2020 жылы Қазақстандағы 12 кәсіби футбол клубын ұстап тұруға 23 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған (1-кесте). Премьер лигада ойнайтын 12 команданың барлығы дерлік қаржыландырудың негізгі бөлігін жергілікті бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан алады, яғни мемлекеттің қамқорлығында. Мәселен, «Ордабасы» ФК биыл Шымкенттің бюджетінен 6,25 млрд теңге алады, ал «Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» КММ «Қызылжар СҚ» футбол клубына бұдан 6 есе аз – 0,92 млрд теңге бөлген. Бұл сома жергілікті бюджеттің дене шынықтыру мен спортты дамытуға жұмсалатын қаржысының айтарлықтай бөлігі екенін айта кеткен жөн. Халықтың басым бөлігіне қызмет көрсетуге бағытталған мемлекеттік бюджет қаржысы қоғамдық әл-ауқатты қалыптастырады. Ал кәсіби футболды қаржыландыруға басымдық беру қоғамға қандай пайда әкеледі?

 

1-кесте. Кәсіби футбол клубтарына жергілікті бюджеттен 2020 жылы жоспарланған (бөлінген) қаржы көлемі

Футбол клубы Өңір Жоспарланған (берілген) қаржы көлемі, млрд теңге
1 «Ордабасы» кәсіби футбол клубы» АҚ Шымкент 6,25
2 «Қайсар» Қызылорда облыстық футбол клубы» ЖШС Қызылорда облысы 4,00
3 «Тобыл» футбол клубы» ЖШС Қостанай облысы 3,25
4 «Жетісу» футбол клубы» КМҚК Алматы облысы 2,65
5 «Әлеуметтік жобаларды қолдау қоры» ҚҚ Қарағанды облысы 2,58
6 «Оқжетпес» футбол клубы» ШЖҚ МКК Ақмола облысы 2,47
7 «ERTIS» футбол клубы» ҚҚ Павлодар облысы 1,84
8 «Тараз» кәсіби футбол клубы Жамбыл облысы 1,42
9 «Қайрат» футбол клубы» ЖШС Алматы 1,00*
10 «Қызылжар СҚ» футбол клубы» ЖШС СҚО 0,92
11 «Астана» футбол клубы» ЖМ Нұр-Сұлтан 0,89**
12 «Каспий» ФК Маңғыстау облысы Дерек жоқ
Читать также ...
500 млн доллар бізді құтқара ма: Дүниежүзілік банктің несиесі Қазақстанның АӨК саласына қалай кесірін тигізеді?

*– футбол клубы бюджетінің негізгі бөлігін жекеменшік құрылтайшылар береді
** – футбол клубы бюджетінің негізгі бөлігі «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының қаржысы есебінен беріледі

Дереккөз:Goszakup.gov.kz деректері бойынша есептеу

 

7 наурыз күні футболдан ҚР кезекті чемпионаты басталды. Ашылу матчында Қазақстанның қазіргі чемпионы, елордалық «Астана» Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады. Матчты тамашалауға 500 адам келді. Еліміздің алты дүркін чемпионы, Еурокубокта ел атынан өнер көрсетіп жүрген «Астана» ФК матчты Алматыда, өз стадионынан 1200 шақырым қашықта, алматылық «Жас Қыран» стадионында өткізді. Себебі, «Астана Аренада» газон ауыстыру жұмысы жүріп жатыр.

«Астана Арена» стадионындағы соңғы ресми матч 2019 жылдың 28 қарашасында болды: астаналық клуб ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасын қабылдады. Ал «Футбол алаңын толықтай қайта жабдықтауға арналған тауар кешені (газон, себу, ирригация жүйесі, дренаж жүйесі) ілеспе жұмысы мен қызметтерімен бірге» сатып алуы тек 2019 жылдың 16 қарашасында жарияланды. Жеткізушімен келісімшартқа 2020 жылдың 29 қаңтарында қол қойылды.

Қазақстанның футболдан 2020 жылғы чемпионаты 7 наурызда басталды, яғни соңғы матчты өткізу мен чемпионаттың басталуына дейін қосымша 3,5 ай уақыт болды. Ал газонды ауыстыру бойынша қызмет көрсетушімен келісімшартқа бірінші ресми матчқа бір жарым ай қалғанда ғана қол қойылды. Екі ай стадионда ешқандай жұмыс жүрген жоқ. Өтетін күннің барлығы белгілі, олай болса сатып алуды неге ертерек жариялап, жөндеу жұмысын чемпионат басталғанға дейін жасауға болмады?

«LCW Group Kazakhstan» ЖШС-мен 336 млн теңгенің келісімшартына қол қойылған. Келісімшарт бойынша мердігер «Астана Арена» стадионындағы жасанды газонды 120 күн ішінде ауыстыруы тиіс. Келісіп әрекет етіп, дұрыстап жоспарлаған жағдайда стадионды чемпионаттың басталуына дейін дайындап қоюға әбден болатын еді.

