Қазақстандағы NEET (Not in Education, Employment, or Training – оқымайды, жұмыс істемейді, қайта даярлаудан өтпейді) санатындағы жастардың көптігі COVID-19 пандемиясына дейін-ақ дабыл қағатын күйде еді. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1%-ға азайту және 2021 жылы 6%-ға дейін төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды міндеттеді.

Пандемия жұмыспен қамтудың бейресми секторына, білім беру жүйесіне әсер етіп, жұмысқа орналаспаған, оқымайтын және біліктілігін арттырмайтын жастардың болашағын бұлыңғыр етті. Әлемдік еңбек ұйымы (ӘЕҰ) бүкіл әлемде, ең алдымен дамушы елдерде NEET санатындағы жастар үлесінің өсімін болжап отыр.

Көп ұзамай бұл сектор қосымша бюджет шығындарын талап етеді, бірақ жастарға арналған бағдарламаларды қаржыландыруды ұлғайтпас бұрын мемлекет жүзеге асыратын шаралардың тиімділігін бағалау маңызды.

 

250k NEET

NEET жастардың көп болуының қаупі неде? Тұрақты жұмысты ұдайы іздеу жастарды кедейлікке жақындатып, әл-ауқатының төмендеуіне душар етеді. Олардың денсаулығында кінәрат көп және қылмысқа бейім болып кетеді. Халықтың бұл сегменті қоғамдық-саяси институттар мен үкіметке деген сенімнен жұрдай.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде NEET санатын жастардың маргиналдануы мен ажырауының көрнекілігі ретінде пайдаланады. NEET жастар саны өсіп, орта жаста да көбейіп, ұзақмерзімді әлеуметтік проблемаға айналуы мүмкін.

ӘЕҰ деректері бойынша, NEET санатындағы жастар саны ең аз елдер қатарына 2019 жылы Жапония (3,0%), Нидерланды (3,1%), Сингапур (4,5%), Германия (5,4%), Швейцария (6,0%) кірді. Ең жоғары көрсеткіш Йеменде (44,8%), Иракта (44,6%) және Ауғанстанда (41,8%) тіркелген. Посткеңестік елдер арасында NEET үлесі Арменияда (36,5%) және Молдовада (27,9%) жоғары. ӘЕҰ әдіснамасында NEET санатына 15 жастан 24 жасқа дейінгі жастар енеді деп нақты көрсетілген.

Читать также ...
Жұмыспен қамтылған кедейліктің әйел келбеті

Қазақстанда NEET санатындағы немесе оқымайтын, біліктілігін көтермейтін және жұмыс істемейтін жастардың үлесі неғұрлым кең ауқымда – 15-28 жас аралығын қамтиды. 2019 жылы бұл үлес 7,4% немесе 250 мыңнан астам адамды құрады (ӘЕҰ әдіснамасы бойынша деректер – 10,5%).

NEET санатындағы жастардың ішіндегі 52 мыңы – үй шаруашылығын жүргізу, отбасы мүшелерін күту себебінен жұмыс істемейтін жастар, оның ішінде жас аналар бар. 33 мың адам – денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істемейтіндер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алатын адамдар.

Жастар арасындағы NEET үлесінің ең жоғары көрсеткіштері еліміздің оңтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Қарағанды (12,3%), Ақтөбе (8,1%) және Маңғыстау (8,0%) облыстарында тіркелген.

 

NEET: 1 карта мен 6 бағыт

Мемлекет жас азаматтарды білім беру жобаларына тарту және жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар шараны қабылдауда. 2018 жылдың қыркүйегінде 18-29 жас аралығындағы NEET жастарын жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша Жол картасы қабылданды. Жұмыс 6 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру, ұйымдастыру-әдістемелік іс-шаралар.

Жүзеге асырылатын шаралардың ішінде атап өтетіндері:

  1. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ынталандыру. Атап айтқанда: мамандарға берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту, тұрғын үй сатып алуға 3,7 млн теңгеге дейін арзан несиелер беру көзделген.
  2. 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» жобасы аясында жұмыс күші мол оңтүстік өңірлерден келген жастар солтүстік өңірлерде оқуға алынып, жұмысқа қала алады.
  3. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша барлық ниеттілер жұмысшы мамандығын тегін ала алады.
  4. Өзін-өзі асыраушы және жұмыссыз жастарды оқытып, кәсіпкерлікке ынталандыруға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында 18 мың адам оқыды, 14 мыңнан астам адам өз жобаларын қорғады, шамамен қамтылған 150 мың адамның 90%-ы жұмысқа орналасты.
  5. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметі. Олардың саны ел бойынша 200-ге жуық.
  6. Жастар ресурстық орталықтарының қызметі. 2019 жылы елімізде 208 орталық тіркелген. Онда жастар жұмысқа орналасу, білім беру, кәсіби дайындық, бос уақыт, туризм және спорт туралы ақпарат алады.
Читать также ...
Уақытша жұмыс: дағдарыстан шығу ма, беймәлім болашақ па?

