Ішкі көші-қон бара бара артуда

Соңғы төрт жылда (2014-2018) ішкі мигранттардың саны екі есеге артты. Ішкі көші-қон ауқымының осылай күрт өсуі аймақтардың экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан жіктелуінің көрінісі. Аймақтарды бір-бірінен айыратын ең маңызды факторлар – табыс деңгейі мен жұмыссыздық.

Мемлекет осы маңызды процестің салдарынан орын алуы мүмкін қауіп-қатерлерді азайту үшін бірқатар қадамдарды жүзеге асыруда, дегенмен, бұл шаралардың тиімділігі сұрақтар туғызады. Бұл жерде айтылып отырған мәселелер, ең алдымен, халқы едәуір тығыз орналасқан, жер ресурстарының тапшылығы бар, Қазақстанның басқа облыстарына қарағанда еңбекке жарамды адам саны әлдеқайда көбірек оңтүстік аймаққа қатысты. Оңтүстік облыстардағы халық саны солтүстік аймақтардағы халық санынан екі есе көп.

Бір ғана Түркістан облысының халық саны Қазақстанның төрт солтүстік облысының халық санын қосқандағы көрсеткішке жақын.

Әйтсе де, ішкі мигранттар үшін өте тартымды болатын аймақтардың көбінесе ағымдағы мигранттарды қабылдауға әлеуеті жетпейді. Бірақ билік артық еңбек ресурстарын осы ресурстар жетіспейтін аймақтарға бағыттау дұрыс деп шешті. Яғни, оларды халық саны кеміп жатқан, «босаған жерлер» артып жатқан еліміздің солтүстік аймақтарына жіберілу көзделді.

Айта кетерлік жайт, ИИДМБ-ын іске асырудың негізгі бағыты саналатын Қазақстанның басты өнеркәсіп салалары осы солтүстік пен шығыс өңірлерде орналасқан. Аталмыш фактор ескеріле отырып, индустрияландыру міндеттерін орындау және осы салаларда қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қоныстандыруды жүргізу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда елімізде жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан еңбекке жарамды адамдар тапшы солтүстік аймақтарға азаматтарды көшіру бағытында екі мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеуде.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» — «Серпін-2050» білім беру бағдарламаcы 2014-ші жылдан бастап жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама аясында оңтүстік аймақтардан келген жастардың: білім беру, техникалық немесе ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында негізгі үш бағыттың бірі бойынша тегін оқытылып, қажетті білімді алған соң солтүстікте тұрғылықты қалуы көзделді. Оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана берілді және шәкіртақы төленді.

Читать также ...
Оңтүстіктегі аса үлкен ауылдар: саясаттың экономикадан басымдығы

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, аймақтардағы еңбек диспропорциясын жоюға, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыруға бағытталған. Бұл бағдарлама  қатысушыларына келесідей субсидиялар арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі: қоныс аудару шығындарын, 12 ай бойы тұрғын үй жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерін төлеу.

Бағдарлама аясында жер учаскелерін тегін пайдалануға беру де қарастырылған. Бұдан бөлек тағы да басқа қолдау шаралары көзделеген: қоныс аударушылардың еңбекақысын субсидиялау, сондай-ақ оларды оқыту және қайта мамандандыру.

Мемлекет 2018 – 2022 жылдар аралығында 59 мың отбасының қоныс аударуына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Жыл сайын үкімет аймақтар мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін ескере отырып, ішкі қоныс аудару квотасын анықтайды. Негізі бағдарлама шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандыққа сай азаматтарды көшіру қарастырылған. Бұл тұрғыда көбінесе  жоғары білікті мамандарға деген сұраныс басымырақ.

Кесте 1. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қазақстандықтардың солтүстікке қарай қоныс аударуын қолдау

Бөлінген қаражат, млн.теңге Қоныс аудару квотасы, адам
2019

1,000

7,771

2018

2,400

6,363

2017

710

м.ж.

