Марат Мамаев, денсаулық сақтау сарапшысы 

Жанат Нұрғалиев, экономист, «Integrity Astana» ЖБ директоры

Мемлекеттік органдардың есеп беруі мен ашықтығын арттыру қажеттілігі туралы мемлекеттік саясаттың ресми риторикасына қарамастан, құралдардың болмауына байланысты денсаулық сақтау саласындағы бастамалар сәтсіз жүзеге асуда.

Денсаулық сақтау саласына мемлекет жыл сайын 1,5 триллион теңгеден астам қаржы бөледі және оны одан да әрі көбейтпек. Денсаулық сақтау секторындағы ресурстарды жоспарлау және қаржыландыру процестерінің ашықтығына жүргізілген талдау нәтижелері әзірге жария түрде ештеңе жасалып жатпағанын көрсетеді.

 

Мемлекет шығындарын ұлғайтудың аясындағы ашықтық 

Денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың жыл сайынғы номиналды ұлғаю фактісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігін мемлекеттік бюджеттің 10%-ынан астамын құрайтын қаражат қозғалысының есептілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажетті құралдарды енгізуге ынталандырмайды.

Бюджет бөлу жөніндегі шешім қабылдаудың барлық кезеңінде де есеп беру мен ашықтық құралдары қажет. Ол қаржы ресурстарына қажеттілікті айқындау жөніндегі шешімдерді қабылдаудан бастап бөлу және қайта бөлу жөніндегі шешімдерге дейін қамтиды.

Дереккөз: «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңы

Елдің денсаулық сақтау саласын бюджеттеу процестерді жетілдіру проблемасын шешпеді. Ол процестер әдіснамаға, бюджеттеуге және нәтижеге бет бұратын денсаулық сақтаудың жоспарланған медициналық-демографиялық көрсеткіштерін қаржы қаражатының сомасына айырбастауға байланысты еді.

Дегенмен, денсаулық сақтау министрлігінің ашық деректер жиынтығының атауында денсаулық сақтауға арналған мемлекеттік бюджеттің шығыстары туралы бөлік жоқ. Бұл өңірлер бойынша шығыстардың құрылымы туралы толық және біріздендірілген ақпаратты ашық көрсетпеуге мүмкіндік береді.

 

Трансферттерді өз мақсатында пайдалану құралы

Соңғы 10 жылда денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесінің реформалары шығыстарды орталық деңгейде шоғырландыруға және қаржыландыру көздерін орталықтандыруға бағытталған болатын. Медициналық қызметтерді бірыңғай сатып алушы – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ (бұдан әрі – ӘМСҚ) құрылуы осының айқын көрінісі. Оның жұмысы Денсаулық сақтау тиімділігін арттыруға және медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алу қағидаттарын жүзеге асыруды көздейді.

Алайда, Трансферттер беру ережесі [2] аясында ӘМСҚ халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен қаражат жіберетін Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесі жұмыс істеп тұрғанда аталған қаражатты қалай пайдаланатынын айқындамады. Бұл дегеніңіз – мемлекет қаражатын ӘМСҚ қалай жұмсайтынын анықтайтын ереже-құралды  Денсаулық сақтау министрлігінің әлі әзірлемегенін көрсетеді. 

Бақылау құралдарының жоқтығын әртүрлі есеп беру формалары, оның ішінде трансферттер беру қағидаларымен жабатын шығар. Алайда, логикаға жүгінетін болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі қаражатты пайдалану тәртібін де белгілеуі керек. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік қаражатты басқару қызметіне араласатын  қос бірдей құрал бар: біріншісі – норматив аясын анықтау арқылы реттеу, екіншісі – ӘМСҚ директорлар Кеңесінде өкілдік ету арқылы реттеу.

 

Кім, қанша, қайда және кімге төлейді? 

Мұнымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік шығыстар бойынша Қоғам алдындағы есептіліктің бірыңғай нысаны жоқ. Егер қолданыстағы заңнама аясында қоғам МӘМС жүйесіне аударымдар мен жарналарды төлеуге міндетті болса, онда мемлекет тарапынан тиісті уәкілетті органдар қоғам алдында барынша ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етілуі тиіс еді.

 

Читать также ...
Бәріне бірдей жеткен жоқ: ҚР үкіметінің COVID-19 кезеңіндегі мемлекеттік көмегі тиімді болды ма?

Кейбір өңірлер бойынша «Азаматтық бюджет» деп аталатын жеке презентация слайдтарының болуы мемлекет қаражатының жұмсалуы бойынша «кім, қанша, кімге, не үшін төлейді» деген қарапайым сұрақтарға жауап бермейді.  Тиісінше, Қазақстан Республикасында медициналық қызметтерді қаржыландыру тетігінің қандай екенін елестете де алмаймыз.

 

Дереккөз: СҚО денсаулық сақтаудың азаматтық бюджетінің форматы

Біздің денсаулық сақтау бюджетін жұмсаудың ашықтығын талдау нәтижесі бойынша азаматтық бюджетті қалыптастыру әдістемесін, азаматтық бюджет нысанының жобаларын әзірлегенімізді айта кету керек. Ол аталған министрлікте денсаулық сақтау саласындағы шығыстардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету құралдарының жоқтығы деген проблеманы тағы бір рет айқындады. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық кеңесінде жұмыс нәтижелерін таныстыру әрекеті сәтсіз аяқталды. Бұл «еститін мемлекет» саясатына сәйкес келмейді.

