Постпандемиялық кезеңдегі көшбасшылар мен артта қалған мемлекеттер 

Нуриэль Рубини

НЬЮ-ЙОРК – Кейінгі онжылдықтағы ең салмақты ғаламдық рецессиядан кейін жекеменшік және мемлекеттік жорамал жасаушылар биыл және алдағы жылдары әлемдік өндіріс қалпына келеді деген оптимистік болжам жасап отыр. Бірақ алдағы экономикалық экспансия ел ішінде де, әлем мемлекеттері арасында да тең дәрежеде жүрмейді. Экономиканың V-сипатты (әлеуеттен жоғары өсімге оралу), U-сипатты (V сипатының әлсіз нұсқасы), W-сипатты (екі еселенген түсім) қалпына келуі әртүрлі елдер мен өңірлердегі бірнеше факторға тәуелді болады. 

Көп елде коронавирус әлі де қарқын алып тұр. Сондықтан қазір күн тәртібінде «Вирустың жаңа, әлдеқайда тез тарайтын штамдары осыған дейін экономиканың қайта жандануы тым жылдам жүрген кездерде байқалған «тоқта-алға» тізбегінің қайталануына әкелмей ме?» деген маңызды сауал туды. Ең негативті сценарийлердің біріне сенсек, алдағы уақытта вакцинаға да төтеп бере алатын штамм шығуы мүмкін. Бұл әлемнің көп бөлігінде әлі де баяу жүріп жатқан вакцинация процесін жылдамдату керегін білдіреді. 

Вирустан басқа ескеруді қажет ететін тағы бірнеше экономикалық қауіп бар. Көп компания банкрот болып, еңбек нарығында гистерезис (ұзаққа созылған жұмыссыздықтан қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жоғалтып, қайтадан жұмысқа тұру мүмкіндігінен айырылуы) байқалса, экономиканың баяу әрі сенімсіз түрде қалпына келуі ұзақмерзімді негативті салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Тағы бір мәселе шағын және ірі компаниялар мен қатардағы азаматтардың қаржылық жүктемесінің төмендеуімен және тұтынушылардың пандемия кезінде жинаған ақшасын жарата бастауы бұл процестің орнын қаншалық толтыра алатынымен байланысты. 

Алаңдаушылық туғызатын тағы бір бағытқа әлеуметтік-саяси сала жатады. Теңсіздіктің артуы тұрақсыздық туғызып, жиынтық сұраныстың төмендеуіне әсер ете ме? Көп нәрсе артта қалып кете жатқандардың кірісі мен шығынын қолдауға арналған шаралардың ауқымы, қамту деңгейі мен инклюзивтілігіне тәуелді. Алдағы уақытта қазірге дейін қолданылып келген макроэкономикалық ынталандыру шаралары (монетарлық, кредиттік және бюджеттік) жеткілікті, жеткіліксіз не артық екені белгілі болады. Бұл шаралардың артық болуы кей жағдайда инфляция мен оған қатысты болжамдардың күрт өсуіне әкеліп соғады. 

Осындай белгісіздіктерді ескеріп, экономиканың қалпына келуі АҚШ, Қытай және оның ғаламдық өндірістік тізбегіне қатысатын Азия елдерінде қарқынды жүреді деп болжауға болады. АҚШ-та биыл экономиканың қалпына келуіне Covid-19 вирусын жұқтырған науқастар санының азаюы, вакцинация науқанының қарқынды жүруі, тұтынушылар мен бизнестің сенімінің артуы және бюджеттік, монетарлық экспансияның мықты әсері ықпал етеді.

Читать также ...
Нобель сыйлығының лауреатымен тікелей эфир

Бұл жердегі басты қауіп экономикалық өсім қарқынымен байланысты. АҚШ-та жақында басталған инфляция қарқынының өсуі Федералды резерв жүйесі күткеннен де ұзаққа созылып, қаржы нарығы коррекцияға ұшырап, бұл іскерлік сенімділікті төмендетуі мүмкін.  

Қытайда және онымен экономикалық байланысы берік елдерде экономиканың жылдам қалпына келуін биліктің бастапқы кезеңде-ақ вирустың таралуын тоқтатудағы жетістіктерімен, макроынталандыру шараларының әсерімен түсіндіруге болады. Осының бәрі бұл мемлекеттерге қайтадан ашылып, іскерлік сенімділікті қалпына келтіруге көмектесті. Бірақ Қытайдағы мемлекеттік және жекеменшік сектордың кей бөлігіндегі қарыз бен несие деңгейі жоғары. Қытайдың экономикалық өсімнің жоғары қарқыны мен шектен тыс несие беруді бірдей сақтап қалуға талпынысы біраз қауіпке жол ашады. Кең мағынасында алғанда АҚШ пен Қытай арасындағы бақталастықтың (қырғи-қабақ соғыстың) күшеюінен (әсіресе, бұл бақталастық қос мемлекеттің экономикасын біржола ажыратып, жаңа протекционистік шараларға ықпал етсе) Қытай мен әлемдегі экономикалық өсімге қауіп төнеді. 

