2020 жылдың маусым айында Қытайдың ақпарат және телекоммуникация институты Қытайдағы цифрлық экономиканың даму барысын сипаттайтын кезекті  «Ақ кітапты» жарыққа шығарды. Цифрлық экономиканың бұл кітабы Қытай экономикасының осы саладағы негізгі даму бағыттарын көрсететін бағдарламалық құжат болып есептеледі.

«Ақ кітапта» дамудың мейлінше маңызды кезеңдерімен қатар, Қытай басшылары мен жекеменшік компаниялардың алдында тұрған маңызды міндеттер көрініс табады. Алғашқы басылымдарда цифрлық экономиканың негізгі даму бағыттары жазылған. Атап айтқанда, цифрлық индустрияландыру (数字产业化) және өнеркәсіптік цифрландыру (产业数字化). 2017 жылы цифрлық басқару (数字化治理) концепциясы белгіленді. 2020 жылғы басылымда авторлар деректерді цифрлық монетизациялау (数据价值化) деген жаңа міндет қойып отыр. Модернизацияның осы аталған төрт тірегі Қытайдың заманауи цифрлық экономикасынан хабардар етеді.

 

Аспанасты елінің цифрлық қозғалтқышы

Цифрлық экономика Қытай экономикасының маңызды бөлігі екені өз алдына, 2019 жылы қытай экономикасының үштен бірі цифрлануға көшті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, цифрлық экономикадағы қосылған құн көлемі 35,8 трлн юань болды (шамамен 5,2 трлн доллар), ЖІӨ-ге шаққандағы цифрлық экономиканың үлесі 1,4 пайыздық тармаққа артып, өсу қарқыны 15,6% болып, экономиканың орташа өсу қарқынынан екі есе асып түсті. Сонымен бірге, ЖІӨ-ге шаққандағы цифрлық экономиканың үлесі артқанын да байқауға болады. 2005 жылы 14,2% болса, 2019 жылы 36,2%-ға жеткен.

Цифрлық экономика құрудың негізінде екі процесс жатыр: цифрлық индустрияландыру және өнеркәсіпті цифрландыру.

Цифрлық индустрияландыру экономика саласындағы техникалық революция барысында пайда болды, ол ақпараттық технологиялардың жаңа буынын, атап айтқанда, байланыс және телекоммуникация саласын (电信业), электрондық ақпараттық индустрияны (电子信息造业), бағдарламалық қамтамасыз ету индустриясын (软件产业), интернет индустрияны (互联网行业) монетизациялаумен тікелей байланысты. 2019 жылы бұл секторлардағы қосылған құн көлемі 7,1 трлн юань болып, өсім 11,1%-ды көрсетті.

Читать также ...
ЖІӨ және оны қалай есептейді?

Цифрлық индустрияландырудың соңғы жылдардағы екі көшбасшысы ретінде интернет индустрия мен бағдарламалық қамтамасыз етуді айтуға болады.

2019 жылы Қытайда софт өндірісі сегментінде 40 мың кәсіпорын жұмыс істеген, олардың жалпы табысы 7,2 трлн юань болған (+15,4%). Электрондық коммерция қызметін көрсету (790 млрд юань, +28,1%), бұлт сервистері (346 млрд юань, +17,6%), орнатылған бағдарламалық қамтамасыз ету (782 млрд юань, +7,8%).

Интернет индустрияда 1 ірі компания 1,2 трлн юань кіріс кіргізген (+21,4%). Соңғы жылдардағы маңызды бір өзгеріс – қытай компаниялары қуып жетуге тырысу (Sina-Yahoo, Baidu-Google) кезеңінен өтіп, өз экожүйесін жасауға көшкен. Бұл процестегі көшбасшылар Alibaba, Baidu және Tencent екені сөзсіз. Бұған қоса қытай компаниялары халықаралық нарыққа шығуға ұмтылуда (Douyin – Tiktok), алайда халықаралық аренаны жаулап алуға мұрсат бермей отырған  негізгі кедергі ішкі нарыққа бағытталу болып отыр.

2019 жылы цифрлық индустрияландыру саласындағы ең қиын сектор байланыс және коммуникация болды. Бұл бағыттағы өсу қарқыны 9,3%-ға дейін баяулап, бір жыл бұрынғыдан 3,5 пайыздық тармаққа аз болды. Бұл құлдырау негізінен сыртқы фактордың (АҚШ-пен сауда соғысы) инфрақұрылымды жаңартуға кететін шығынның артуына тұспа-тұс келуімен байланысты (5G-ді дұрыстау). Соның ішінде өсу қарқынының түсуі негізінен сектор өнімдерін экспорттауға тиесілі – 1,7%-ға дейін (8,1 пайыздық тармаққа төмен). 2020-2021 жылдары 5G желісін қосуға орай жағдай өзгеруі мүмкін. Оның нәтижесінде интернет саласында телекоммуникация секторы  жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Читать также ...
Туу, әлде тумау: Қазақстан неліктен туу көрсеткішін қазірден қолға алуы тиіс?

