Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауында жергілікті биліктің қызметін бағалау қажеттігін айтқан болатын. Дәлірек айтсақ, сауалнама немесе онлайн дауыс беру түріндегі пилоттық жоба аясында жергілікті билік жұмысының тиімділігін халықтық бағалау жүйесі туралы айтқан.

«Сауалнама немесе онлайн дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30%-ы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп бағаласа, бұл Президент әкімшілігі тарапынан арнайы комиссия құруға негіз болады, ол комиссия мәселені жан-жақты зерттеп, тиісті ұсыныстарды көрсетеді», – деді мемлекет басшысы.

Бүгінгі мақалада көтеріліп отырған мәселенің саяси жағын емес, бастаманы жүзеге асыру барысында туындауы мүмкін техникалық мәселелерді сөз етпекпіз. Аталған форматтың артықшылығы қандай, кемшілігі неде? Бұл әдісті саяси шешім қабылдауда қолдану қаншалықты орынды?

 

Әлеуметтанушылар кездесетін қиындық

Қоғамдық пікірді анықтау үшін сауалнама жүргізуде қолданыла алатындай мәліметтер алу үшін ең бірінші кезекте процесті жүргізудің, яғни қоғамдық пікірді зерттеудің басты шарттары орындалуы тиіс. Әңгіме зерттеуге қатысушылардың деректерін жасырын сақтауды және жалпы жиынтықтың іріктелген жиынтық жауапқа сәйкес келуін қамтамасыз ету жөнінде. Яғни, азаматтардың зерттеуге арнайы іріктеу бойынша қатысуы маңызды. Ал егер ұсынылып отырғандай, бағаны белгілі бір сайттың қолданушылары беретін болса, таңдауда айтарлықтай қателікке жол берілуі мүмкін. Мұндай нұсқа сауалнамаға қатысушыларға әкімдік немесе басқа да бақылаушы органдар тарапынан қысым жасалуына және басқа да манипуляцияға алып келеді.

Репрезентативтік іріктеуді қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндіру кезінде үнемі айтылатын ең үлкен қателікті еске түсіріп көрелік. Америкалық «Әдеби дайджест» журналы 1936 жылы АҚШ-тағы кезекті президентік сайлауға қатысты көпшіліктің пікірін білу үшін сауалнама жүргізеді, алайда сауалнамаға қатысушылардың көптігіне қарамастан, нәтижеден қателеседі. Өйткені сауалнама тіркелген автокөлік иелері мен телефонды пайдаланатын тұрғындар арасында жүргізілген, олардың табысы ел халқының басқа бөлігімен салыстырғанда жоғары болған.

Қазақстан Республикасының барлық аймағында аймақ басшыларын қызықтыратын ақпаратты жинақтаумен айналысатын ақпараттық талдау қызметтері мен орталықтары бар. Тек зерттеу барлық жерде бірдей тұрақты жүргізілмейді, сонымен бірге методологиялық және әдістемелік база деңгейі жеткілікті емес және өлшемнің тәуелсіз болуы сынды маңызды шарт есепке алынбайды. Сауалнама түрінде бағалау кезіндегі кедергі келтіретін жайт ретінде объективті бағалауға қол жеткізудің қиындығы айтылады, анонимдік сақталады дегеннің өзінде де сұрауға қатысушылардың көбі ықтимал салдарын ойлап, пікірін ашық білдіруден қашады.

Читать также ...
Президент Тоқаевқа үндеуі: коронавирусқа қарсы бөлінетінін 6 триллион теңге жайында

 

Субъективті сипаттағы қиындық

Жергілікті билікті тұрғындардың пікірі негізінде бағалау кезіндегі қиындық қатарында азаматтардың, яғни сауалнамаға қатысушылардың субъективті бағалау ықтималдығы бар екені айтылады. Басқарудың объектісі де, субъектісі де адам екенін ескерсек, объективті жағдайларды ғана емес, субъективті сипатты да есепке алған жөн, соның ішінде билік органдарының қызметін әлеуметтік-психологиялық тұрғыда бағалау маңызды рөлге ие. Әртүрлі фактордың ықпалымен (бұрынғы сәтсіз тәжірибе, жергілікті әкімшілік өкілдеріне жеке ренішінің болуы, қызғаныш) әдейі төмен баға қойылуы мүмкін. Сондай-ақ халықтың бағалауына қандай да бір мүдделі саяси күштердің әрекеті әсер етуі мүмкін.

