Мемлекеттік бюджет деген не?

Мемлекет өз азаматтарына белгілі бір игіліктерді ұсынады, осы елдің азаматы ретінде біз оны күнделікті көреміз. Ертелі-кеш серуен құратын саябақтар, өзіміз оқыған және балаларымыз оқып жатқан мектептер, емделетін емханамыз, бәрі де мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істейді. Сонымен бірге, мемлекет біз күнделікті жүретін көшенің тазалығына, жолдың жағдайына да жауап береді. Мемлекет қауіпсіздік қызметін де қамтамасыз етеді. Ол ішкі істер органдарының қылмыскерді ұстауы, сот орындарының оның бостандығын шектеуі, өрт қызметінің өз міндетін атқаруы арқылы жүзеге асады.

Қоғамдық игілік деген – ерекшелік принципі қолданылмайтын және қоғамға айтарлықтай пайда әкелген жағдайда мемлекет атқаратын қызмет немесе өндіретін тауар.

 

Қоғамдық игілік

Қоғамдық игілік мүмкіндігінше бірнеше принципке сәйкес келгені дұрыс. Олар:

1) Қоғамдық игілікті пайдаланудан ешкімді шектеуге болмайды (ешкімге тротуармен серуендеп жүруге тыйым сала алмаймыз);

2) Тұтынуда бәсекенің болмауы (қоғамдық игілікті бір адамның пайдалануы екінші адамның пайдалануына кедергі келтірмейді);

3) Бөлінбеу принципі (игілікті жекелей бөлуге болмайды, мысалы, жол-көлік инфрақұрылымын бөле алмаймыз).

Осындағы үш принциптің бәріне бірдей сәйкес келетін қоғамдық игілікті табу қиындау, дегенмен ондай игіліктер де бар. Игілік қоғамның жайлы өмір сүруі үшін қажет болса, жекеменшік сектор қандай да бір себептерге орай ол игілікпен қамтамасыз етпейтін болса, жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алады. Бұл мемлекеттің ең негізгі қызметінің бірі. Өйткені жеке сектор қоғамдық және басқа да игіліктің бәрімен қамтамасыз ете беретін болса, мемлекетке қажеттілік болмай қалар еді.

Читать также ...
2020-2022 жылдары өсім қарқынының төмендеуі қазынаның нығаюымен сәйкес келеді

Мемлекеттің кірісі мен шығысы

Мемлекеттің кірісі мен шығысы

Қоғамдық игіліктер секторын қалай жекешелендіріп алуға болатынын адам баласы әлі ойлап тапқан жоқ. Президент, министрлер және мемлекеттің басқа де ресми өкілдері маңызды халықаралық мәселелер бойынша қоғамның мүддесін көздейтінін елдің әр азаматы тікелей немесе жанама түрде сезінеді, алайда өміріміздің сапасына ықпалы бар халықаралық процестер туралы әрқайсымыз біле бермейміз.

«Сәлеметсіз бе! Жақында көрші мемлекеттің өкілдерімен кездесіп, келісімге келдім, енді отандық өнімді көрші мемлекеттің аумағына еш кедергісіз алып бара аламыз. Рахмет айтудың қажеті жоқ, 100 мың теңге төлесеңіз болғаны». Жеке бір адамның осылай дегенін елестетіп көріңізші.

Ақылға сыймайды, алайда қоғамның мүддесін қорғау да қоғамдық игілік, мемлекет бәрімізді осы игілікпен қамтамасыз етіп отыр.Қоғамды біртұтас ағза деп елестетсек, қоғам деген бәріміз екенін оп-оңай түсінуге болады. Мәселен, қаржы министрі – бас есепшіміз, ал президент – жеке топ-менеджер, ішкі істер министрлігі – жеке күзетшіміз, тағысын тағы.

Мұндай ауқымды механизмді қаржылық жағынан да қамтамасыз етуге тура келеді.

 

Мемлекеттің кіріс көздері

Мемлекеттік кіріс көзін негізгі үш топқа бөлуге болады:

1) Мемлекеттің кірісі ең алдымен салық түсімдері есебінен жинақталады. Яғни, қоғамның мүшелері, яғни біртұтас ағзаның бөлшектері тапқан табысының белгілі бір бөлігін мемлекеттік басқаруға береміз, ал мемлекет соның есебінен бізді қоғамдық игіліктермен қамтамасыз етеді.

