Өткен материалда біз күнкөріс минимумын, ең төменгі жалақыны және ең төменгі есептік көрсеткішті талқыладық. Енді мемлекет әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қалай белгілейтінін түсінуге тырысайық. Өйткені қазір бұл мәселе пандемияға байланысты бұрынғыдан да өзекті болып тұр.
Әлеуметтік сақтандыру саясаты жақында ғана өзгеріске ұшырады. 2019 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру туралы жаңа заң қабылданды, ол 2020 жылдан бастап күшіне енді.
Әлеуметтік төлемдер тізбесінде әртүрлі жағдайға арналған төлемдер қарастырылған. Оның ішінде:
– еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайдағы жәрдемақы;
– асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы;
– жұмысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы (жұмыссыздық жәрдемақысы);
– жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем;
– бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем.
Еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайдағы жәрдемақы
Жәрдемақы сомасы = (соңғы 2 жылдағы жалақының немесе табыстардың орташа айлық мәнінен өтініш берген кездегі ең төменгі жалақы мөлшерінің 55%-ын алып тастағанда)
* табысты алмастыру коэффициенті * еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенті * әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициенті.
Коэффициенттар жайы осы формулада көрсетіледі.
Табысты алмастыру коэффициентінен бастайық. Заңның өзінде бұл коэффициент әлеуметтік төлем алатын тұлғаның басына түсуі мүмкін тәуекел дәрежесін көрсетеді. Атап айтқанда, мүгедектік жағдайында бұл коэффициент 0,6-ға тең. Басқаша айтқанда, өмірдегі белгілі бір кенеттен болатын қатерді субъектив қабылдау неғұрлым жоғары болса, коэффициент соғұрлым жоғары болады.
Еңбекке жарамсыздық коэффициенті 0,3-тен 1,0-ге дейінгі мәндерді қабылдайды. Бұл медициналық қорытындыға, әлеуметтік сақтандыру төленетін тұлғаға байланысты. Жәрдемақы алуға өтініш білдірген әрбір адам үшін коэффициент денсаулық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Ол: ауру неғұрлым ауыр болса – коэффициент соғұрлым жоғары болады, яғни төлем мөлшері жоғары болады деп көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициенті әлеуметтік сақтандыру қорына тұлғаның төлем ұзақтығын ескереді. Адам әлеуметтік сақтандыру қорына неғұрлым ұзақ төлем жасаса, соғұрлым ол үлкен коэффициентке ие бола алады және төлем соғұрлым көп болады.
Шегерімдердің ұзақтығына байланысты коэффициенттер бөлімдері төмендегі кестеде көрсетілген.
1-кесте. Еңбек өтілінің коэффициенті
<6 ай | 6-12 ай | 12-24 ай | 24-36 ай | 36-48 ай | 48-60 ай | 60-72 ай | >60 ай |
0,10 | 0,70 | 0,75 | 0,85 | 0,90 | 0,95 | 1,00 | 1,00-ге МӘМС қатысқан әр 12 ай үшін 0,02 қосылады. |
Белгілі бір жағдай үшін жәрдемақы мөлшерін есептеуге тырысайық.
Сарымсақ Картопұлы 2 жыл жұмыс істеді, содан кейін оған күрделі диагноз қойылып, еңбек қабілетін 30%-ға айырды. Еңбек еткен алғашқы жылында Берік айына 150 мың теңге, екінші жылы 200 мың теңге тапқан. Осы екі жылдың ішінде ол әлеуметтік сақтандыру аударымдарын үзбей төлеп отырды.
Орташа айлық кірісті табайық.
Егер адам 1 жыл 150 мың табыс, содан кейін 1 жыл 200 мың табыс тапса, онда орташа мән:
(150 000 теңге*12 ай + 200 000 теңге*12 ай)/24 ай = 175 000 теңге.
Шыққан мәннен ең төменгі жалақының 55%-ын алып тастаймыз, ол қазіргі уақытта 42 500 теңге:
175 000 теңге – 42 500 теңге*0,55 = 151 625 теңге.
Алынған мәнді табысты алмастыру коэффициентіне көбейтеміз (еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда ол 0,6):
151 625 теңге*0,6 = 90 975 теңге.
Шыққан мәнді еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициентіне көбейтеміз (біз адамның еңбек қабілетін 30%-ға жоғалтқанын есімізде сақтаймыз):
90 975 теңге*0,3 = 27 293 теңге
Шыққан мәнді қатысу өтілінің коэффициентіне көбейтеміз (Сарымсақ әлеуметтік қорға екі жыл немесе 24 ай аударым жасап отырды. Кестені қарап бұл коэффициент 0,85-ке тең екенін ұғамыз):
27 293*0,85 = 23 199 теңге.
