2020 жылы 5 тамыз күні Дүниежүзілік банк (ДБ) «Орталық Азиядағы білім: пандемия кезіндегі оқыту» тақырыбында брифинг өткізді. Бас спикер ретінде ДБ Орталық Азиядағы білім беру мәселелері бойынша жетекші маманы Айша Вауда сөз алып, 2020 жылдың маусым айында жүргізілген зерттеуді ұсынды.
Пандемия салдары мен әсерін түсіндіру үшін ол басқа пандемияны, яғни 2-3 жылға (1918-1920) созылған және нәтижелері 60-70 жыл бойы білімге әсер еткен испан тұмауын мысалға алды. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, қазіргі пандемияның әсері де 60-65 жылға созылады.
Оқытудың жаңа механизмдері мен түрлерін енгізу білім теңсіздігінің өсуіне, білім беру сапасына әсер етіп, мектеп оқуының 0,6 жылының жоғалуына, әлемде 7 миллионға жуық оқушының сапалы білім жолынан тыс қалуына әкеп соғады.
Пандемияның болашақ ұрпақтың еңбек табысына әсерін бағалау үшін үш сценарий жасалды. Олар: оптимистік, аралық (негізгі) және пессимистік. Базалық сценарий аясында әлем іске асырылмаған еңбек кірісі түрінде 10 трлн доллар жоғалтады, яғни 5 айға мектептерді жабу нәтижесі жаһандық ЖІӨ-нің оннан бір бөлігіне тікелей әсер етеді.
Сауат төмендейді
Орталық Азияның басқа өңірлерден айырмашылығы – дамушы елдердегі халық саны бойынша оқушылардың салыстырмалы түрде көптігінде. Өзбекстанда ол халықтың 40%-ына тең болса (0-24 жас), Қазақстанда – 39%, Тәжікстанда – 49%, Қырғызстанда – 46%. Яғни, қазіргі оқыту нәтижелері өңір халқының жартысына жуығының жарасын тереңдетеді.
Дей тұрғанмен, аймақтағы оқу нәтижелері пандемияға дейін де өте төмен болды. Орталық Азия елдерінің оқушылары орта есеппен Еуропадағы құрдастарынан 1,5 жылға артта қалған. Мысалы функционалдық сауаттылық бойынша PISA зерттеуінің нәтижелерін алып қарайық. Ол – адамдарға қазіргі қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін дағдылар мен білім жиынтығы. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін (ЭЫДҰ) басқа елдермен салыстырсақ 10 оқушының 8-і функционалды сауатсыз. Ал ЭЫДҰ елдерінде керісінше, 10-ның 8-і функционалды сауатты болып келеді. Аймақтағы оқушылар пандемияға дейін де цифрлық дағдылар жағынан әлсіз, технологияларға қолы жете бермейтін еді.
Айша Вауданың айтуынша, өңір елдерінде техникалық қамтамасыз ету мәселесінде үлкен алшақтық бар. Қазақстанда оқушылардың 70%-ында үйде компьютер, интернет бар, ал Тәжікстанда бұл көрсеткіш 1%. Алайда, компьютермен қамтамасыз етудің жоғары көрсеткіштері интернет толық қолжетімді екенін немесе компьютердің заманауи екенін немесе оқушыларды үйде қашықтан оқыту үшін жағдай жасалғанын білдірмейді. 2018 жылғы деректерге сәйкес, қазақстандық оқушылардың 54%-ында компьютерлік сауат деңгейі компьютермен жұмыс істеу үшін қажетті функционалдық білім деңгейінен төмен болды, ал зерттеуге қатысушы барлық ел бойынша орташа алғанда бұл көрсеткіш 18% еді.
Спикер ерекше назар аударған ең маңызды сәт – пандемияға дейінгі нәтижелердегі теңсіздіктің тым жоғарылығы, аймақтағы оқу сапасы. Қырғызстанда ең кедей отбасылардың балалары бай отбасылардан шамамен 2,5 жылға, ал Қазақстанда бір жылға артта қалып отыр.
