Қазақстанда білім алуға әркімнің мүмкіндігі әртүрлі екенін мектепке дейінгі білім беру және тәрбие мекемелерінен-ақ байқауға болады. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл өте өзекті мәселе.

Бүгінде Қазақстан 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 80%-ын мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен (бұдан әрі – МТО) қамтып отыр. Алайда, ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі мекемелердің жартысына жуығы – шағын орталықтар. Яғни республиканың барлық шағын орталықтарының 80%-ға жуығы ауылда орналасқан. Барлық ауылдық шағын орталықтардың жартысына жуығы жарты күн ғана жұмыс істейді. Мұның барлығы МТО көрсететін қызметтер сапасына әсер етеді.

Ауылдағы МТО-ларды кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де күрделі болып отыр. Ауылдық және қалалық мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы ең үлкен алшақтық материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағында екені байқалады. Балабақшаға бейімделген және апатты ғимараттардың көпшілігі ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұр. Ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі мекемелерде абаттандыру және инфрақұрылым, техника, интернет және т. б. қамтамасыз етуде бітпейтін проблемалар бар.

 

Ауылдық жерлерде МТО құрып, ұйымдастыру

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдығы дағдарысқа толы болып шықты және бірінші кезекте МТО-лар қиындықты бастан өткерді. Әсіресе, бұл жылдар ауыл тұрғындары үшін күрделі болды. Егер 1991 жылы ауылдық жерлерде мектепке дейінгі білім беру мекемелері қалаға қарағанда үш есе көп болса, 2000 жылы ауылдық балабақшалар желісі мен орталықтар 95%-ға қысқарды.

2000 жылы ауылда 177 және қалада 912 мектепке дейінгі мекеме болған [1].

Әрине, бұл – балалардың мектепке даярлығы сапасына әсер етті. Мектепалды даярлықтың білім алушылардың үлгеріміне әсерін 1997-1998 оқу жылының бірінші сынып оқушыларынан байқауға болады. Мектепалды даярлығы жоқ балалар бірінші тоқсанның бағдарламасын тек 20,4%-ға игерді, ал мұндай даярлықтан өткен бірінші сынып оқушыларының бағдарламаны игеру деңгейі 91,3% болды [2].

Сондықтан 1999 жылы Қазақстанда балалардың міндетті мектепалды даярлығы енгізілді.

2000 жылдары ауылдық жерлердегі мектепке дейінгі ұйымдар саны қалаға қарағанда жылдам өсті. Олардың саны ауылдық жерлерде 35 есеге, қалалық жерлерде 3,5 есеге артты. Ауылдардағы МТО балалар контингенті 36 есеге, қалада 3,8 есеге артты.

Читать также ...
Ауыл әйелдерінің жағдайы екі есе қиын

Мектепке дейінгі мекемелер мен балалар контингентінің мұндай өсімі МТО-ның жаңа үлгідегі аз шығынды модельдері, яғни шағын орталықтар мен балалардың қысқа мерзімді топтарының дамуы арқасында тіркелді.

 

Шағын орталықтар алғаш рет 2004 жылы ашылды. Олардың жұмыс реті икемді кесте бойынша аптасына 2-ден 7 рет, күніне 2-ден 10 сағатқа дейін реттелген. Дегенмен, толық емес күн жұмыс істейтін шағын орталықтар саны басым болды (Шамамен 60%, толық күн істейтін шағын орталықтар – 40,5%) [3].

Шағын орталықтар мобильді болғандықтан, балабақшалардың жүктемесін азайтып, ауылдық жерлерде мектепке дейінгі мекемелер жоқтығы проблемасын шешуге көмектесті. Бала саны аз елді мекендердегі шағын орталықтардың экономикалық рентабельділігіне байланысты, олардың ауылдық жерлердегі саны қарқынды түрде артып келеді. Мәселен, 2005 жылы 181 шағын орталық болған. Бұл – барша мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының 15%-ынан сәл астам болса, 2011-2012 жылдары олардың саны 5 000-нан асып түсті. Бұл – барлық мектепке дейінгі ұйымдардың 65%-дан астамы. Тек 2016 жылдан бастап шағын орталықтардың үлесі балабақшаларға қарағанда төмендеді [4].