Цифрлық экономиканың дамуы Қытайда арзан еңбек күші өндірістің негізгі факторы болудан қалатынын білдіреді. 2019 жылы цифрлық технологияларды игеру ЖІӨ жалпы өсімінің 67,7 пайызын берді. Бұл процеске өнеркәсіптік цифрландыру айтарлықтай үлес қосты. Экономиканың дәстүрлі салаларында цифрлық технологияларды пайдалану нәтижесінде қосымша құнның өсімі 28,8 трлн юань болуына қол жетті, бұл ЖІӨ-нің 29%-ы деген сөз. Қытайдағы цифрлық экономиканың 80%-ы өнеркәсіптік цифрландыруға тиесілі болды. Бұл технологиялар қытай экономикасының инновациялық сегментін қалыптастырып қана қоймай, бүкіл салаға терең араласып, олардың тиімділігін арттырады дегенді білдіреді.

 

Бюрократия шешеді

Цифрлық басқару да қытай бюрократиясының қолындағы негізгі құралға айналды. Басқа да көптеген авторитар жүйелер секілді меритократия принципіне құрылған Қытай бюрократиясы шешім қабылдау кезінде жеке пікір (个人判断) мен эмпирикалық әдістің (经验主义) ықпалы тым жоғары болуынан зардап шегеді.

Цифрлық технологиялар үлкен деректерді шоғырландыра білді (数据驱动) және соның негізінде мейлінше нақты шешім қабылданатын болды (细致精准). Жүйе модернизациясы және басқару мүмкіндігі артты. Цифрлық технологиялар осылайша шешім қабылдаудың тиімділігін арттырып, қателікке жол бермеуге көмектеседі.

Басқару процесін осылай ұйымдастырудың жемісін биылғы қыстағы коронавирус эпиедмиясымен күресте байқауға мүмкіндік болды. Цифрлық басқару эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік берді: Денсаулық сақтау министрлігі ауырғандар туралы ақпаратты тез арада тауып отырды, Көлік министрлігі ауру жұқтырғандардың тасымал көлігі туралы ақпаратты біліп отырды, ал Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі мобайл желілердің қозғалысы туралы ақпаратты бақылай алды. Соның арқасында ауру ошақтарын бірден оқшаулау зор тиімділігін көрсетті. Осының арқасында өте қысқа мерзімде елдегі ең көмекке мұқтаж жерлерге мамандар мен қажетті материалдарды жіберуді үйлестіру жолға қойылды. Мемлекет бұрыннан қалыптасқан мемлекеттік қызметті қашықтан көрсету экожүйесін де пайдаланып, мұны әсіресе халыққа кеңес беруде ұтымды қолданды.

Читать также ...
Как вычисляют размер социальных пособий?

Қытайда цифрлық модернизацияны құрудан бастап, экономика мен мемлекеттік басқару ісіне кең көлемде енгізудің үдемелі жолмен жүруі елді дамудың жаңа белесіне көтерді: жаңа экономикалық құрылым  қытай экономикасының негізгі қозғаушы күші ретіндегі жасанды интеллект (ЖИ) негізінде жұмыстың жылдамдығын әлі де болса арттыруды талап етеді. Деректер (Big Data) бұл ретте жаңа экономикалық саясаттың негізгі ресурсы. Big Data жер, еңбек және капиталмен бірге өндірістің негізгі факторының біріне айналып, бұлардың әрқайсының тиімділігін арттырады.

Сондықтан да «Ақ кітаптың» 2020 жылғы жаңалығы төртінші модернизацияны, яғни деректерді коммерцияландыруды енгізу болды. Ендігі кезеңде осы деректерді басқару, Big Data нарығын реттеу маңызды болып отыр. Қытай жинақтау, басқару және деректерге анализ жасау бойынша жап-жақсы жүйе құра білді, енді транзакция, маркировка, баға және қорғаныс бойынша мәселелерді шешу керек.

