Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстан экономикасына кезекті шолу жасап, 2021 жылдың болжамымен қоса жариялады. ЖІӨ, жұмыссыздық, инфляция және экономикалық белсенділіктің төмендеуі сияқты макроэкономикалық көрсеткіштердің астарында бұлардан гөрі маңызды бір проблема жатыр, ол – кедейліктің артуы.

Коронадағдарыс кезінде бұрыннан бар проблемалар күрделене түсті, ал жаңа шешім әзірге жоқ. Қазақстан бюджет шығыны мен мемлекеттік қарызды көбейтуге мәжбүр болып отыр, ал трансферт Ұлттық қордан алынуда. Елімізге институционалдық өзгерістер қажет.

 

Плюстан минусқа

Дүниежүзілік банк әлемдік экономиканың экономикалық өсімі туралы болжамды жекелеген аймақтар мен елдерге бөліп, жылына екі рет – қаңтар және маусым айларында жариялайды. Әдетте жарты жылда деректер аса қатты өзгере қоймайды, оншақты пайыздық тармаққа ғана өзгереді, ал баяндаманың ауаны әдетте біркелкі: дағдарыс кезінде үрейлілеу болса, өсім уағында салмақтылау келеді. Алайда соңғы жылдары өзгерістер айтарлықтай байқалатын болды, баяндаманың ауаны да ауырлай түсті.

Әлемдік экономикадағы белгісіздік күйзеліс тудыратын факторлардың көбеюімен бірге ұлғайып келеді. 2018 жылдың көктем-жазында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан бастау алған қиындық жалғасып, биыл COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған дағдарыс күйзеліс факторына айналды.

2020 жылдың екі баяндамасының арасындағы айырма қаншалық екенін Қазақстанның мысалынан көруге болады. Қаңтар айындағы жаһандық экономикалық перспектива баяндамасында ДБ Қазақстан экономикасының 2020 жылғы өсімі 3,7% деңгейінде болады деген болжам жасаған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі өсім 4% төңірегінде болады деп болжағанын ескерсек, бұл жорамал ақылға қонымды еді.

Читать также ...
Коронадағдарыс билікке, бизнеске және ҚР халқына қалай әсер етті: алғашқы нәтиже

Көп өтпей Қытайда COVID-19 тарап, одан кейін эпидемия әлемнің әр түкпіріне, соның ішінде Қазақстанға да жетті. Қазақстан алғашқылардың қатарында наурыз-мамыр айларында 8 апталық локдаун жариялап, соның салдарынан қызмет көрсету саласының айтарлықтай бөлігі тоқтап қалды. ЖІӨ өсімінің болжамы 2020 жылдың маусым айындағы  шығарылымда жаңартылды, ал Қазақстанға қатысты шілдедегі  «Дағдарысты жеңу» баяндамасында ДБ сарапшылары ҚР жағдайын тереңірек сипаттап берді.

Олар 3,7% өсімнің орнына 2020 жылы 3,0% құлдырау болады деп болжап, 2,5% мөлшерінде қалпына келу 2021 жылы ғана мүмкін болады деп отыр. Бұл болжамға ҚР үкіметі маусым айының соңында жариялаған мейлінше жұмсартылған 4 апталық локдаунның салдары енген жоқ.

Өсудің қарқынды болмауына ықпал ететін фактор жеткілікті. Баяндамада мынадай жолдар бар: «Әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлауы, елдегі оқшаулану шаралары және басқа да шектеулер біріккенде оның теріс салдары айтарлықтай ауыр болуы мүмкін. ОПЕК+ келісіміне сәйкес, Қазақстанның мойнында міндеттемесі бар, ол бойынша 2020 жылы мұнай өндіру мен экспорттау 20%-ға қысқаруы тиіс. Елдегі ірі мұнай кенішінің бірінде жаппай COVID-19 анықталуы тау-кен өнеркәсібі саласындағы белсенділіктің төмендеуіне әкеледі деуге негіз бар. Ішкі карантин саясаты экономиканың басқа салаларына да айтарлықтай кесірін тигізеді. Елдің барлық аймағында аурудың күрт өршуі ұлттық экономиканың жағдайын одан сайын қиындата түсті, мұның салдары да оңай болмайды».

