Джозеф Стиглиц 

НЬЮ-ЙОРК – Әлемдік қауымдастық көбі трансұлттық корпорацияларға арналған ғаламдық минималды салық мөлшерлемесін бекіту туралы тарихи келісім деп атап жүрген сәтке жақындап қалған сияқты. Мұндай шешімнің уақыты әлдеқашан келген, бірақ бұл жеткіліксіз болуы мүмкін.  

Қазір қалыптасқан ереже бойынша бизнес өкілдері азырақ салық төлеу үшін фирмасын салығы төмен елдерге тіркей алады. Заңда табысының көп бөлігі салық шарттары жеңіл жерден түседі деп көрсетуге тыйым салынса, бизнестің біраз бөлігін сол жаққа көшіруге болады. 

Apple салықтан жалтарудың жарқын үлгісіне айналған. Мысалы, компания Еуропадағы операцияларынан түскен табысын Ирландияға тіркеткен. Онымен қоймай, Ирландияның 12.5% салығының едәуір бөлігін төлемеу үшін заңды айналып өтудің тағы бір амалын тапқан. Бірақ Apple – бізге сатқан тауарлардан түскен ақшадан табыс салығын төлемеу үшін тапқырлық танытып, әртүрлі амалдарға жүгінетін жалғыз компания емес. Компания өкілдері өздерінен заң бойынша талап етілген әр долларды төлейтінін айтады. Олар бар болғаны жүйе ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдаланып отыр. 

Осы тұрғыдан алғанда, кем дегенде 15% көлеміндегі ғаламдық минималды салық мөлшерін бекіту туралы келісім алға ілгерілететін маңызды қадам саналады. Бірақ мәселенің бәрі ұсақ-түйек детальдарда жатыр. Қазіргі орташа ресми мөлшерлеме біршама жоғары. Осылай ғаламдық минималды салық мөлшерлемесі максималды деңгейге жетуі мүмкін. Трансұлттық корпорацияларды әділ салық мөлшерлемесін төлеуге мәжбүрлеу мақсатында басталған жоба көп қосымша табыс әкелмейді. Бұл – жыл сайын төленбей қалатын 240 миллиард доллардан әлдеқайда аз. Кей бағалау қорытындысы бойынша, бұл табыстың аз бөлігі ғана дамушы елдер мен нарықтарға беріледі. 

Мұндай жағдайдың алдын-алу ғаламдық конвергенцияның төмендеуіне жол бермеуден бөлек, салық шегерімін капиталды шығын мөлшерімен шектейтін корпоративті табыстың анықтамасына да байланысты. Бұл жерде салықтан жалтарудың ескі амалдарының орнын жаңа әдістер баспауы үшін бухгалтерлік есепті стандарттау туралы келісіп алған дұрыс болар еді. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жасаған ұсыныстардың ішінде ғаламдық ірі компанияларға салық салу мәселесін шешуге арналған Бірінші базалық ереже мәселе туғызып отыр. Трансферттік баға қалыптастырудың ескі жүйесі жиырма бірінші ғасырдағы жаһандану талаптарына жауап бере алмады; трансұлттық корпорациялар табысын салығы төмен елдерге тіркету үшін бұл жүйеге манипуляция жасап келді. Осы себептен АҚШ штаттар арасындағы табысты сауда, жұмыспен қамту және капитал көлеміне байланысты бөлу әдісін таңдады. 

Дамушы және дамыған елдер қандай формуланы пайдаланғанына байланысты әртүрлі жағдайда қалуы мүмкін: саудаға бaсымдық беру өндірістік тауарлар шығаратын дамушы елдерге зардабын тигізеді, бірақ цифрлық алпауыттарға қатысты бірқатар әділетсіздікті жоюға көмектеседі. Ал ірі технологиялық компаниялар үшін сауда өздері жинайтын бизнес-модель үшін маңызды саналатын деректердің құндылығын көрсетуі керек. Бірақ бір формула барлық салада бірдей жұмыс істемейді.

Читать также ...
Жұмыссыздыққа қарсы іс - жастар кәсіпкерлігінің тұманды болашағы

Дегенмен қазіргі ұсыныстардың ішінде прогрессивті дүниелер де барын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, салық салу үшін компанияның елде шынымен жұмыс істейтінін (кеңсесінің, қызметкерлерінің бар-жоғын) тексеруден бас тартуды атап өтуге болады. Цифрлық технологиялар дәуірінде мұндай тексерістің мәні жоқ еді.