Қытайда жеке деректер тым еркін қолданылатыны белгілі. Бір жағынан бұл Батыспен салыстырғанда деректерді алмасудың еркін жүйесіне алып келді, ол жалпы Big Data ауқымы мен жасанды интеллект саласындағы жаңалықтарға да оң ықпал етті. Қытай ғылым академиясының үлкен деректерді іріктеу және білім базасын басқару жөніндегі жетекші зертханасының болжамы бойынша, 2020 жылы әлемдік ЖИ нарығы 680 млрд юаньға жетіп, 26,2% өсім көрсетеді, ал Қытайдың ЖИ нарығы 71 млрд юаньға жетіп, 44,5% өсім көрсетеді. Яғни Қытайдың ЖИ нарығы әлемдік нарықтан екі есе жылдам өседі.

Екінші жағынан, үлкен деректерді жинау және оларды бір жерге біріктіру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде ол деректердің шашыраңқы екені белгілі болды. «Ақ кітапта» мәліметтер базасын басқаруға арналған бірегей платформа құрумен қатар, бұл нарықтағы ретсіздікті жүйеге келтіру де ұсынылып отыр. Қытай үкіметі жақын жылдары мәліметтер базасының бірегей нарығын қалыптастыруды міндет етіп қойып отыр, бір ережеге бағынатын ол нарық мәліметтерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деген болжам бар.

Читать также ...
2020-2022 жылдары өсім қарқынының төмендеуі қазынаның нығаюымен сәйкес келеді

 

Қытай үлгісі ме?  

Қытайдағы цифрлық экономиканың дамуы Қазақстанға тікелей ықпал етеді. Әрі ол жоғары технологиялар индустриясы үшін аса маңызды түсті металға сұраныстың артуымен де, қытай өнеркәсібіндегі цифрлық технологиялар арқасында болып жатқан шикізаттың артуымен де шектелмейді. Бұдан да гөрі маңызды мәселе бар. Ол: Қытайдың цифрлық модернизация, цифрлық жүйелерді құру, жасанды интеллект, Big Data және жаңа экономикалық саясаттың басқа да негізгі салаларында әлемдік көшбасшы болуға ұмтылуы. Қытай осы аталған салалардың көбінде алғашқы қарлығаш саналады, сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та, басқа елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы да цифрлық экономиканы дамытудың үлгісіне айналады.

Қытайдағы цифровизация нәтижесі Қазақстандағы процесті дәл бағалауға мүмкіндік береді. Қытайда қазір толықтай цифрлық экономикаға көшу аяқталуға жақын, олар бұл бағытта бірнеше жүйелі кезеңнен өтті. Қытайдың саяси моделінің ерекшелігі сай, жеке бастама екеніне қарамастан, орталықтан үйлестірді, қаржыландыру да орталықтан болды. Қытайдың мемлекеттік аппараты жеке цифровизацияны дамытуға жағдай жасады да, кейін оның жетістігін өз мақсатына пайдаланды.

Қазақстандағы жағдай Қытайдағыдан басқа, мұнда цифрландыру жылдамдығы мемлекеттік және жекеменшік секторда екі бөлек. Жеке сектор дегенде ірі және шағын/орта бизнесті айтып отырмыз.

Мұндай тенденция қазір өсімді тежесе, көп ұзамай-ақ цифрлық теңсіздіктің қалыптасуына алып келуі мүмкін.

Қазақстандағы цифрландырудың қай деңгейде екенін және оның сапасын коронадағдарыс көрсетіп берді. Мемлекеттік мекемелердің қуаты электрондық цифрлық қолтаңба беріп, әлеуметтік өтемақыны төлеуге жеткенімен, «үлкен деректерді» эпидемиологиялық жағдаймен күресте пайдалануға, азаматтардың қозғалысына бақылау жасауға жеткіліксіз болды. Қытайдың тәжірибесі «цифрларды» терең талдау эпидемиямен тез әрі тиімді күресуге мүмкіндік беріп қана қоймай, мемлекеттің ресурсын үнемдеуге де жол ашатынын, бұған қоса шектеу шаралары кезінде «алаңға бармау» үшін пайдалануға болатынын көрсетті.

Читать также ...
Орталық Азиядағы COVID-19 індетіне қарсы шаралар

Өкінішке қарай, білім беру және басқа да әлеуметтік қызметтерді онлайн ұсыну нәтижелі бола қойған жоқ. Орта мектеп оқушыларын онлайн оқытуға көшіру жобасы бірден-ақ сәтсіздікке ұшырады. Мұны ҚР Білім және ғылым министрлігі ең алдымен телеком саласындағы инфрақұрылымның 2,5 млн абонентті көтере алмайтынымен түсіндіреді.