2) Қазына да мемлекеттік меншік есебінен толығып отырады. Мысалы, мемлекет өз иелігіндегі қандай да бір ғимаратты немесе құрылыс нысанын жекеменшік секторға жалға береді де, жалға алғаны үшін төлеген ақы мемлекеттік кіріс болып есептеледі.

Читать также ...
Мемлекеттік қарыз жайлы толығырақ

3) Мемлекеттік кірістің тағы бір көзі – халықаралық операцияларды жүргізу есебінен кіретін кіріс. Мемлекет басқа бір мемлекетке қарызға ақша береді, оны қайтарған кездегі пайыздық үстеме ақы мемлекеттің қазынасына түседі. Немесе, өзге мемлекеттердің бизнесмендері өндіріп жатқан өнімдерін біздің мемлекеттің аумағына алып кіргені үшін кедендік алымдарды төлейді, бұл кіріс те мемлекеттің қазынасын толықтырады.

Келесі кестеде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірісі мен шығысы бойынша деректер миллион теңге және жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы пайыз бойынша көрсетіліп отыр.

Мемлекет кіріс көздерінен түскен қаржыны жинақтап, оны қоғамдық игілікке жұмсайды. Алайда, қоғамның қажеттілігі өте көп болғандықтан, қоғамдық игілікке жұмсалатын кірісті жинақтау және оны бөлу процесі мұқият жоспарлауды қажет етеді.

Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің қазынасы есебінен жүзеге асуы тиіс қажеттіліктерді көрсететін, сонымен бірге мемлекет қазынасына түсетін қаржы мөлшері көрсетілетін  барлық мемлекеттік органның қаржылық смета жинағы.

Басқаша айтсақ, мемлекеттік бюджет деген – мемлекеттің белгілі бір мерзімге арналған кіріс және шығыс жоспары. Байқағандарыңыздай, мемлекеттік бюджет – мемлекет қызметінің аса маңызды элементтерінің бірі. Кейде мемлекет ықтимал шығынның бәрін есептегеннен кейін жоспарлы мерзімде кірістің шығыннан көп болатынын анықтайды. Мұндайды мемлекеттік бюджеттің профициті деп атайды.

Мемлекеттің жоспарлаған кірісі жоспарлы шығыннан артық болған жағдайда мемлекеттік бюджеттің профициті болады.

 

Профицит қайда жұмсалады?

Көбінесе бюджет профициті есебінен түрлі мемлекеттік қорлар мен елдің алтын валюта резерві толықтырылады. Кейде профицит мемлекеттің сыртқы қарызын жабуға жұмсалады. Профицит деген сөздің өзі құлаққа жағымды, соған орай профицит туралы жаңалық та тек жағымды болады.

Читать также ...
Абсолютті құрғақ қалдықтағы медициналық сақтандыру

Дегенмен, кейде мемлекеттің жоспарлаған шығыны көп болып, кіріс барлық шығынды жабуға жетпей жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік бюджеттің дефициті болады.

Мемлекеттік бюджеттің дефициті – жоспарланған шығынның мемлекеттің жоспарлы кірісінен артық болуы.

 

Мемлекеттік бюджет дефициті

Бюджет дефициті мемлекеттің кірісті көбейту потенциалы елдегі барлық қоғамдық қажеттілікті жабуға жетпейтінін көрсетеді. Соған қарамастан мемлекеттік бюджеттің дефициті тек қана жағымсыз жайт деуге болмайды. Маған сенбесеңіздер Джон Мейнард Кейнске сеніңіздер, оның тәсілі дамыған елдерді 1930-жылдардағы Ұлы депрессиядан аман-есен алып шықты. Кейнс мемлекет кейде бюджет дефицитін қолдан жасауы тиіс деген кеңес береді, оның тұжырымы бойынша, мемлекеттің шығынын арттыру арқылы іскерлік белсенділікті оятуға болады екен.

Бюджет дефициті болған жағдайда мемлекет шығынды жабу үшін қосымша қаржы көзін іздестіруге мәжбүр болады. Мемлекеттік бюджет дефицитін жабудың мейлінше кең тараған түрі – ел ішінде және басқа елдерден заем, яғни қарыз алу. Мемлекеттің қарызы осындайдан құралады.

