2019 жылы білім беру саласы бойынша Қазақстан қатысқан төрт халықаралық салыстырмалы зерттеудің нәтижесі жарияланды. Олар: TALIS (оқытушылық пен оқытуды зерттеу), PISA (15 жастағы жасөспірімдердің негізгі сауаты), PIAAC (ересек тұрғындардың біліктілігі) және ICILS (8-сынып оқушыларының ақпараттық коммуникация технологияларын меңгеруі). Төрт сала бойынша да жалпы қорытынды көңіл көншітпейді, тіпті, дабыл көтеретіндей жағдайда деуге болады.

Дегенмен, зерттеу қорытындысы жағдайды жеке-жеке талдап, дұрыс нәтиже шығаруға мүмкіндік береді.

 

Төрт тренд

Жүргізілген зерттеулер анализ жасау үшін қажетті мол мәліметтер базасын ұсынады, оның ішінде контекске байланысты мәліметтер де бар. Атап айтқанда, респонденттің білім деңгейі, карьерасы, тіл білу деңгейі туралы мәліметтер, тіпті, бір қарағанда елеусіз көрінетін (бірақ іс жүзінде маңызы зор) баланың үйінде қанша кітап бар екеніне дейінгі деректер.

Отандық білім беру саласындағы жалпы жағдайдың қандай екенін білу үшін қолда бар мәліметтерді басқа да деректермен байланыстыра отырып қарастыру керек, атап айтқанда, Білім беру жағдайы туралы ұлттық есеп немесе Дүниежүзілік банк пен Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасын қоса қарау керек.

Қолда бар деректерге сүйене отырып, бірнеше негізгі трендті анықтауға болады.

  • Зерттеу нәтижелерінің барлығы ересектердің де, жастардың да сауаттылық деңгейінің тікелей респонденттің өзінің және оның ата-анасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына тәуелді екенін көрсетеді. Таңғалатын жаңалық емес, дегенмен отбасының сапалы білім алуға мүмкіндігі жоғары болған сайын, ата-анасы білімді және жұмыста табысты болған сайын, баланың да нәтижесі жоғары болады.
  • Қазақстандықтардың басым бөлігі тек негізгі тапсырмаларды ғана орындай алады (математика, АКТ және оқу сауаттылығы бойынша 1-2-деңгейлер (бұл PIAAC, ICILS, PISA зерттеулеріне қатысты; ал TALIS зерттеуінде мұғалімдер пікірі сұрау салу әдісімен анықталған – автордың ескертпесі). Осылардың ішінде ақпараттық коммуникация технологиялары бойынша артта қалу байқалады, бұл компьютер көмегімен жүзеге асатын басқа зерттеу қорытындыларына да әсер етері сөзсіз. ICILS зерттеуінде (14 білім беру жүйесі қатысқан) қазақстандық 8-сынып оқушылары өте төмен нәтиже көрсеткен. Біздің алдымызда тұрған Уругвайдан ұпай айырмасы – 55 балл.
  • Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдеріндегі әріптестерімен салыстырғанда, қазақстандық мұғалімдердің жүктемесі тым көп, олар аптасына 48,8 сағат жұмыс істейді (Жапонияда ғана бұдан артық). Жас педагогтардың төрттен бір бөлігі алғашқы бес жылда-ақ басқа мамандыққа ауысып кетуді жөн көреді, мұның себебін қағазбастылықпен және жалақының төмендігімен түсіндіреді.
  • ЭЫДҰ жүргізетін PIAAC зерттеуі ересектер мен жастардың дағды деңгейі бірдей екенін көрсеткен. Бұл жалпы әлемдік трендке қарама-қайшы, әлемдік тәжірибеге сай, әр жаңа буын алдыңғы буыннан гөрі жоғары нәтиже көрсетеді. Бұл бірінші кезекте кеңестік білім беру жүйесінен мұраға қалған «баршаға бірдей» әдіс-тәсілдің  әбден ескіргенін көрсетеді. Сонымен бірге, дамыған елдердің білім беру жүйесі жалпы экономикалық өсіммен бірге дамып отырады, ал Қазақстанда экономикалық өсім білім беру сапасынан көрінбейді. Бұл – дабыл қағатын жағдай.
Читать также ...
Ауылдағы медицина: аймақтық бағдарламалар неліктен керек?

 

Жаңартылған бағдарламаның жазығы жоқ

Кейбір «сыншылар» PISA көрсеткішінің төмен болуын жаңартылған оқу мазмұнынан көргенімен, шын мәнінде соңғы реформалардың бұл нәтижеге еш қатысы жоқ. PISA-2018 тапсырған 15 жастағы оқушыларға жаңа оқу бағдарламасының әсері жоқ. Тіпті, жаңартылған мазмұнның өзі де әлі әсер етіп үлгерген жоқ (2017 жылы жаңадан 7-сыныптар жаңа бағдарламаға өтті, тест болған уақытта олардың арасында 15 жасқа толғандары көп емес әрі ол уақытта жаңартылған мазмұнмен бір жылдай ғана оқыған). Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жуырда жаңа бағдарлама бойынша оқығандардың білім деңгейін тек PISA-2021 мен PISA-2024 көрсете алатынын айтты.