Сауалнама кезінде қатысушы азаматтардың өзіне де мән беру керек, соның ішінде олардың құқықтық сауатына, белсенді азаматтық ұстанымына және жалпы азаматтық қоғам мәдениетінің деңгейіне назар аударған жөн. Қоғамдық пікірге мониторинг жасау нәтижесінің объективті болуына, бағалау кезінде респонденттердің объектілерді ауыстырып алмауына, жалпы тұрғындардың құқықтық сауатын дамытуға қол жеткізу үшін бұл өте маңызды.

 

Ақпараттық сауатпен байланысты қиындық

Азаматтардың аймақта жүзеге асып жатқан қандай да бір жобалар туралы хабардар болу-болмауы да маңызды проблема. Азаматтар жергілікті билік органдарының нәтижелі және тиімді жұмыс істеп жатқанын дәл бағалай ала ма? Олар жергілікті биліктің құзыреті мен өкілеттігі туралы жеткілікті деңгейде біле ме?

Жергілікті билік органдары қызметінің тиімділігін жұмсалған ресурстың (қаржы, еңбек, ақпарат және тағы басқа ресурстар) мақсатты жұмсалуының есептік арақатынасы мен аймақтық басқару нәтижесіне қарап анықтайды. Алайда, азаматтар шын мәнінде шығын көлемі (бюджет, кадр және басқа да шығындар), сонымен бірге жергілікті билік жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін толыққанды түсінгенін көрсететін параметрлер мен көрсеткіштер туралы не біледі?

Читать также ...
Қарыздан құтылатын уақыт

Басқарудың нәтижелі болуы немесе билік ету және басқару нәтижесінде алға қойған мақсаттарға қол жеткізу критерийі бойынша бағалауға қатысты да осыны айтуға болады (мысалы, облыстың сол жылдағы дамуының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу). Нәтижелілікті бағалаудың маңызды бастапқы шарты – азаматтардың күтілетін нәтижеден хабардар болуы, яғни түрлі стратегия, бағдарлама, жоба, атқарушы биліктің жекелеген шешімдері туралы білуі.

Азаматтар сауалнамаға жауап беру кезінде жүзеге асып жатқан жобалардың қызметі мен оның дамуы тек болашақта ғана көрінетінін ескере ме? Сондықтан тиімділікті бағалауда тек нәтижеге ғана емес, сол сәттегі қол жеткен нәтиже мен қызмет сапасына да мән берген дұрыс.

Азаматтардың жергілікті биліктің өкілеті мен құзыреті, бағалау нысаны туралы толыққанды хабардар болмауын да осындай қиындықтар қатарына жатқызуға болады. Респонденттердің көпшілігі жергілікті және орталық атқарушы билік органдары арасындағы өкілеттік пен айырманы түсіне бермейтіні де айрықша назар аударуды қажет етеді, ал баға жалпы бір салаға және оның инфрақұрылымына қойылады. Мұны білу айрықша маңызды, өйткені жергілікті билік қызметінің айтарлықтай бөлігі орталықтан реттеледі.

 

Шешім бе, мәселе ме?

Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығын есепке алатын болсақ, қазіргі Қазақстан қоғамында жергілікті билік қызметінің тиімділігін анықтау үшін сауалнама әдісін қолдану шешім дегеннен гөрі түйткілді мәселе деген қорытынды жасауға болады.

