Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі туралы зерттеудің екінші бөлімі бизнестің сапа және сан жағынан дамуын тежейтін негізгі кедергілерге арналған. Зайра Сәтбаеваның материалының бірінші бөлімі кәсіпкер әйелдерді мемлекет тарапынан қолдау құралдарына және Қазақстанда бизнес жүргізу ерекшелігіне арналған еді.

Кедергіге қарамай алға ұмтылу

Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүмкіндігі мол. Women’s Economic Opportunity Index мәліметтері бойынша, олардың қатарына мүлікке меншік құқығын, жұмыс түрлеріне құқықтық шектеулердің болмауын, қаржыландыру бағдарламаларына қол жеткізуді, сауаттылықтың жоғары деңгейін, орта және жоғары білімнің болуын, шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндігін, әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына ықпал ететін жүріп-тұру еркіндігін жатқызуға болады. Алайда, әйелдерді бизнесте тежейтін факторлар да бар. Олар: шектеулі несие тарихы, қаржылық қызмет көрсету мүмкіндігінің болмауы, жүктілікке және босануға байланысты демалыстың қажеттігі.

Қаржылай, еңбек, уақытша және басқа да материалдық емес ресурстар санының аздығы Қазақстандағы әйелдер бизнесінің өспеуіне алып келеді.

Елдегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуын тежейтін факторларды анықтау үшін Қазақстанда зерттеулер жүргізілді. С.Д. Сейілбекова мен Ж. А. Нұрбекованың зерттеу нәтижелері бойынша, ол факторларға әйелдердің бизнеске қажет білімі мен жұмыс тәжірибесінің болмауы, бизнеспен айналысу үшін уақыт жетіспеуі, өз ісін ашу және оның жұмыс істеп кетуін қамтамасыз ету үшін қаражат алу проблемасы, әйелдер мәртебесінің төмендігі және гендерлік стереотиптер жатқызылуы мүмкін. Бұл факторлар сонымен қатар З.У Джубалиеваның зерттеуінде де расталады. Ол әйелдер кәсіпкерлігінің ерекшелігі ретінде әйелдердің қоластындағыларды басқаруға деген ұмтылысының аздығын, қаржы ресурстарын тартудағы қиындықтарды, үй шаруасы және бала күтімімен және басқа да отбасы мүшелеріне байланысты уақытша үзілістер қажеттігін атап өтті.

Читать также ...
Ашықтық: жылдық есеп экономикадағы транспаренттілікке алып келеді

UN ESCAP зерттеуінде кемсітушілік деп әлеуметтік-мәдени нормалардағы кедергілер; әйелдердің нақты жағдайларына, қажеттіліктері мен мүдделеріне көз жұма қарайтын саясат пен заңдар; әлеуетті дамытудағы шектеулі мүмкіндіктер; қаржы, несие және АКТ (ақпарат-коммуникация технологиялары) қол жеткізудегі аз мүмкіндік; үй шаруасы және ақы төленбейтін күтім бойынша әйелдерге қойылатын талаптар көрсетілген.

Бизнес жүргізу кезіндегі жоғарыда аталған «ерекше» проблемалармен қатар, Қазақстан кәсіпкерлері кез келген бизнеске тән және ұлттық кәсіпкерлік экожүйесінің тиімділігіне байланысты кедергілерге де тап болады. Doing Business рейтингіне сүйенсек, олардың дамуы халықаралық саудадағы, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылудағы, салық салудағы және төлем қабілетсіздігін шешудегі қиындықтарды тежейді.

Осылайша, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы алғашқы кедергілер қатарына мына үшеуін жатқызуға болады:

1. Әйелдердің бизнеске қажет білімі мен жұмыс тәжірибесінің болмауы

Қазір әйелдер басқаратын кәсіпорындары басым салалар техникалық білім, көп жұмысшы, ірі капиталды қажет етпейді. Ендеше менеджмент саласы, әсіресе адами ресурстар мен қаржы саласындағы білім де керек емес. Мұның себебі басқару теориясы мен практикасы туралы білімнің төмендігі немесе мүлдем болмауы болуы мүмкін. Көбінесе әйелдердің шағын кәсіпорындары, әсіресе жеке кәсіпкерлер стратегиялық менеджментті пайдаланбайды. Ал шындап келгенде, стратегиялық жоспарлау мен кәсіпкерлік қызметтің тиімділігі арасында оң байланыс бар.