 

Сапаны жақсарту

Елдегі жастардың басым бөлігі интернет ақтаратындар екеніне қарамастан, NEET жастарының негізгі проблемасы – мемлекет көрсететін қолдау шаралары туралы ақпараттан тыс қалып жататыны. Жастар жүзеге асырылып жатқан «Жас кәсіпкер» бағдарламасы туралы да құлақтанбаған.

Жұмыспен қамту саласындағы гендерлік стереотиптер де проблеманы ушықтыруда. Жұмыс берушілер жұмысқа алу кезінде ер адамдарды жұмысқа тез қабылдауға бейім. Бұл әсіресе жұмысқа жоғары сұраныс бар техникалық мамандықтарға қатысты байқалады. NEET жастарының көп бөлігін ыңғайлы жұмыс кестесін қажет ететін жас аналар құрайтынын ескерсек, шындықтың ауылы алыс емес екенін байқауға болады. Соңғы жылдары қазақстандық NEET арулар үлесі ерлерге қарағанда екі есе көп.

Білім алғанын растайтын диплом жастардың жұмыспен қамтылуына кепілдік бермейді. Бұны тегін (кәсіби/жоғары) білім беру бағдарламаларының нәтижесінен көруге болады. Алған білім сапасы көбінесе еңбек нарығының сұраныстарына сай келмейді. Жұмысшы кадрларға деген жоғары сұраныс пен тегін кәсіптік-техникалық білім беруге көшу сапаның өсуіне әкелген жоқ. Отандық жұмыс берушілер қазақстандық «техника мамандарының» біліктілік деңгейіне қанағаттанбайды. Жыл сайын жұмыс берушілер ұсынатын 20 мыңға жуық бос жұмыс орны толмай қалады.

Мұның бәрі «Серпін» жобасынан да көрінеді. Бір жағынан, жоба кеңеюде – оңтүстіктен студенттерді қабылдауға дайын оқу орындарының саны өсіп, гранттар артып келеді. Жұмыс қолы тапшылығы бар өңірлерде жастарды жұмысқа орналастыру және кейіннен сол жерде алып қалу сол шешуі жоқ мәселе күйінде қалып отыр.

Читать также ...
CANF: Орталық Азиядағы алғашқы Нобель симпозиумы

Халықты жұмыспен қамту орталықтарының (ХЖҚО) қолында үлкен ресурс бар. 2019 жылғы сауалнамаға сәйкес, ХЖҚО жұмыс іздеу құралы ретінде өте танымал емес. Сауалнамаға қатысқан жастардың тек 12,9%-ы ғана ХЖҚО-ға жұмысқа орналасуға өтініш білдірген. Бірақ  қызметкерлердің жұмыс сапасына қанағаттанбайды, оның ішінде артық бюрократизмді де атап өтті.

 

Дұрыс дағдылар мен әлеуметтену

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, NEET санатындағы жастардың ең аз үлесі бар елдер екі негізгі бағытқа баса назар аударады: (1) жастардың мектепке дейінгі білім алуына инвестиция салады, (2) жастар ортасындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге ғылыми тәсілдер негізінде, оның ішінде жеке тәсіл негізінде атаулы бағдарламаларды әзірлеу.

Бірінші бағыт алдын алу тетігі болып саналады және ұзақ мерзімді тиімді тәсіл. Мектепке дейінгі білім беруге инвестиция салудың пайдасы мол екенін ерте жастан білім беру және тәрбиелеу бойынша көптеген ғылыми зерттеу растап отыр.

Екінші бағыт – дәл қазір алдымызда тұрған проблеманы шешу және NEET санатының үлесін төмен деңгейде ұстап тұру. Жапонияның, Люксембургтің, Норвегияның тәжірибесі неғұрлым тиімді болып саналады. Ол бойынша жастардың осы санатқа кіру себептерін анықтап, кейіннен жеке-жеке, нақты бағыттағы бағдарламаларды әзірлеуге ғылыми тұрғыдан дайындық жасайды.

