Эксперттер арасында Қазақстан сыртқы экономикалық қауіптің күшеюін есепке ала отырып, жаңа экономикалық модельге көшуі керек екені кеңінен талқыланып жүр. Сондықтан ел дамуының қазіргі макроэкономика үлгісін тағы бір пысықтап, оның ішкі теңсіздіктері туралы сөз етуді жөн көрдік.

 

Шикізатты кіріске айналдыру

Қазақстанның экономикалық өсім моделі «кеңестік үлгіге» негізделген, ол шикізаттан түсетін табысты экономиканың ішкі сұранысына трансформациялауға құрылған.

Бір жағынан бұл үлгі өндірістің өсімін жылдамдатты, кірісті арттырып, әлеуметтік трансферт деңгейін жоғарылатты, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға негіз болды. Ал екінші жағынан экономиканы әлсіретіп, әлемдік тауар нарығының құбылмалы болуына алып келді.

ҚР Ұлттық банкі, Еуразиялық экономикалық комиссия, Еуразия қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, соңғы 28 жыл бойы еліміздің ЖІӨ-сі мұнай бағасының өзгерісіне тікелей тәуелді екен.

Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институты (ЭЗИ) жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек: соңғы 10 жылда Қазақстан ЖІӨ-сінің жан басына шаққандағы үлесінің мұнай бағасына қатысты икемділігі 0,8 болған екен, ал мемлекеттік кірістің мұнай бағасына қатысты икемділігі 1,0 болған, бұл мұнай бағасына тәуелділіктің жоғары екенін көрсетеді. Ресейде бұл көрсеткіш 0,7 және 0,8 шамасында. [1]

Елдің қазіргі экономикалық үлгісінің даму мүмкіндігі қандай?

Бұл мәселеге келгенде эксперттер пікірі екіге жарылады. Олардың бір тобы әлемдік экономиканың тоқырауы Қазақстанда 2009 және 2015-2016 жылдардағыдай тағы да іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келеді деп есептейді. Ықтимал экономикалық салдарын реттеуге келсек, фискалдық және монетарлық саясатта түрлі «манипуляция» қолданылып, экономикалық модельдің қажетті әлеуеттік өсу жолына түсу мүмкіндігін кеңейту мақсатында бизнеске жеңілдік жасалуы мүмкін (7,5% немесе тіпті 11%-ға дейін). Түсініктірек болу үшін ЭЗИ деректерін келтірер болсақ, 2018 жылы ЖІӨ-нің ықтимал өсімі 3,1% мөлшерінде жоспарланса, нақты көрсеткіш 4,1% болған. [2]

Читать также ...
Қазақстан-2020: ЖІӨ құлауда, мемлекеттік шығын көбеюде, кедейлік артуда

Сарапшылардың тағы бір тобы экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін мүмкіндіктен артық түрткі жасау инфляцияның өсіміне және экономиканың «қызуына» алып келеді деп есептейді, бұл ақыр соңында іскерлік белсенділікті өте қатты түсіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан да олар шынайы жағдайға мойынсұнып, ішкі макроэкономикалық теңсіздік салдарынан орнықтылығы шайқала бастаған жағдайда экономикаға «ақша құю» қажет емес деп есептейді.

 

Ішкі макроэкономикалық теңсіздік

Соңғы уақытта Қазақстан экономикасында мемлекеттің рөлі күшейе түскені байқалады. Ол квазимемлекеттік сектордың ықпалының артуы мен фискалдық импульс әсерінен болып отыр.

2018 жылы мемлекеттік бюджет көлемі шектеулі, яғни ЖІӨ-ге шаққанда 19% болғанына қарамастан, ЖІӨ-нің 10,7%-ы әлеуметтік шығынға кеткен. Соңғы алты жылда ҚР Ұлттық қорынан түрлі мақсаттағы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін кепілді трансферт жыл сайын 9%-ға артқан.

Квазимемлекеттік секторға жалпы қосылған құнның кесімді мөлшері 2014 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 19,2%-ға артқан, ал ЖІӨ өсімі 55,8% болған. Мемлекеттік активтерді жекешелендіру елдің жалпы ішкі өнімінде квазимемлекеттік сектордың үлесін төмендетуге айтарлықтай ықпал етпеген. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, 2014–2018 жылдары мемлекеттің қатысы бар 452 кәсіпорын жекешеленген, оның ЖІӨ-ге қатысты жалпы қосылған құны 2018 жылы бар болғаны 0,79% болған.

Сондықтан да Қазақстан экономикасы үшін мемлекеттік сектордың оңтайлы көлемін белгілеу және ел экономикасының өсуіне оның ықпал ету жолдарын анықтау маңызды. Мемлекеттің ықпалын күшейткенмен, ол сәтсіздікке ұрындыруы мүмкін, оның салдарынан салықтық ынталандырудың кері әсері (салық салудың түрлі режимі, жеңілдіктер мен артықшылықтар есебінен экономиканың жекелеген салаларына әркелкі салық жүктемесін салу арқылы жүзеге асатын салықтың фискалдық қызметінің бірі), монополизм, инфляция тудырушы факторларға қысымды күшейту (инфляцияны күшейтетін монетарлық емес факторлар, атап айтқанда: бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін азаматтық қызметкерлердің жалақысын, стипендияны, жәрдемақыны индексация жасау, еңбек нарығындағы жағдайдың өзгерісі, тағы басқа жағдайлар тұтынуға ықпал етеді), теңсіздіктің қалыптасуы болуы мүмкін.