2. Үй жұмысы, балалар мен басқа да отбасы мүшелерінің күтіміне байланысты ақы төленбейтін шаруалардан бизнеске уақыт қалмауы

Қазақстанда патриархал құндылықтар жүйесі басым. Қазақстандық қоғам отбасындағы міндеттерді әйелдер мен ерлердің рөліне қарай қатаң бөліп қоятын дәстүрлі түсініктерге бейім. Сондықтан да қазақстандық әйелдер үй шаруасы мен бизнесті алып жүруге байланысты екі есе ауыртпалыққа тап болады. Үй мен бизнес арасындағы сәтті тепе-теңдікті сақтау әрекеті кәсіпорын ауқымын кеңейтуге және әйелдер кәсіпорындарындағы «жас» ұлғайтуға шектеу қояды. Өйткені кәсіпкер әйелдер табыстың өсуіне емес өз уақыттарын бақылауға көбірек көңіл бөледі.

Читать также ...
Қазақстандағы лизинг нарығы қалай дамып барады?

3. Кәсіпорындар масштабының шектеулі болуы мен өсу әлеуетінің төмендігіне байланысты қаржылық ресурстарға қол жеткізе алмау

Social Institutions and Gender Index деректері бойынша, Қазақстанда «Өндірістік және қаржылық ресурстарға қол жеткізе алмау» көрсеткіші аясында гендерлік кемсітушіліктің деңгейі орташа екені байқалады. Қазақстанда әйелдердің жер немесе басқа мүлікті иелену мүмкіндігі шектеулі. Өйткені ол көбінесе күйеуі немесе отбасындағы ер азаматтың атына тіркеледі. Бұдан көп мөлшердегі несие ала алмау туындайды. Өйткені банктер несие алушылардан ресми жұмыс істеп, атында мүлік болып, кепілзат қоя алуын талап етеді. Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда несие алуда үлкен қиындықтарға тап болуда. Сондай-ақ олардың несие өтеп, бизнес-жоспар жасау қабілетіне қатысты да теріс пікірлер бар.

Жолдан таю

Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындар саны өсуде. Алайда олардың айналымы мен жұмыспен қамтылғандар саны бойынша көлемі айтарлықтай емес болып тұр. Қазақстан әйелдері негізінен жұмыс орындарының 31,4%-ын және елдің ЖІӨ-нің 14,6%-ын қамтамасыз ететін сектордағы ШОБ кәсіпорындарына иелік етеді. Негізінен қызмет көрсету саласында шоғырланған әйелдер кәсіпкерлігінің айқын салалық ерекшелігі бар.

Қазақстанда кәсіпкер әйелдердің бизнеспен айналысып, дамуы үшін көптеген экономикалық мүмкіндік бар. Алайда, өндірістік және қаржылық ресурстарға қол жеткізу кезінде гендерлік кемсітушіліктің деңгейі орташа екені байқалады. Қаржылай, еңбек, уақытша және басқа да материалдық емес ресурстар санының жеткіліксіздігі Қазақстандағы әйелдер бизнесінің өспеуіне алып келеді. Тығырық мынау: шағын кәсіпорын ірі қаржы ала алмайды, ал оның өз қаражаты штат кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермейді.

Читать также ...
Жұмыспен қамтылған кедейліктің әйел келбеті

Қазақстандық әйелдердің бизнесіне жүргізілген талдау елдегі әйелдер кәсіпкерлігіне сан жағынан қана емес, сапа жағынан да даму қажет екенін көрсетеді. Бұл бағытта Қазақстанның алдында екі жол бар. Біріншісі – экономиканың бастапқы және қайталама секторлары саласына кәсіпкер әйелдердің кіруін қамтамасыз ете отырып, әйелдер кәсіпкерлігінің «мамандану» векторын өзгерту; Екіншісі – қазір жұмыс істеп тұрған әйелдер кәсіпорындарын «ірілендіруге» және олардың рентабельділігі мен бәсекеге қабілетін арттыруға, оның ішінде әлемдік нарықта арттыруға ықпал ете отырып, экономиканың үшінші секторында әйелдер кәсіпкерлігінің дамуын ынталандыру керек.

Мақала автордың «Сорос-Қазақстан» қорының «Ашық экономика» бастамасы аясында жүргізген зерттеуінің негізінде дайындалды.