Жапонияның «дұрыс дағдыларды» (soft skills) дамытуға, әлеуметтендіруге, жастардың осы санатқа кіруінің себептерін жекелеп зерттеуге және өзін-өзі дамытуға ықпал ететін бағдарламаларды жүзеге асыруға үлкен мән беретіні байқалады.

Сингапурда соңғы онжылдықта тағылымдамадан өту немесе  жұмыс істеуге студент кезінде-ақ келетін жастар көбейгені байқалады. Бұл болашақта еңбек нарығына да оң әсерін тигізеді. Өйткені бұл жастар тәжірибе мен  біліктілікті ерте жинап, оқушылық өмірден үлкен өмірге аяқ басар кезде қиналмай, дағдармай жол тауып кете алады.

Читать также ...
Адами капиталдың жылыстауы және теңсіздік: қуатты институттар бұл мәселелерді қалай шеше алады?

Нидерланд жетістігінің сыры мектепке дейінгі және мектептегі білім беруге инвестицияның күшеюі, балаларды жастайынан баулуда жатыр. Статистика бойынша Нидерландтағы үш баланың екеуі мектепке дейінгі білім беру орталықтарына барады. Мемлекет мұнымен қатар, жұмыс істейтін аналар үшін әртүрлі жеңілдіктер ұсынады. Жарты күн жұмыс істегісі келетін және қалған уақытын баласына қамқорлық жасағысы келетін аналар үшін жұмыс сағаттары мен төлемдерді реттеудің бірыңғай жүйесі бар.

NEET санатындағы жастар қатарын азайту жөніндегі Норвегия саясатының ерекшелігі жастармен ғана емес, сонымен бірге тікелей жұмыс берушілермен де жұмыс істеуінде болып тұр. Кешенді тәсіл Норвегия Үкіметіне еңбек нарығын реттеуге және олардың транзиттік кезеңінде жастар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Жарқын болашақ

Қазақстанда NEET санатындағы жастарға көмек көрсету аясында, жоғарыда айтылған қысқа мерзімді «Жас кәсіпкер», ұзақ мерзімді «Серпін», Баршаға арналған кәсіптік және техникалық білім беру бағдарламасы  секілді түрлі білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Мақсаты – олардың Қазақстандағы қазіргі заманғы еңбек нарығының сұраныстарына қаншалықты сәйкес келетінін, тегін білім берудің қаншалықты сапалы екенін түсіну, түлектер санына негізделген формальды тәсілдерден алшақтау. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген ел мемлекеттік қолдаудың әсерін бағалаудың өзіндік жүйесін құруда.

NEET жастары өте аз елдердің тәжірибесін ескере отырып, жастар жұмыссыздығын азайтуға бағытталған ұйымдардың қызметін жақсартуға ғана емес, оның ішінде ұзақ мерзімді мониторинг арқылы, сонымен қатар жеке тәсілге, әлеуметтендіруге және өзін-өзі дамытуға көмектесуге баса назар аудару керек. Бұл – жеке және топпен кеңес бере алатын психологтардың, коучтардың қызметіне кіреді.

Читать также ...
Ауылдағы медицина: аймақтық бағдарламалар неліктен керек?

Бірнеше рет атап өткеніміздей, жастармен олардың тілінде сөйлеу керек және бар мүмкіндіктер туралы ақпаратты жастар арасында сұранысқа ие ресурстарда беру қажет.

NEET жастарды жұмысқа алу үшін жұмыс берушілерді ынталандыру керек. Атап айтқанда, мұндай жаңа қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің әлеуметтік аударымдарын азайтуға немесе ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген, біліктілігі төмен жастарды жұмысқа алатын компанияларды субсидиялауға болады.

Сондай-ақ, зерттеушілер ХЖҚО қызметін зерттей отырып, жұмысқа орналасуға өтінім беру рәсімін оңайлатудың, жұмыстың электрондық форматын жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Олардың оқу орындарымен, жұмыс берушілермен, жастар ресурстық орталықтарымен ынтымақтастығы мен өзара үйлестіруді күшейту қажет. ХЖҚО сонымен қатар еңбек нарығындағы трендтер, жұмыс берушілерге қажет кәсіптер мен дағдылар туралы көбірек ақпарат берсе нұр үстіне нұр.