Читать также ...
(Толық емес) тұтыну немесе қазақстандықтардың өмір салты ретіндегі үнемдеу

Мұндай жоспарлау қосымша логистикалық шығынға алып келеді (команда мүшелері басқа қалада тұруға және жаттығуға мәжбүр). Бұл шығынның бәрі айналып келгенде бюджеттен шығады. Қосымша логистикалық шығыннан бөлек билет сатудан, клубтың атрибутикасын және т.б. сатудан түсетін пайда кемиді. Бәрінен бұрын қызметті негізгі тұтынушылар – жанкүйерлер зардап шегеді.

«Астана» ФК өз матчтарының белгілі бір бөлігін басқа алаңда ойнайтын жалғыз клуб емес. Көкшетаулық «Оқжетпес» ФК да алғашқы матчын Алматыда өткізетінін жариялады, ал қарағандылық «Шахтер» өз матчтарын Қостанайда өткізбек. Негізгі себеп – стадиондардың дайын болмауы.

Стадиондарға қатысты мұндай жағдай бірнеше жылдан бері байқалып келе жатқан мәселе. 2015 жылдан бері қарайғы мәліметтерге талдау жасасақ, «Шахтер» футбол клубының өз матчтарын жыл сайын Қарағандыдан тыс жерде бастайтынын байқауға болады. Дәл осы себеппен көкшетаулық «Оқжетпес» алғашқы матчты Алматыда өткізсе, қарағандылық «Шахтер» Қостанайда ойнамақ.

 

2-кесте. «Шахтер» ФК өз алаңындағы матчтарының статистикасы (Қарағанды облысы)

Жыл Чемпионаттың басталуы Қарағандыдағы алғашқы матч Чемпионаттың басында басқа алаңда ойнаған «үй» матчтарының саны*
2015 7 наурыз 7 мамыр 4
2016 12 наурыз 1 мамыр 3
2017 8 наурыз 6 мамыр 6
2018 11 наурыз 23 маусым 6
2019 9 наурыз 16 маусым 6

*– Астана және Теміртау қалаларындағы матчтар

Дереккөз:ҚР кәсіби футбол лигасының деректері бойынша есептеу

 

2019 жылы чемпионат 9 наурызда басталды, ал «Шахтер» Қарағандыдағы алғашқы матчты 16 маусымда, үш айдан кейін өткізді. Бұл аралықтағы 6 матчты Астанада, «Астана Аренада» ойнады. Қазір астанамыздағы стадион уақытша жөндеу жұмысына жабық болғандықтан, «Шахтер» ФК өз алаңындағы ойындарды Қостанайда өткізуге мәжбүр. Қарағандылықтардан бөлек, 2019 жылы «Атырау» ФК мен «Оқжетпес» ФК да өз алаңындағы матчтарды Астанада өткізді. Атыраулықтар қонақтарды Шымкентте де, Көкшетауда да қабылдады (3-кесте).

Читать также ...
Несиені талдау: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қаншалықты тиімді болды?

 

3-кесте. Өз алаңындағы матчтарды орналасқан қаласынан тыс жерде өткізген командалар

Клуб Чемпионат басталғанда өз алаңындағы ойынды басқа алаңда ойнаған матч саны Өз қаласындағы алғашқы матч
«Оқжетпес» 1 14 сәуір
«Шахтер» 6 16 маусым
«Атырау» 7* 23 маусым

*– 3 матч Астанада, 2 матч Шымкентте, 1 матч Көкшетауда

Дереккөз:ҚР кәсіби футбол лигасының деректері бойынша есептеу

 

Қазақстандағы футбол стадиондарының барлығы дерлік футбол клубтарына тиесілі емес, басқа шаруашылық субъектілерінің балансында. Футбол клубтарының заң жағынан стадиондарға қатысы жоқ және спорттық инфрақұрылымның жағдайына ықпал ете алмайды. Ал кәсіби спортта жоғары нәтижеге қол жеткізудің негізгі маңызды шарттарының бірі – инфрақұрылымның сапасы мен оның уақтылы жаңартылуы.

Футбол клубтары жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы алады, бірақ, спорттың бұл түрінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымға тиісті деңгейде назар аударылмайтыны және қаржы бөлінбейтіні анық. Егер ойнайтын алаңы болмаса, клубқа ақша бөлудің қажеті не?

Футболды кәсіби спорт түрі ретінде дамыту табысты болуы үшін жоспарлау, балалар футболын дамыту бағдарламасынан бастап, инфрақұрылымға дейінгі барлық факторды есепке алып, стратегия түзу керек.

Мұқият жоспарлаудың болмауы, тиісті инфрақұрылымды дамытпай, футбол клубтарының ағымдағы шығындарын қаржыландыру қосымша шығындарға алып келеді және жоғары нәтижеге кепілдік бермейді.