Қазақстан үкіметі 2020 жылы дағдарысқа қарсы шараларға ЖІӨ-нің 9 пайызын жұмсайды деп бағаланып отыр. Бұл АҚШ-тан аз (12%), бірақ Ресейден көп (3%). Алайда, дағдарысқа қарсы іс-шаралардың маңызы оның көлемінде емес, қаржы мен шешімнің бизнеске қаншалықты тез және нақты жұмсалуында. ҚР үкіметінің мемлекеттік қолдауға жұмсап отырған ресурсы қаншалықты тиімді болып жатқанын бағамдау мақсатында KPMG шілде айында «COVID-19 пандемиясы: Қазақстандағы бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету шаралары тиімді ме? Нарықтағылардың пікірі» атты зерттеуін арнады.

Зерттеудің негізгі түйіні: коронадағдарыс кезінде бизнес мемлекеттік қолдауға зәру, алайда бизнестегі респонденттердің жартысынан астамы ақшаны алу процесінің ұзақтығын айтады, үштен бірі компанияларға шенеуніктер қойып отырған талаптарға наразы, ал сұрауға қатысқан әр тоғызыншы респондент бизнесіне үкімет ұсынып отырған «салық каникулы» көмектесе қоярына күмәнмен қарайды.

 

Бизнес жауап береді

Бұл – соңғы екі айда KPMG жүргізген екінші зерттеу: мамыр айында COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасының негізгі секторларына ықпалын бағалаған есеп жарық көрген болатын.

KPMG жүргізген шілде айындағы зерттеуге шағын және орта бизнес, ірі бизнес, бірқатар банк, даму институттары, Қазақстанның бизнес қауымдастықтары жетекшілерінен тұратын 60 адамның пікірі негіз болды. Консалтинг компаниясы анализ жасаудағы негізгі мақсатын: «COVID-19 пандемиясына байланысты мемлекеттік қолдау шаралары жеткілікті ме? Олар тиімді ме (бизнес тұрғысынан)? Бұл жүйені жетілдіру бағытында бизнестің ақылға қонымды ұсыныстары бар ма? Осыны түсінгіміз келді», – деп көрсеткен.

ДДСҰ биылғы наурыз айында коронавирусты пандемия деп жариялағаннан кейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен төтенше жағдай енгізіліп, 8 аптаға созылған бірқатар карантин шарасы қолға алынды. Негізінен қызмет көрсету саласына соққы болған карантин шектеулері кезінде 300 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатты. Зардап шеккендер (табысынан айырылғандар) 1 млн компанияға жетті (Қазақстанда барлығы 1,6 млн заңды тұлға, жеке кәсіпкер, шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылық бар). Екінші деңгейлі банктерге қарызын төлеуді кейінге шегеруді өтінген компаниялар саны шамамен 15 мыңға жетті.

Читать также ...
Президент Тоқаевқа үндеуі: коронавирусқа қарсы бөлінетінін 6 триллион теңге жайында

1,6 миллионнан астам адам ақысыз демалысқа жіберіліп, 4,5 миллион азамат (елдегі жұмыс күшінің 50%-ға жуығы) табысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем (42 500 теңге) алды.

«Бизнес күрделі жағдайға тап болды, мұндайда операциялық қызметті жоспарлау мүмкін емес. Мұндай жағдайда тек мемлекеттен ғана қолдау күтуге болады», – дейді зерттеу авторлары.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар кешені 5,9 трлн теңге деп бағаланды (ЖІӨ-нің 9%-ы), алайда ақшаның басым бөлігі бизнесті қолдауға жұмсалды деп айта алмаймыз. Бұл қаржының 33%-ға жуығы республикалық және жергілікті бюджеттен түспей қалған кірістің орнына, 17%-ы – «Жұмыспен қамту жол картасына», 11%-ы әлеуметтік салаға жұмсалса, 7%-ы тұрғын үй құрылысына, экономикалық емес мемлекеттік бағдарламаларды жүргізуге, эпидемияға қарсы шараларға берілген. Шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру арқылы бизнесті қолдауға жалпы көлемнің 17%-ы жұмсалған. Айрықша зардап шеккен сектор кәсіпорындары (кинотеатрлар, ойын-сауық және сауда орталықтары, әуе компаниялары және басқалар) жыл соңына дейін жер мен мүлік салығынан босатылса, микро- және шағын бизнеске 2020 жылдың қазан айына дейін салық төлемдері шегерілді.

