COVID-19 пандемиясы әлемдік экономикаға ауыр соққы болды. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жаңартылған болжамында (ХВҚ; 2020 жылдың 24 маусымында таныстырылды) биыл әлемдік ЖІӨ 4,9%-ға төмендейтіні айтылады, осылайша қор сәуір айындағы болжамын қайта қарастырып, 1,9 пайыздық тармаққа дейін төмендеу болатынын көрсетті. Дүниежүзілік банк (ДБ) болса, маусым айындағы болжамында құлдырауды -5,2% деп көрсетіп отыр.

ХВҚ мен ДБ дамыған елдердегі дағдарыстың ауыр болатынын айтуда, дегенмен дамушы елдердің де жағдайы мәз емес. Бір бөлігі шикізат ресурсын экспорттаушы (Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан), тағы бір бөлігі жұмыс күшін беруші (Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан) Орталық Азия елдері де дағдарысты мейлінше қатты сезінеді. Бүкіл әлем елдері үшін қазіргі дағдарыстың айрықша белгісі екінші дүниежүзілік соғыстан бері қарай алғаш рет терең құлдырау болса, Орталық Азия елдері үшін 1990-жылдардан кейін көрмеген кедейлік деңгейінің қайта оралуы болмақ.

ДБ сарапшылары 2020 жылдың 25 маусымында өткен «Орталық Азиядағы COVID-19: кедейлік және әлеуметтік-экономикалық салдар» атты аймақтық онлайн брифингте ОА аймағындағы кедейлікке қатысты осындай болжам айтты.

 

Миллиондаған кедей

Дүниежүзілік банк маусымдағы болжамында (2020) Орталық Азияның бес елінің үшеуінде, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанда ЖІӨ төмендейтінін көрсеткен. Түркіменстан экономикасы бұрынғы деңгейде қалмақ. 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда баяу болса да, Өзбекстан әрі қарай өсе бермек.

Дамушы елдер үшін өсу қарқынының бәсеңдеуі әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. ОА елдерінің экономикасына коронадағдарыс айтарлықтай нұқсан келтіргенімен, тұрақтылыққа қауіп төніп тұр деуге болмайды.

Читать также ...
Тұрақтылық тренді: Қазақстанда ESG мәліметтерін кім және қалай жариялап жүр?

Дүниежүзілік банктің Орталық Азия аймағы бойынша бас экономисі Уильям Зейц: «Орталық Азия аймағындағы елдердің тұрақтылықты қамтамасыз ететін қайнаркөзі бар: пандемия өршігенге дейін өсу қарқыны жоғары болды, азық-түлік қоры да жеткілікті. Тек осы қорды сауатты түрде бөлу өте маңызды», – дейді өз сөзінде.

Ел үкіметтері бірінші кезекте үш міндетті шешуі тиіс, атап айтқанда: еңбек нарығының қалыпты қызметіне оралу, әлеуметтік қорғау жүйесін жағдайға орай жедел әрекет ете алатындай етіп жетілдіру, мейлінше зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетуді қолға алу. Кейбір елде жекелеген міндеттерді шешіп те қойды (мысалы, Қазақстанда әлеуметтік жағынан қорғалмаған топ көмек алды), бірақ аймақ елдерінің ешқайсы еңбек нарығын қалыпқа келтіре алмады. Бұл кедейліктен қашып құтылу қиын дегенді білдіреді.

Зейц мырза пандемияның кедейлікке алып келуіне ықпал ететін төрт негізгі арнаны көрсетіп отыр. Біріншісі – еңбекақысына науқасына байланысты тікелей және жұмысы тоқтап қалуына, жұмыс уақытының қысқаруына және басқа да себептерге орай жанама ықпал. Екіншісі – қызмет көрсету саласындағы (білім беру мен денсаулық сақтау) үзіліс. Үшіншісі – еңбексіз кіріс, яғни мемлекеттік өтемақы мен ақша аудару. Бұл арна бойынша ОА аймағының бес елінің үшеуіне дағдарыс мейлінше қатты әсер етеді. Әңгіме Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан туралы. Бұл елдердің ЖІӨ-ге шаққандағы шетелден келетін жеке ақша трансфертінің көдемі 33, 29 және 15% (2018).