Қазақстанда жоғары білім саласында қосылған құнның төмен болуы да PIAAC зерттеуіне қатысушы басқа 49 елде кездеспейтін «тренд». Аға буынмен салыстырғанда, қазақстандық жастардың арасында жоғары білімі барлар екі есе көп, бірақ бұл олардың сауаттылық деңгейіне әсер етпейді. ЭЫДҰ елдерінде орташа балдың өсімі жоғары білімді халықтың үлес салмағының көптігі есебінен болып отырса, Қазақстанда жоғары білімділердің көп болуының бұл көрсеткішке әсері айтарлықтай жоғары емес.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанға қатысты мынадай ресми түсініктеме де берген екен: «Оқытуға жұмсалатын уақыт игерілетін дағды сапасына сәйкес келмейді, бұл білім беру сапасының төмендеуінен болуы мүмкін».

 

Географияның рөлі

Зерттеулердің бәрін қорыта келгенде, айрықша назар аударуды және терең талдауды қажет ететін аса маңызды бір мәселе бар екенін көреміз, ол – Қазақстанда аймақтар бойынша оқушылардың жетістікке жету айырмасының 2-3 жыл болуы. Үнемі көш соңында қалып жүрген аймақтар да белгілі – еліміздің оңтүстігі мен батысы.

Читать также ...
Родить, нельзя погодить: почему в Казахстане следует заняться ростом рождаемости уже сейчас?

Мәселен, Маңғыстау және Атырау облыстары ең төмен нәтиже көрсететін аймақтар тізімінде үнемі соңғы үштікте екенін соңғы жылдары жүргізілген математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және жаратылыстану ғылымдары саласындағы зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Оңтүстік аймақтардың нәтижесі де мәз емес, бұл аймақ оқушыларының Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласындағы құрдастарымен салыстырғанда 11 жылда игеретін білім көлемі екі жылға аз.

Еліміздің барлық аймағында білім беру жүйесі біркелкі бола тұра, білім мен дағды игерудегі мұндай үлкен айырма қайдан шығып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Унитарлық мемлекеттің концепциясы бойынша, әр балаға теңдей жағдай жасалуы тиіс. Алайда, соңғы онжылдықтағы зерттеу нәтижелеріне сүйенетін болсақ, белгілі бір аймақта дүниеге келген баланың табысты азамат болу мүмкіндігі аз екені көрінеу көзге көрініп тұрғанын мойындауға тура келеді.

2013 жылы әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің экономист ғалымдары әлемнің 110 еліндегі 1,5 мың аймақтың экономикалық көрсеткішін зерттей келіп, оған төрт фактор (географиялық орналасуы, мәдениеті, институттар мен білім берудің сапасы) әсер ететінін анықтаған еді. Бұл факторлардың ешбірінің адам капиталына ықпалы білім берудің ықпалымен салыстыруға келмейді.

Қазақстанда халық аз қоныстанған мұнайлы аймақтар да, халық тығыз орналасқан жерлер мен экономикалық ахуалы ауыр облыстар да білім беру бойынша ұдайы төмен нәтиже көрсетеді. Сонда біздің елімізде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен оқушылардың академиялық жетістігінің арасындағы өзара тәуелділік қандай?

Аймақта халықтың тығыз қоныстануы, тіпті халықтың табыс деңгейінің өзі еш рөл ойнамайды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында (қазіргі Шымкент қаласы және Түркістан облысы) еліміздегі оқушылардың 20%-ы тұрады, ал Маңғыстау облысындағы оқушылардың үлесі – 4%. Оңтүстікпен салыстырғанда, еліміздің батыс аймағында орташа жалақы деңгейі әлдеқайда жоғары. Соған қарамастан, екі аймақ та үнемі төмен нәтиже көрсетеді.

Читать также ...
Президент Тоқаевқа үндеуі: коронавирусқа қарсы бөлінетінін 6 триллион теңге жайында

Эксперттер батыс аймақтағы оқушылардың көрсеткіші төмен болуының бір себебі ретінде білікті мамандардың мұнай секторына кетуін айтады. Мұндай жағдайда мектеп жалақы деңгейі бойынша мұнай саласымен бәсекеге түсе алмайды. Өзге де факторлар қатарында аймақтағы «дәстүрлі» құндылықтар айтылады, яғни жастар үшін білім басты құндылық емес деген түсінік бар.

 

Жан-жақты қарастыру маңызды

Халықаралық тестілеу ел тұрғындарының орташа сауаттылық деңгейін мейлінше анық көрсете алады, мемлекеттің білім беру саласындағы саясатын жоспарлау кезінде ол мәліметтерді пайдалану терең талдауды және қосымша зерттеуді қажет етеді.

Қазақстандағы зерттеу нәтижесінің әркелкі болуы ең алдымен білім беру сапасына әсер етіп отырған факторларды анықтап, жағдайды толық түсіну қажеттігін көрсетеді. Ең бастысы – осы жұмысты бастау.

Қазіргі жағдай ондаған жылдар бойы  әрекетсіз отырудың салдарынан туып отыр. Ал бүгінгілердің еш әрекет жасамауы жақын жылдары дүниеге келетін ұрпаққа әсер етеді.

Білім реформасының тағдыры осындай, «орындалу» үшін ең аз дегенде 35 жыл керек. Бұл ғылыми фактіні Дүниежүзілік банктің аналитиктері 2007 жылы дәлелдеген. Бізге де мұны мойындауға тура келеді.