Маргарита Бочарова, Аслан Сейіттің иллюстрациясы

Дағдарысқа толы 2020 жылдан соң Қазақстан үкіметі «Еңбекпен қамту жол картасы-2021» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріспек. Бұл жаңа жобаға билік әзірге «аз уақытқа адам тартатын» жұмыстарды қосуға асығар емес. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, республикада еңбекпен қамту мәселесін тиімді шешу үшін жыл сайын 600 мың тұрақты жұмыс орнын ашып отыру керек. Бұған дейінгі «Еңбекпен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бұл көрсеткіштің алтыдан бір бөлігін ғана қамтиды. Бұл бағдарлама құрылыс-жөндеу жұмыстары кезінде 240 мың адамды жұмысқа тартуды көздеген болатын. Мемлекеттің уақытша жұмыс орындарына субсидия бөлудегі логикасы мен әрекетін біз жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар мен салалық сарапшылардың талқысына салған едік 

Артық адамдар мен асыра  сілтенген цифрлар

Аты-жөнін әйгілемеуді сұраған шағын құрылыс компаниясы директорының айтуынша, әкімшіліктен: «Жұмыспен қамту орталықтарына барыңыздар, пәленшеге, түгеншеге жолығыңыздар», – деп жібереді. 

Біз келдік. «Адам бар ма? Беріңіздер!» – дейміз. Ал оларда бір де бір маман жоқ. Тіпті бірлі-жарым жұмыскер тауып бере алмайды, – дейді Нұрасыл. (Өтініші бойынша есімін өзгеріп жазып отырмыз).

– Сосын біз не істейміз? Керек қызметкерді өзіміз табамыз. Ал тапқан кезде олар: «Біз арқылы табылған сияқты етіп, еңбекпен қамту орталығы арқылы рәсімдеңіз», – дейді. Иә, осылай құжат бойынша Еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмыс беруші мен жұмыскер бірін бірі тауып жатады.

Нұрасылдың компаниясы Алматы қаласында «Еңбекпен қамту жол картасы-2020»  бағдарламасы аясында 226 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысқан екі жүздей компанияның бірі. Дағдарысқа қарсы бюджет – шамамен 104 млрд теңге. Игерілген соң 1,9 мың алматылық тұрақты жұмыс орнына ие болуы керек. Осылайша, әр жұмыс орны бюджеттің мойнына 55 млн теңгеге жуық қаржы болып ілінеді. Мұншалықты жөнсіз шашылған қаржы америкалық экономистердің: «…еңбек бағдарламаларына серпін беруге бағытталған мұндай шығындар олардың тиімділігіне сай болмайды», – деген түйінінің растығына тағы бір рет көз жеткізеді.

Дей тұрғанмен, әкімдіктің мәлімдеуі бойынша, 2020 жылдың тоғыз айы ішінде мемлекет субсидия бөлген уақытша жұмыс орындарына 19 мың қала тұрғыны орналасқан. Мұның жартысына жуығын жұмыс берушіге еңбекпен қамту орталықтары тауып берген-мыс. Нұрасыл жұмыскер табудың бұл әдісінің мүлдем тиімсіз екенін дәлелдеп бағуда. Оның айтуынша, билік жұмыссыздарды қамту санын ұлғайтып, 10 адамды 20 деп көрсетеді. «Мысалы, бір нысанға 10 немесе 20 адам керек делік. Одан артық қажет емес. Жігіттер жұмысқа бірден кірісе берсе болады. Уақытында аяқтайды, жұмыс сапасы да жаман болмайды. Ал бұл кезде әкімдіктің жол картасы бойынша мұндай жұмыс орнына кем дегенде 40-50 адам қарастырылған. Сөйтіп олар: «Бол, бол, адам ал» деуге кіріседі. «Артық жұмыскердің керегі не? Тиын-тебен үшін жұмыс істесін бе?» дейміз. «Еңбекпен қамту жол картасы» бойынша алымдарды есептемегендегі жалақының төменгі мөлшері – 85  мың теңге.

Көрсеткіш қуу жағы бар екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығындағылар (ЕРДО) да жоққа шығармайды. Орталық президенті Дәулет Арғындықовтың айтуынша, «жұмыспен қамту органдары қамту көрсеткіштерін ұлғайту мақсатында Бағдарламаға қатысушыларды бірнеше рет бір жұмыс орнына жіберген жағдайлар тіркелген». 

Жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетін үміткерлер де осы құрылымдардың тиімділігін идеал үлгі дей алмайды. 2019 жылы зерттеуші Анна Альшанскаяның елордалық жастарға арналған шағын онлайн сауалнамасында әр үшінші респондент жұмыссыздарды еңбекке тартуда шамадан тыс бюрократия бар екенін немесе жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің немқұрайдылығы мен біліксіздігі жоғары екенін атап өткен. 

Ең қызығы, елдегі жағдайда мүмкіндіктерінің шектеулі екенін жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің өздері де түсінеді. Моноқалалардағы жастарды бейресми жұмыспен қамту проблемасын зерттеу барысында сұралған орталық қызметкерлері көп жағдайда мемлекеттің «бас жұмыс беруші» екенін мойындады. ЕРДО ақпараты бойынша, 2019 жылы жастар практикасына қатысушылардың 42%-ы оны мемлекеттік секторда өткен. «Сол құрылым өкілдерінің жауаптарын қарасақ, мемлекеттік органдардағы жұмыс орындары көбінесе нақты қажеттіліктен емес, тек мемлекеттік бағдарлама үшін ғана құрылған», – деп жазады моноқалалар туралы зерттеу авторлары. Олардың бірі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты бағалау кезінде игерілген бюджет пен санның көрсеткіштеріне назар аударудың қажеті жоқ деп санайды.

Жақсы, жаман және жалған жұмыс 

«Бағдарлама қатысушыларынан сапалы пікір алуға және нәтиже барысын бағалауға мүмкіндік беретін өлшеуіштер қажет. Мәселе мынада: қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар практикасы – жұмыспен қамту саласындағы көлемді бір мемлекеттік бағдарламаның әртүрлі компоненттері. Бұл бағыттар өзара келісілмеген, ал талаптың өзі бөлінетін бос жұмыс орындарына қызметкерлерді жалдауға дейін жеңілдетілген», – дейді Бейсембаев. 

Зерттеуші айтып отырған сапалы индикаторлардың бірі – мысалы, уақытша деген жұмыс орыны тұрақты жұмысқа айналған жұмыссыздар саны. 2020 жылдың 10 айындағы ЕРДО-ның жедел деректері бойынша, уақытша жұмыспен қамтылғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасудың жалпы үлесі 29% (Алматыда – 3%). Дағдарысқа дейінгі, яғни эпидемиялық тұрғыдан қолайлы уақыттағы көрсеткіш біршама жоғары болды. Атап айтқанда: «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың барлық кезеңінде уақытша жұмыс орындарында «күрек ұстаған» адамдардың 35%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Дегенмен тұрақты жұмыспен қамтылғандардың үлесі жолдамасына қарай айтарлықтай өзгеріп отырады: 2020 жылы жастар практикасына қатысушылардың 43%-ы тұрақты жұмысқа орналастырылса, «әлеуметтік жұмыс орындары» бағыты бойынша келгендердің 66%-ы, «қоғамдық жұмыстар» бағытындағылардың 25%-ы тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді ЕРДО-дағылар. «Субсидия бөлінетін жұмыс орындарын ашу шаруалары қағазбастылықтың арқасында күрделенетін немесе ақпарат аз жететін шағын бизнес саласында жұмыспен қамту мәз емес, – дейді Арғындықов тұрақты жұмысқа орналасудың өсуін тежейтін факторларды атау барысында. 

 

Читать также ...
Қазақстандағы урбандалу: басымдықтар өзгерісі

Экономиканың нақты бір секторындағы кәсіпорын еңбекпен қамту орталықтарынан «ақпаратты хат» алысымен оған бірден жауап қайтаруға құлықты бола бермейді. Альшанская мұндай жағдайда шет ел тәжірибесіне сүйенген пайдалы дейді. Онда жұмыс беруші жас маманды өзіне қабылдауы үшін түрлі субсидия, салық жеңілдіктері секілді ынталандыру шаралары қарастырылады екен. Әзірге салықтан босата қоятын еш тетік жоқ. Кәсіпкерлер еңбекпен қамту бағдарламаларынан өзіне пайдалы деген жерлерін ғана алуда. Тек 2018 жылы ғана Бас прокуратура 120 жұмыс берушіні жалған жұмыс орындары үшін қылмыстық жауапқа тартты. Бақылаушы орган сол кездің өзінде мұндай 766 факт болғанын мәлімдеді.