Қазіргі экономикалық модельде Қазақстанның нақты секторында технологиялық даму шектеулі болып отыр.

Фраунгофер институты 2017 жылы жүргізген зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың 80%-дан астамы әлі күнге дейін қол еңбегіне жүгінеді немесе өндіріс тек жартылай автоматтандырылған, толық автоматтандыруға әлі өтіп болмаған. Қазақстан экономикасындағы өңдеуші кәсіпорындардың 3%-ы мен тау-кен өндірісі саласындағы кәсіпорындардың 21%-ы ғана толық автомат жүйеге көшкен.

Читать также ...
Қазақстандағы лизинг нарығы қалай дамып барады?

Жалпы қосылған құнға (ЖҚҚ) қатысты экономиканың шикізаттық емес секторындағы негізгі капиталға инвестиция 2018 жылы 13,8% болған, бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 2,3%-ға төмен. Жалпы инвестиция кестесінде негізгі капиталға салынған инвестиция үлесі 2013 жылы 68,6% болса, 2018 жылы 56,5%-ға азайған.

Басқаша айтсақ, өндірістік байланыс жүйесін күрделендіріп, негізгі өндірістің барлығын дерлік оңтайландырмайынша, экономикада тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету айтарлықтай қиын. Бұл жерде әңгіме ең алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағытталған өндіріс жөнінде болып отыр, өйткені әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімінің ішінде 100 пайыз ішкі тұтынуды қамтамасыз етіп отырған тек бес тауар тобы ғана бар, олар – картоп, пияз, сиыр еті, ұн және макарон өнімдері.

Қаржы секторындағы тұрақсыздық та қосымша қауіп. Бұған айырбас бағамын инфляцияға қарай ауыстырудың тиімділігімен байланысты трансмиссия проблемасы, жекелей несиелеудің жылдам өсуі, жұмыс істемейтін қарыздар (NPL) мөлшерінің жоғары болуы, ұзақ уақытқа қаржыландырудың болмауы сияқты мәселелер жатады.

Мұның барлығы жиналып келіп, еңбек нарығындағы жағдайды қиындатады және әлеуметтік сипаттағы мәселелерді көбейтеді. Бұған халықтың табысының саралануы, «жұмыс істейтін кедейлер» санының артуы (2002 жылы жалдамалы жұмысшылардың үлесі 28% болса, 2017 жылы 33%-ға жеткен), үй шаруашылығының кірісі құрылымындағы еңбектен түсетін табыстың қысқаруы (2015 жылы 80,1% болса, 2018 жылы 74,2% болған), т.б. жатады. Бұл тізімге көлеңкелі экономиканы да қосуға болады.

 

«Бір орында жүгіру»

Сыртқы экономикалық қызметтен түскен кірісті қайта бөлуге негізделген қазіргі қазақстандық экономика моделі технологиялық даму деңгейі төмен, жеңілдетілген экономиканың «қақпанында».

Читать также ...
2020 жылғы дағдарысқа қарсы жоспар: ақша көп, өзгеріс жоқ

Ішкі макроэкономикалық теңсіздіктерді есепке алсақ, мұны реттеуге тырысу бір орында тұрып жүгіргенмен тең. Ал әлемдік экономиканың құлдырауы – құрылымдық өзерістер жасау, экономиканың өрісін тазалау және қатемен жұмыс істеу үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан реформа жүргізуді бастау керек, ал мемлекеттік басқару мен мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, қаржы саласына реформа жасау, еңбек нарығын трансформациялау, экономикадағы инклюзияны көтеру болмайынша, ол реформа сәтті болмайды.

Дүниежүзілік банктің анықтамасына сәйкес, инклюзивтік өсімнің маңызды шарты – кедейлікті азайту, сонымен бірге нарық пен ресурстарға теңдей мүмкіндік құқығын қамтамасыз ету. Бұл ретте халықтың барлық тобының өнімді жұмыспен қамтылуына баса мән беріледі.

ЭЫДҰ анықтамасына сәйкес, инклюзивтік өсім деген – қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін ондағы барлық материалдық және материалдық емес игілік халықтың барлық тобы арасында теңдей бөлінуін қамтамасыз ететін экономикалық даму.

Қазақстанда инклюзивтік дамуды қамтамасыз етудің жалпы көрінісі екі негізгі басымдыққа қол жеткізу аясында болуы тиіс:

  • Жаңадан белгіленген ұлттық байлықты әділ әрі тиімді бөлу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру;
  • Нарыққа, ресурстарға және әлеуметтік игіліктерге теңдей мүмкіндік тудыру.

Экономикалық реттеу саласында табыс табуға бағытталған әрекеттерге қарсы әрекеттің сапалы механизмі жасалып (лобби, алдын ала сөз байласу), алға қойған мақсаттар мен даму векторына түзетулер енгізілуі тиіс, сонымен бірге қиын шешім қабылдауға да дайын болу керек.

 

[1] Анализ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруы шеңберінде, «Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық өсім факторына (еңбек, капитал, жалпы өнімділік факторы) мемлекеттің және мемлекеттік шығын ықпалының тиімділігін экономикалық модельдер мен салааралық баланс үлгілерін пайдалана отырып бағалау және зерттеу» тақырыбында жасалды, ИРН AP05132465.

Читать также ...
Нақты минус: 2020 жылдың күзіндегі экономика министрлігінің бес жылдық болжамында не жаңалық бар?

[2] Сонда.