НЬЮ-ХЕЙВЕН – Әлемнің әр түкпірінде COVID-19 жұқтырғандар саны мен адам өлімінің артып жатқанына қарамастан вакцинаның сәтті сынақтары туралы таяуда тараған ақпараттар легі үміт сыйлағандай болды. Тез арада адам жанын сақтау мәселесінен бөлек пандемияның ұзақ мерзімді шығындарына, әйелдерге артылған пропорционалды емес мәселелерге баса назар аударамыз деп үміттенемін.

Пандемия бұрыннан бері келе жатқан әлемдегі барлық әйелдің проблемасын одан сайын күрделендіре түсті: экономикалық, әлеуметтік өмірде ерлермен қатар дәрежесін теңестіруге ауқымды әрі тұрақты кедергілер жетерлік. Дүниежүзілік банктің «Әйел, бизнес және құқық» деректер базасының негізінде жүргізілген зерттеуде өзім және бірлескен авторлар соңғы он жылда гендерлік дискриминацияның азайғанына қарамастан әйел мен ер адамға қатысты заң талаптарында айтарлықтай айырмашылық барын атап көрсеттік. Орта есеппен әйелдер ерлердің заңды құқықтарының төрттен үш бөлігіне ғана ие; әйелдер еңбек жалақысы мен ата-ана құқығы мәселесіндегі теңсіздіктен де қиналады.

Халқы тығыз қоныстанған аймақтарда, оның ішінде Үндістан, Пәкістан, Қытай және Таяу Шығыс, Африканың бірқатар елдерінде жағдай тіпті қиын. Зерттеу жұмыстарында заңға қатысты дискриминация ғана қамтылды; жалпы үйде және жұмыс орынында дискриминация кеңінен тараған, дамыған елдердің өзінде жиі кездеседі.

Әйелдер арасында COVID-19 дертінен көз жұмғандар санының аз екендігін құжат негізінде растайтын медициналық зерттеуге қарамастан көптеген бақылаушылар пандемия басқа жолдармен әйелдерге қиындық туғызуда деп ескертті. Әйел адамдар саны айқын басымдыққа ие болып табылатын медицина қызметкерлеріне вирустың қауіп-қатерінен бөлек, шектеу шаралары ана мен бала күтімінде қиындық туғызып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуін күшейткен.

Читать также ...
Гендерлік теңдікке қол жеткізуге не кедергі?

COVID-19 дағдарысы экономикалық тұрғыда да әйелдерге бейпропорционалды түрде әсер етті. Бұған дейінгі экономикалық құлдырау кезінде жұмыс орындарының қысқаруы әуелі ер адамдарға қиынға соғатын. Себебі, рецессия әйелдерге қарағанда бірінші кезекте ер адамдар көбірек қызмет ететін өндіріс және құрылыс секторларына тікелей әсер ететін. COVID-19 пандемиясы бірінші кезекте қонақ үй ісі мен мейрамхана секторларына қатты әсер етті. Аталған секторларда жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі – әйел адамдар. АҚШ, Үндістан деректеріне негізделген соңғы есептеулер бойынша, COVID-19 кесірінен жұмыстан айырылған әйелдердің саны ерлерден шамамен 1,8 есеге көп.

Экономикада құлдырау кезіндегі жұмыс орындарының қысқаруы ұзақ мерзімді қиындыққа апаратынын айғақтайтын көптеген әдебиеттер бар; жұмыссыз адам уақыт өте келе жұмысына сай машық пен қажетті кәсіби байланыстан ажырауға бейім. Қазіргі таңда орын алып жатқан мұндай жағымсыз жайттар болашақта әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін.

Ең жаманы, ғылыми зерттеулерде табысы төмен елдердегі жұмыс істейтін әйелдерге пандемияның тигізетін шынайы экономикалық әсері төмендетіліп көрсетілуі мүмкін; себебі әйел адамдардың көпшілігі бейресми секторда жұмыс істейді (аталған секторлар ресми деректер мен сауалнамаларда есепке алынбайды).

Бейресми секторда жұмыс істейтін адамдардың басым көпшілігіне карантин кезінде қызметін қашықтан жалғастыруға келмейді; ал ресми жұмыспен қамту органдары көрсететін көмектің пайдасы шамалы немесе мүлдем пайдасы болмайды. Сонымен қатар, ақша аударымы сынды қоғамдық қызметтер жеке құжат пен цифрлық қызметке қолжетімділікті талап етеді. Кіріс деңгейі төмен елдердегі есептеулер бойынша 15-тен асқан ер адамдардың 30% -мен салыстырғанда әйел адамдардың 45%-да төлқұжат жоқ.