 

Тегін медицина МӘМС емес

Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласында әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге және Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматына ӘМСҚ-да жиналған қаражат есебінен жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан тең дәрежеде медициналық және дәрілей көмекке кепілдік беруге арналған.

Қоғам алдында денсаулық сақтауға арналған шығыстар туралы түсінікті есеппен қатар, тегін медициналық көмек тізбесі (ТМКТ) мен МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек пакеттерін қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері жоқ. 

Ақпарат кеңістігінде медициналық көмек пакеттерінің құрылымы мен неден тұратынынын түсіндіру бойынша белсенді насихат жұмыстарын байқаймыз. Ондағы медициналық көмек пакеттерінің құрылымы мен тізімінің қаншалықты өзгергенін байқай отырып, медициналық қызметтерді ТМКТ пен МӘМС пакеттеріне жатқызу немесе алып тастау бойынша шешімдер қабылдау процесі жүйеленбегенін түсінуге болады.

ТМКТ тізімін жасақтау бойынша шешім қабылдау шаруалары жәй инерциямен МӘМС пакетін қалыптастыру процесіне айналып кетті. Алайда, МӘМС пакеті аясындағы көмектер тек мемлекет қаражаты есебінен емес, халықтың аударымдары мен жарналары есебінен екені маңызды фактор. Мұнда медициналық қызметтерді төлеушілер мен әлеуетті бенефициарлар медициналық қызметтер пакеттеріне не жататынын не жатпайтынын білуі тиіс.

Кодекстің нормаларын іске асыру үшін денсаулық сақтау министрлігі халыққа медициналық қызметтерді сатып алу аясында медициналық ұйымдар мен ӘМСҚ арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін айқындады [3].

ӘМСҚ өз кезегінде 2021 жылға арналған ТМКТ пен МӘМС жүйесі аясындағы денсаулық сақтау субъектілері арасындағы медициналық қызметтер көлемін таңдау және орналастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың құрамын бекітті [4].

Алайда, бұл жерде де комиссияның қатысуымен медициналық көмекті сатып алу аясындағы медициналық қызмет жеткізушілері арасында қаражат бөлу және қайта қарастыру процесінің медициналық көмек көрсетушінің сол көмектің дәл көлемі мен шартта көрсетілген сомаларға айналдыру процесі бекітілмегенін атап өткен жөн.

 

Жария емес инерттілік

Денсаулық сақтау жүйесінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету құралдарының болмауы медицина қызметкерлеріне үстемақы мен бір жолғы әлеуметтік төлемдер төлеу процесіне де әсер етті.

Қатысушылардың көптігіне қарамастан, медицина қызметкерлеріне үстемақы мен бір жолғы әлеуметтік төлемдер төлеу процестерін ақпараттық насихаттау барысында барлық деңгейдегі шешім қабылдаудың жариялы болмағаны көрінді. 

Ол төлемдерді бөлу ашықтығының мониторингі барысында Денсаулық сақтау министрлігі, ЖАО, ҚДСБ / ДСБ ресми сайттарынан мына ақпараттарды көре алмадық:

  • Комиссия құрамы мен регламенті;
  • карантиндік объектілердің тізбесі және карантиндік объектілерге жатқызу талаптары туралы;
  • медицина қызметкерлері үшін үстемеақылар мен біржолғы әлеуметтік төлемдер алуға арналған құқықтар мен шектеулер туралы;
  • медицина қызметкерлеріне үстемеақылар мен біржолғы әлеуметтік төлемдердің нақты төлемдері туралы;
  • медицина қызметкерлеріне әлеуетті алушылардың және бас тартылған үстемеақылар мен біржолғы әлеуметтік төлемдер алушылардың саны туралы;
  • комиссия хаттамаларының көшірмелерін немесе үзінді көшірмелерінің сканерленген нұсқасы.

Барлық ақпараттық насихат әр мемлекеттік органның өз баспасөз релиздері арқылы жасалды. Ол мәлімдемелерде процестердің ашықтығын көрсететін есеп берудің ыңғайлы әрі бірізді формасы болмады.

Азаматтардың денсаулық паспортын жасау үшін денсаулық сақтау саласының (мемлекеттік және жеке) көптеген ақпараттық  жүйесіндегі халықтың жеке деректерін біріктіріп, кіріктіру мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Ең дұрысы, пациент ТМКТ немесе МӘМС аясында белгілі бір қызметті алғаннан кейін оған көрсетілген қызметке мемлекеттің шыққан шығыны туралы ақпарат келуі тиіс. Сонда халық осы салада жүргізіліп жатқан реформаларға қатысы бар екенін, мемлекет тарапынан қамқорлық бар екенін сезінетін болады.

Денсаулық сақтау секторындағы кейбір процестердің ашық болмауы ақпараттық шабуылдар мен манипуляцияның көбеюіне алып келеді. Халық ел басшылығының бүгінгі әрекетіне кепілдік беретін ақпаратқа қол жеткізе алуы керек. Бұл жекелеген наразылықтардың деңгейін төмендетуге және қоғамда сенім арттыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін денсаулық саласындағы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету мәселесінде жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

[1] «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттер беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 554 қаулысы» 

[2] «Ашық деректер интернет-порталында орналастырылатын ашық деректер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 11 сәуірдегі №166 бұйрығы» 

[3] ТМКТ аясында және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары және көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу қағидалары (тиісінше 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 және 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-291/2020)

[4] «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №240 бұйрығы