Еуропадағы жағдай әлдеқайда қиын: ондағы мемлекеттер 2020 жылдың соңғы және 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы екі еселенген рецессиядан қатты зардап шекті. Бұған инфекцияның жаңа толқыны мен карантин әсер етті. Екінші тоқсанда экономиканың қалпына келу қарқыны бұрынғыша баяу жүреді, бірақ екінші жартыжылдықта вакцинация науқаны жақсы жүріп, макроэкономикалық саясат жұмсақ күйінде қалса, жедел өсім күтуге болады. Қызметкерлерді уақытша демалысқа жіберу және әртүрлі қарыз кепілдемелерін беруді біртіндеп қысқарту туралы асығыс шешім ұзақмерзімді негативті салдарлар мен гистерезиске әкеліп соғуы мүмкін. 

Оның үстіне, еурозонадағы кей мемлекеттер әлдеқашан уақыты келген құрылымдық реформалар жүргізбей, экономиканың ықтимал өсімі төмен, ал қарыз коэффициенттері жоғары болады. Еуропа орталық банкі активтер сатып алуды жалғастырып жатқанда, тәуелсіз спрэдтер (неміс және италиялық облигациялардан түсетін табыс арасындағы айырмашылық) төмен болатын сияқты. Бірақ уақыт өте келе монетарлы қолдау біртіндеп жойылып, бюджет тапшылығының көлемін қысқарту қажет болады. Қазіргі дағдарысты пайдаланғысы келген еуроскептиктердің популистік партияларының елесі де назардан тыс қалмайды.

Читать также ...
Тұрақтылық тренді: Қазақстанда ESG мәліметтерін кім және қалай жариялап жүр?

Жапонияда экономиканың қайта іске қосылуы әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Коронавирустық инфекцияның жаңа толқынын бақылауда ұстау үшін енгізілген карантиннен кейін елде бірінші тоқсанда экономикалық өсімнің кері қарқыны байқалды. Осының әсерінен Жапония Токиода өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарына дайындықты әзер аяқтады. Бұл елге де жалпы ішкі өнімнің ықтимал өсімін жоғарылатып, болашақ бюджеттік консолидацияның негізін қалыптастыру үшін құрылымдық реформалар керек. Үлкен көлемдегі мемлекеттік қарызды Жапония банкі үздіксіз монетизациялап отырғанына қарамастан, уақыт өте келе ол тұрақсыз сипатқа көшуі мүмкін.

Халық тығыз қоныстанған, денсаулық сақтау жүйесі нашар, вакцина алған азаматтар үлесі аз дамушы мемлекеттердегі жағдай қиын, бұл вирусқа ары қарай да еркін тарауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл елдердің көбінде іскерлік және тұтынушылық көңіл-күй төмен; туризмнен түсетін табыс пен эмигранттардан келетін ақша аударымдары тоқтады; қарыз коэффициенттері жоғарылады, тұрақсыздық басталуы да мүмкін; валютаның әлсіздігінен қаржылық шарттар қатаңдады. Одан бөлек, саясатты жұмсартуға арналған кеңістік шектелген, ал кей жағдайда популист саясаткерлер қолданылып жатқан шараларға деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін. 

Мәселесі көп, бақылауды қажет ететін елдер қатарына Үндістан, Ресей, Түркия, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Африкадағы Сахараның оңтүстігіне қарай орналасқан елдер, Таяу Шығыстағы мұнай импорттайтын бірнеше нәзік мемлекет жатады. Көп елде рецессия емес, депрессия байқалып отыр. 200 млн астам  адамға кедейлік шегінен төмен өмір сүру қаупі төнді. Бұл теңсіздікті аштық пен індет көп кездесетін елдерде климаттың өзгерістердің салдары қатты сезілетіні ушықтырып отыр. Осы себептен бұл мемлекеттер тұрақсыздықтың ықтимал көздері болып қала береді. 

Сенім қалпына келе бастағанымен, кей қаржы нарығы көп жасырын қауіп пен белгісіздікке қарамастан, шектен тыс оптимизм танытып отыр. Covid-19 дағдарысы мемлекеттердің ішіндегі және әлем елдері арасындағы теңсіздіктің артуына әкеледі. Халықтың әлжуаз топтары артта қала берген сайын, болашақта әлеуметтік, саяси және геосаяси тұрақсыздық қаупі жоғары болады. 

Нуриэль Рубини Roubini Macro Associates төрағасы және NourielToday.com бағдарламасының жүргізушісі.

Читать также ...
OEF-2019-да институттардың сапасы туралы айтылды