Соңғы жылдары тұрақты инвестициялар кеңінен танылып келеді. Бұл инвесторлар бизнестің қаржылық және операциялық көрсеткіштерін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік, экологиялық және басқару тәуекелін (ESG) бағалайды дегенді білдіреді.

Инвесторлар инвестицияның қайтымы мен ESG факторлар арасындағы оң байланысты байқап отыр. Реттеушілер де (әсіресе еуропалықтар) бұл трендті қуана қолдап, институционал инвесторлар үшін де, бизнес үшін де жаңа талаптар енгізіп отыр. Инвесторлардың ESG тәуекелін бағалауы капитал қозғалысының маңызды факторына айналды.

COVID-19 пандемиясы бұл трендті нықтай түседі, жуырда JPMorgan компаниясы инвесторлар арасында жүргізген сауалнама бұл ойымызды дәлелдей түседі. Сұрауға қатысқандардың 50%-дан астамы пандемия алдағы үш жылда ESG көрсеткішіне оң өзгеріс әкелетінін айтқан. JPMorgan сарапшыларының айтуынша, COVID-19 дағдарысының нақты экономика мен қаржы жүйесіне ықпалы  бүгінгі күні қолданылатын көптеген болжам жасау үлгілерінің мүмкіндігін көрсетеді, олар түзу емес, күрделі жүйелі қатерлерге жауап бере алмай отыр.

Қаржы және операциялық көрсеткіштер анализі барлық қауіп-қатерді көрсете алмайды, ал бизнеске мейлінше жан-жақты көзқараспен қарау керек.

 

Инвестор мүддесі

Тұрақты инвестициялардың дамуын тежейтін маңызды фактордың бірі – бағалау үшін бизнес тарапынан ESG мәліметтерінің жеткіліксіз болуы. Сондықтан «қаржылай емес ашылу» қарқынды түрде күшейіп келеді, сондықтан қазір ЕО листингінде бар, бірақ қаржылық есебіне қоса ESG есебі жоқ ірі бизнесті кездестіру қиын. Өйткені инвесторлармен қарым-қатынас орнату дәл осы есепке байланысты, ал олар ESG факторын бағалау сапасына айрықша назар аударады.

Читать также ...
COVID әйелдердің өміріне қалай әсер етті

Қазақстанда ESG мәліметтерін ашып көрсету тек соңғы жылдары ғана үрдіске айналып келеді. Бұл негізінен қазақстандық бизнестің әзірге шетелдік капитал нарығымен аса белсенді байланысы жоқтығымен байланысты.

Қазақстандық компаниялардың ашықтығын арттыру қозғалысының негізгі қозғаушы күші Қазақстан қор биржасы (KASE) болып отыр. 2020 жылдың басында KASE листинг компаниялары жариялауы тиіс жылдық есептің мазмұнына қойылатын талапты күшейтіп, персоналды басқару (әлеуметтік сала), қоршаған ортаны қорғау (экология), корпоративтік басқару мәселелері бойынша талап етілетін ақпарат ауқымын айтарлықтай кеңітті. KASE листинг компанияларға қоятын талаптарына бірқатар озық әлемдік стандарт енгізді, бұл қазақстандық бизнестің жаһандық түсінікте ашықтыққа қарай ойысуындағы маңызды фактор болмақ. Алайда, Қазақстандағы листинг компаниялар қазақстандық бизнестің шектеулі бір бөлігі ғана екенін ескеру керек.

ESG мәліметтерін ашық көрсету бағытында белсенді әрекет етіп отырған келесі бір компаниялар тобына квазимемлекеттік секторды немесе «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі сияқты ірі ұлттық холдингтерге кіретін ұйымдарды жатқызуға болады. Холдингтер өздерінің құрамына кіретін компаниялар жұмысына тұрақты даму принциптерін енгізуге өздері бастамашы болып, олардан ақпаратты ашық көрсетуді талап етіп отыр.

2019 жылы «QRA» рейтинг агенттігі қазақстандық компаниялардың корпоративтік есебі бойынша ESG мәліметтерін ашып көрсету рейтингін дайындады. Рейтингтегі топ-20 тізімге кірген 12 компания ұлттық мемлекеттік холдингтер болып шықты.

 

Листинг компаниялар секілді квазимемлекеттік сектордың да ESG мәліметтерін көрсетуі әрдайым сапалы бола бермейді.

Соған қарамастан, ESG мәліметтерін ашық көрсететін компаниялардың пайда бола бастағаны және олардың саны артып келе жатқаны маңызды. Бұл белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін керек, сол нәтижеге жеткеннен кейін қазақстандық бизнес үшін де еуропалық секілді қаржылық емес есеп қалыпты жағдайға айналады.

Читать также ...
Жұмыспен қамтуға триллион: жол картасында қандай проблемалар  болуы мүмкін?