Өңір елдерінде жоғары оқу орындарына қабылдау коэффициенті де төмен болып саналады. Ол, атап айтқанда, Өзбекстанда бар болғаны 10%, нәтижесінде оқушылардың 80-90%-ы тек бакалавр дәрежесін ғана ала алады. Нәтижесінде, жұмыс берушілер жас мамандардың қолынан іс келмеуіне байланысты проблемаларды бастан кешуде, бұл экономикадағы өнімділікке әсер етеді.
Батыл, бірақ білімсіз
Айша Вауда Орталық Азия елдерінің білім беру жүйесіндегі пандемия кезінде әрекет етуге деген күш-жігерін (Қашықтан оқыту арналарын шұғыл құру) өте батыл және дер кезінде қолға алынған шаруа деп бағалады. Дегенмен, ДБ бағалауы бойынша, бұл оқытуды толыққанды қашықтан оқыту деп атауға болмайды. Өйткені елдерде қашықтан оқыту үшін толыққанды база болған жоқ, оны дайындау ұзақ уақытты, сынақтар жүргізуді, оқытушыларды оқытуды, белгілі бір жабдықтың болуын талап етеді.
Жағдайды оқыту алшақтығының жоғарылығымен, оқытушылар мен студенттердің технологияларға қол жеткізе алмағанымен сипаттауға болады. Оқытушылардың барлығы бірдей қашықтан сабақ жүргізу үшін білім жетілдірген болып шықпады.
Орталық Азия аймағында білім берудің ең маңызды механизмі ретінде теледидар, телесабақтар, жоғары оқу орындарында онлайн оқыту қарастырылды.
Телемектептердің басты проблемасы эфир уақытының шегі болды. Яғни, сабақтар күніне 10-15 минутқа ғана созылды. Егер отбасында әртүрлі жастағы бірнеше бала және бір теледидар болса, мұндай форматтың қаншалықты нәтижелі екені белгісіз. Телеоқу жағдайындағы ең үлкен проблема оқытудың біржақты болуы, оқушылардың оқу нәтижелерін бағалау үшін кері байланыстың болмауы және оқу процесін бақылаудың мүмкін еместігі болды.
Тағы бір проблема – қаржы тапшылығы. Өйткені көп қаражат Денсаулық сақтау саласына кетті.
ДБ өкілінің пікірінше, білім беру саласында күш-жігерді біріктіру, бағдарламаларды, бейнесабақтарды бірлесіп әзірлеу аймақ елдері үшін оң шешім болар еді.
Дегенмен, аймақтық синергияның мұндай мүмкіндігі қолданылған жоқ.
Миллиардтаған шығын болды
Дүниежүзілік банктің бағамдауына қарасақ: 5 ай ішінде мектептердің жабылуына байланысты өңір оқушылары 16 балл немесе оқу жылының жартысына жуығын жоғалтты, сондай-ақ функционалдық сауатсыздық 78%-дан 86%-ға дейін өсті, бұл ақшалай түрде 44 млрд доллар. Бұл Тәжікстанның жылдық ЖІӨ-сінен 5-6 есе жоғары және Қазақстан ЖІӨ-сінің төрттен бір бөлігі.
Тағы бір болжам – білім беру жүйесіндегі теңсіздіктің одан әрі өсуі. Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз саналатын топтары білім беруде пандемияның әсерін бақуат тұрғындарға қарағанда көбірек сезінеді. Кедейлер мен байлар арасындағы білім деңгейіндегі алшақтық арта береді.
Тағы бір проблема оқушылар мен оқытушыларға қолдау көрсетудің тапшылығына қатысты болды. Әсіресе оқушыларды қашықтан оқыту форматы барысында сабақ меңгерудің әртүрлі, тең емес деңгейі көрінді. Бұл болашақта аймақтағы білім беру жүйесіндегі теңсіздіктің одан әрі өсуіне әкеледі.