Кей мемлекеттер бірінші базалық ережені минималды салықты қолдайтын құжат деп көреді, сондықтан оның құрылымын реттейтін экономикалық принциптердің жоғына алаңдамайды. Табыстың белгілі бір шектен асатын аз бөлігі ғана бөлінеді. Бұл үлестірілетін табыстың жалпы көлемі өте шағын екенін білдіреді. Бірақ компаниялар өндірістік ресурстарды, оның ішінде корпоративті табыс салығын салықтан шығарып тастай алады. Одан қалатын таза табыс үлестірілуі керек. Сондықтан кей дамушы мемлекеттің корпоративті табыстың үлкен бөлігін қайта бөлу туралы талабы ақылға қонады деуге болады. 

Бұл ұсыныстардың басқа да проблемалық аспектілері бар (олардың ашықтығы мен қоғамдық талқылануы аз болды). Олардың бірі қазір инвестициялық келісімдерде кең қолданылатын арбитраж түрлерінің көмегімен шешілмейтін дауларға қатысты; мұны корпорация тіркелген мемлекетке қалдыруға болмайды (әсіресе, штаб-пәтерін ашуға тиімді мемлекет іздеп жүретін жылжымалы корпорациялар болса). Бұл мәселенің ең дұрыс шешімі – ғаламдық салық соты, ашықтық, жиырма бірінші ғасырдағы сот деңгейіне сәйкес келетін стандарттар мен процедуралар. 

Ұсынылып отырған реформалардың тағы бір қиындық туғызатын ерекшелігі цифрлық салықтардың таралуын тежеуге арналған «біржақты шараларға» тыйым салумен байланысты. Бірақ 20 миллиард доллар деген шекара көп ірі трансұлттық корпорацияны бірінші базалық ереженің жұмыс аясынан тыс қалдырды. Салық саласында істейтін ақылды заңгерлердің заңды айналып өтудің тағы қандай амалдарын табуы мүмкін екенін кім білсін? Мемлекеттің салық базасына төнетін қауіпті және халықаралық келісімдерді бекіту қиын, ал трансұлттық корпорациялар өте қуатты екенін ескерсек, директивті органдар біржақты шараларға жүгінуі мүмкін. 

Мемлекеттерге шектеулі және негізсіз бірінші базалық ереже үшін қандай да бір салықтық құқықтардан бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені талап етілетін міндеттемелерді ұсынылатын пайдамен салыстыруға келмейді. 

«Үлкен жиырмалықтың» көшбасшыларына 15% кем емес көлемдегі ғаламдық минималды салық туралы келісіп алған дұрыс. Қазір аталған реформа туралы келіссөз жүргізіп жатқан 139 мемлекет үшін соңғы бекітілген минималды салық мөлшерлемесі қандай болғанына қарамастан, тым құрығанда бірнеше мемлекет біржақты негізде немесе топтасып әлдеқайда жоғары мөлшерлеме енгізсе, жақсырақ болар еді. Мысалы, АҚШ-та салық мөлшерлемесі 21% болады деп күтіліп отыр.

Читать также ...
Шағын және орта бизнестің корпоратив табыс салығы реформасы

Ғаламдық салық келісіміне қажетті көп мәселені бүге-шүгесіне дейін қарастыру керек. Әсіресе, үні жеткілікті деңгейде естіле бермейтін дамушы елдермен және нарықтармен әріптестік орнату өте маңызды.

Одан бөлек, бұл мәселеге қазір ұсынылып отырғандай жеті жылдан кейін емес, бес жылдан кейін оралған дұрыс. Уәде етілгендей салық түсімдері артпаса, дамушы елдер мен нарықтар бұл табыстан көбірек үлес ала алмаса, минималды салық деңгейін көтеріп, «салық құқықтарын» бөлу формуласын түзету қажет болады.  

Джозеф Е.Стиглиц – экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университетінің профессоры, халықаралық корпоративті салық жүйесін реформалау бойынша тәуелсіз комиссия мүшесі.