Төтенше жағдай (ТЖ) режимі енгізілгеннен бері толық бір ай уақыт өтті. Бұл кезең басқа елдермен және ел ішінде жолаушы тасымалы толық жабылуы, еліміздің көптеген өңірінде күшейтілген карантиннің енгізілуі, президенттің екі рет мәлімдеме жасауы, әлеуметтік төлем беру және медицина саласындағы дау-дамайды қамтыды.
Бұл ай туралы толыққанды анализ жасауға әлі ерте, ол үшін толық статистика жарияланып, соған сай шенеуніктердің, кәсіпкерлердің және сарапшы мамандардың түсініктемесі берілуі керек.
Әзірге ТЖ 1 мамырға дейін ұзартылды, ал біз соңғы төрт аптаның билік, бизнес және халық үшін қандай болғанын қолда бар жария деректер негізінде саралап көрген едік.
Халықты қолдау
23 наурыз күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантиндік шектеу нәтижесінде кірісінен айырылған азаматтардың жекелеген топтарына тікелей төлем жасау туралы шешімін жариялады. Бұл негізінен ресми шағын, орта және ірі бизнеспен айналысатындар мен ТЖ режимі енгізілуіне орай кірісінен айырылғандарға қатысты еді. 31 мамыр күні көмекті қажет ететіндер тізіміне бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да кірді.
Үкімет дайындаған кестеге сай, төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы қаржыдан, яғни ресми жұмыс істейтін жұмыскерлер жасаған төлемнен алынды. Ай сайынғы төлем 42 500 теңге деп белгіленді, бұл – ең төменгі жалақы мөлшері.
Әлеуметтік төлемді алу үшін алдымен электрондық цифрлық қолтаңба алып, содан кейін Телеграм-бот немесе Еңбек министрлігінің сайты арқылы өтініш беру керек болғандықтан, бұл сервистерді пайдаланушылар саны артып, желі дұрыс жұмыс істемеді. Кейбір өтініш тапсырушылар екі жақтан да өтініш бергендіктен, өтініштер саны артып, бұл да механизмнің жұмысына қосымша қиындық тудырды.
Еңбек министрлігі төлемді жүзеге асыру ережесін бірінші реттен-ақ дұрыс жариялай алмады, 2020 жылдың 3 сәуіріндегі нұсқаға 15 сәуір күні түзету енгізуге тура келді. Мемлекеттік жүйенің жұмысындағы қатеге орай әзірге нақты саны белгісіз адамның есепшотына ақша түсті. 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы табысы 500 мың теңгеден артық болған азаматтарға төлем берілмеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 2020 жылдың 6 сәуіріне дейін өтініш берген 400 мың адамның ішінде шамамен 2 мыңға жуығының алғашқы екі айдағы кірісі 500 мың теңге және одан жоғары болған. «Бірақ ол азаматтар 16 наурыз күні ақшамыз жоқ, сондықтан 42 500 теңгені алуға құқылымыз деп шешкен. Мен мұны моральдық жағынан дұрыс емес деп есептеймін. Мұны бәріміз көріп отырмыз, сондықтан осы екі мыңға жуық азаматтан кешірім өтінемін, сіздер өтініш толтыруға уақыт кетірдіңіздер, бірақ алғашқы айда сіздерге 42 500 теңгені төлей алмаймыз», – деді министр.
Осының бәріне қарамастан, жүйе жұмысының жалпы тиімділігін табысты деп бағалауға болады. 16 сәуір күнгі дерек бойынша, ТЖ мерзімі кезінде кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға 6,0 млн ҚР азаматы өтініш білдірген (экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың саны – шамамен 8,7 млн), осы күнгі мәлімет бойынша 3,8 млн адамға көмек тағайындалған.
Шағын және орта бизнес
Күшейтілген карантиндік шектеу енгізілген басқа да әлем елдері сияқты Қазақстанда да ТЖ режимінің енгізілуі шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында экономикалық белсенділіктің төмендеуіне алып келді.
Алматыда дағдарыс кезінде жеке кәсіпкерлердің 80%-ға жуығы жұмысын тоқтатқан, қаладағы ШОБ жұмыскерлерінің саны 266 мың адамға азайған.
Қазақстанда ШОБ негізінен қызмет көрсету саласында (70%) шоғырланған, дағдарыс салдарынан мейлінше зардап шеккен де солар. Бүгінде кәсіпкерлер кіріс жөнінен бизнесін әрі қарай қалай дамыту керектігін бағалай алмай отыр. Көрсетілетін қызметтің дені онлайн форматқа көшіруге келмейді.
Карантин енгізілгеннен кейін бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеген, азық-түлік емес сектордағы компаниялардың тауар айналымының түсуі 70%-дан 100%-ға дейін. Өңірлер бойынша ритейл көлемінің түсуі елдегі екі негізгі бөлшек сауда орталығына тиесілі: Алматы (минус 12,2%) және Нұр-Сұлтан (минус 21,9%).
Кәсіпкерлер қазақстандық бизнестің 30%-дан астамы банкротқа ұшырайды деп болжап отыр. «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнамаға сүйенсек, ең көп қысқарту туристік салаға тиесілі – 21%; тұратын орын мен тамақтану орындары бойынша қызмет көрсету саласында қысқарту 19% болса, білім беру саласындағы үлесі – 12%.
Дағдарыс және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына орай мемлекет саланы қолдауға қаржы бөлді, дағдарысқа орай көктемгі егіс жұмысын қаржыландыру көлемі 3 есеге дейін артып, 170 млрд теңгеге дейін жетті.
