Еліміздің ірі компаниясы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 2019 жылғы аудитті қаржылық есебі әдеттегідей емес, кейіндеу, 2020 жылғы шілде айының соңында шықты. Дағдарыс алдындағы жылды мемлекеттік қор жақсы күйде, мол түсім, таза пайда және активтермен аяқтады.

Қор тиімсіз кәсіпорындардың жүктерінен арылу үшін, оларды Үкіметке бере отырып және жекелеген даму жобалары бойынша шығындарды есептен шығара отырып, активтерді арттыруды жалғастыруда. Шығындар сомасы «Самұрық-Қазына» үшін өте үлкен емес, бірақ жеке алғанда қомақты.

 

Жақсы жыл

Қазақстан экономикасының тұрақты өсуі, ЕО–Қытай бағыты бойынша трафиктің артуы және мұнай нарығындағы салыстырмалы түрдегі тұрақтылық «Самұрық-Қазына» түсімінің жалпы өсімін 5,5%-ға 10,7 трлн теңгеге дейін қамтамасыз етті. Қор түсімі ҚР ЖІӨ-нің 16%-ына тең болды. Таза пайда 1,4 трлн теңгеге дейін, яғни 13,9%-ға өсті.

Мұнай, газ және мұнай өнімдерін сатудан түскен түсім бұрынғысынша ҰӘҚ-ның барлық түсімінің 66%-ына тең, бірақ 2019 жылы өсім басқа бағыттарда шоғырланды. Бұл: жүк темір жол тасымалдары (+13%), уран өнімін өткізу (+17%), тазартылған алтынды сату (+70%) және телекоммуникациялық қызметтер (+102%).

Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлестерден түскен пайда 21%-ға, яғни 916 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл соманың шамамен 45%-ын бір актив – «Теңізшевройлдағы» үлес құрайды; барлық ірі мұнай-газ, көлік активтерін қоса алғанда, «Самұрық-Қазына» БК пайдасының 88%-ы.

ҰӘҚ активтері 2,6%-ға 26,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды, бұл ретте негізгі қаржы 3,5%-ға өсті. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компанияларға инвестициялар көлемі 14,6%-ға ұлғайды.

Читать также ...
Дивиденд тарту: «Самұрық-Қазына» президенттің тапсырмасын қалай орындады?

Қарыздар 5,7%- ға, оның ішінде қысқа мерзімдісі 12,2%-ға, ұзақ мерзімді 3,3%-ға  азайды. Доллармен алынған борыш үлесі бір жылда 77-ден 69%-ға дейін төмендеді, ал абсолюттік көрсеткіштерде 12,5%-ға азайды.

«Самұрық-Қазына» 2015-2016 жылғы дағдарыстан кейін қарыздары қордаланып маңдайына тиген соң, бұл дағдарысқа бұрынғы қателіктерін  қайталамайтындай дайындықпен кірді. Қарыз/EBITDA қатынасы 2019 жылы 3,00-ден 2,51-ге дейін қысқарды.

 

Сатылмаса тегін бер 

Соңғы 5 жылдағы ҰӘҚ үшін басты процесс – трансформация. Оның маңызды бөлігі стратегиялық инвесторларға сату немесе қор нарығына орналастыру арқылы активтердің бір бөлігін жекешелендіру болып саналады. Егер биржада еншілес компаниялардың пакеттерін орналастыру БАҚ-та егжей-тегжейлі жарияланса, стратегтерге активтерді сату, әдетте, көлеңкеде қалады.

Бірақ «Самұрық-Қазына» үшін активтерден бас тарту жекешелендіру дегенді білдірмейді. 2019 жылы Қор бірқатар актив пакетін мемлекетке берді. Осындай активтердің ішінде «Тараз химиялық паркі» БК АҚ (90% акциясымен) және «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС (100%) бар еді. Олар ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне (ММЖК) берілді. Ақтөбе, Атырау және Павлодар әуежайларын иеленетін компаниялардағы бақылау облыс әкімдіктеріне берілді.

2019 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өзінің портфельдік компаниясы «Самұрық-Энергоның» еншілесі «Тегіс Мұнайды» жекешелендіруден бас тартты. «Тегіс Мұнай» 2014 жылдан бастап жекешелендіру тізімінде болды, бірақ сатып алушылар шықпады. Өткен жылдың қазан айында жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия компанияны топ активтерінің тізіміне қайтарды.

ҰӘҚ «Қазатомөнеркәсіп» портфельдік компаниясы арқылы Қызылорда облысындағы Солтүстік Хорасан кен орнында Хорасан-2 жобасын әзірлейтін «Байкен-U» ЖШС-ні қолына алды. Мәміле 2018 жылдың соңында жасалып, ұлттық компанияның қолына «Байкен-U», «Қызылқұм» ЖШС және «Хорасан-U» ЖШС атты бірлескен үш кәсіпорын өткенін көрсетті. Оларды бақылау Energy Asia BVI арқылы қамтамасыз етілді. Активтерді Қазақстан тарапының меншігіне қайтару себебін 2019 жылдың қаңтарында Энергетика министрлігінің сол кездегі басшысы Қанат Бозымбаев: «Инвесторлар технологияларды беру бойынша міндеттемелерін орындамаған», – деп түсіндірді.

Читать также ...
"Самұрық-Қазынаның" жылдық есебі несімен жақсы ?

Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» түріктің Sekerbank TAS-індегі үлесті сатудан бас тартты (2019 жылдың соңында 19,4%). 2018 жылы банк табыс жағынан әрі-сәрі болып тұрып, 2019 жылдың қорытындысы бойынша таза шығынды екенін көрсетті.