Соңғы шыққан сома Сарымсақ Картопұлы үшін ай сайынғы төлемді білдіреді.
Асыраушысынан айырылғандағы жәрдемақы
Жәрдемақы сомасы = (соңғы 2 жылдағы жалақының немесе табыстардың орташа айлық мәнінен өтініш берген кездегі ең төменгі жалақы мөлшерінің 55%-ын алып тастағанда)
* кірісті алмастыру коэффициенті * асырауындағылар санының коэффициенті * әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициенті.
Асыраушысынан айырылған жағдайда табысты алмастыру коэффициенті де 0,6, ал біз өткен мысалда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффициентінің шкаласымен таныстық.
Асырауындағылар санының коэффициенті қайтыс болғанға дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушының қолына қараған адамдардың санына байланысты айқындалады
2-кесте. Асырауындағылар санының коэффициенті
1 асыранды | 2 асыранды | 3 асыранды | 4 және одан көп |
0,50 | 0,65 | 0,80 | 1,00 |
Біз материалымызда ешкімді өлтіргіміз келмейді. Сондықтан біздің кейіпкеріміз Сарымсақты параллель ғаламда жүрген кезінде галактиканы империялық қысымнан құтқару үшін бөтен ғаламшарлық азаматтар белгісіз уақытқа ұрлап кеткен деп елестетіп көрейік. Сонымен қатар, Қазақстанда Сарымсақ Картопұлы хабар-ошарсыз кеткен болып саналады.
Сарымсақтың артында 3 асыранды қалды – тиісінше, асырауындағылар санының коэффициенті 0,8-ге тең. Ол жоғалғанға дейінгі соңғы 24 айда әлеуметтік сақтандыру қорына жасырмай ақша аударып отырған. Тиісінше қатысу өтілінің коэффициенті 0,85. Сарымсақтың табысы бұған дейінгі мысалдағыдай болды делік. Бұл өмірде Сарымсақтың денсаулығы жақсы еді.
Ендеше, Сарымсақтың асырандылары қандай жәрдемақы ала алады?
Орташа айлық жалақыны табамыз.
Егер адам 1 жыл 150 мың табыс тапса, содан кейін 1 жыл 200 мың табыс тапса, онда орташа мән төмендегідей болады:
(150 000 теңге*12 ай + 200 000 теңге*12 ай)/24 ай = 175 000 теңге.
Шыққан мәннен ең төменгі жалақының 55% алып тастаймыз, ол қазіргі уақытта 42 500 теңге:
175 000 теңге – 42 500 теңге*0,55 = 151 625 теңге.
Алынған мәнді табысты алмастыру коэффициентіне көбейтеміз (асыраушысынан айырылған жағдайда ол 0,6):
151 625 теңге*0,6 = 90 975 теңге.
Алынған мәнді асырауындағылар санының коэффициентіне көбейтеміз (шарт бойынша асырауындағылар үшеу. Тиісінше, коэффициент 0,8-ге тең):
90 975 теңге*0,8 = 72 780 теңге.
Шыққан мәнді әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициентіне көбейтеміз (Сарымсақ әлеуметтік қорға екі жыл немесе 24 ай аударым жасап отырды. Кестені қарап бұл коэффициент 0,85-ке тең екенін ұғамыз).
72 780*0,85 = 61 863 теңге
Соңғы сома Сарымсақтың асырауындағы адамдар үшін ай сайынғы аударым болады.
Жұмыстан айырылған жағдайдағы жәрдемақы
Оны жұмыссыздық бойынша жәрдемақы деп те атайды.
Жәрдемақы сомасы = (соңғы 2 жылдағы жалақының немесе табыстардың орташа айлық мәні) * табысты алмастыру коэффициенті * әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициенті.
Жұмыссыз қалған жағдайда жәрдемақыны есептеу формуласында ең төменгі жалақының 55%-ын аламыз деген бөлім болмайды. Сондай-ақ табысты алмастыру коэффициенті 0,6 емес, 0,4 болады. Алайда, келесі шектеулер бар: міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға жұмыссыздық бойынша төлемдер әртүрлі етіп тағайындалады.
3-кесте. Жұмыссызға берілетін жәрдемақыны есептеу
1 айлық жәрдемақы | 2 айлық | 3 айлық | 4 айлық | 5 айлық | 6 айлық |
әлеуметтік есептеулер 6-12 ай жүргізілді. | 12-24 ай | 24-36 ай | 36-48 ай | 48-60 ай | >60 ай |
Басқаша айтқанда, адам ресми түрде неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, соғұрлым жұмыссыздық бойынша ұзақ уақыт жәрдемақы алады.