 

Облыс әкімдіктерінің арасында өзара іс-қимыл және үйлестіру мәселелерін шешу үшін осы бағытта меморандумдар жасалды. Жыл сайын оңтүстік аймақтарда солтүстік аймақтардың жұмыс берушілерінің қатысуымен аймақаралық бос жұмыс орын жәрмеңкелері өткізіледі, қоныс аудару квоталары арттырылады. Алайда, адамдардың бұл бағдарламаға деген қызығушылығы мол болғанымен, оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқандардың саны төмен болып тұр.

2018 жылғы деректер бойынша негізгі қоныс аудару орталықтары ірі қалалар, оның ішінде бірінші кезекте Нұр-Сұлтан, Алматы, сондай-ақ миллион тұрғыны бар үшінші қала – Шымкент болған. Мұның ең айқын көрінісі халқының басым бөлігі Алматы, Алматы облысы мен Маңғыстау облысына кетіп жатқан Түркістан облысы. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бекіткен төрт солтүстік аймақта көші – қон бойынша – 1 094 адамға теріс сальдо қалыптасты, яғни бұл мемлекет бекіткен квотадан бірнеше есе аз көрсеткіш.

Читать также ...
Уақытша жұмыс: дағдарыстан шығу ма, беймәлім болашақ па?

Ал еліміздің жас азаматтары үшін негізгі тартылыс орталықтары бұрынғысынша жақын маңдағы ірі қалалар, бірінші кезекте Нұр-сұлтан мен Алматы болып табылады. Ал аймақаралық көші-қон, жасалып жатқан түрлі шараларға қарамастан, негізінен іргелес өңірлермен шектелуде.

 

Қоныc аудару бағдарламасы тиімділігінің төмен болуының себептері

Бұл бағдарламалардың тиісті деңгейде тартымды бола алмауына себепші болған кешенді проблемалар туралы айтқан жөн. Әрине, көші-қон саясатының тиімділігі жүзеге асырылатын шаралардың толық ойластырылғандығымен, өзара байланысты болуымен, объективті мән-жайларды ескерумен және бағдарламалардың орындалуын қадағалаумен айқындалады.

 

Тиімсіздіктің ең маңызды себептері:

1. Тұрғын үй мәселесі. Білім алған көптеген студенттер тұрғын үйдің жоқтығынан өз аймақтарына кері қайтады. Бұл мәселені шешу үшін «Серпін» бағдарламасы мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасын интеграциялау қарастырылуда. Бірақ бұны жүзеге асыру  механизмдері әлі әзірленбеген. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тиімділігінің төмен болуының басты себебі тұрғын үйге бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі, тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджеттік несие туралы шешімдердің ашық болмауы екенін ескеру қажет.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айтар болсақ, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс берушілердің қатысуымен көшіп келгендер үшін тұрғын үй салу және сатып алу механизмдері сынақтан өткізілуде.  Нәтижесінде облыста алдағы үш жыл ішінде қоныс аударушылардың үш мыңға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

2. Жұмысқа орналасу мәселесі. Нарықтағы ұсыныстар көбінесе қоныс аударушылар үшін айтарлықтай тартымды емес. Оның үстіне солтүстік аймақтарда білім алған түлектерге маусымдық сипаттағы, аграрлық сектор кәсіпорындарында жұмыс ұсынылатын жағдайлар да жиі кездеседі.

Жалпы, оқу бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін салалық және аймақтық құрылымдардың іс-қимылын нақты үйлестіру, бизнес пен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнату қажет. Алғашқы жұмыс орнын ұсыну бойынша кәсіпорындардан белгілі бір кепілдіктер алынғаны жөн. Бұл туралы 2018 жылдың соңында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі айтқан болатын. Бүгінгі таңда «Серпін» бағдарламасы аясында дуалды білім беру тек ішінара жүзеге асырылуда.

Читать также ...
Туу, әлде тумау: Қазақстан неліктен туу көрсеткішін қазірден қолға алуы тиіс?

3. Инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау. Ескірген инфрақұрылым – көші-қонның төмен болуының ең маңызды себептерінің бірі. Оңтүстік аймақтардан көшіп келген мигранттар көбінесе жайлы өмір сүру және еңбек жағдайлары жасалмаған шалғай ауылдарға қоныстандырылды. Бәлкім келген отбасылардың біразы дәл осы себептен, яғни тұрмыс жағдайларына көңілі толмағандықтан өз аймақтарына кері қайтты.

4. Жобалардың тиімді бола алмауына әлеуметтік-мәдени фактор да қатты әсер етеді. Оларға мыналар жатады: табиғи-климаттық жағдайлар, тіл мәселесі, халықтың менталитеті, сондай-ақ, оңтүстік және солтүстік аймақтардағы еңбекті ұйымдастыру және мәдениет айырмашылықтары. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен бірінші курс студенттерінің ЖОО өміріне бейімделу процесін зерделеуді қамтитын зерттеуде, қатаң маусымдық ауа-райының олардың бейімделуін қиындататынын анықтады. Оған қоса студенттер үшін қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктерін меңгеру кедергі болды. Сонымен қатар, орыс тілін үйрену қажеттілігі де істі қиындатты.

Солтүстік және оңтүстік аймақ менталитетіндегі айырмашылық маңызды рөл атқарады. Осының салдарынан қоныс аударушылар менталитеті өздеріне жақын аймақтарды таңдайды. Айта кету керек, тіпті репатриация легі қазақтардың, елді мекендердегі қолайсыз жағдайларға қарамастан, туыстары тұратын аймақтарға қоныстануға тырысатындығы туралы тезистің дұрыстығын дәлелдеді. Яғни, мәдени фактор – негізгі анықтаушы факторлардың бірі. Шындығында, көшіп келген мигранттардың біразы туыстық байланыстарының үзілуінен жаңа жерге үйренісіп кете алмады. Зерттеушілердің айтуы бойынша, тек еңбек нарығы мен белгілі бір аймаққа деген мәдени байланыс сезімі көші-қонның іске асырылуын айқындайды.

5. «Серпін» бағдарламасының тиімділігінің төмен болуына әсер ететін факторлардың қатарына келесілер де кіреді: жобаларды іске асыруға жауапты ресми операторлардың, басшылықтың жиі ауысуы, себебі осының салдарынан бөлінетін грант саны тұрақсыз болады.

Читать также ...
Агроөнеркәсіп кешені-2020: субсидия мен нәтиже бәйгесі

6. Жұмыс күші тапшы емес аймақтарда білім беру. Бүгінгі таңда студенттер жұмыс күшінің тапшылығы жоқ бірқатар аймақтарда оқытылуда. Нәтижесінде нағыз жұмыс күші тапшылығы бар облыстардың білім беру мекемелеріне қажетті гранттардың бір бөлігі ғана беріледі. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында жұмыс күші тапшы негізгі төрт аймақтың үлесіне бөлінген гранттардың жалпы санының жартысы ғана тиесілі болды – 50,7 %.

 

Қорытынды

Депопуляция және солтүстік аймақтардың «елсізденуі» себебінен елдегі еңбек ресурстарын ұтымды бөлістіру міндеті бүгінгі таңда стратегиялық маңызды міндеттердің бірі. Дегенмен, қоныстандыруға қатысты іске асырылып жатқан шаралардың жүйесіз, ретсіз сипатқа ие болуы, атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасының түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мәселелері бұл бағдарламалардың тиімділігінің төмен болуына тікелей әсер етеді.

Қоныстандырылған аймақтардағы халықтың тұрмыстық жағдайы салыстырмалы түрде артықшылыққа ие болуы керек және ол ең алдымен экономикалық сипатта болуы керек, яғни көшіп келгендерге лайықты жағдай жасалуы тиіс. Өйткені жасалып жатқан әкімшілік шаралар тек мемлекет пен жеке азаматтың мүдделері бір-біріне сәйкес келгенде және олар экономикалық тұрғыдан нығайтылған жағдайда ғана сәтті бола алады.