Төртінші арна – тұтыну: эпидемия мен карантин шаралары тапшылық тудыруы мүмкін, ал тапшылық бағаның өсуіне әкеледі.

Читать также ...
Қарыздан құтылатын уақыт

Коронадағдарыс тұрғысынан алғанда, ОА елдері үшін ең негізгі мәселе – жұмыссыздық. Биылғы көктемдегі ресми және бейресми жұмыссыздықтың салдары кедейліктің артуына жол ашады.

Зейц мырза «Өзбекстан азаматтарын тыңдасақ…» атты жаңа зерттеудің нәтижесін жария етті, онда карантин шаралары (соның ішінде нақты оқшаулану режимінің енгізілуі) жұмыс істейтіндер санының күрт қысқаруына алып келгені көрсетілген. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар мейлінше қатты зардап шеккен: 2020 жылдың қаңтар және сәуір айларында «өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс» көрсеткіші 40%-дан 15%-ға түсіп кеткен. Olx.uz сайтында жарияланған вакансия саны (еңбек нарығына сұраныс) биылғы көктемнің кейінгі екі айында 75%-ға қысқарған, ал туризм және HoReCa салалары бойынша қысқару көрсеткіші 90%-ға дейін.

Тәжікстандағы жағдай да осыған ұқсас: Зейц Somon.tj порталындағы деректерге сүйене отырып, қаңтар-маусым айларында мамандарға сұраныс 71%-ға түскенін айтады; Өзбекстандағыдай мұнда да негізінен қызмет көрсету секторы зардап шеккен, сонымен бірге шетелге жұмыс күшін жіберушілерге де көп залал келген.

Қазақстанда бұл көрсеткіш – 37% (Rabotanur.kz деректері бойынша 2019 жылдың мамыр айы мен 2020 жылдың мамыр айын салыстырғанда), жұмыс күшіне сұраныс қатты төмендеген салалар – сауда, әкімшілік басқару, заң, бухгалтерлік есеп салалары. Құрылыс мейлінше аз зардап шеккен сала болып отырғанын айтқан жөн.

Мұның барлығы аймақтағы кедейлік көрсеткішіне қалай әсер етеді? Уильям Зейц бағалауында былай дейді: «Біздің болжам бойынша, 2020 жылы кедейлердің саны 1,4 миллион адамға дейін артады, кедейлік шегін анықтауда табыс деңгейі ортадан төмен елдерді мысалға алдық (күніне бір адамға 3,2 доллар). Ал табысы орташадан жоғары елдерде (күніне адам басына 5,5 доллар) кедейлер саны 2,6 миллион адамға артпақ. 2000 жылдардан бері бірінші рет Орталық Азияның барлық елінде кедей халықтың үлесі артпақ».

Читать также ...
Постпандемиялық кезеңдегі көшбасшылар мен артта қалған мемлекеттер

 

2,6 млн деген – Орталық Азия елдері халқының шамамен 4%-ы.  

 

Дағдарыстан кейінгі кезеңге жету

Мемлекеттік саясат деңгейінде дағдарысқа қарсы қандай бейімдеу шаралары жүзеге асты? Уильям Зейц бейімдеу саясатының екі кезеңі туралы айтады. Бірінші кезеңде саналы түрде экономикалық қызмет тоқтатылды, бұл халықтың денсаулығын қорғау үшін керек еді. Одан кейін уақытша азаматтарды және бизнесті қолдау шаралары қолға алынды. Екінші кезеңде шектеулер біртіндеп алынып, экономикалық қызметті жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түседі, адамдар жұмыс орнына орала бастайды. Бұл ретте жұмыспен қамтуды қолдайтын тетіктер маңызды.

Алайда, эпидемияның екінші толқыны жағдайды қайтадан бірінші кезеңге апарып тастауы мүмкін.