2010 жылдан бастап елімізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға арналған «Балапан» бағдарламасы іске қосылды.

Жергілікті атқарушы органдар ауылдардың 30%-дан астамында мектепке дейінгі мекеме ашу үшін бала санының аз болуы себепті балабақшалар салынбағаны туралы есеп берді [5]. Осы кезде қалаларда балабақшаға әрбір үшінші бала тіркелді, ал ауылдық жерлерде – 100-ден 5-еуі ғана [6].

2018 жылы МТО ұйымдарының 60%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Алайда, ауылдағы мектепке дейінгі мекемелер санының көптігіне қарамастан, ондағы бала саны қалаға қарағанда 1,5 есе аз. Бұл айырмашылық ауылдық жерлердегі шағын орталықтардың көптеп шоғырлануына байланысты [7].

1-сурет. Ауылдағы мектепке дейінгі  мекемелер, оның ішінде шағын орталықтар

2019-2020 оқу жылында Қазақстанда 3 950 шағын орталық болды, оның ішінде толық күн оқытатыны – 2 352 (ауылда – 1 749, қалада – 603), жартылай күн  оқытатын орталықтар – 1 598. Қазір шағын орталықтардың басым көпшілігі ауылда орналасқан – 3 079, бұл елдегі шағын орталықтардың жалпы санының 77,9%-ы [8].

Педагог кадрлардың саны мен сапасы

Кадрмен қамтамасыз ету –  ТМО сапасының маңызды факторы. Жас бала психологиясы мен педагогикасын білетін, заманауи білім беру әдістері мен технологияларын меңгерген жоғары білікті мамандарсыз мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру қиын.

2018 жылы педагог қызметкерлер саны 94 838 адам болды, оның ішінде ауылдағылары – 40 518 [9].

2-сурет. Еңбек өтілі бойынша қала-ауыл деп бөлгендегі педагог кадрлардың сан-сапа құрамы

Читать также ...
Бейресми экономика қызметкерлері арасында бала күтімі қызметінің таралуы: талай елдің тәжірибесінен алынған саясат сабақтары

Сурет тәжірибесі жоқ педагогтар мен тәрбиешілердің арасындағы келесі айырмашылықты көрсетеді: мамандардың 60%-ға жуығының еңбек өтілі 5 жылдан аз, 15 жылдан астам өтілі барлар 15%-дан астам. 2019 жылғы жағдай бойынша, еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінде 97 209 педагог жұмыс істеді, олардың 65%-ы жоғары білімді, 32,9%-ы арнайы орта білімді, 2,5%-ы жалпы орта білімді.

3-сурет. Білімі мен мамандық деңгейі бойынша педагог кадрлардың сан-сапа құрамы

Педагогтың бейіндік білімі МТО сапасының кепілі. 2008 жылы ЮНИСЕФ 10 стандарт әзірледі. Оның бірі – МТО саласында жоғары білімді педагогтар саны кем дегенде 50% болуы шарт [10]. Алайда, 2019 жылы «Білім туралы» ҚР Заңындағы 51-бап өзгертілді. Онда бейіндік білімі бар адамдар педагогикалық қызметпен айналыса алады [11].

Қазір мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істеу үшін педагогикалық білім жеткілікті. 2019 жылы Қазақстанның мектепке дейінгі ұйымдарында 97 209 педагогтың 29 103-ының «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша жоғары білімі болды [12].

Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелері педагогтарының сапалық құрамы соңғы бес жылда түбегейлі өзгерген жоқ. Егер 2015 жылы жоғары санатты педагогтар үлесі 6,6% [13] болса, 2020 жылдың басында 8,4%-ға дейін өсті, яғни 1,8%-ға өсті. Мектепке дейінгі мекемелердегі жоғары және бірінші санаттағы педагогтарының үлес салмағының арта қоймайтын себебі –  төмен жалақыға байланысты кадр жоғары тұрақсыздығы және  екінші санаттағы немесе санатсыз педагогтар санының өсуі.