Мемлекеттік қолдау шараларын компаниялар қалай бағалайды?

KPMG жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы бағдарламаның өзектілігі мен орындалуын «орташадан төмен» деп бағалайды.

Сондықтан да респонденттердің 90%-ы «салалық критерийлерді кеңейтіп, бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламаларын «реинжиниринг» жасау керек» деп есептейді. Мемлекеттік көмекті ұсыну уақытына қатысты да қиындықтар бар: сұрауға қатысқандардың 50%-ы мемлекеттік көмекті алуға 3 апта және одан көп уақыт кетті деп көрсеткен. Қаржылық жағдайды тұрақтандыру шарасы ретінде үкімет ұсынған «салық каникулын» компаниялардың 89%-ы тиімсіз деп санайды.

Читать также ...
Қазақстан-2020: ЖІӨ құлауда, мемлекеттік шығын көбеюде, кедейлік артуда

Мемлекеттік көмектің өзектілігі мен орындалуын бағалауға келгенде компаниялар мен банктердің пікірі үйлеспейді. Бизнес бұл көрсеткішті 10-нан 4,7 балл деп бағаласа, банктер 7,8 балл беріп отыр. Дегенмен, банкирлер де қолдау бағдарламаларының салалық шектеуі бар екенін және жұмыс орны мен салық көлеміне қатысты талаптар артық екенін айтады.

Сұрауға қатысушылар маңызды мәселе көтеріп, мемлекеттік қолдауға ие бола алатындардың саны шектеулі екенін айтты. Сауалнамаға қатысушылардың бірі жаңа клиенттерге мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген займ алудың қиын екенін, жеңілдетілген несиенің бұрыннан келе жатқан клиенттерге берілетінін, ал жаңа клиенттерге келгенде ақша таусылып қалатынын айтты. «Бәрі бір кәсіпорындар, тек әр терезеден әртүрлі көмек алады», – деді тағы бір респондент.

KPMG сарапшылары респонденттердің көпшілігі «мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ақпараттық порталы жоқ екенін және әр мемлекеттік бағдарлама бойынша бір оператор болмауын мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысу барысында кездесетін негізгі операциялық кедергі деп есептейтініне» назар аударады. «Мемлекет пен бизнеске конструктивті және ашық диалог жасау үшін бірыңғай платформа керек. Сарапшылардың тікелей талқылауы, бизнеске уақтылы және жеткілікті қолдау көрсету елдің дағдарыстан шығуына көмектесіп, ұзақмерзімді тұрақты дамуға жол ашады», – дейді KPMG мамандары.

«Мемлекет жарнамалап отырған шаралар арасында ірі бизнесті қолдау шарасы мүлдем жоқ деуге болады. Ал шын мәнінде барлық салық түсімінің 80%-ы ірі бизнеске тиесілі және еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызын жұмыспен қамтитын да осы ірі бизнес», – дейді зерттеу авторлары.

Читать также ...
“3 пайыздық Қор”: жеңілдікпен несиелеудің тағы бір бағдарламасы бизнеске қалай көмектеседі?

Зерттеу жұмысы аяқталғаннан кейінгі талқылау барысында зерттеу авторы, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы KPMG инвестиция және капитал нарығы департаментінің жетекшісі Василий Савин ірі бизнестің жағдайына назар аудару және оған қолдау көрсету қажеттігін айтты. Ірі компанияларды қолдаудың шетелде кең тараған және мейлінше тиімді әдістерінің бірі – несиеге мемлекеттік кепілдік беру. Қазақстанда бұл тәсілдің қолданылуы шектеулі, ол негізінен 1 млрд теңгеге дейінгі және 15% ставкадан аспайтын шағын бизнестің несиелеріне қатысты ғана қолданылады.

 

Қолдауға кім зәру?

Тиімді жұмыс істеп жатқанына күмән келтірушілер көп болғанымен, Қазақстан үкіметі де қарап жатқан жоқ, әсіресе, бастама көтеріп, идея ұсынудан шаршамайтынын атап айтуға болады. 2020 жылдың наурыз айынан бері қарай үкімет қолға алған шаралардың бірқатарына тоқталсақ, олардың арасында фискалдық стимул беретін мүмкіндіктермен қоса (салықтан босату, мемлекеттік шығынның жаңа немесе кеңейтілген баптары), бизнес-климатты жақсарту және бизнесті қолдау сапасын арттыру шараларын айтуға болады.