Бұдан кейінгі дағдарысқа қарсы шаралар қандай болуы керек? Зейц мырзаның ұсыныстары мынадай:

  • Еңбек нарығын қалпына келтіруге тырысу және мейлінше өнімді инвестиция тарту;
  • «Жасыл» жұмыс орындары (энергияны үнемдеуге ықпал ететін жұмыс орындары);
  • Сұраныс жоғары аудандарда баспананың қолжетімді болуы (жалға алатын баспананы қоса алғанда);
  • Жалақыны субсидиялаудың салалық бағдарламалары;
  • Жергілікті инфрақұрылым құру, негізгі қызмет түрлерінің мейлінше жоғары сапалы болуына қол жеткізу;
  • Жалпы көпшілік үшін бала күтімін жасауды қамтамасыз ету;
  • Кірісі жоқ (немесе кірісі өте төмен деңгейдегі) адамдар санының күрт артуына байланысты әлеуметтік көмек түрлерін кеңейту;
  • Қаржыландыруды арттыру, экономиканың қалпына келу ретіне қарай оны біртіндеп азайту;
  • Карта жасау әдісін пайдалана отырып, қажеттіліктерді мейлінше тиімді жолмен анықтау және атаулы көмекпен қамтамасыз ету;
  • COVID-19 қайта оралған жағдайда материалдық көмек беру бағдарламасын жасап қою.
Читать также ...
2020 жылғы дағдарысқа қарсы жоспар: ақша көп, өзгеріс жоқ

Дүниежүзілік банктің аға экономисі түйткілді мәселелер туралы сөз еткенде былай дейді: «Бюджеттің мүмкіндігі айтарлықтай қысқарып отырған шақта және жаһандық рецессиядан кейін экономикалық дағдарыстың екінші толқыны келе жатқанын ескерсек, халықтың аз қорғалған топтарына қолдау көрсету ұзақтығы мен ауқымы сияқты мәселелер өзекті болып қала бермек».

ОА елдері үшін (жалпы бүкіл әлем үшін) коронадағдарыс әлі аяқталмаса да, қазірден қорытынды жасауға болатын жайттар бар. Оларды Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Лилия Бурунчук былай деп санамалап отыр: ұлттық денсаулық сақтау жүйесін күшейтіп, әлеуметтік қорғау жүйесін мықтау, оларды болашақта болуы мүмкін осындай соққыларға дайындау. Жұмыс орындарын аша отырып (соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп), нақты секторды мейлінше белсенді қаржыландыру және құрылымдық реформа жүргізу қажет. Цифрландыру процесі де жеделдетуді қажет етеді: ОА елдерінде бұл саладағы монополияны жойып, нарыққа кіретін жаңа ойыншылардың алдынан шығатын кедергілерді жою. «Жасыл» қалпына келтіру – тағы бір тренд, яғни экономикалық өсімді қалпына келтіруге шақыратын жобалар тұрақты даму мақсаттарын да қанағаттандырғаны дұрыс.

ОА елдерінің үкіметіне несие беруге дайын халықаралық қаржы институттары үшін де дәл осы айтылғандар басым бағыт болып саналады.

«Осы бір ауыр дағдарыс жағдайында Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдеріне пандемиямен күрес кезіндегі шұғыл шаралар мен экономиканы қалпына келтіруге көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Кедейлікті жою мен жалпы әл-ауқатты қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Бұл біздің барлық жобамыздан көрініс тауып отыр, осы аймақта жүзеге асырып отырған жобалардың жалпы құны 9,6 миллиард долларға жетеді. Соның ішінде пандемиямен күреске байланысты шұғыл шараларға деп берілген 400 миллион доллар да бар», – дейді Бурунчук. Қазіргі кезде Дүниежүзілік банктің ОА елдеріне ұсынып отырған несие портфелі 10 млрд доллардан асады, бұл қаражат 76 жобаны жүзеге асыруға берілген. ДБ 2013 жылдан бері қарай несиелеудің жылдық көлемі 90%-дан аса өскенін көрсетіп отыр.

Читать также ...
Орталық Азиядағы COVID-19 індетіне қарсы шаралар