«Ең күрделісі – әлеуметтік жұмыс орындарын қамту. Себебі бюджет қаражаты нақты жұмыс берушіге бөлінеді», – дейді ЕРДО басшысы. Нәтижесінде кәсіпкерлер қайтыс болғандарды, мүгедектер мен басқа мекеме жұмыскерлері немесе бұрынғы қызметкерлерін есепке алып алатын. Зейнетақы қорына жарна аудармай немесе жалақыны кешіктіріп береді. Зерттеушілерге жауап берген жастар «Жасыл ел» жобасына қатысу барысында  өздерін адам құрлы көрмейтін жағдайлар туралы айтып берді. 15 жыл ішінде 300 мың мектеп оқушысы мен студент осы жобада жұмыс істеген. 

 

Бақылау – бүгін, диверсификация – ертең 

Жолданған сауалға Алматы әкімдігінің берген жауабына қарағанда, міндетті зейнетақы аударымдарын төлемеу жағдайларын билік қазірдің өзінде де тіркеп келеді. «Күннен-күнге мұндай заң бұзу фактілері азайып келеді. Ол үшін бизнес-процестерге IT  бағдарламалар орнатудың арқасында белгілі бір шаралар қабылданды», – дейді Арғындықов. «ITeachMe» құзырет дамыту орталығының директоры Захира Бегалиева бұл шаралардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айтып берді. 

Мүгедек адамдарды IT мамандықтар бойынша оқытумен айналысатын қоғамдық қордың басшысы ретінде ол Жұмыспен қамту орталығымен арадағы уағдаластық аясында оларға мүмкіндігінше жұмыс ұсынады. Орталық жағдайды үнемі қадағалап отырады. «Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне бір күннен кейін қоңырау шалып, сұраған жағдайлар болдыы. Сондай-ақ, олар балалардың шынымен жұмыс істеп жатқанын көру үшін 17:45-те кіріп келеді», – дейді Бегалиева. Ол мемлекет тарапынан ұдайы бақылаудың арқасында соңғы уақытта жұмыспен жалған қамту ауқымы азайды деп санайды. Жақында, мысалы, қызметкерлердің бірінің шотына күтпеген жерден қаржы аударылған үшін Қор ұзақ ақталуға мәжбүр болды. Ал ол бір жарым жыл бұрын жас жігітке қарыз болған жұмыс берушіден түскен зейнетақы жарнасы еді. 

«IteachMe» жағдайында Қызметкер мен жұмыс беруші арасында ақша жүрмейді. «Жұмыспен қамту орталығы ақшаны тікелей қызметкерге аударады. Біз жалақы туралы ақпарат береміз, жұмыспен қамту орталығы зейнетақы жарнасын да, барлық қажетті салықтарды да аударады. Бұл жағдайда ҮЕ еңбек күшінің тұтынушысы, ал қаржы біз арқылы өтеді. Бұл дұрыс тәжірибе. Себебі жария түрде жасалады», – деп түсіндірді Бегалиева. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықты болдырмау – жұмыстың уақытша сипатындағы негізгі «минусты» жоққа шығармайды. Қоғам белсендісі 2020 жылы өзіне қажетті барлық кәсіпті игергендерді биыл жұмысқа қабылдауға рұқсат берілмейтініне қынжылады.

Экономист Данияр Молдоканов бұл ретте мемлекеттің уақытша жұмыс орындарын құруы «жас мамандарға тәжірибе жинауына ғана пайдалы» екенін еске салады. Ауланы абаттандыру немесе мемлекеттік орган ғимаратын жөндеу бойынша біліктілігі төмен жұмыста істеген кезін жазса, түйіндеменің «көркі кірмейді» және еңбекке енді араласқан маманның сапасын арттыруға ықпал ете алмайды.

Тәуелсіз зерттеуші мұндай жұмыс орындары мамандықтар бойынша әртараптандырыла отырып құрылуы қажет екеніне сенімді: «Енді мемлекетте жұмыс іздеушілердің бірыңғай базасы бар. Сол бойынша белгілі бір квота белгілеп, базадан жұмыс күшінің 20%-ын тарта алады. Сол кезде ғана мемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдарға өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін түлектер жұмыссыз ретінде тіркелуге ынталалы болар еді». 

