Жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі тақырыбын жалғастырып, бүгін бұл мәселені тағы бір топ – ауыл әйелдері тұрғысынан қарастыруды жөн көрдік. Олар жеке бизнес ашудың мүмкіндіктері немесе біліктілікті арттыру курстары туралы біле ме, өзінің мүмкіндігін қай деңгейде бағалайды, түптеп келгенде бағдарламалар бұл топтың қажеттілігін ескеріп отыр ма?

Бұл сауалдарға жауап беруге «Сорос-Қазақстан» қорының тапсырысы бойынша сұрау салған Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының (ҚЭЗО) зерттеу нәтижесі көмектеседі.

 

Ауыл әйелдерінің дәрежесі жөнінде

Мақаланы дайындау барысында ауыл әйелдерінің әлеуметтік жай-күйін анықтау мақсатымен жүргізілген әйелдердің экономикалық мүмкіндігін зерттеу нәтижесі пайдаланылды. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, әйелдер ер адамдармен салыстырғанда кедейлеу келеді.

Қазақстанда мұның бір мысалы ретінде ерлер мен әйелдердің орташа айлық жалақы көлемі (38%)  мен әйелдердің экономикалық белсенділік деңгейінің төмендігін (ерлермен салыстырғанда 10%-ға төмен) айтуға болады. Сонымен бірге, қалалық жердегі әйелдерге қарағанда ауыл әйелдері бұл жағынан осалдау. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті келтірген деректерге сүйенсек, 2019 жылы қалалықтардың жан басына шаққандағы орташа кірісі 66 707 теңге болса, ауылдықтардікі – 47 326 теңге.

Мұның барлығы ауыл әйелдерінің жағдайы екі есе қиын деген қорытынды жасауға алып келеді.

Зерттеу нәтижелері бұл пікірімізді нақтылай түседі. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 51%-ының отбасындағы жан басына шаққандағы орташа кіріс күнкөріс минимумынан төмен (2019 жылы 29 698 теңге болған).

Жұмыс күшіндегі үлесі төмен болғанына қарамастан, ауыл әйелдерін біреудің қолына қарап отыр деп айту қиын. Респонденттердің 37%-ы ғана отбасындағы негізгі табыскер ер адам екенін айтқан. Мұндай жағдай көбінесе үлкен отбасыларға тән, мұндай жағдайда үй шаруашылығынан босай алмайтындықтан ғана әйелдер жағы жұмыс істей алмайды.

Читать также ...
Әлеуметтік кодекс: реттеу шекаралары

Әр бесінші отбасында ерлі-зайыптылардың табыс үлесі тең.

Ауылдағы әр бесінші отбасында негізгі табыскер – әйел адам, ауылда тұратын отбасылардың тағы 10%-ы әйелдердің жәрдемақысына немесе зейнетақысына өмір сүреді.

 

1-кесте.  ҚР ауыл тұрғындарының 2019 жылғы табыс көзі

Үлесі, %
Жалақы, күйеуімнің табысы (ауылда жұмыс істейді) 25,6
Жалақы, күйеуімнің табысы (сыртқа шығып жұмыс істейді/қалада саудамен айналысады) 11,2
Күйеуімнің жалақысы мен менің жалақым тең деңгейде 21,1
Менің жалақым (ауылда жұмыс істеймін) 15,6
Менің жалақым (сыртқа шығып жұмыс істеймін/қалада сауда жасаймын) 4,3
Күйеуімнің жәрдемақысы, зейнетақысы 1,7
Менің жәрдемақым, зейнетақым 9,8
Қаржылық жағынан туыстарымыз, ересек балаларымыз көмектеседі 3,5
Негізгі табыс өзіміздің қосалқы шаруашылық, ферма, т.б. жақтан келеді 3,2
Ата-анамыздың жалақысы 1,1
Басқа 1,9
Жауап беруге қиналамын 1,0

Дереккөз: ҚЭЗО 

 

Әйел адамдар көбінесе тұрмысқа шыққанға дейін немесе тұңғышын дүниеге әкелгенге дейін және кейде қалада оқу бітіре салғаннан кейін негізгі табыскер болады. Көпшілігі өзінің жалақысын негізгі табыс деп көрсетеді, 18-24 жас аралығындағы респонденттердің жоғары білімі бар және екі тіл біледі.

Күйеуімен тең дәрежеде табыс табатын респонденттер 35-44 жас аралығында, екі тіл біледі, жоғары білімді. Тұңғыш балалары өзі жүріп-тұра алатын жасқа жеткенде білімі бар әйелдер жұмысқа қайтадан көңіл бөле бастауы мүмкін және көп жағдайда олар мүмкіндіктерін пайдаланады.

Кішкентай балалары көп отбасында негізгі табыс көзі – отағасының жалақысы, бұлар көп жағдайда қазақ отбасылары және олар негізінен қазақ тілінде сөйлейді. Әдетте мұндай отбасыларда әйелдердің орта білімі ғана бар.

Читать также ...
Денсаулық сақтау: еметін бұзау ма, сауын сиыр ма?

Сауалнамаға сәйкес, ауылдық жердегі отбасылардағы жан саны орта есеппен 4,4 адам болғанын атап өткен жөн. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы отбасында 4 адамнан көп екенін айтқан (бәрі бірдей балалар емес), мұның өзі ауыл әйелдерінің ақысы төленбейтін үй жұмысы бойынша да жүктемесі көп екенін көрсетеді.