2019 жылы 0,7%-ға артқан мұнай секторы 2020 жылы 9,7%-ға құлдырайды, бірақ 2021-де 3,2% өсім көрсетеді. Мұнай емес сектордағы құлдырау 1,3% ғана болады, ал 2021 жылы 2,3%-ға артып, дағдарыс кезіндегі құлдырауды толықтай қалпына келтіріп алады.

Читать также ...
Саяси транзит кезеңінде экономикаға төнетін қауіп-қатер

ДБ сарапшылары 2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,3% болады деп болжап отыр, 2021-дің соңына дейін 6,4%-ға дейін баяулайды. ДБ сарапшыларының болжамы бойынша, девальвацияға айырбас курсы да айтарлықтай әсерін тигізеді, ал курс тұрақсыз мұнай бағасына тәуелді. Сонымен бірге, «импорт тауарларға сұранысты қолдайтын аса қатал емес салық-бюджет саясатының» да ықпалы болады.

Ағымдағы операциялар шоты айтарлықтай минусқа кетеді: 2019 жылы ЖІӨ -3,6% болса, 2020 жылы -5,2% болмақ, ал 2021-де -4,6% болады. Тікелей шетелдік инвестиция 2020 жылы ЖІӨ-нің 3,2%-ынан 2,3%-ға дейін төмендесе, 2021-де 2,7%-ды көрсетеді. Шоғырланған бюджеттің жалпы балансы 2020 жылы -0,5%-дан -9,9%-ға дейін кеңейеді, ал 2021 жылы сәл ғана қысқарып, -6,4%-ды көрсетеді. Үкіметтің қарызы көбейе түседі, 2019 жылы ЖІӨ-нің 19,8%-ы болса, 2020 жылы – 26,9%, ал 2021-де 30,5% болмақ.

«Экономикалық дағдарыс кезінде салық түсімдері ойлағаннан да аз болатын болса, бюджетке қаржыландыру тапшылығын болдырмау үшін қосымша ресурс қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сыртқы қарыз алу немесе Ұлттық қордан трансферт алу жолымен кірісті арттыратын фискалдық мүмкіндік бар», – дейді баяндама авторлары.

 

«Бұлыңғыр» болашақ

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ЖІӨ қарқынына қатысты болжамы сәуір айынан бері өзгерген жоқ, министрлік ЖІӨ 0,9%-ға төмендейді деп отыр. Шілде айының басында экономика министрінің орынбасары Мәди Такиев түзету болуы мүмкін екенін айтты. «Жартыжылдық қорытындысы бойынша қайта есептейміз. Жыл соңына қарай аз да болса өсім болуы мүмкін», – деді вице-министр.

Читать также ...
Қазақстандағы «голланд ауруын» қалай жеңуге болады?

Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамы аса қуантпайды. «Әрі қарайғы дамуға қатысты айтсақ, құлдырау қаупі бар. Пандемияның алдағы уақытта қалай қарай өзгеретіні белгісіз болып отырғандықтан және шектеу шаралары тағы да қайталануы ықтимал болғандықтан, оқшауланудан кейін қалпына келу процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Тұтынушылар мен фирмалардың уақытында төлей алмауы салдарынан қарыздың өсуі қаржы секторына түсетін салмақты арттыруы ықтимал», – дейді сарапшылар.

Эпидемияның тарауы себепті экономикалық белсенділікті тежеу – негізгі жағымсыз фактор, бірақ үкімет пен корпоративтік сектор бұл қадамға мәжбүрліктен барып отыр. Әрі үкіметтің шектеу шарасына тағы да қанша рет жүгінетіні және оның ұзақтығы қанша болатыны туралы ешқандай нақтылық жоқ, керісінше, белгісіздік басым.

«Қазақстандағы экономикалық өсімнің жағдайы онсыз да мәз емес екенін ескерсек, бұл сценарий жаһандық экономиканың құлдырауы мен оның салдарымен қосылса, тіптен қиындай түседі. Егер пандемия әрі қарай да жалғасса, шикі мұнайға сұраныс пен баға төмен күйінде қалса, 2020 жылы ЖІӨ 5-6%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген пессимистік болжам жасауға болады. Мұндай жағдайда кедейлік деңгейі айтарлықтай өседі, – дейді авторлар. –  Іскерлік белсенділіктің төмендеуі әрі қарай да жалғасса, компаниялардың қаржылық жағдайы кәдімгідей нашарлайды, үй шаруашылығының қарызды қайтару мүмкіндігі төмендейді, ал бұл проблемалық несие көлемінің артуына және кең көлемді дағдарысқа әкеп соқтырады».