Бейсембаев жастар практикасына басымдық бере отырып, «жалпы алғанда, «Еңбекпен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының дизайны қайта қаралуға тиіс. Әсіресе жеке бағыттарына баса назар аударылуы керек. Бір бағдарлама орнына бірнеше шағын бағыттағы жобаларды іске қосу керек деп есептеймін», – дейді. Оның ойынша, жастар үшін жеке ментормен жұмыс істеу  қазіргі жұмыспен қамту механизмдеріне қарағанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Арғындықов адамдарды әлеуметтік жұмыс орындарына қайта жұмысқа орналастыру фактілерін мойындай отырып, «шараларды нақты топтарға бейімдеу керек. Қазір керісінше болып отыр» дейді.

 

Көңіл көтеріліп келеді

Кемшін тұстары қаншалықты көп болса да жұмыс орындарына мемлекеттің субсидия бөлуі – көп жұмыссыздың екі қолына бір күрек тауып беретін сенімді әдіс. Бейсембаев Еңбек министрлігі келтірген мәліметтерге сүйене отырып: 2011–2018 жылдар аралығында 440 мыңға жуық адам уақытша жұмыспен қамтылғанын және бұның дәл осы кезде еңбек бағдарламалары арқылы тұрақты жұмысқа кірген адамдар санына қарағанда екі есеге аз екенін айтады.

Қазақстанда мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда сусбсидияланатын жұмыс орындары «жүйелі әрекет механизмі» немесе тікелей дағдарысқа қарсы құрал ретінде қарастырылады. Оның алғашқысы ретінде «Еңбек», одан кейінгісі «Еңбекпен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын атауға болады. «Еңбек» бағдарламасының ауқымын кеңейту үшін 2020 жылы жоспарланған 123 млрд теңгенің үстіне тағы 50 млрд теңге бөлінді. Ал «Жол картасы-2020» бюджеттің 1 трлн теңгесін ойып алды. Барлық мемлекеттік бағдарламалар әлеуетін ескересек, былтырдың өзінде елде 1 млн 220 мың адам жұмыспен қамтылуы керек еді. «Бұл шаралар жұмыссыздық көбеюінің алдын алу ғана емес, оның деңгейін төмендетуге де сеп болды», – дейді ЕРДО басшысы. 

«Жұмыссыздық көбеюі мен халықтың әл-ауқаты төмен топтарының жағдайы одан әрі төмендемеуінің алдын алу жағынан қарасақ, уақытша жұмыс орындарын ашу мемлекет тарапынан көрсетілетін маңызды әлеуметтік құрал саналады», – дейді Альшанская. Ал Бегалиеваның ойынша уақытша жұмыстың өзі адамды сергітіп, өз мүмкіндігін бағалап, өзіне деген сенімі артып, еңбек нарығына еркін кіруіне түркі болады. Мұнымен қатар, аз болса да тұрақты кірістің арқасында адам тұрмыс, баспана жағдайын түзеу мақсатындағы шағын несиелер алуына мүмкіндіктік береді. 

Дегенмен, отандық сарапшылар уақытша жұмыс орындарымен қамтуды тұрақты еңбекке бастар әдіс деп есептемейді. Еңбек нарығына мемлекеттің араласуы мен жұмыс орындарын ашуға қатысты мақсатты қадамдары жұмыссыз қазақстандықтарға сапалы еңбекке араласуға мүмкіндік бермейді. Өзін дамытуға деген ынтасын оятпайды. Нәтижесінде ол адамдар ел мәңгі жұмыссыздар қатарынан шыға алмай қалады. Есесіне жұмыссыздық деңгейі 5% деген психологиялық деңгейден ауытқымайды. Экономикадағы жағдайларға қарамастан бұл көрсеткіштің өзгермегеніне 10 жыл болды. 

Бұл аралықта Халықаралық еңбек ұйымы уақытша жұмыспен қамтуға жиі ұмтылатын дамушы елдер үкіметтерін адам ресурстарын орнымен пайдалануға шақырып келеді. «Таңдалған инфрақұрылымдық және экологиялық жобалар пайда әкеліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіретін «жанды жерді» дәл тауып, жойып отыруын қамтамасыз ету маңызды дейді. Қазақстан үкіметі әзірге керісінше әрекет еткенді жөн көріп, еңбекпен қамту бағдарламаларына миллиардтар бөлуді жалғастыра отырып, әлеуметтік-экономикалық әсерін жоба жүзеге асқан соң зерттемек.