Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты саясаттың тиімділігін бағалау үшін алдымен әлсіз әлеуметтік топқа жататын азаматтардың әр өңірдегі үлес-салмағын әр категория бойынша біліп алған дұрыс. Азаматтардың кей категориясы арнайы қамтамасыз етуді, ерекше инфрақұрылымды қажет етеді.

Алайда, ашық дереккөзде тек өңірлер бойынша ғана емес, жалпы ел көлемінде әлеуметтік әлсіз топтардың кей категориясы туралы ақпарат жоқ.

Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қатысты мемлекет ұсынатын қандай да бір мүмкіндіктер мен қызметтер туралы ұсынылған ақпарат та толық емес. Азаматтардың өзі бұл жағдайды қалай шешіп жүргенін, олардың ақпараттық жағынан қаншалықты хабардар екенін, тиісті көмекті қандай көлемде және қаншалықты сапалы алып жүргенін түсіну де қиын.

 

Әлсіз әлеуметтік топқа кімдер жатады?

Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа белгілі бір жағдайларға байланысты үйінен, асыраушысынан немесе еңбек ету қабілетінен айырылған (туғаннан болмаған) азаматтарды жатқызады.

Кіріс тұрғысынан алғанда, әңгіме өмірлік жағдайының қиын болуына байланысты кірісі төмен немесе ешқандай ақша табуға мүмкіндігі жоқ азаматтар туралы.

Әлеуметтік әлсіз топтарға 1-кестеде көрсетілген азаматтар жатады.

 

1-кесте. ҚР азаматтарының әлеуметтік әлсіз топтары мен олардың саны

Әлеуметтік әлсіз топТопқа жататындардың нақты немесе шамамен саны, адам (2020 жылға)
1Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары1 339
1-

1

Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар123 661
2І және ІІ топтағы мүгедектер528 289
3Мүгедек баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар
4Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратындарДерек жоқ
5Жасы бойынша зейнеткерлер2 227 707
6Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған балалар258 803
7Оралмандар1 057 280
8Экологиялық апат, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан баспанасынан айырылған адамдарДерек жоқ
9«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілері бар немесе бұрынырақта «Батыр Ана» атағын алған көпбалалы аналар, сонымен бірге І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар349 000
10Мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті атқару, әскери қызмет, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасыШамамен 2600
11Толық емес отбасыларШамамен 540 000

Дереккөз:ҚР ҰЭМ СК және басқа да мемлекеттік органдардың ашық дерек көздері

 

Екі категория бойынша деректер 2016 жылдың наурыз айындағы мәліметтерге сүйене отырып, шамамен алынды. Мәселен, толық емес отбасылар саны 460 мың отбасы болған екен. 2020 жылы олардың саны шамамен 540 мың болды деуге болады, соның ішінде ажырасу статистикасын да есепке алдық. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті атқару барысында қаза болғандардың отбасы мүшелері шамамен 2 600 деп алдық, 2016 жылдың соңында олардың саны 2 412 болған.

Қазақстан халқының әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататындардың жалпы саны 5 млн адамнан астам, бұл – шамамен ел халқының ширегіне жуығы.

 

Жәрдемақы мен баспана

Халықтың әлсіз әлеуметтік топтарына қатысты саясат әр категория тұрғысынан алғанда әртүрлі, ол бірнеше бағыттан тұрады. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін төлем бар, оның өзі бірнеше деңгейден тұрады. Бұған қоса, білім беру және тұрғын үй саясатында белгілі бір жеңілдіктер бар, бірқатар медициналық қызмет түрі тегін көрсетіледі, бірқатар алым мен салықтан босатылады.

Тұрғын үй мәселесін шешу үшін 2019 жылдың маусым айында «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, ол бойынша 20 жылға 10%-дық алғашқы жарнамен жылдық мөлшерлемесі 2% жеңілдетілген ипотека беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдеріне сатып алусыз әлеуметтік үйді жалға алуда басымдық беріледі.

2019 жылы елдегі әлеуметтік әлсіз топтардың ішінде мұқтаждардың саны 150 мың отбасынан астам болған.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметке бірқатар қымбат медициналық процедура, көптеген дәрілік препараттар, стоматология қызметі және басқа да жеңілдіктер кіреді.

Дегенмен, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесінде өңірлік фактордың да маңызы зор, көп нәрсе жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында мүгедектер мен зейнеткерлердің санаторий-курорт жағдайында сауықтыру, түрлі даму және демалыс орталықтарына бару мүмкіндігі болса, өзге өңірлерде мұндай қызмет түрі көрсетілмеген.

Халықтың әлсіз әлеуметтік тобына жататындардың ішінде белгілі бір категориялар мемлекеттің тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тек үй алып қана қоймай, өздеріне мейлінше қолайлы үйді таңдауға құқылы, ол үйдің арнайы құралдар мен жүріп-тұруға бейімделген болуын да талап ете алады. Мүгедектерге тиесілі қызмет түрлері тізімінде толыққанды өмір сүру үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де бар.

Жетім балалар да кәмелеттік жасқа толғаннан кейін үй алуға құқылы.

 

Ақпарат тапшылығы

Халықтың әлсіз әлеуметтік топтарына қолдау көрсету шаралары мейлінше анық-қанық жазылғанымен, олардың іс жүзіндегі тиімділігі туралы айту өте қиын. ҚР бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы белгілеп берген халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына қатысты атаулы әлеуметтік көмек жөнінде атқарушы органдардың ресми тәсілі туралы айтқаны да жағдайды қиындатып отыр.

Елдің әр өңірінде әлеуметтік әлсіз топтарды ұсынуды түсінудің өзінде қиындық кездеседі. Ашық дереккөзде ауыр созылмалы аурулардың кейбір түрімен ауыратын азаматтар саны туралы дерек жоқ, өңірлерге қатысты ақпаратты табу тіптен қиын. Мүгедектер туралы ақпарат бар болғанымен, өңір бойынша арнайы инфрақұрылымның бар-жоғы туралы ақпарат жоқ.

Еліміздің әр өңірінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының әлеуметтік қамсыздандыру жағдайы әртүрлі, сондықтан олар алып отырған көмектің сапасы туралы айту қиын. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары бойынша қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселесіне назар аударылып отырғанымен, басқа өңірлерде бұл мәселеге қатысты ақпарат ұсынылмаған.

Еліміздің әр өңірінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін білу үшін бірыңғай ресурс, интерактив тақта керек, мұндай мәлімет мүгедектер бойынша ғана емес, қарттарға, ауыр дертке шалдыққандарға қатысты да болғаны жөн. Мұндай ресурс халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын азаматтары үшін де қажет, жағдайды түсіну үшін, ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы құлағдар болып отыру үшін де керек.

Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қолдау көрсету саласындағы жағдайды жәй ғана түсіну үшін де ақпарат алудың күрделі екенін атап өткен жөн. Әлеуметтік көмек алатын категория саны – 11, олардың әрқайсы бойынша мемлекет жүзеге асырып отырған барлық қолдау түрі көрсетілген бірыңғай тізім болуы керек және оның халыққа түсінікті тілде жазылуы маңызды.

Читать также ...
Жұмыссыздыққа қарсы іс - жастар кәсіпкерлігінің тұманды болашағы