Лаура Тайсон және Джени Клугман

БЕРКЛИ – Бір жыл бұрын БҰҰ тұрақты даму саласында 17 мақсатты белгіледі. Бұл мақсаттардың бірі 2030 жылға қарай шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізуді көздейді. 

Қыздар мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – моральдық және экономикалық тұрғыдан дұрыс шешім. Жақында жарияланған бірнеше зерттеу экономикалық мүмкіндіктер мен нәтижелердегі гендерлік алшақтыққа байланысты экономикалық және адами капиталдың дамуына көп шығын жұмсалып отырғанын көрсетті. 

БҰҰ бас хатшысының жоғары деңгейлі тобы дайындаған баяндамада бұл алшақтықты жойып, тұрақты даму мақсаты мен инклюзивті экономикалық өсімге қол жеткізу үшін ел үкіметтері, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар мен көпжақты даму жөніндегі агенттіктер қандай шаралар қабылдау керегі жазылған. Есеп нәтижесі елде гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын білім беру мен денсаулық сақтау саласы жақсарып, жан басына шаққандағы табыс көлемі өсіп, жедел әрі инклюзивті экономикалық өсім тіркеліп, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік артатынын дәлелдейді. 

McKinsey ғаламдық институтының көп талқыланған зерттеуіне сәйкес, еңбекке қабілетті азаматтар арасындағы гендерлік алшақтықты жою, толық жұмыс күніне қарағанда жартылай жұмыс күніне басымдық беру және жұмыспен қамту мәселесін шешу 2025 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімді 12-25 пайызға арттырады. Басқа әдістер қолданылған өзге зерттеулер, әсіресе, туу көрсеткіші төмен Жапония, Оңтүстік Корея, Германия және әйелдердің экономикалық белсенділігі төмен Пары шығанағындағы елдер бойынша жасалған қорытындылар да осыған ұқсас нәтиже көрсетті. 

Гендерлік теңдіктің бизнеске де пайдасы зор, өйткені әйелдер тауарды өндіруден тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық процеске үлкен үлес қосады. БҰҰ-ның есебінде жұмыспен қамту, жалақы төлеу, көшбасшылықты дамытуда гендерлік теңдік қағидасын ұстанатын, талантты қызметкерлерді жұмысқа тартып, ынталандырып, компанияда ұстап қалуға тырысатын, күрделі мәселелерді әртүрлі командалардың көмегімен шешуге дағдыланған кәсіпорындардың көп артықшылыққа ие болатыны айтылған. Тағы бірнеше жаңа зерттеуге сәйкес, директорлар кеңесі мен басқарушы қызметке көбіне әйелдерді тағайындаған компаниялардың табысы жоғары болады. 

Источник: Project Syndicate

Қазір әлемдегі қыздардың 90% көбі бастауыш мектепті бітіреді. Көп өңірде колледж бітіруші түлектердің қатарында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Осындай жетістіктерге қарамастан, ақылы және ақысыз, ресми және бейресми, мемлекеттік және жекеменшік, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік жұмыстарда үлкен гендерлік алшақтық тіркеліп отыр.  Әлемдегі 15 жастан асқан әйелдердің 50% ғана ақылы жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 75% құрайды. Әйелдер ерлерге қарағанда ақысыз еңбекпен үш есе көп айналысады. Әйелдер жұмыста төмен жалақы, еңбек жағдайының нашарлығы және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігінің болмауы сияқты гендерлік стереотиптерге жиі кезігеді.

Читать также ...
Неге қыздардың бәрі бірдей мектепке бармайды?

Әйелдер ерлермен бірдей немесе соған теңестірілген жұмыс үшін әлдеқайда аз жалақы алады (жалақы көлеміндегі айырмашылық әр елде әртүрлі). Компаниялардың басшылық қызметінде немесе үкіметте отырған әйелдер саны аз. Ерлер басқаратын компанияларға қарағанда, әйелдерге тиесілі кәсіпорындар аз қызметкермен табыс табу және өсу мүмкіндігі шектеулі салаларды көбірек таңдайды. 

БҰҰ есебінде барлық деңгейдегі даму мен жұмыс орындарында гендерлік теңдік орнатуға кедергі келтіретін факторлар аталған. Оларға қолайсыз әлеуметтік нормалар, дискриминациялық заңдар, әйелдер құқығының дұрыс қорғалмауы, үй шаруасы мен бала күтіміне байланысты ақысыз еңбектегі гендерлік алшақтық, цифрлық, қаржылық және мүліктік активтерге тең дәрежеде қол жеткізе алмау жатады. 