Бұған қоса, азаматтардың аймақтағы жағдайды нақты бағалай алуы және көшуге байланысты мәселелерін шешуі үшін қоныстануға перспективалы немесе керісінше ұсынылмайтын аумақтар мен елді мекендерді анықтау механизмі болуы керек. 2019 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға, келешегі бар ауылдарды анықтауға және сол жердегі инфрақұрылымды дамытуға, өндірісті жүргізуге бағытталған қаражат бөлу туралы мәлімделді. Дегенмен, бұл жобалардың қалай іске асырылатыны, оларды іске асырудың тиімділігі қалай бағаланатыны әзірге белгісіз.

Мигранттарды бейімдеуге, атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени сипаттағы шараларды жасауға, солтүстік аймақтарда тұратын мигранттар мен азаматтарды біріктіруге, аймақтағы ортақ мәдени сезімді қалыптастыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру да маңызды болып табылады.

Жұмыс орындарына қатысты айтар болсақ, дамыған елдерде сәтті түрде жүзеге асырылған,  депрессиялық аймақтарды дамыту және аймақта жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін негізгі жұмыс күшін тұтынатын өндірістерді дамыту үшін ынталандыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі оңтайлы болуы мүмкін.

Читать также ...
1999-2019 жылдардағы Қазақстандағы отбасылар: некеге тұру азайып, ажырасу артқан

Көші-қон саясатының тиімділігін арттыру мақсатындағы жасалатын зерттеу мен реттеудегі ең маңызды объекті халықтың бірнеше рет орын ауыстыруы және көшіп-қонушылардың жаңа қоныстану орындарына сіңісіп кете алуы болуы тиіс. Бүгінгі күні іске асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін талдау бірінші кезекте бұрынғы тұрғылықты жеріне оралмаған, реципиент-аймақтарда тұрып жатқан қоныстанушылардың үлесі туралы деректердің болмауынан қиындап отыр.

«Серпін» әлеуметтік жобасы мен «Еңбек» бағдарламасын үйлестірген жөн және соңғы бір-екі жыл ішінде солтүстік аймақтарға көшкен отбасылардан шыққан жастардың «Серпін» білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыру өте маңызды.

Бағдарламаның экономикалық тұрғыдан тиімділігі және орындылығы туралы мәселе көтерген зерттеушілермен келіскен жөн.

Ағымдағы жағдай және белгілі нәтижеге қол жеткізу ескеріле отырып, міндетті түрде бағдарламалар айтарлықтай пысықталуы тиіс.

 

Еңбек ресурстарын ұтымды бөлістіруге бағытталған қолданыстағы бағдарламалардың тиімділігіне көп жағдайда олардың көші-қон ағындарын ескеріп-ескермеуі әсер етеді, ал бұл жайт қоныс аудару процесінің тиімділігіне тікелей әсер ете отырып мигранттардың жағдайын әлдеқайда жеңілдетеді.

Ресейдегі осыған ұқсас бағдарламаларды жүзеге асыру тәжірибесіне сүйенсек,  зерттеушілердің байқауынша, ресейліктердің басқа аймақтарда жұмыс істеуге дайындығы іс жүзіндегі жұмыссыздыққа және адамдардың ағымдағы жұмысына қанағаттанбауына  байланысты емес екен. Сондықтан ішкі көші-қон саясатын қалыптастыруда ішкі қоныстану ағыны факторын ескеру қажет деген қорытынды жасалған.

Сонымен, аймақаралық көші-қонның артуына әсер еткен басты себеп отбасылық және жеке себептер (58%), бұрынғы тұрғылықты жеріне оралуға ұмтылу (16%) болды.

Көші-қон үшін аса маңызды «тартымды» факторлар туыстық және достық байланыстардың болуы, «аймақтың астаналық мәртебесі».

Яғни, болашақта бағдарламаларды жетілдіру барысында мигранттардың қоныстану орындарына сәтті бейімделуі үшін, олардың шығу аудандарын таңдау тұжырымдамасын ескерген және қолданған жөн болар.