ҰӘҚ үшін 2019 жылғы ең ірі сауда Екібастұз ГРЭС-2 50%-ын ресейлік «Интер РАО»-дан 25 млн долларға немесе 9,6 млрд теңгеге сатып алу болды. Бұл барлық активтің баланстық құны 137 млрд, яғни актив теңгерімдік құнынан 7 есе төмен еді. Есеп жариялау кезінде қор активтерге тәуелсіз бағалау жүргізді.

Дегенмен, 2019 жылы ҰӘҚ табысты сауда жасай алды. Ақпан айында KMG Retail жанармай құю желілерін сату бойынша мәмілеге қол қойылды. Соның арқасында «Самұрық-Қазына» 60,5 млрд теңге табыс тапты. Одан бір ай бұрын «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» ҚҚ берген Қазақстан-Британ техникалық университетін сату туралы шарт күшіне енді. Қоғамдық ұйым екі жыл ішінде үш траншпен 11,4 млрд теңге төлейтін болады. ҚМГ активтері өте аз пайда әкелді. ҚБТУ үнемі шығынға ұшырап отырды.

 

Сен – маған, мен – саған

2019 жылы «Самұрық-Қазына» мен Үкімет қарым-қатынасына өзгеріс енген жоқ. Үкімет қорды нарықтық бағадан төмен ақшамен қолдап отырды, ҰӘҚ әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды.

Үкімет қорды 95,2 млрд теңгеге капиталдандырды. Тағы 440 млн теңгені «Самұрық-Қазына» ММЖК-нен мүліктік салым түрінде алды.

Өз кезегінде Қор Үкіметке 64,8 млрд дивиденд төледі. Сондай-ақ, ол «Бәйтерек» ҰБХ облигацияларын 0,15% мөлшерлемемен 5,8 млрд теңгеге сатып алып, нәтижесінде осы қағаздар бойынша 2,5 млрд теңге шығын алды. Қорда нарықтық бағадан төмен мөлшерлеме бойынша алынған барлық дисконт 26 млрд теңгеге бағаланды.

Читать также ...
ҚазМұнайГаз бен ESG: мұнай компаниясына не үшін ESG тәуекелді бағамдап отыру маңызды?

«Самұрық-Қазынаның» Үкімет мүддесі үшін қаржыландырған әлеуметтік жобаларының жиынтық құны 2019 жылы 36,3 млрд теңге болды. Бұл сомаға Нұр-Сұлтандағы қазақ драма театрының құрылысы, былтырғы жазда ТЖ-дан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру және облыс орталығы болған Түркістанда жаңа нысандар салу шығындары кірді.

 

Жағдайға қара да, есептен шығар

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҰӘҚ мұнай өндіру және мұнай өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған бірқатар даму активінің құнсызданудан болған шығындарын мойындады.

«Сәтбаев» және «Н» жобалары бойынша барлау активтерінің құнсыздануынан болған шығын  тиісінше 34,5 және 67,9 млрд теңге болды. Сонымен қатар, «Сәтбаевта»  ҚМГ келісімшарттағы аумақтан бас тартып, 2019 жылдың сәуірінде активтерді есептен шығарды. 2019 жылдың қыркүйегінде Қаламқас-теңіз кен орнында барлау және бағалау бойынша активтерді 45,6 млрд теңгеге есептен шығару арқылы жобаны аяқтау қабылданды. Желтоқсан айында ҚМГ «Жемчужина» жобасынан шығып, 38,2 млрд теңгеге құнсыздану шығынын мойындады. Бұл қаражат келісімшарттағы аумақ Үкіметке қайтарылғаннан кейін есептен шығарылады.

ҚМГ-нің жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын бұзып, аумақтарын үкіметке қайтарған барлау браунфилдтері 18,9 млрд-қа жетті. «Самұрық-Қазына» сондай-ақ өздігінен көтерілетін «Сатти» бұрғылау қондырғысының құнсызданудан болған 24,5 млрд теңге мөлшеріндегі шығынын да мойындады таныды. Баржалар бойынша шығын – 11,8 млрд.

Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысына салынған инвестициялардың құнсыздануға жасалған сынағының қорытындысы бойынша 24,8 млрд теңге құнын жоғалтып, есептен шығарылды және 465 млн теңгеге қосымша құнсыздану белгіленді.

Читать также ...
ҚазМұнайГаз бен ESG: мұнай компаниясына не үшін ESG тәуекелді бағамдап отыру маңызды?

Шетелдік активтердің ақша ағындарын генерациялаудан туындайтын шығын КМГ-де 93,5 млрд және Батуми мұнай терминалында 12,6 млрд теңге болды.

 

Бұл жобалар бойынша шығынның жалпы көлемі 370 млрд теңгеден асады.

10,6 трлн теңге пайданы айналдыратын «Самұрық-Қазынаның» өлшемі бойынша жылына 370 млрд теңге онша көп қаржы емес. Дегенмен бұл – Атырау немесе Шығыс Қазақстан облысының жылдық бюджетіне тең сома.

«Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «Қазагроның» осы және басқа да сәтсіз жобаларын Қазақстан мемлекеттік капитализмінің сәтсіздіктері деп атауға болады.

Әрине, сәтсіз қадам жасамаймын деп ешкім айта алмайды. Бірақ мемлекеттік менеджерлердің қателіктерінің өтеуі бюджеттің мойнында, ал мемлекеттік компаниялардың тиімсіз салған ақшасы жергілікті инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға жұмсалса игі еді.