Источник: Project Syndicate

Әлеуметтік нормалар  әйелдердің экономикалық жағдайына бірнеше жолмен әсер етеді: олар әйелдердің білім алу және кәсіппен айналысудағы мүмкіндіктерін қалай пайдалануы керегін анықтайды; үйдегі ақысыз еңбек бөлінісіне, әйелдер көп жұмыс істейтін медицина және білім беру саласындағы жалақыға әсер етеді; дискриминациялық гендерлік стереотиптерді, әйелдердің жалақы алу және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндіктерін шектейтін жасырын тұжырымдарды күшейтеді. 

Көп елде қолайсыз әлеуметтік нормалар заң жүзінде бекітіліп, әйелдердің кәсіби құқығын, төлқұжат алу, үйден шығу, бизнес ашу, мүлікке иелік ету және мұраға алу мүмкіндігін шектейді. Халықаралық валюта қорының сараптамасына қарап, мұндай құқықтық дискриминация әйелдердің білім алу мүмкіндігінің төмендігіне, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық пен әйелдерге тиесілі кәсіпорындардың аздығына байланысты деген қорытынды жасауға болады. Дүниежүзілік банктің дерегінше, 103 елдің заңында азаматтарды жұмысқа аларда жынысына қарамау керегі жазылмаған, ал 101 мемлекетте ресми қызметтегі бірдей жұмыс үшін әйелдер мен ерлерге тең дәрежеде жалақы төлеу талап етілмейді. 

Жүздеген миллион әйел бейресми жұмыс істейді. Олар заңмен қорғалмаған, әлеуметтік және еңбек құқықтарын пайдалана алмайды. Мысалы, Үндістанда 120 миллион әйел (ақылы жұмыс істейтін әйелдердің 95%), Мексикада 12 миллион әйел (жұмыс істейтін әйелдердің 60%) бейресми жұмыс істейді. Бейресми жұмыс істейтін адамдар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақысын көтеруді талап ете алмайды. Әсіресе, әйелдерге қарсы жыныстық бопсалау, зорлық және репродуктивті құқығын шектеу шаралары жиі қолданылады. 

Әйелдердің экономикалық мүмкіндігін шектейтін фактордың бірі – ақысыз еңбектегі гендерлік алшақтық. Әйелдердің үй шаруасы мен бала күтіміне байланысты міндеттемелері «ана болғаны үшін салынған айыппұлға» ұқсайды. Бүкіл әлемде кішкентай баласы бар аналар күтімге мұқтаж баласы жоқ басқа әйелдер мен дәл осындай отбасылы ерлерге қарағанда әлдеқайда аз табыс табады. Ерлердің бала санына байланысты жалақысы өсіп, “әке болғаны үшін үстеме ақша” алатынын растайтын дәйектер де бар. 

Ақысыз жұмыс уақытын қысқарту және қайта бөлу үшін мемлекеттік және жекеменшік секторлар инфрақұрылымға, бала күтімін жеңілдететін қызметтерге, мектепке дейінгі білім беруге, отбасылық демалыстарға, отбасымен бірге баруға болатын жұмыс орындарына инвестиция құюы керек. Мұндай инвестициялар жекелеген тұлғалар мен отбасыларға ғана емес, бизнес пен экономикаға да пайдалы. Өйткені инвестицияның көмегімен экономикалық белсенді әйелдердің үлесі мен еңбек өнімділігі артып, күтімге байланысты жаңа жұмыс орындары құрылып, балалардың мектептегі үлгерімі жақсарып, болашақта білім деңгейі жоғары болады.

Читать также ...
Ауылдағы балабақшалар: сан неге сапаға ұласпайды?

Бүкіл әлемнен жиналған деректерге сүйеніп, БҰҰ есебінде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін шектейтін кедергілерді жоюдың тексерілген әдістері ұсынылған. Биыл Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесуінде әлем көшбасшылары жедел өсімге қол жеткізудің жолын іздейді. Ендеше бұл тізімде гендерлік теңдік бірінші орында тұратын шығар деп үміттенеміз. 

Лаура Тайсон АҚШ президентінің жанындағы экономикалық кеңесшілер кеңесінің бұрынғы президенті, Берклидегі Калифорния университеті жанындағы Хаас бизнес мектебінің профессоры, Rock Creek Group компаниясының аға кеңесшісі. Джени Клугман Дүниежүзілік банктің аға кеңесшісі, Гарвард университеті Джон Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебіндегі «Әйелдер және қоғамдық саясат» бағдарламасының ғылыми қызметкері. 

Copyright: Project Syndicate, 2016.
www.project-syndicate.org