Сарымсаққа қайта оралайық. Бөгде ғаламшарлықтар оны ұрламапты, бар болғаны жұмыста қысқартуға ұшырады делік. Басқаша айтқанда, адам ресми түрде неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, соғұрлым ұзақ уақыт жұмыссыз ретінде жәрдемақы алады. Ол өзінің еңбек жолындағы бірінші жылында 150 мың теңге, ал екінші жылы 200 мың теңге алды. Сарымсақтың қолына қанша жәрдемақы тиетінін есептейік.
Орташа айлық кірісті табайық.
Егер адам 1 жыл 150 мың табыс тапса, содан кейін 1 жыл 200 мың табыс тапса, онда орташа мән төмендегідей болады:
(150 000 теңге*12 ай + 200 000 теңге*12 ай)/24 ай = 175 000 теңге.
Алынған мәнді табысты ауыстыру коэффициентіне көбейтеміз (асыраушысынан айырылған жағдайда ол 0,4):
175 000 теңге *0,4 = 70 000 теңге.
Шыққан мәнді әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициентіне көбейтеміз (Сарымсақ әлеуметтік қорға екі жыл немесе 24 ай аударым жасап отырды. Кестені қарап бұл коэффициент 0,85-ке тең екенін ұғамыз).
70 000 теңге*0,85 = 59 500 теңге.
Соңғы сома Сарымсақ үшін жұмыссыздық бойынша ай сайынғы жәрдемақы болады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) екі жыл қаржы аударғаны ескеріліп, ол үш ай бойы жәрдемақы ала алады.
Жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік былай осылай есептеледі.
Жәрдемақы сомасы = (соңғы 12 айдағы жалақының немесе табыстардың орташа айлық мәні) * еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті.
Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күндер санын күнтізбелік 30 күнге бөлу арқылы есептеледі.
Формуладан бұл жағдайда орташа табыс ретінде соңғы 2 жылдағы емес, соңғы 12 айдағы ескерілетінін көруге болады. Сондай-ақ, біз табысты алмастыру коэффициенттері мен әлеуметтік қорға қатысу өтілінің жоқ екенін көреміз.
Сарымсаққа оралайық. Басқа ғаламшарға барғанда Сарымсақ жынысын өзгерту үшін операция жасап, көп ұзамай жүкті болып, дүниеге бала келді дедік. Мысалы, оған 50 күнге еңбекке жарамсыздық парағы беріліпті-мыс.
Орташа айлық кірісті табайық:
(200 000 теңге*12 ай)/12 ай = 200 000 теңге.
Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициентін табамыз:
50/30 = 1.666667.
Орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициентіне көбейтеміз:
200 000 теңге*1.6666667 = 333 333 теңге
Соңғы сан – Сарымсақтың жәрдемақысы.
Бала күтіміне байланысты төлемдер
Қазақстанда бір жасқа толғанша бала күтіміне байланысты табыстан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем қарастырылған.
Жәрдемақы сомасы = (соңғы 2 жылдағы жалақының немесе табыстардың орташа айлық мәні) * табысты алмастыру коэффициенті.
Мұндай төлем тағайындалған жағдайда табысты алмастыру коэффициенті 0,4-ке тең. Орташа табыс соңғы екі жыл деп есептелетінін ескеріңіз. Бұл әлеуметтік төлем баланың тууы туралы куәлігі бойынша бала бір жасқа толғанша бір жыл бойы ай сайын төленеді.
Сарымсақтың қолына тиетін соманы табайық.
Орташа айлық кірісті табайық.
Егер адам 1 жыл 150 мың табыс тапса, содан кейін 1 жыл 200 мың табыс тапса, онда орташа мән мынадай болады:
(150 000 теңге*12 ай + 200 000 теңге*12 ай)/24 ай = 175 000 теңге.
Шыққан соманы табысты ауыстыру коэффициентіне көбейтіңіз:
175 000 теңге*0,4 = 70 000 теңге.
Бұл – Сарымсақтың жәрдемақысы.
Алайда, заң бойынша шек бар. Ол: «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері әлеуметтік төлемге құқық туындаған күні республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауы тиіс».
Шағын нюанс. Егер Сарымсақ біздің барлық мысалымызда бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеуші болып отырса, онда МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыс ең төменгі жалақы деңгейінде белгіленеді.
Social Media