2020 жылды күз айында ел президенті аумақтық даму саясатына жеке көңіл бөлген өз жолдауында Қазақстандағы урбандалу туралы: «Өңірлік дамуға жаңа көзқарас урбандалу процесін басқаруға, «көші-қон толқындарының» кезеңділігін қамтамасыз етуге, ірі қалаларда халықтың шектен тыс орналасуы мен әлеуметтік шиеленістің алдын алуға мүмкіндік береді», – деді.
Жолдауда айтылған басымдықтар күтпеген жерден бағыт өзгертуге ұқсайды: КСРО ыдырағалы бері іс жүзінде қозғалыссыз тұрған урбандалу қарқынын арттырудың орнына, енді ауылдық жерлерден қалаға көшу процесін тежеуге басымдық беріледі. Ал урбандалуды қалалардағы шамадан тыс халық қоныстану қаупі ретінде қарастырады. Басымдықтардың бұлай өзгеруінің күтпеген шешім екенінің екі себебі бар сияқты.
Біріншіден, жаңа басымдықтар бірер жыл бұрын қабылданған Аумақтарды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына біршама қайшы келеді. Ол бойынша басты индикаторлардың бірі урбандалу деңгейі деп көрсетілген. Осы бағдарламаға сәйкес 2025 жылы қала халқының үлесі 62,6% болуға тиіс.
Екіншіден, қазіргі әлемде экономикалық даму жоғары деңгейде урбандалумен тығыз байланысты деп саналады. ЭЫДҰ елдерінде урбандалу деңгейі 77%, ал Қазақстанда 58,7% ғана. Егер Қазақстан Республикасы әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына ұмтылса, онда ел билігі Қазақстандағы урбандалудың жеткілікті жоғары қарқынын ұстап тұру қажет екенін ескеруі тиіс.
Басымдықтарды өзгертіп жатқан биліктің көздеген логикасы мен дәйектерін жақсы түсіну Парламент депутаты А.Қоңыровың айтқан сөздердін тыңдау керек. Ол 2019 жылғы желтоқсан айында мемлекеттік бағдарлама қабылданар алдында премьер-министрге сауал жолдаған болатын. Ондай былай деген:
«Үкімет Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірледі, онда бұрынғы басымдықтар — урбандалу, ірі агломерацияларды және тірек елді мекендерді дамыту қалған. «Халық коммунистері» фракциясы қазіргі жағдайда бұл міндеттер өзекті емес деп санайды. Урбандалу көрсеткіші бойынша жарыс негізсіз, өйткені оның артында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру міндеті қалып барады.
Қазіргі уақытта аймақтық саясаттың нақты проблемасы қала халқының аздығында емес, шашыраңқы дамуында. Қазақстандағы урбандалу курсы бұған көп ықпал етті. Ішкі көші-қон процестері іс жүзінде реттеуден шығып кетті. Урбандалу экономикалық қана емес, әлеуметтік те процесс екенін түсіну керек. Ірі қалалардың барлығына дерлік өзекті әлеуметтік проблемалар қордаланған, жартылай ауылдық-жартылай қалалық елді мекендер бар. Анық етіп атар болсақ, бұл – «кедейлік белдеулері».
Біз урбандалуды арттыруға тырысамыз, бірақ адамдар өзі қалаған жерде өмір сүргісі келеді. Бұған ірі қалалардағы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға деген ұзын-сонар кезек куә. Екінші жағынан, халықтың ауылдық жерлерден копарыла көшуі құлдырауға алып келеді. Бұл «жарылмай қоймайтын бомба».
«Халық коммунистері» фракциясы Өңірлерді дамыту бағдарламасының жаңа кезеңін жоспарлау кезінде түзетулер енгізу қажет деп санайды. Урбандалу деңгейі мақсатты индикатор болмауы тиіс. Бағдарлама «кедейлік белдеулері», ЖТҚ үшін жер телімдерінің жетіспеуі, ауылдың құлдырауының алдын алу, ауылды қалпына келтіру және шағын шаруашылықтарды қолдау мәселелерін шешу жөнінде нақты шаралар ұсынуы тиіс».
Бұл сөздерден көрініп тұрғандай, депутат ішкі мигранттардың ірі қалаларға ағынынан туындаған кедейліктің өсу қаупіне байланысты ғана емес, урбандалуды ынталандыру басымдығын да сынға алады. Ол әлі де ауылдық жерлердің құлдырауына қарсы. «Жаңа» әдісті жақтаушылар мұнымен қатар ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне де жүгінеді. Олардың пікірінше, шекара маңындағы аумақтардағы депопуляция ұлттық қауіпсіздікке стратегиялық қауіп төндіруі мүмкін.
Сонымен қатар, егер статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, онда депутаттың ескертулері негізсіз емес екені көрінеді.
29 жыл ішінде (1991 жылдан 2020 жылға дейін) урбандалу деңгейі шамамен 1,5%-ға, 57,3%-дан 58,7%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ 2020-2025 жылдарға арналған аумақтық даму мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторына қол жеткізу екіталай болып көрінеді: Қазақстандағы урбандалу деңгейі 5 жыл ішінде шамамен 3%-ға өсуге тиіс, яғни жоспар урбандалу деңгейінің өсу қарқынын 10 еседен астам арттыруды көздейді.
Кедейлер ауданының проблемасын көтеретіндей, елдің ең ірі қалаларының халқы бұлай тез және ретсіз өскен жоқ. Қазақстан қалаларында мұндай аудандарды мысал деп көрсете алмаймыз. Ірі қалалардың айналасында қала маңындағы елді мекендер қалыптасады. Ондағы өмір сүру деңгейі негізгі қалалардағы өмірге қарама-қайшылау, бірақ оларды жоқшылық жайлаған жерлер немесе «кедейлік белдеуі» деп атауға болмайды. Сонымен қатар олар өмір сүру сапасы көрсеткіштері бойынша көптеген ауылдық елді мекендерден ерекшеленбейді.