Зерттеушілер бұдан кейін мынадай маңызды қорытынды жасайды: «Ұзаққа созылған дағдарыс кедейлікті ғана емес, Қазақстандағы теңсіздікті де арттыруы мүмкін. Алдын ала бағалауларға сүйенсек, 2020 жылы кедейлік деңгейі жоспарланып отырған 8,3%-дан 12,7%-ға дейін өсуі мүмкін, бұл 800 мың адам кедейлікте өмір сүреді дегенді білдіреді. Пандемия, оның салдарын жеңілдету мақсатынан туған шаралар еңбек нарығына да әсер етпей қоймайды, жұмыспен қамту мәселесінде жағдай айтарлықтай қиындайды, әсіресе, біліктілігі төмен жұмысшылар істейтін секторларда жағдай ауыр болады. Сапалы білім алуға теңдей жағдай жасалмауы, соның ішінде карантин уақытында ондай мүмкіндіктің болмауы адам капиталының дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға ауыр тиеді».

Читать также ...
COVID-19 кезінде оқығандар: қашықтан оқу жеткілікті ме?

Кедейліктің артуы – әлеуметтік-экономикалық проблема, ол саяси күйзеліске әкеп соғуы мүмкін. Соңғы жылдары халықтың наразы топтарының арта түскенін және эпидемия кезінде  халықтың билікке сенімсіздігі артқанын ескерсек, саяси жағдай қиындайды деуге негіз бар.

 

Ғажайып бола ма?..

Осындай қиын жағдайға қарамастан, ДБ аналитиктерінің макроэкономикалық және макрофискалдық тұрақтылыққа қатысты болжамы оптимистік сарында. Қазақстанның әлі де айтарлықтай халықаралық резеврі бар (ЖІӨ-нің >30%-ы) және салыстырмалы түрде үкіметтің сыртқы қарызы да аз (2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша, ЖІӨ 8,3%-ы).

Осы тетіктерді пайдалана отырып, үкімет мемлекеттік шығысты арттыра алады. Алайда жеке сектордағы іскерлік белсенділікті қалпына келтіру тек қана бюджет шығысымен шешілетін мәселе емес. Ол үшін сыртқы экономикалық конъюнктура жақсарып, қалпына келуі керек (соның ішінде бірінші кезекте мұнай бағасы реттелуі керек, ОПЕК+ келісімі тұрақсыз екенін ескерсек, бұған аса үміт артуға болмайды). Сонымен бірге елге ұлттық бизнестің инвестиция тарта бастауы маңызды.

Қазақстанның соңғы онжылдықтағы экономикалық дамуы негізінен несиенің пайыздық ставкасына субсидия беретін мемлекеттік бағдарламаларды ынталандыру есебінен болғаны белгілі, алайда бұл шаралардың әсері тым шектеулі екенін көріп отырмыз. Халықаралық және қазақстандық тәуелсіз сарапшылар бизнесті жүргізу үшін институционалдық ортаны өзгерту қажеттігін айтады. Сонымен бірге, кәсіпорындардың коррупция, тиімсіз реттеу және сот істерімен байланысты шығындарын төмендету керек дейді.

Бизнеске салық және әкімшілік жүктемені азайтып, реттеуші ортаның тиімділігін арттыру керек. Бюджеттің әлеуметтік шығындарын арттыра бермей, өнімді жұмыс орындарын ашуға күш салу керек.

Читать также ...
Минус 44 млрд: Орталық Азия локдаун кезіндегі білім беруде неден ұтылады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйек айындағы жолдауында «экономикалық серпінге әкелетін жаңа шараларды» қабылдап, экономикалық стратегия ұсынуға уәде берген. Оның механизмдері қандай болатыны әзірге белгісіз. Үкімет пен ҚР Ұлттық банкі фискалдық және монетарлық саясаттағы көптеген қадамды пайдаланып та үлгерді. Ал бизнеске арналған институционал ортаны жақсарту түбегейлі саяси және әкімшілік реформаны қажет етеді. Ақорда әзірге мұндай реформа жасай алмай отыр.