4-сурет. Санаттар бойынша педагог кадрлардың сан-сапа құрамы

Бұл суреттен балабақша мұғалімдерінің жартысынан көбінің санаты жоқ, ал жоғары санаты бар мұғалімдер 10%-дан аз екенін көруге болады. Санатсыз педагогтардың ең көбі оңтүстік облыстарда. Мұндай көрсеткіштердің себебі осы өңірде мектепке дейінгі мекемеге мұқтаж бала санының көптігі және мектепке дейінгі мектептер өте көп болғандықтан, оларды кадрмен қамту мәселесі өзекті екені. Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы педагогтар сапасы жоғары [14].

Ауылдағы мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасы

Мектепке дейінгі мекемелердегі қолайлы орта мен оңтайлы жағдай –балаларды күтіп-бағу мен дамытудың басты талабы. Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдардың инфрақұрылымдық дамуын және білім мазмұнын жақсартуға арналған мектепке дейінгі мекемелер қызметінің үлгілік қағидалары бекітілген [15]. Әр бала барлық мектепке дейінгі мекемеде дұрыс және пайдалы тамақтануға, таза ауыз суға, тиісті санитариялық жағдайларға, медициналық-санитариялық көмекке, сапалы тәрбие мен оқуға құқылы.

Алайда, ыңғайланған ғимараттарда орналасқан мектепке дейінгі мекемелер желісі бар ауылдық жерлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Жалпы Қазақстан бойынша осындай ғимараттарда орналасқан  мектепке дейінгі ұйымдардың көбейгені байқалады. Егер 2015-2016 оқу жылында олардың саны 1 892 болса, оның ішінде ауылдық жерлерде 1 268, 2019-2020 оқу жылында 4 177 және 2 493 болды [16]. Бес жыл ішінде өсім екі еседен астам болып отыр.

Соңғы бес жылда апатты жағдайдағы балабақшалардың саны, өкінішке қарай, азайған жоқ. Апатты жағдайдағы мектепке дейінгі 17 мекеменің 10-ы Қызылорда облысында.

Апатты жағдайдағы 17 балабақшаның 13-і ауылдық жерлерде орналасқан [17].

Ауылдық жерлерде әлі күнге дейін мектепке дейінгі мекемелерді абаттандыру мәселесі шешілмеген. Көптеген мектепке дейінгі мекемеде санитарлық талаптарға сәйкес келетін кәріз, ыстық су жүйесі, балаларға арналған ойын алаңдары жоқ. Жеке жылытатын мектепке дейінгі мекемелер саны ауылдық жерлерде қалаға қарағанда 3 есе, суды тасып ішетіндері – 4 есе, ыстық сусызы – 6,6 есе, ал кәрізсізі 9 есе көп.

2018 жылы мектепке дейінгі мекемелердің тек 23,4%-ында дербес компьютер, сенсорлық интерактив тақта, дамытатын компьютерлік ойындар және т.б. құралдар болғанын атап өткен жөн. Қалалық мектепке дейінгі мекемелерге қарағанда, ауылдағы балабақшалар мен шағын орталықтар АКТ жабдығымен 1,5 есе аз жабдықталған [18].

 

Читать также ...
Жұмыспен қамтылған кедейліктің әйел келбеті

МТО-ны сапалы интернетпен қамтамасыз етуде жағдай қиындау екені байқалады. Жыл сайынғы есептерде интернетке қосылған мектепке дейінгі мекемелер саны өскені туралы әдемі хабарланады. Алайда, 2020 жылдың басынан бергі пандемия және қашықтан оқытуға мәжбүрлі көшу Қазақстандағы білім беру жүйесін интернеттендіру және цифрландыру саясатының сәтсіз болғанын көрсетті. 

Ауылдық және қалалық мектепке дейінгі мекемелер арасындағы алшақтық айқын көрінетін жоғарыда аталған салалардан басқа, теңсіздіктің тағы бірнеше факторы бар. Мысалы, балаларды медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету, балалардың сапалы, теңгерімді және уақытылы тамақтануын ұйымдастыру және т. б. игіліктер теңесе алмайды.

