайды?

Есеп беру деңгейі көбінесе ұйым ішінде болып жатқан процестерді көрсетеді.

Соңғы жылдары жылдық есептерді дамытудың бүкіл әлем бойынша маңызды бағыты қаржылық емес ақпаратты, әсіресе корпоративтік басқару және тұрақты даму мәселелері бойынша (атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік саясат, персоналды басқару, сатып алу және т.б. мәселелер кіреді) ашу сапасын арттыру болды. Егер компанияда белгілі бір бизнес тәжірибелер енгізілмесе, мұндай ақпаратты сапалы ашу қиын.

«Самұрық-Қазынада» соңғы бес жыл ішінде холдинг құрылымы мен портфельдік компаниялардың жұмысына тұрақты даму қағидаттарын енгізуді басты бағыт етіп ұстанғаны көрінеді. Тұрақты даму саясаты пайда болды. Бұл – компания стратегияларына барынша айқын ықпалдастырылды және осы бағыттар бойынша қандай да бір жұмыс жүріп жатқаны көрініп тұр. Мысалы, компаниялар үшін әртүрлі мүдделі тараптармен (қызметкерлерді, серіктестерді, жергілікті қоғамдастықтарды, жеткізушілерді және т.б. қоса алғанда) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыстар жүргізу холдинг үшін қалыпты жағдайға айналады. Бұл жұмыс тұрақты даму бағытындағы сәтті қозғалыстың кілті болып саналады. Дәл осындай өзара іс-қимыл арқылы мүдделі тараптардың бағыттары анықталады. Бұл кейіннен компания менеджменттік шешім қабылдаған кезде және жылдық есепте ақпарат берген кезде ескеретін болады.

Читать также ...
«Самұрық-Қазына жылы»: 2019 жылы Қор табыс тауып, шығындарын да мойындады

Мұндай компаниялардың даму қарқыны әрқалай болып келеді. Соңғы бірнеше жылда, мысалы, «ҚазМұнайГаз» тұрақты даму мәселесін мықтап қолға алғаны көрінеді. Оны компанияның жылдық есебінің сапасынан-ақ аңғаруға болады. (былтыр есеп елдегі үздік бестікке кірді). Дей тұрғанмен,  «Қазпошта» мен ҚТЖ ұсынған ашық ақпараттарға қарасақ, өз қызметіне тұрақты даму мәселелерін сырт көз үшін ғана енгізумен шектеледі және есеп беру деңгейі бойынша  көш соңында келеді.

«Қазақтелеком» тұрақты дамуы жайлы ақпаратты халықаралық стандарттарға сай беруге тырысып, өзінің корпоратив сайтында арнайы бөлім ашып қойған. Алайда бұл бөлімдегі ақпарат 2017-2018 жылдарды ғана қамтиды. Компания есебінде GRI G4 стандарттары жайлы жазылған. Ал бұл 2018 жылдың 1 шілдесінен бері қызмет етпейді. Сондай-ақ Стейкхолдерлермен қарым-қатынас жоспары және 2018 жылға арналған бастамалар жоспары жарияланған. Бұл құжаттар содан бері жаңармаған. Бөлімдегі басқа материалдар да осының кебін киіп тұр. Бұл – тұрақты даму бағытындағы жүйелі жұмыс жоқтығын көрсетеді. Біздің ойымызша, компанияның осы тақырыпқа қызығушылығы эпизодтық сипатта болды. Бұл ұзақ мерзімді тұрақты даму идеясын толығықтай құнсыздандырады.

Дегенмен, бұл құбылыстың басталып, сеңнің қозғалғаны маңызды. Жақсы-жаман болсын, компания топтары, тіпті екінші деңгейлі еншілестері де осы ізбен келеді. Бұл олардың бизнес тәжірибелерін басқа жеке компанияларға қарағанда жақсарта түседі. Жеке компаниялар кей кезде болмаса, тұрақты даму принциптерін енгізу, корпоратив басқару, мүдделі топтармен әрекеттесу секілді көптеген пайдалы шаруаны жүзеге асыруға асығар емес.

Читать также ...
Дивиденд тарту: «Самұрық-Қазына» президенттің тапсырмасын қалай орындады?