Ірі шаһарлардың жанында жылдам жайылып келе жатқан қала маңы халқы өздері тастап келген ауылдарда емес, осында тұруды жөн көргендер. Бұл қала маңындағы халық өсіп-өнуге алыс түкпірдегі елді мекен емес, осы жер қолайлы деп санайды. Ол ірі қалаларға тартылу нәтижесі, агломерация әсерінің элементі.
Елдің оңтүстігі мен батысындағы ауылдық жерлердегі халық санының динамикасы барлық ауыл халқы қалаға көшуге асықпайды дегенді білдіреді. Жоғарыда көрсетілгендей, елдің оңтүстігінде бірнеше ондаған мың адамнан тұратын ауылдар құрылды. Бұл дегеніңіз үлкен елді мекендер, олар халық саны бойынша елдің көптеген шағын қалаларын басып озды. Бірақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, мемлекеттік әкімшілік басқару ауылдікі болып қала береді. Мұндай алып химера ауылдар ірі қалалардың айналасындағы ауылдардың көші-қон әлеуетін сіңіре алмауының қандай нәтижеге әкелетінін жақсы көрсетеді.
Қорытынды
Осылайша, біз шығаратын қорытынды: біріншіден, аумақтарды дамытуға деген «жаңа» көзқараста Үкіметтің экономиканың өсу қарқынының баяулауына реакциясы байқалады. Егер ірі қалалар жаңа жұмыс орындарын ашуды тоқтатса, қалалар мен қала маңында кедейшілік өсе бастаса кез келген уақытта әлеуметтік толқулар болуы мүмкін.
Сондықтан, үкіметтің логикасы бойынша, қалаға ағылған ішкі көші-қонды ол пайда болған жерде, яғни ауылдық жерлер мен шағын және моноқалалардың өзінде тоқтатқан дұрыс.
Екіншіден, ел билігі аумақтарды дамытудың кеңестік моделінен бас тартуға дайын емес сияқты. Ол кезде кен алу, көлік тораптары, әскери нысандар сияқты т. б. өндіріс орындары айналасында орналасқан шағын және орта қалаларға басымдық берілетін. Кеңес одағы тарағалы отыз жылға жуық уақыт өтсе де Қазақстан билігі өмір сүру деңгейі мен сапасы төмен және халық саны қысқарып келе жатқан моноқалалар проблемасын шеше алмады.
Үшіншіден, «жаңа ұстаным» урбандалуды ұлғайту саясатының нәтижесіздеу болғанына байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Шамамен 30 жыл ішінде Қазақстандағы урбандалу деңгейі (1991 жылдан 2020 жылға дейін) 1,5%-ға өсті. Басқаша айтқанда, олар тиімсіз саясаттан бас тартуды шешті.
Бұның үстіне, аумақтарды дамытудың «жаңа» саясатындағы басымдықтардың өзгеру мәнін неғұрлым толық түсіну үшін жоғарыда жазып кеткен Парламент депутатының сөзіне оралуға болады. 2020-2025 жылдарға арналған аумақтық дамудың мемлекеттік бағдарламасын кім сынға алғанына назар аударыңыз. Ол – «Халық коммунистері» фракциясы. Мұндай сын, мысалы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан айтылса, тіптен қисынсыз болар еді.
Басымдықтың бұлай өзгеруінің себептерін сенімі түрде былай деп болжауға болады.
1. Ірі қалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының баяу дамуы ішкі мигранттар ағынынан туындайтын тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім берудегі сұранысты қамтамасыз етіп үлгермейді.
2. Бір жағынан ірі қалалар мен ауылдар, екінші жағынан шағын және орта қалалар арасындағы өмір сүру сапасының алшақтығы артып келеді.
3. Экономика қарқынының қысқаруы салдарынан республикалық бюджет қаражаты ірі қалалар мен облыс орталықтарының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жылдам қарқынмен дамытуға және сонымен бір мезгілде ауылдық жерлер мен шағын қалаларда өмір сүру сапасының стандарттарын көтеруге жетпейтін болады.
Урбанизация және аумақты дамыту саясаты саласындағы ұсыныстарды әртүрлі халықаралық даму ұйымдары (ЭЫДҰ, ДБ, БҰҰ ДБ) да ұсынған. Олардың барлығы дерлік өзекті болып қала береді. Аумақтық даму саясатындағы басымдықтардың өзгеруіне келер болсақ, мұнда бір басты ой туындайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі әлемдегі экономикалық даму қандай жолмен болса да урбандалудың жоғары деңгейімен байланысты. Ендеше Қазақстанға урбандалу қарқынын арттыру қажет, өйткені посткеңестік Қазақстанда 30 жылға жуық байқалған динамиканы қарасақ, 2050 жылға қарай урбандалу деңгейі 70%-ға жетпейтінін көруге болады.
Ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру және шағын және моноқалаларды дотациялау есебінен урбандалу қарқынын арттырудан бас тарту – елдің экономикалық даму міндетін шешуді кейінге қалдырғанын ғана білдіреді. Басқаша айтқанда, ел үкіметі бірізділікті сақтап, Қазақстандағы урбандалу жылдамдығын арттыруға тырысуы керек. Кеңес кезіндегі аумақтық даму моделінен шешім іздеуге тырысып, одан бас тартпауы керек.
Мақала автор жүргізген зерттеу негізінде дайындалған.
Social Media