Қазақстанда жоғарыда аталған екі топқа да кірмейтіндер арасында ESG есеп дайындауды өз бастамасымен қолға алған компаниялар өте аз, бірақ мүлдем жоқ емес. Мысалы, осындай компаниялар қатарында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» және Eurasian Resources Group бар.

 

Персонал +, теңсіздік –

«QRA» рейтинг агенттігі жыл сайын Қазақстанда шығатын барлық жылдық есепке анализ жасап отырады, оның ішінде ESG мәліметтерді ашып көрсету де бағаланады. ESG тармақтары ішінде қаржылық емес сектор бойынша мейлінше ашық көрсетіліп жүрген ақпарат қатарында экологиялық мәселелер бар, соның ішінде тау-кен мен металлургия өнеркәсібі және энергетикалық компанияларды атап өтуге болады.

Мұның бір себебі көптеген өнеркәсіптік компанияның негізгі экологиялық көрсеткіштерге (атмосфераға шығаратын қалдықтар) мониторинг жасап, реттеушілерге өткізуге мәжбүр екені болуы мүмкін. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы компаниялар үшін мұны көпшілік үшін ашық есепке кіргізу еш қиындық тудырмағанымен, қаржылық сектор, соның ішінде коммерциялық банктер экологиялық мәселелер бойынша мәліметтерді ашып көрсетуде әлі де артты қалып отыр.

Мұның да себебін іздеп көруге болады. Қаржылық сектор өкілдерінің экологияға әсер-ықпалын бұған дейін ешкім, ешқандай жолмен бағаламаған, сондықтан олар мұндай мәліметтерді ашып көрсетуге дайын болмауы мүмкін. Экология тақырыбы бойынша қазақстандық бизнес климаттың өзгеруінің бизнес-модельге ықпалы және төменгі көмірсутекті экономикаға көшуді қолдау стандарттарын әлі қабылдай қойған жоқ. Бұл тақырып қазір жаһандық нарықтағы компаниялардың есебінде басымдыққа ие, ал қазақстандық бизнес үшін жаңалық болып қалып отыр.

Читать также ...
Ұлы қарыздан арылу процесі

Әлеуметтік мәселе бойынша қазақстандық компаниялар көбінесе персоналды басқару жағын ашық көрсетеді. Бұл әділетті де, өйткені көптеген компания үшін кадр саясаты қоғамға ықпал етудің негізгі аспектісі болып саналады.

 

Қазақстанда түрлі әлеуметтік топтағы қызметкерлерді, мысалы, гендер және жас жағынан теңдей мүмкіндікпен қамтамасыз ету деген атымен жоқ деуге болады.

Қазақстанда кейбір компаниялар бұл бағыттағы көрсеткіштерін көрсетуге тырысады, бірақ одан шын мәнінде теңдей мүмкіндік беру саясаты көрінбейді, ал жаһандық нарықта бұл негізгі басымдықтың бірі.

ESG мәліметтерді ашық көрсеткен жағдайда корпоративтік басқару саласын жария етуде эксперттер мен инвесторларды бірінші кезекте әлеуметтік және экологиялық мәселелер (E&S) топ-менеджменттің жұмысында қаншалықты көрініс тапқаны қызықтырады. Мысалы, компанияның директорлар кеңесі мүдделі тараптармен өзара қарым-қатынас барысында неге сүйенеді, ол тараптардың мүддесі қорғалатындай шешім шығару үшін не істейді? Компанияда экологиялық мәселе бойынша шешімді кім қабылдайды, менеджменттің жұмыс нәтижесі қалай қадағаланады? Тағы да қайталап айтайық, жекелеген талпыныстарға қарамастан, мұндай элементтерді ашып көрсету үнемі нәтижелі емес, E&S мәселелеріне менеджмент әдетте мүлдем назар аудармайды.

Енді ең негізгі мәселеге тоқталсақ. ESG мәліметтерін ашу сапасы қандай? Мейлінше ашық көрсетудің артында әрдайым бизнес тәжірибенің деңгейі жоғары екенін көруге болады. Компанияда әлеуметтік, экологиялық және басқару мәселелері бойынша тәуекелді бағалау механизмдері жоқ болса, бұл тақырып бойынша есеп те дұрыс болмайды.

Әлемдік нарықта тұрақты инвестицияның өсіміне қатысты қиындықтар бар екеніне қарамастан, қазіргі тренд белгілі, сондықтан инвесторлардың назары қаржылық ақпараттан қаржылық емес ақпаратқа қарау ойысқанын енді өзгерту қиын. Сондықтан бизнес корпоративтік есеп беру жағынан мейлінше ашық болып, әрекетке де неғұрлым ерте көшкені дұрыс.

Читать также ...
Қазақстан-2020: ЖІӨ құлауда, мемлекеттік шығын көбеюде, кедейлік артуда