KPMG жүргізген шілде айындағы зерттеудегі кейбір ұсыныстарды шенеуніктер белгілі бір дәрежеде іске асырып та жатыр. Мысалы, 2020 жылдың 14 шілдесіндегі үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жедел шаралар қатарында: «Кәсіпкерлікті дамыту бағытында биылғы қыркүйек айында «Бизнеске арналған үкімет» деген бірыңғай қызмет толыққанды іске қосылады. Онда «ақылды реттеу» элементтері ескеріледі», – дегенді айтты. Ал кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультация алуын жеңілдету мақсатында «Бизнеске арналған бір терезе» толыққанды жұмыс істей бастамақ.

Читать также ...
Уақытша жұмыс: дағдарыстан шығу ма, беймәлім болашақ па?

Бұл тетік мемлекеттік қолдау бойынша бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы коммуникация проблемаларын шешеді деген үміт бар.

ҚР үкіметі ірі бизнеске қолдау көрсетумен биылғы сәуір айында-ақ айналыспақ болған. Дәлірек айтсақ, сол кезде Дәленов мырза премьер-министр Асқар Мәмин мен үкімет мүшелеріне айрықша қолдауды қажет ететін елдегі 361 кәсіпорынның тізімін ұсынған. Оларға «жүйе құрушы» компаниялар деген атау берілген, алайда, әлеуметтік желіге шығып кеткен тізімге сүйенсек, ол компаниялардың көпшілігі сауда және құрылыс компаниялары, әуе компаниялары мен әуежай операторлары, бірқатар энергетикалық компания болатын. Жүйе құрушы компаниялар тізіміне кіруге мүмкіндік беретін іріктеу критерийі түсініксіз, ал үкімет тізімді жария етпестен қабылдамақ болғанын ескерсек, 361 компаниядан тұратын тізім көрсетілген үкімет қаулысының жобасы тарап кетуі халықтың біршама наразылығын тудырғанын айтқан жөн.

Бизнес қауымдастық пен сарапшылар тарапынан сынға ұшырағаннан кейін үкімет ірі бизнесті қолдаудан біржола бас тартып, экономиканың басым салаларына назар аудару жөнінде шешім қабылдады. Үкімет басымдық беретін салаға «құрылыс саласы, азаматтық авиация, өңдеуші өнеркәсіп, логистика, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету секторын» жатқызып отыр (премьердің депутаттық сауалға жауабынан үзінді, құжаттың датасы: 12.06.2020).

Қолдау көрсететін саланың ауқымы тым кең. Мемлекеттік қолдаудың қандай принциппен және қандай жолмен көрсетілетіні де түсініксіз. Егер бұрынғы тәртіппен және бұрынғы бағдарламалар болса, ірі бизнеске айтарлықтай қолдау болмайды деп сеніммен айтуға болады.

«Бағдарламада ірі бизнеске қолдау көрсету болуы тиіс, бүгінгі бағдарламаның аясында ол жоқ болып отыр. Ал ірі бизнес экономиканың негізі ғана емес, сонымен бірге азаматтарды жұмыспен қамтушы. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларға, соның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына импорт алмасу саласындағы ірі бизнес субъектілерін кіргізген дұрыс», – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова 2020 жылғы 21 шілдедегі үкімет отырысында.

Читать также ...
COVID-19 кезінде оқығандар: қашықтан оқу жеткілікті ме?

Бахмутованың тағы бір ескертуі кепілдікке қатысты болды. «Кепіл проблемасын шешу жолының бірі – мемлекеттік кепілдік көлемін кеңейту. Соның ішінде Қазақстан даму банкінің қызмет аясын кеңейте отырып, оны ірі бизнеске мемлекеттік кепілдік ретінде пайдалануға болады. Қазір шағын және орта бизнес субъектілері үшін бұл қызметті «Даму» қоры атқарып отыр», – деді Бахмутова.

«Қазіргі сәттегі аса маңызды мәселенің бірі – айналымдағы қаржыны көбейту және қайта қаржыландыру үшін әдістерді қайта қарап, мейлінше несие алуға мүмкіндік беру. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, бөлінген ақшаның игерілуіне де септігін тигізеді», – дейді қаржыгер.