Ауыл әйелдерінің жағдайына әсер ететін тағы бір қосымша фактор – олардың білім деңгейі, сауалнамаға қатысқандардың 30%-ға жуығының орта білімі ғана бар, бұл онсыз да аз жұмыс орнын иемдену мүмкіндігін тарылта түседі.

 

Еңбек нарығының аясы тар

Сауалнамаға сүйене отырып, ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылуына қатысты екі негізгі ерекшелікті бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, еңбек күшіне енбейтіндердің үлесі жоғары (сауалнамаға балалар қатыспағанын ескеру керек), респонденттердің төрттен бірі – үй шаруасында, 12,4%-ы – зейнеткер.

Екіншіден, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда жалдамалы жұмыс істейтіндер басым (23%-ы – бюджет қызметкерлері, 5%-ы – мемлекеттік қызметкер). Бұлар негізінен мектеп, медициналық мекеме және ауылдық округ әкімдігінде істейтіндер. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы секілді ауылшаруашылық қызметінде жүргендердің үлесі – 3%.

Бұған қоса, ауыл әйелдерінің 15%-ының отбасында ерлі-зайыптылардың бірі ауылда емес, қалада жұмыс істейді (қатынамалы көші-қон), бұл еңбек нарығының аясы тым тар екенін және жұмыс орындарына деген қажеттілік жоғары екенін көрсетеді.

 

Ауылдағы жұмыспен қамту бағдарламалары

Жұмыспен қамту бағдарламалары ауылдық жерлерде тиімділігін көрсете алып отырған жоқ.

Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, мұның ең бірінші себебі – ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылудың түрлі мүмкіндігі бар екенінен хабарсыз болуы. Сұрауға қатысты екі әйелдің біреуі мемлекет қолға алып отырған шаралар туралы мүлдем естімеген.

Читать также ...
Неге қыздардың бәрі бірдей мектепке бармайды?

Сұраққа жауап бергендердің 4%-дан 9%-ға дейінгісі қандай да бір шараларға қатысқан, бірақ олардың жартысы мұны тиімсіз деп есептейді.

Жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар негізінен жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарға бағытталғанымен, бұл топтардың жүзеге асып жатқан бағдарламалар туралы білетіні тым аз. Мұндай шаралар жөнінде жұмыссыз ауыл әйелдерінің тек жартысы ғана біледі, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 60%-ы ғана хабардар.

Халықты жұмыспен қамту шаралары жөнінде көбірек білетіндер негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері, бұл олардың осы шараларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істейтінімен байланысты болуы мүмкін.

Жүзеге асқан жағдайда ауылдық жердегі жұмыспен қамту деңгейі көтеріледі дейтін негізгі бағыттың бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағыт аясында ниет білдірушілер бизнес негіздерін оқып, шағын несие ала алады.

Алайда, фокус-топтарда жауап берген ауыл әйелдерінің айтуынша, жұмыспен қамту орталықтары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҚКП) өткізетін бизнес ашу бойынша тренингтер ауыл әйелдерінің қажеттілігіне жауап бермейді. Естеріңізге сала кетсек, ауыл әйелдерінің 30-ының тек орта білімі бар.

Бизнес ашуға немесе кәсібін дамытуға несие алуға ауыл әйелдерінің 40%-ының қызығушылығы бар, бірақ олардың тек 13%-ы ғана несие ала алатынына сенеді. Ал әйелдердің 27%-ы мүмкіндігін төмен деп ойлайды немесе мүлдем жоқ деп бағалайды.

Неліктен банктер несие бермеуі мүмкін деген сұраққа жауап бергенде әйелдер табысының төмендігін және онсыз да несиесі бар екенін айтады.

Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен уақытша жұмыссыздар арасында жұмыспен қамтылу жағдайын жақсартқысы келетіндер туралы айтар болсақ, олардың тарапынан бизнесін дамыту үшін несие алуға сұраныс жоғары екенін байқаймыз. Алайда, олар көбіне-көп несие ала алмайтынына сенімді. Шын мәнінде солай екені де маңызды жайт.

Зерттеу нәтижесі бір жағынан ауыл әйелдерінің тым кедей екенін көрсетеді. Екінші жағынан, жұмыс істеуге дайын болғанымен де, жұмыс орындары тым шектеулі.

Ер адам отбасының негізгі асыраушысы деген түсінік қалып бара жатыр, әйелдер бала күтімімен отырғанда ғана бұл рөлді ер адам атқарады. Ал мұндай жүктемеден босай салысымен әйел адам ақысы төленетін жұмыс табуға талпынады.

Читать также ...
Ауылдағы балабақшалар: сан неге сапаға ұласпайды?

Ауыл экономикасының құрылымы өзгеруде. Ол күрделене түсті және «ауылдық» болып есептелетін өсімдік және мал шаруашылығы аясынан шықты. Жұмыспен қамту немесе ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жасағанда немесе оларға түзету енгізген уақытта осының барлығын ескеру маңызды.

Олай болмаса, бұл бағдарламалар кімге арналған және одан қандай нәтиже күту керек?