Бұл бастама бюджеттен қосымша шығын шығуына әкеп соққанымен, көздеген нәтижеге жеткізеді деу қиын, керісінше, қоғамды биліктен алшақтатуы мүмкін.

Ұзақмерзімді перспектива тұрғысынан қарасақ, әлеуметтік сауалнама жүргізу «стратегиялық мінез-құлық» қаупін тудыруы мүмкін. Мұндай мінез-құлық қызмет қарқынының өсуіне алып келгенімен, түпкі нәтиже жақсара қоймайды. Бұл стратегияны шартты түрде «беткі қаймағын сылып алу» деп бағалауға болады. Тиімділікті көрсететін жекелеген көрсеткіштерге мейлінше назар аудару үздік нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Сондықтан тиімділікті бағалау критерийлері мен көрсеткіштері жүйесіне жобалау кезінде «стратегиялық мінез-құлықтың» пайда болуы мүмкін екенін ескеру керек, оның туындау ықтималдығын да алдын ала тап басып біліп, соған сай индикаторлар жүйесіне тиісті өзгеріс енгізіп отыру керек.

Читать также ...
Ғаламдық салықтың көзге көріне бермейтін кемшін тұстары

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, сауалнама тиімділікті бағалайтын маңызды құралдардың бірі, соның ішінде жергілікті билік қызметінің тиімділігін анықтауға да мүмкіндік береді. Азаматтардың өзі тұратын аймақтағы басшылықтың қызметін «өзінен өткізе отырып» бағалау мүмкіндігінің болуы бұл тәсілдің артықшылығын көрсетеді. Жергілікті билік қызметінің тиімділігін бағалаудың бұл әдісін Қазақстанда да пайдалануға болады. Бірақ, бұл әдісті пайдалану кезіндегі кері байланыс барысында туындайтын қиындықтың барлығы мұқият есепке алынуы тиіс.

Азаматтар жергілікті биліктің нақты қандай жұмысын бағалайтыны, олар бағалайтын әкімдердің нақты қай салаға жауап беретіні туралы жан-жақты хабардар болуы тиіс, сонымен бірге облыстағы қандай да бір басшының ол қызметте қанша уақыттан бері отырғанын да ескеруі тиіс. Алынған деректерді пайдалану үшін алынатын мән зерттеу жүргізу үшін қажетті методологиялық және әдістемелік базаны тиісті деңгейде қамтамасыз етуге және өлшемнің тәуелсіз болуына қол жеткізуге де мүмкіндік береді.

Субъективтіліктен және манипуляция қақпанына түсіп қалудан аулақ болған жөн. Сондықтан да зерттеушілердің көпшілігі интегралдық (жалпы) бағалау жүйесін дұрыс көреді, мұндай бағалау халықтың қанағаттану деңгейін өлшеп қана қоймай, қосымша сан және сапа көрсеткіштерін де ұсынады. Интегралдық бағалау кешенді бағалау негізінде жүзеге асуы тиіс, онда статистикалық көрсеткіштер негізіндегі салыстырмалы анализ, критерийлер бойынша эксперттің бағасы, тұрғындардың жекелеген жайттар мен жалпы мәселелер бойынша қанағаттану деңгейі көрсетіледі.

Көп жағдайда аймақтағы жағдайды қадағалап отырмайтындықтан, эксперттер де субъективтілікке жол беруі мүмкін. Сондықтан аймақтағы жағдайды жақсы түсінетін, кәсіби біліктілігі жоғары сарапшыларды таңдап алудың да маңызы зор.

Читать также ...
Коронавирусқа қарсы құзыреттілік пен сенім

Институционалды тиімділікті көрсететін интегралдық көрсеткіш сан мен сапа көрсеткіштерін біріктіріп, субъективті және объективті факторларды есепке алып, басқару қызметінің мақсаты мен құралдарының арақатынасын көрсетіп, сонымен бірге қысқа мерзімдегі нәтиже мен шешім қабылдау және оны жүзеге асырудың болашақтағы әлеуметтік салдары туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.