«Самұрық-Қазына» құрамына кіретін компаниялар корпоратив басқарудағы мәселелерді ашық көрсетумен көзге түсіп келеді. Бұл – оларды жеке компаниялардан ерекшелендіріп тұратын тағы бір фактор. ҰӘҚ құрамына кіретін компаниялардағы корпоративтік басқаруды дамыту жұмыстары ертерек басталғандықтан, нәтижесі де қазір көрініп жатыр.

Ұлттық компанияларға бизнес тәжірибелерін дамытумен қоса әртүрлі жарияланымдары да жақсы көмектеседі. Инвесторлар ақпараттың ашылуына қатты мән береді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК бизнес тәжірибе мен есеп беруде үнемі жақсы көзге түсіп жүрді, ал IPO-ға шыққан соң бұрынғыдан да жақсарды десе болады. Өткен жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұсынған жылдық есеп біздің бағалауымызша Қазақстандағы ең үздік есеп болып танылды. KEGOC та халықтық IPO-дан кейін есептілік жағынан көшбасшы болып танылған еді. Соңғы жылдары біз есептілік жағынан «Эйр Астананың» да ілгері басып келе жатқанын байқаймыз. Олар да жақын арада акцияларын IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. IPO-ға шығу есептіліктің жақсарып кететін көрсетпейді. Жоқты бар қылу мүмкін емес. IPO тек компанияның корпоратив басқарудағы және басқа да салалардағы көптеген мәселесін қайта қарауға түрткі болып қана отыр. Бұл жылдық есепті жасау барысында да әсерін тигізеді.

Біздің рейтингте қазақстандық компаниялар өзара салыстырылады. Ұлттық әл-ауқат қоры құрамына кіретін компаниялардың Жылдық есеп сапасы да жергілікті деңгейде көрсетіледі. Ал шетелдік компаниялармен салыстырар болсақ, айырмашылық жер мен көктей болар еді. Холдинг өз жұмысындағы тұрақты даму қағидаттарына қарай алғашқы қадамдарын ғана жасап жатыр. Дамыған нарықтардағы бизнес күн тәртібінен әлі алыс. Мысалы, мекеме құндылықтары негізінде стратегия әзірлеу, әр түрлі әлеуметтік топтардың қызметкерлері үшін тең жұмыс мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, бизнес-модель ауаны өзгеруінің әсерін бағалау, негізгі шешімдер қабылдау кезінде топ-менеджердің көптеген мүдделі тараптардың мүдделерін ескеру, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске қосу сияқты мәселелер бойынша жұмыстар аса байқалмайды.

Читать также ...
Дивиденд тарту: «Самұрық-Қазына» президенттің тапсырмасын қалай орындады?

Қазақстандағы салыстырмалы түрдегі көшбасшылығына қарамастан, «Самұрық-Қазына» есептері әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді.

 

Ekonomist.kz  редакциясының пікірі

Тұтастай алғанда мемлекеттік сектор мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және оның еншілес компанияларына қарата айтылған сынға қарамастан, холдинг шын мәнінде қазақстандық стандарттар бойынша қаржылық және жылдық есептіліктің айтарлықтай жоғары стандарттарымен ерекшеленеді. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ бас компаниясына да, портфельдік компанияларына да қатысты.

Дегенмен, бұл жұмыста да қателіктер мен кедергілер болып тұрады.

Өкінішке қарай, 2020 жылы 17 шілдеде былтырғы жылдың есебі әлі көпшілік назарына ұсынылмады. Ал бұл уақытта «Самұрық-Қазынаның» көптеген еншілес компаниясы есеп ұсынып үлгерген еді.

Тағы бір кемшілік деп ҰӘҚ қарасты компаниялардың бірі «Тау-Кен Самұрықтың» қаржылық есебіне қаржыгер Мұрат Темірханов жасаған сараптаманы айтуға болады. Сарапшыны кейін сотқа берді (бұл жайында Мұрат Темірханов  Facebook аккаунтында  жазды). Компания басшылығы Мұратты жалған ақпарат таратты деп айыптады. Ал сарапшылар арасында «Тау-Кен Самұрықтың» әрекетін айыптаушылар көп болды.

«Самұрық-Қазынаның» есеп беру деңгейін және өз қызметінің ашықтығын арттырғаны, әрине, жақсы. Егер қарамағындағы портфельдік компаниялар қоғаммен байланыс сапасын жақсарта алса, нұр үстіне нұр болар еді.