Дегенмен, дағдарыс кезінде фермерлер үшін ең үлкен проблема өткізу жүйесі, дағдарысқа орай қабылданған импорт пен экспорт өнімдері туралы шешім болғанын да айтқан жөн. Фермерлер үшін тұқым, тыңайтқыш, техника, қосалқы бөлшек алуға жол жабық болып отыр, бұл әсіресе осы мерзімде өте өзекті.
Көптеген өтініш нәтижесінде бұл мәселелер бақылауға алынып, ол жөнінде ел президенті айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі коронавирус егіс жұмысына әсер етпейді деп отыр.
Дағдарыс, ТЖ режимінің енгізілуі ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды көрсетті. Соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтың (ЖҚШ) рөлі де бар, мұндай шаруашылықтар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткенімен, ірі агроқұрылымдармен салыстырғанда, мемлекет тарапынан қолдау алмайды.
Фермерлік шаруашылықтардың өкілдері президент Тоқаевқа өтінішпен шығып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаппай жұмыспен қамту, мұнайдан түсетін валюталық түсімді тағам өнімдерін экспорттаудан түсетін табыспен алмастыру сияқты дағдарысқа қарсы іс-шаралар пакетін ұсынды. Фермерлер қазіргі қалыптасқан жағдай халықтың көптеген бөлігін экономиканың нақты секторына тарту керектігін көрсететінін баса айтты.
Дағдарыстан алатын сабақ
Дағдарыс бизнес саласындағы проблемалардың да бетін ашты. Президентке бизнесмендердің түрлі топтары өтінішпен шықты, соның ішінде елдегі өндірістік компаниялардың одақтары мен қауымдастықтары да бар. Жағдайды жақсы түсетін сала мамандары өздері қажет деп тапқан іс-шараларды белгілеп, бұл шаралар бизнестің тығырықтан аман шығуына ғана емес, болашақта табысты дамуына да жол ашады деп отыр.
Бизнесмендер ұсынып отырған іс-шаралардың ішінде өзіміздің тауар өндірушілерге басымдық беру мен оларды қорғау, олар ұсынатын өнімдерді мемлекеттің сатып алуы сияқты мәселелерге назар аударылып отыр.
«Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы», «Қазақстан тауар өндірушілері мен экспорттаушыларының одағы» сияқты ұйымдар мен басқа да бизнес саласы өкілдерінің пікірі бойынша, мемлекет дереу әрекет етіп, шұғыл шараларды қолға алудан гөрі, болашақ даму жоспарын жасауға назар аударуы керек, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамуды анықтайтын стратегиялық шаралар кемінде бір-екі жылға есептеліп жоспарлануы тиіс. Жалпы алғанда, бизнес өкілдері пандемияның салдарымен күресті ұзақ мерзімге жоспарлау және жаһандық экономикалық дағдарысты есепке ала отырып, салық жүктемесін жеңілдету бойынша стратегиялық шешім қабылдау керектігін айтады.
Дағдарыс болашақта, елдің дағдарыстан кейінгі дамуы кезінде бизнес пен мемлекеттің өзара әрекеттестігі процедурасын жеңілдету, бұл ретте қазіргі заңнаманы, соның ішінде салық кодексін де қайта саралау өзекті екенін көрсетіп отыр. Дағдарыс келісім процедурасын қысқартудың аса маңызды екенін, сондықтан маңызды шешімдерді жедел қабылдаудың өзектілігін де көрсетеді.
Әлеуметтік көңіл-күй
Жұмыссыздық, бағаның күрт өсуі, карантинмен байланысты қалыпты өмір салтын өзгерту халықтың психологиялық жай-күйінің нашарлауына ықпал етеді. Осыған орай отбасылық ұрыс-керіс, отбасында әйелдерге күш көрсету жағдайлары артқанын соттар да айтып отыр.
Белгісіздікке орай азаматтардың бойынша үрей күшейгенін, олардың жеке кеңістігі өзгергенін психологтар да айтады. Қазақстандықтар тегін психологиялық көмек ала алатын Республикалық психикалық саулық ғылыми-практикалық орталығының арнайы сайтына күніне 3000 адам кіріп жүр екен.
Қылмыс артуы мүмкін деген де жорамал бар, соның ішінде AERC (Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы) жүргізген Қазақстандағы 2009-2018 жылдардағы статистикалық деректерге анализ жасай отырып та осындай болжам жасауға болады. Атап айтқанда, нақты жалақының 3%-ға төмендеуі өлімнің 0,6%-ға, ұрлықтың 4,5%-ға артуына әкеп соғады.
Дағдарыс халық бұрын да айтып жүрген білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы түйткілді мәселелерді қайтадан күн тәртібіне шығарады.
Пандемия және соған орай енгізілген төтенше жағдай халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің нашарлауына да түрткі болып отыр. Халықтың айтарлықтай бөлігінің (кейбір деректер бойынша 30%-дан кем емес) дағдарысқа қатысты конспирологиялық теорияларға сүйенетіні де жағдайды қиындатып отыр. Дегенмен, мұндай жағдай дүниежүзінің барлық еліне тән екенін де ескеру керек. Олай болса, бүгінгі күні ең маңыздысы дағдарыстан тиісті сабақ алу, соның ішінде Қазақстан жағдайындағы ең бірінші сабақ – мемлекет қызметінің барлық саласында ашықтықты қамтамасыз ету, қоғам мен билік арасында тиімді қарым-қатынас құру.
Social Media