Читать также ...
COVID пен синергия: Сорос қорының жобасы жеке жеткізуші мен мемлекеттік аурухананың жұмысын үйлестіруге жол ашты

Мектептердің жабылуы да әйелдер мен қыздарға қатты әсер етті. Кірісі деңгейі төмен аймақтарда салыстырмалы түрде қысқа уақытқа болсын мектептердің жабылуы қыздардың арасында адам капиталының азаюына алып келуі мүмкін. 2014 жылғы Сьерра-Леоне еліндегі Эбола індеті туралы деректер негізінде жүргізілген зерттеуге сәйкес, сол уақытта некесіз жүкті болу фактілері артқан; мектеп қайта ашылған уақытта ұл балалар оқуға қайта оралса, ал қыздардың көпшілігі мектептегі оқуын жалғастыра алмаған.

Карантин салдары дәл осылай бала күтіміне байланысты мәселеге да әсер еткен. Бала күтуші, дос-жаран, ата-әжелердің көмегімен көптеген отбасы бала-шағасын өзі қарап, сабағын да өздері оқытуға мәжбүр болған. Отбасында дәстүрлі гендерлік бөлінуге сәйкес аталған қосымша жұмыстың ауыртпалығы көбіне әйелдерге жүктелді. Қос қызметті қатар алам деп жүріп әйелдердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз қалуы таң қаларлық дүние емес. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша, 2020 жылдың қыркүйек айында жұмыс орынынан бас тартқан әйелдердің саны ерлермен салыстырғанда төрт есе көп болған.

Мұндай теңсіздікті жою үшін гендерлік мәселе әуелі саяси дискуссиялар, бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық зерттеулерде жиі көрініс табуы керек. Пандемияның гендерлік емес, нәсілдік және әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне баса назар аударылады. Әлем елдерінің пандемиядан кейінгі экономикалық қайта қалпына келуі туралы мәселеге ден қойылған сайын осы мүмкіндікті әйелдердің өмірін жақсартатын өзгерістер енгізуге пайдалануымыз керек.

Басты артықшылықтардың бірі – икемді жұмыс уақытын қолдау және дамыту. Ғылыми-зерттеу құжаттарының көпшілігі балалы болғаннан кейін әйелдердің жалақысы мен мансаптық өсу келешегі ерлердікімен салыстырғанда айтарлықтай өзгеретінін көрсетеді. Ал жұмыс уақыты икемді болса, әйелдер мансап пен отбасы өмірін қатар алып жүре алады.  Қашықтан жұмыс істеу күрт артқан кезде қазіргі заман технологиясымен барлығы мүмкін екенін түсінсек; карантин кезінде ата-аналардың басына түскен проблемадан бала күтімі экономика үшін қаншалықты маңызды екенін аңғардық.

Читать также ...
COVID асқынуы: Орталық Азияда коронадағдарыс салдарынан қанша миллион кедей пайда болады?

Пандемияның жағымды тұсы ретінде үй шаруасы, бала тәрбиесі мен бала күтіміне қатысты пікірдің өзгеруін атап өтуге болады.  Әмбебап, тегін және сапалы бала күтімі барлық ананың (үйден/қашықтан жұмыс істесін-істемесін) өз мансабына қажет деңгейде көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы өзгеріс робот немесе оффшор негізгі қызметті алмастырады деп қорықпайтындай, жұмыс орынында толық қызмет етуді қамтамасыз етер еді.

Дегенмен сақтық танытып, гендерлік теңдікті дамытуға бағытталған маңызды реформалар мен стратегиялардың кейінге қалдырылмай, саясаткерлердің назарында болуын  қамтамасыз етуіміз керек. Табысы төмен елдерде мектептер қайта ашылған уақытта барлық қыз баланың сабаққа оралуына жағдай жасап, мәселені соңына дейін шешілуін қадағалауымыз қажет.

Аталған шаралардың барлығын ақылға қонымды қаражатпен жүзеге асыруға болады. Бірақ нақты өзгеріс үшін пандемияның гендерлік келешегіне мән беру керек.

 

Пинелопи Куяну-Голдберг, Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі, «The American Economic Review» ғылыми журналының бас редакторы, Йель университетіның экономика профессоры.

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org