ДБ өкілдері, сондай-ақ, отбасы бюджетінің аздығы, үйдегі қаржылық жағдайдың нашарлығына байланысты әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы көптеген оқушының жоғары білім ала алмауына байланысты өңірде білікті мамандар тапшылығы өсуі мүмкін екенін де болжап отыр. Нәтижесінде, осы ұрпақ үшін еңбек нарығындағы біліктілік алшақтығы бұрынғыдан да үлкен теңсіздікпен сипатталады.
Мектепте тегін тамақ бермей қоя тұру, жалпы тамақтандыру жағының нашарлауы оқу шығындарының артуына әкеледі.
Дүниежүзілік банк зерттеушілерінің бағамдауынша, күз келіп, қыс түсе жағдай нашарлай түседі. Әсіресе балалары мектепте тегін немесе жеңілдікпен тамақтанады деп сеніп отырғандар үшін ауыр.
Қалай түзеуге болады?
Мектептерді ашу туралы шешім қабылдау кезінде ДБ өкілдері үш негізгі элементтен тұратын білім беру жауабының стратегиясын әзірледі. Олар: «жеңу», «үзбей оқытуды қамтамасыз ету», «жетілдіру және жеделдету».
Пандемия кезінде әл-ауқаты төмен халық үшін оқыту нәтижелерінің төмендеуін барынша азайтуға баса назар аудара отырып оқытуды жалғастыру және кез келген жағдайда оның үздіксіздігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ қазіргі дағдарысты «ойды өзгерту», болашақта неғұрлым сапалы, тең құқықты білім беру жүйесін құру мүмкіндігі ретінде қабылдау ұсынылады.
Проблемаларды Дүниежүзілік банктің ЮНЕСКО-мен және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп 2020 жылғы маусымда жүргізген жаһандық зерттеу нәтижелері айғақтайды. Бұл зерттеулер COVID-19 мектептерін жабуға арналған білім беру саласындағы ұлттық жауап шаралары болатын. Айша Вауданың айтуынша, осы мәліметтерге сүйенсек, елдер, министрліктер «күзде, мектеп ашылар сәтте жаңа оқу жылы туралы қандай стратегиялар болатынын ойламақ түгілі, өз бастарымен қайғы болып кеткен».
ДБ өкілдері, біріншіден, үздіксіз оқытуды қамтамасыз етудің, онлайн оқытуды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – шын мәніндегі жаңа экономикалық таңдау.
Болашақта озық әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін қазір білім беруді бірінші орынға қою маңызды.
Екіншіден, білім беру жүйесінің бюджетін қорғау, оны қысқартуға жол бермеу өте маңызды. Бұл қашықтан оқыту сапасының жаңа бағдарламаларына және пандемиядан зардап шеккен, оқу бағдарламасынан қалып қалған студенттерге мақсатты, нақты қолдау көрсетуге де қатысты.
Қашықтан оқыту көптеген елде жаңа нормаға айналуы мүмкін. Сондықтан бүкіл аймақтағы цифрлық платформаларға қол жеткізуді күшейту қажет, – деп атап өтті Дүниежүзілік банк өкілдері.
Айша Вауда өз сөзінде оқуда артта қалған және мектептер ашылған кезде немесе қашықтан оқытудың толыққанды бағдарламалары іске қосылған кезде оқу бағдарламаларын орындай алмайтын оқушыларды одан әрі оқыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Мектептерде қосымша оқыту, «бір-бірлеп» оқыту немесе мұғалімнің артта қалған оқушыларды қуып жетуге көмектесетін көмекшілері лауазымын енгізу қажет.
Білім беру платформаларының бар болғаны ғана керек емес. Онда сапалы контент толып тұруы керек. Сондықтан қолданыстағы қашықтан оқыту бағдарламаларын жетілдіруге баса назар аудару керек. Мазмұн, оқу материалдары, студенттермен кері байланыс тетіктері, бағдарламалардың жүргізілуін үнемі бақылауға баса назар аударылуы керек.
Social Media