Қорытынды мен ұсыныстар

Ауылдық МТО жүйесінде шешілмеген мәселелер қордаланып тұр. Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту баланың болашақ дамуы мен әл-ауқатының негізі екені белгілі. Осыған байланысты, МТО-ға байланысты мәселелерді шұғыл түрде шешу қажет. Жоғарыда айтылғандай, МТО процесінің сәттілігі тек мектепке дейінгі ұйымдардың желісімен ғана емес, сонымен қатар көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасы, оларды абаттандыру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және т. б. сияқты көптеген факторға байланысты.

Сондықтан, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, біздің ұсыныстарымыз:

  1. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын мысалға ала отырып, МТО дамытудың жаңа ұлттық бағдарламасын қабылдау қажет. Ұлттық жоспардың болуы мектепке дейінгі білім берудің тұрақты түрде сандай және сапалай өсуін көрсетеді.
  2. МТО жүйесін қаржыландыруды ұлғайту. ЖІӨ-нің 0,1%  қаржыландыруын ЭЫДҰ елдері бойынша жалпы алғанда 1,0-2,0% стандарт көрсеткішке дейін жеткізу қажет.
  3. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығына мемлекеттік білім беру гранттарын (республикалық, өңірлік) ұлғайту.
  4. Мектепке дейінгі мекемелерге жұмысқа қабылдау кезінде міндетті психологиялық тест алу, ауылдағы МТО педагогтарының біліктілігін арттыру үшін жағдай және жүйе жасау.
  5. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту. Болашағы бар ауылдарда толыққанды балабақшалар желісін кеңейту (“Ауыл – Ел бесігі” салааралық жобасына сәйкес), сондай-ақ толық күн істейтін шағын орталықтарды ұлғайту.

 

Читать также ...
Нәзік бірақ қайсар: Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі

Дереккөз:

[1] Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы Ұлттық баяндама, 2016 жыл. С.Ирсалиев, А. Култуманова, Э. Тулеков, Т. Булдыбаев, г. Кусиденова, Б. Искаков, Л. Забара, Л. Барон, Е. Коротких – Астана: «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ, 2017. – 95-б. 

 

[2] 2000-2005 жылдарға арналған «Білім беру» жайлы мемлекеттік бағдарлама.

[3] Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы.

[4] Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің жағдайы және дамуы туралы Ұлттық баяндама, 2016 жыл. Астана: «АТО» АҚ, 2017 – 97-100-бб.

[5] Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы.

[6] ҚР 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы.

[7] Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің жағдайы және дамуы туралы Ұлттық баяндама (2018 жылдың қорытындысы бойынша). – Нұр-Сұлтан, 2019. – 68-69-бб.

[8] «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы – «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ: Нұр-Сұлтан, 2020. – 31-32-бб.

[9] Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің жағдайы және дамуы туралы Ұлттық баяндама (2018 жылдың қорытындысы бойынша). – Нұр-Сұлтан, 2019. – 224-б.

[10] UNICEF (2008), The Child Care Transition: A League Table of Early Childhood Education and Care in Economically Advanced Countries. Italy: UNICEF Innocenti Research Centre // https://www.unicef-irc.org/publications/pdf/rc8_eng.pdf.

[11] Білім туралы 2007 жылғы 27 шілдедегі ҚР Заңы (07.07.2020 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен).

[12] «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы – «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ: Нұр-Сұлтан, 2020. – 43-б.

[13] сол дереккөзден – 28-б.

[14] «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы – «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ: Нұр-Сұлтан, 2020. – 45-б.

[15] «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 // бұйрығы http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1800017657

[16] «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы – «АТО» АҚ: Астана, 2016. – 48-б.; «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы-«АТО» АҚ: Нұр-Сұлтан, 2020. – 49-б.

[17] «Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің статистикасы» ұлттық жинағы – «АТО» АҚ: Нұр-сұлтан, 2020. – 49-б.

[18] Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің жағдайы және дамуы туралы Ұлттық баяндама (2018 жылдың қорытындысы бойынша). – Нұр-Сұлтан, 2019. – 129-132-бб.