Әлем мемлекеттерінің көпшілігі мемлекеттік бюджеттің дефициті режимінде өмір сүреді, дегенмен кіріс көзін табу мүмкіндігі жоғары елдер де бар. Ол негізінен мұнай, газ сияқты табиғи ресурстарға бай елдер. Қазақстан да осындай елдердің қатарында.

Утопия әлемінде мемлекеттік қызметшілер қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қояды, бірақ шындық басқаша: мемлекеттік қызмет араласатын жердің бәрінде коррупция бар. Оның үстіне, экономика ғылымы теңдей жағдай жасалған уақытта мемлекеттік басқару жекеменшікпен салыстырғанда тиімсіз екенін көрсетеді, мұның себебін стимулдың жоқтығымен түсіндіреді. Қазақстанның мемлекеттік кіріс потенциалы жоғары екенін айтқаннан кейін неліктен бірден тақырыпты басқа арнаға бұрғанымыз түсінікті ме?

Читать также ...
Президент Тоқаевқа үндеуі: коронавирусқа қарсы бөлінетінін 6 триллион теңге жайында

Жекелеген мемлекеттік қызметшілерге өте қомақты қаражат ағынын басқару жауапкершілігі жүктелген уақытта жемқорлыққа жол беру ықтималдығы мен қоғамдық мүддені жеке мүддеге жығып беру ықтималдығы айтарлықтай артады. Табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің көпшілігі осындай жағдайдың алдын алу үшін ұлттық ресурстан түскен мемлекеттік кірісті түгелдей белгілі бір тәуелсіз қорға құюды міндеттейді, ол қор елдің байлығын болашақ ұрпаққа сақтауы тиіс. Қазақстанда бұл міндет ҚР Ұлттық қорына жүктелген.

Мұндай саясаттың негізгі идеясы қоғамдық қажеттілікті түгелдей елдің ресурстарынан түсетін кіріске сүйенбей жабуға негізделеді, яғни елде мұнай және басқа да табиғи ресурстар жоқ деп есептеп, жабуға тырысу. Басқаша айтсақ, мемлекет қоғамдық қажеттілікті экономиканың басқа саласынан түсетін кірісті пайдалана отырып өтеуге тырысады, содан кейін ғана, онда да мемлекеттік бюджеттің дефициті болса, мемлекет түсімнің белгілі бір бөлігін сұрауға хақылы.

 

Ұлттық қор

Әр елде қордың жұмыс істеу тәртібі әртүрлі, Қазақстанда 3 жылға бюджет жасалған уақытта бюджетке Ұлттық қордан түсетін кепілді салым да есепке алынады. Әдетте ол қаржы негізінен елдің дамуына жауап беретін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Сонымен бірге, Ұлттық қордың ақшасы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға орай туындаған жағдайды тұрақтандыруға да жұмсалуы мүмкін.

Тәуелсіз қордың трансфертінен тыс бюджет дефициті (профициті) мемлекеттік бюджеттің мұнайдан тыс дефициті (профициті) деп аталады.

Қазақстанда кепілді трансферт көлемі бюджетте бекітіледі және жарияланады, соған орай мемлекеттік бюджет балансын Ұлттық қордың түсімін есепке алмай-ақ сараптауға мүмкіндік бар. Эксперттердің көпшілігі бюджеттің мұнайдан тыс дефициті (профициті) балама шындықты көрсетеді деп есептейді, ал оған сай Қазақстан ресурстармен қамтамасыз етілген ел емес. Алайда бұл өте үстірт әрі қате түсінік. Мұнайдан тыс бюджет те шынайы баламаны көрсете алмайды.

Читать также ...
Мемлекеттік қарыз қалай пайда болады?

Мұнай секторының болуының өзі басқа салалардың дамуына да жанама болса да әсер етеді. Бұл секторда қызмет ететіндердің табысы жоғары болады, соған орай олар көптеген тауар алып, көп қызметті тұтынады. Сәйкесінше, мұнай секторы есебінен басқа халықтың кірісі құралады. Ал екінші жағынан, егер мұнай болмаса, мұнай секторында қызмет етіп жүргендер экономиканың басқа саласында қызмет етіп, мұнай саласындағыдан да көп табыс табуы да мүмкін еді.

Төменде Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің дефициті (профициті) деректері Ұлттық қордың трансфертімен және трансфертсіз беріліп отыр.

Мемлекеттік бюджет дефициті

 

Мемлекеттік бюджет дефициті