2019 жылы 28 қарашада Лондондағы Ұлыбританияның жетекші зерттеу орталықтарының бірі Chatham House-де Қазақстан жайлы зерттеулер негізінде жасалған «Қазақстан: «билік транзитінің» сынағы» атты баяндама жария болды. 

Төменде баяндама синопсисі берілген. Онда посткеңес елдері үшін бұрын-соңды болмаған осы өтпелі кезеңге қатысты негізгі сұрақтар мен ұсыныстар баяндалған. 

Ұйымдасқан транзит арқылы саяси биліктің ішінара берілуі Қазақстанды бұрын көз көрмеген бағытқа қарай жетеледі. Ел модернизация жасап, қажет реформаларды жүргізіп, авторитарлық қамытынан құтыла ала ма?

Қазақстандағы транзит 

Қазақстан тарихи сындарлы сәтті бастан кешуде. 2019 жылы наурыз айында тәуелсіздік алғалы ел билеп келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеп, ноқта-жүгенді саяси транзитті бастаған кезде Орталық Азияның ең бай мемлекетінің алдында батыл эксперимент жолы ашылды. Бұрын-соңды пост кеңес елдерінде болмаған мұндай орын алмасудың қауіп-қатері де жоқ емес еді. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері елдегі билікті өз уысында ұстаудың арқасында жиған-тергенін сақтап қалуға деген ұмтылыспен қатар, Назарбаев Қазақстанның көптеген ішкі және сыртқы толқуларға қарамастан тұрақтылықты сақтай отырып өзі жол салған бағыттан ауытқымауын да қалайды. Дегенмен, бұл айтуға ғана оңай шаруа. 

Бұл жоба төңірегінде түсініксіз жайттар көп. Әсіресе Назарбаевтың президенттікті тапсырып, отставкаға кеткеніне 8 ай тола салып бірқатар құзіретті өзіне «қайтарып» алуы, бұның қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аяқ-қолын жіпсіз байлауы да ерекше назар аударалық. Осылайша беделіне ашық нұқсан келген Тоқаев мұндай жағдайдан кейін қашанға дейін сенімді президент бола алады? Назарбаев қызы Дариға Назарбаеваға орынтағын дайындап жатқаны рас па немесе ол басқа бір туысы, әлде отбасы мүшесі емес салмақты тұлға болар? Назарбаев пен Тоқаевтың «қазақи тандемі» осылай ши шықпай жалғаса бере ме әлде, арасына ала мысық түсе ме? Соңғы болжам жайлы сыбыр-күбір көбейді. Республика басшылығы ел арасындағы бас көтеруді қалай ауыздықтамақ? Оған түрткі болатын саяси, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды қалай шешеді? Назарбаев саяси сахнадан бір күнде кетіп қалған жағдайда саяси транзит көші қалай қарай бұрылар еді? Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейінгі ұзақ мерзімді транзит қандай және оның тиімділігі қаншалықты?

 

Читать также ...
OEF-2019-да институттардың сапасы туралы айтылды

Баяндама мақсаты

Қазақстан зерттелмеген аумаққа жатады. Сондықтан бұл есептің мақсаты екіұшты.

Біріншіден, Батысты Қазақстанға назар аударуға итермелеу.

Елдің Орталық Азиядағы маңызды орны және Қытай мен Ресейдің ұдайы көз тігуі – Батыстың Қазақстанға аз уақыт жұмсап, аз ресурс бөліп, дипломатиялық шараларды арттырмауының қате екенін көрсетеді. Бұл мүлт кету емес (егер бұл ел жайында қандай да бір есеп болған дейтін болсақ). Елдің болашағы қазіргідей болады деп қате ой түюдің арқасында немқұрайдылыққа салынған қателік те. Атап айтқанда, Қазақстан геосаяси жағынан іштей тұрақты, салыстырмалы түрде елеусіз, бірақ соған қарамастан Батыстың дос-одақтасы болып қала береді. Ел аумағы алдағы бірнеше жылдар ішінде стратегиялық маңызға ие болатыны факт. Дей тұрғанмен, қазіргі саяси жартылай орын алмасудың өзі Батысқа рационал аргументтер мен экономикалық логиканы жатсынбайтын жеке мемлекеттегі авторитаризмнің  жаһандық өсіміне қарсы тұруына сирек мүмкіндік ұсынады. 

Есептің екінші функциясы — Қазақстан басшылығына ізгі ниетті жолдау арқылы қызмет ету.

Баяндаманың сегіз бірдей зерттеушісі жүргізген зерттеулер басшылық қойған мақсаттарға Қазақстанның жете алмай қалу қаупі бар екенін  көрсетеді. Қаншалықты маңызды болса да, Назарбаевтың жартылай биліктен кетуі өзі мен ізбасары уәде еткен жаңғыру мен жаңаруға кепіл бола алмайды. Егер Қазақстан өзінің тұрақтылығы, өркендеуі және дамуына байланысты артып келе жатқан проблемаларды шешкісі келсе, терең саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар керек. Назарбаев отставкаға кеткен соң бой көтерген көшедегі шерулер халық наразылығының деңгейі билік мойындағаннан әлдеқайда жоғары екенін көрсетті. Ел басшылары билеушілер мен басқарушылар арасындағы алшақтықты жойып, өз азаматтарына құлақ түре бастауы керек. Құлдырауды болдырмау және сыртқы қысым мен ел басшылары қызғыштай қорып келе жатқан егемендікті әлсіретуі мүмкін геосаяси күштерге қарсы тұру үшін, Қазақстанға басқарудың барлық деңгейінде жаңа тұлғалар — инноваторлар мен реформаторлар, сондай-ақ тың идеялар қажет.  Бұл есеп осы бағыттағы «идеялық» бастамаларға көмектесуге арналған. Ол сондай-ақ батыс үкіметтері мен мекемелеріне, сондай-ақ Қазақстан Үкіметіне арналған бірқатар ұсынысты қамтиды.